аудандық аурухананың былық-шылығын ашып берді
Маңғыстау облысында әлеуметтік желіні «жарып», жұртшылықты дүр сілкіндірген оқиға орын алды. Бейнеу аудандық ауруханасынан шу шықты.
Бейнеу ауданының тұрғыны Жанат Қалдыбаева фейсбук әлеуметтік желісінде Бейнеу аудандық ауруханасы жағдайының сын көтермейтіндігін, төсек-орындардың лас және мезгілінде ауыстырылмайтындығын, емделушілерге тамақ күніне бір рет берілетіндігін жеткізді. Жанат жанайқайымен жұрт назарын өзіне аударды.
Жергілікті журналистер арнайы барып, аудандық аурухананың ахуалына көз жеткізіп қайтты. Нәтижесінде, Бейнеу аудандық ауруханасы жағдайының мүшкілдігі, жыртық әрі лас төсек-орындардың мүлдем ауыстырылмайтындығы және емделушілерге тиісті үш мезгіл астың бір мезгілге көшірілгені анықталды. Яғни, ауруханада емделушілерге биылдан бастап тек түскі тамақ беріліп келген. Қиналғанда көңіліне үміт ұялап, жанына сая іздеп келетін орынның олқылықтары туралы науқастар да баяндады. Ал аурухана директоры Берік Абдуллаев төсек жабдықтарының тез тозатындығын ғана айтып, одан өзге мардымды жауап бере алмаған. Бір мезгілдік тамақ берілуін қаражаттың жетіспеуімен, қаржыны үнемдеуге байланысты шешім екендігін түсіндірген.
Ал, саған керек болса! Үнем неге емделушілер мен тамақ есебінен жасалуы керек? Саламатты өмір салты денсаулықтың кепілі екендігін жағы талмай айтатын дәрігерлердің сол ақыл-кеңестерін өздері ұстанбайтыны қалай? Әйтпесе, тазалық пен мезгілінде тамақтану денсаулықтың, аурумен күресудің басты құралы емес пе?
Шу шыққан соң Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы «тамақты өз бетінше бір мезгілге көшіруге құқы жоқ бола тұра, басшылыққа ескертусіз және талапқа сай жасамаған» үнемшіл басшыны жиналысқа салып, әбігерленгенге ұқсайды. Тіпті, үнемшілдің жұмыстан қуылып кету қаупі де болған. Алайда, «қаражат жетіспегендіктен осындай жолын қарастырған» оны қызметінде қалдырып, «жұмсақтық» танытқан басшылық Б.Абдуллаевқа ауруханада емделушілер үшін толық жағдай жасап, үнемдеуді тоқтатып, толыққанды жұмыс жүргізуді міндеттейді.
Оқиғаның барысын кірпік қақпай қадағалап отырған аудан тұрғындары мен жалпы маңғыстаулықтар жұртшылықтың жанын ауыртқан былықтың беті ашылып, тиісінше шешім тапқанына қуанды. Қазір тиісті орындар мен іс басындағылар қалай жамап-жасқап, бүркеп-жасыруға тырысқанымен, уақыты келгенде шикіліктің шиі шығып, сорақылықтың соры қайнамай тұрмайды. «Сын түзелмей мін түзелмейтіндігін» қаперіне алмай, айтылған сынның сүріндіру үшін емес, керісінше жағдайды түзеуге, жасап жатқан жұмыстарына ынтасын арттыруға, екі жақты пайдалы нәтижеге қол жеткізуге қызмет ететінін ескермей, сын айтқаннан сырт айналып кететін басшылар бар екені жасырын емес.
Жалпы, әкім-қаралар қағаздан бас алмай оқып беретін «жылтырақ есебіне» ешкім сенбейтіндігін сезе ме екен, сірә? Тіпті, айлар бойы ала-шапқын жүгіріп, ақпараттық технологияның мүмкіндігін қолданып, онлайн үлгіде «ойната» өткізгенмен, журналистерге алдын-ала сауалдар таратып «барынша дайындалғанмен» мұндай тірлік халық үшін нанымсыз да қызғылықсыз, нақты айтсақ, «түкке тұрғысыз». Сенбейді.
Халық – айна. Олар «бізде анадай бар, мынадай бар» дейтіндей есептерге емес, нақты іс-әрекеттерге сенеді. Мұның дәлелі – Бейнеу аудандық ауруханасындағы жағдай. Денсаулық сақтау басқармасының есептері мен баяндамаларына қарап, ауруханаларда мұндай сорақылық орын алып жатыр деп ешкім ойламаған болар? Егер тұрғындар куә болып, айдай аймаққа жар салмағанда әлі қашанға дейін емделушілерді лас төсек үстінде «ашықтырып» емдеп, «диетаға отырғызары» белгісіз, тіпті, «жабулы қазан жабулы» күйінде қалып қояр ма еді деген ой мазалайды. Иә, Жанат айтпағанда... қайтер еді?
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы