Ұлтымыздың ғұлама ғалымдары мен қоғам және мемлекет қайраткерлерінің мерейтойлық жылдарына орай, «Қазпошта» АҚ «Естелік және мерейтойлық күндер» тақырыбымен сериялы пошталық маркаларды айналымға енгізуде. Солардың қатарында – Әлихан Бөкейхан мен Ыбырай Алтынсарин және Қайым Мұхамедханов сынды ұлт зиялыларының құрметіне арналған пошта маркаларының әрқайсысы 2,5 млн. дана таралыммен шығарылады деп жоспарланған.
Ғалымдар мен ойшылдарға арналған пошталық маркаларды айналымға шығару шарасы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы мерейтойының құрметіне арналған пошта маркасын таныстыру рәсімімен басталды. «Ақ жол» демократиялық партиясының Орталық кеңсесінде өткен жиынға елімізге белгілі алаштанушылар мен осы жолда жанын пида еткен қайраткерлер өмірін зерттеп жүрген азаматтар және қоғам белсенділері қатысты.
Отырысқа жетекшілік еткен «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев партияның Парламенттік фракциясының атынан өткен жылдың желтоқсан айында «Қазпошта» АҚ-тың басшылығына арнайы жолданған сауалда халықаралық деңгейде мойындалған, саңлақ саясаткер, мемлекет және қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, көсемсөздің шебері Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы құрметіне арнайы пошта маркасын шығару қажеттігі айтылғандығын еске түсірді. «Осындай хаттың негізінде айтылған ой-пікіріміз, мінеки, бүгін орындалып, «Қазпошта» АҚ жетекшілерінің шешімімен номиналы 5 теңгелік пошталық маркалар айналымға енгізілуде. Бұл тәуелсіз еліміздің баянды болашағы үшін басын бәйгеге тіккен арыс азаматтарымызды ұлықтау мен оларды насихаттаудың ұтымды әдістерінің бірі», – деді Азат Тұрлыбекұлы.
«Ұлттық Банк Банкнот фабрикасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнында басылып шыққан маркаға қоғам қайраткерінің нақ 110 жыл бұрын Петербургте түскен суреті салынған. «Бұл Ә.Бөкейханның 1906 жылы 8 шілде күні Петербургке барған кезінде Бірінші Мемлекеттік Думаның депутаты ретінде түскен суреті. Алайда, ол жерде сурет астына оның аты-жөні «Ханов» деп қате жазылған. Қазіргі кезге дейін бұл фото бізге Булла фотоательесінің өнімі ретінде белгілі. Ал Әлиханның әлемге әйгіленген ең танымал бейнесі осы болғандықтан, біз ақылдаса келе осы суретті пошталық маркада қайта жаңғыртуды жөн көрдік», – деді «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлы.
Айта кетейік, салтанатты шара аясында офсеттік басылымда 2 түсті бояумен салынған Әлихан Бөкейханның суреті бейнеленген көлемі 26х18 мм. марка жапсырылған конверттерге арнайы пошта мөрқалыбы да басылды. Сондай-ақ, «Ақ жол» партиясы өкілдерінің ұсынысымен жүзеге асқан жобаның тұсаукесер рәсіміне қатысқан алаштанушы ғалым Ербол Тілешов пен Сағымбай Жұмағұлов, сондай-ақ, Кенжеболат Жолдыбай, Қайырбек Сәдуақасов, Әлихан Бөкейханның туысы Асылхан Тілеуқабыл, «Қазпошта» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Сәуле Егембердиева, «Ақ жол» ҚДП Орталық кеңесінің идеологиялық жұмыс жөніндегі хатшысы Сәбит Байдалы сынды азаматтар сөз сөйлеп, Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы мен келесі жылғы Алаш автономиясының құрылғанына 100 жыл толатынына орай ұсыныс-пікірлерді ортаға салып талқылады.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»