Сенбі-жексенбі күндері облыс жұртшылығы дүрлігісіп қалды. Әртүрлі қауесет тарады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы Ертіс ауылында тұратын екі тұрғынның күйдіргі жұқтырды деген күдікпен ауруханаға жатқызылғаны жайлы хабарлады. Басқарма хабарына қарағанда, 8 шілдеде облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына түскен бұл екі тұрғыннан басқа тағы да 21 адам бақылауға алыныпты. Ауру сиырдың еті аудан орталығындағы «Майра» дәмханасына өткізілген көрінеді. Ұзынсу, Ертіс ауылдарында ветеринар мамандар әрбір үйді аралауда. Күйдіргі жарасын жұқтырған болуы мүмкін деген адамдардан алынған сынамалар республикалық зертханаға жіберіліпті. Осының алдында ғана біз газетімізде «Бабы келмеген бағдарлама», «Өңірде 2500-ге жуық мал бруцеллезге шалдыққан» деген мақалалар жаздық. Онда ветеринарларға жүктелетін негізгі талаптар бойынша малдың қаны жыл сайын екі рет диагностикалық тексерулерден өтуі керек. Облыстар мен аудандарда қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған ветеринариялық зертханалар болуы шарт. Қаржыны бақылау үшін әрбір өңірде, ауданда коммуналдық ветеринариялық кәсіпорындар құру қажет екені айтылды.
Ертіс ауданы жақта күйдіргіні жұқтыруы мүмкін деген бірнеше адам ауруханаға түсіпті дегенде, 2010 жылғы Ақсу қаласы аумағына қарасты ауылдарда адам өліміне әкелген төтенше оқиға еске түсті. Ол кезде де жауапсыздық, талап пен тәртіптің жоқтығынан ауылдағы ветеринариялық ахуалға көз жұма қарағандық себеп болған-ды. Облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы Ирина Сорокинаның айтуынша, Ақсу қаласының ауылдық аумағында болған күйдіргі оқиғасынан кейін, жалпы, қауіптің алдын алу үшін зираттар маңайына жабық қоршаулар орнатып, бекіту керек еді. Күйдіргінің таралуы жөнінде ауылдарда санитарлық түсінік жұмыстары төмен деңгейде. Тұрғындардың малды белгіленбеген орындарда союы да себеп болуда. Малды бағудан гөрі қазір емдеу қиын болып барады. Ветеринар дәрігерлердің өздері 1967 жылдары облыстың қай аудандарында сібір жарасы таралғанын да жақсы біліп отыр.
Ал, биыл облыста малдарды егу кеш жүргізіліпті. Ветеринария басқармасының басшысы Нұрлан Әутәліповтің мәліметінше, құтырма дертіне қарсы 185 мың мал басына немесе 65 пайызына екпе жасалған. Егу жұмыстарының кеш жүргізілуіне вакцинаның кеш түсуі себеп болған. Медициналық препараттар облысқа 29 маусым күні ғана жеткізіліпті. Успен, Шарбақты аудандарында ірі қара мал арасында құтырма дертінің болғаны анықталды. 2016 жылы алдын алу және ветеринариялық-санитариялық шараларға республикадан 581,80 миллион теңге бөлініп, барлық мал түріне қарай 424 миллион 290 мың мөлшерде вакцина сатып алынған. Облыстағы ауылдардың малдарын егуге дер кезінде вакцинаны жеткізбеген кімдер сонда?..
Әутәліповтің мәліметінше, күйдіргіге қатысты егу жұмыстары бірінші жартыжылдықта толық аяқталса керек. Бірақ, күйдіргіні жұқтыруы мүмкін деген ертістік тұрғындардың ауруханаға түсіп қалулары тегін емес. Екіншіден, мал қорымдарының бақылауда болуы, ауылдарда ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы облыстық әкімдікте өткен кеңесте айтылғанмен, оның өзі де кеш болып шықты. Мәселен, мал ауруларының көбеюі кесірінен облысымыздың сүт пен ет өнімдерін сатылымға шығару үрдісі тоқтап қалғанын әкімдіктің өзі мойындап отыр.
Оны қойып, қазір жәрмеңкелердің де қалай өтетінін де көзіміз көріп жүр. Көшенің ортасына апарып жәрмеңке өткіземіз. Кімнің не сатып жатқаны да белгісіз. Тазалық та, реттілік, бақылау да байқалмайды. Ауылда мал ұстап, мал бағып отырған соң, ветеринарлық сауаттылық қажет. Ішіп-жемі етпен де байланысты ауыл-қала үшін малдың саулығы – адамның саулығы екенін енді қашан ескерер екенбіз?..
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы
Бет қатталып жатқанда
Павлодарлық мал дәрігерлері анықтай алмаған күйдіргі дертін 11 шілде күні астаналық мамандар тапты. Бұл туралы кеше аймақтық коммуникация орталығында өткен брифингте облыстың бас мал дәрігері Рашид Нұрбеков мәлім етті. Астанадағы Ветеринария бойынша референттік орталықтан сараптаманың қорытындысымен мал етінен күйдіргі дерті шыққаны анықталған соң, Ертіс ауданы Ұзынсу ауылында карантин енгізілді. Қазір барлық мал қайтадан екпеден өтуде. Күйдіргі жұқтырғандар үш адам. Дәрігерлердің айтуынша, науқастардың жағдайы орташа деп бағалануда, тек біреуі жансақтау бөлімінде, басқалары арнайы бөлек палаталарда жатыр. Соңғы мәлімет бойынша олардың саны – 25.