Мұсылмандықпен әмбе қазақы иіріммен қабыса бермейтін түрлі түйткілдерге азаматтық үнімізді білдіруге келгенде кежегеміздің кейде кері тартып тұратыны несі екен осы... Қазір жаз мезгілі. Сондықтан, жұрттың көбінің бассейнді, яғни хауыздарды жағалап кетуі үйреншікті жағдай. Бірақ, сол шіркініңнің, бақсақ, кілтипаны көп екен. Оймақтай айдынның ішінде ер-азаматтармен бірге әйелдер де, қалт-құлт еткен қариялар мен жастар да қабыса жүзіп, қатар шомылуда. Осы қаншалықты жарасымды? Әрине, бұл жерде «тек бізде ғана емес, әлемнің барлық елінде солай» дейтін байламның да алдымызға кесе-көлденең тартыларын сеземіз. Мұндайда қарсылық білдіру бүйректен сирақ шығару, жұртқа артық пәлсапа соғу сияқты түйілерін түйсінер пақырыңыз тағы біз боламыз.
«Онда тұрған не бар дейсің, теңіздің жағасында жұрттың бәрі жартылай жалаңаш шомылып жүрген жоқ па? Бассейніңіз де сондай жағажай кейіптес шағын айдын. Сондықтан, мұнда келушілердің қымсынып, қысылуына еш себеп жоқ», деушілер табылса, олардың да бұл уәжімен лажсыз келісуіңе тура келеді. Өйткені, адамға ең маңыздысы, денсаулық болып табылады. Дәрігердің кеңесі бойынша денсаулығын түзеу мақсатында хауыз жағалаған жандардың біразымен әңгіме-дүкен құрғанымызда осы ойымыздың шындығына көзіміз анық жеткен болатын. «Қазақстан» спорт кешенінде жасы 70-ке таяғанына қарамастан, қимылы ширақ Мария есімді егделеу әйел өзінің бұлай сергек болуына, біріншіден, бассейн әсер еткенін айтты. Суға жүзуді өмірлік қағидасына айналдырған жаннан осы мәселеге байланысты пікір білдіруін сұрағанымызда: «Расын айтайын, менің замандастарымның көбі мұнда сол үшін келмейді. «Ұл-қыздарымызбен қатар жастармен қосылып қалай шомыламыз? Қартайған шағымызда ашық-шашық жүрген сұмдық емес пе?» деген олардың сөздері бір жағынан дұрыс болғанмен, маған өзіме денсаулығым қымбат. Олар соны түсінбейді», деп қынжылыс білдірді. Ал енді Күнсұлу есімді келіншек жұмыстан кейін балаларымен бірге салқын суға түсіп, бассейнде бой сергітуге дағдыланғанын әңгімеге арқау етті. «Ең бастысы, жаздыгүні балаларыма рахат. Өйткені, оларға арналған бассейн үлкендерден бөлек. Сонысы ұнайды. Айналамдағы адамдар ер-азаматтар ма, әйелдер ме, маған бәрібір. Маған ең маңыздысы – жаздың керемет сәттерін босқа өткізіп алмау» дейді.
Адамның өмірлік ұстанымына өскен ортасы мен тәлім-тәрбиесі көп әсер ететіні рас-ау. Қазақы тәрбие иесінің ойы мұндай пікірлермен көбіне қиысып кете қоймайды, әрине. Шымкенттік Сая Қасымбек замандасымыз бұл туралы өз ойын былай жеткізеді: «Оңтүстік өңірі еліміздің ең ыстық аймағы екені бесенеден белгілі. Бүгінде, табиғаттың сыйын орнымен қолдануға тырысып жатқан қалталы азаматтар баршылық. Оңтүстіктің Қазығұрт, Төле би, Түлкібас, Сайрам аудандарының таулы бөктерінде көптеген демалыс орындары заманауи талаптарға сәйкес салынып та үлгерді. Қысы-жазы қонақтары үзілмейді. Көктем келе құлпыратын Оңтүстік өлкесі, Швейцарияңды жолға тастайды. Саф ауасы мен қоңыр салқын кеші – жанға дауа! Қынжылтарлық бір жайт, суы мөлдіреген, ыстық аптаптан құтқарарлық хауыздары жалпыға ортақ. Ерлер мен әйелдер жарыса шомылып жатқаны. Жастарға білінбес, десе де, жасы егде тартқан әйелдер қайтпек?! Атпал азаматтардың алдында қалай шешінесің?! Біріншіден, еркектің сұғын аударып, иманыңды сынаққа саласың, екіншіден, шау тартқан тәніңді жалаңаштаудың өзі әдептілікті аяққа таптап тұрғандай, жайсыз сезінеді екенсің». Белгілі өнер иесі бұл әңгімеде бүгінгідей зайырлы қоғамға қол жеткізген тұста, ұлтымыздың дәстүрін ескеріп, әйелдерге бөлек хауыз салса дегенді айтқысы келеді. Ерлер мен әйелдер хауызы екі бөлек, бір-бірінен алшақ (ортасын ағаштармен көмкере жауып тасаланса, ал жабық бассейн
дер дуалмен қоршап бөлініп тұрса) орналасса, қандай ғанибет болар еді дейді.
«Аптаптан жан сақтағың келеді-ақ, хауыздағы қаптаған ер-азаматтарды көргенде, аяғыңды суға шылаумен шектелесің. Туасында, демалыс орындарына еркектерге қарағанда, бала-шаға ерткен әйелдер көп барады емес пе?! Демек, әйелдерге жеке хауыз салу тиімді болса керек. Осы мәселені қолға алып, қалталыларға жеткізе білсе ғой, шіркін!» деп Сая өте бір өзекті мәселені шешуді ұсынған. Жөн-ақ. Осындайда жарықтық бұрынғы ата-бабаларымыз, әке-шешелеріміз осы хауыз дегеніңізге бармай-ақ қалай өмір сүрген деген ойдың басы қылтияры сөзсіз. Ал енді ХХІ ғасыр адамдарына бұл айтып отырғанымыз соншалық үрейленетін, үркетін нәрсе болмауы мүмкін. Дегенмен, Саяның айтқанымен сандаған құрбыларының ойы дөп келеріне шүбә келтіре алмайсыз... Өйткені, әйелдер мен ерлерге арналған бассейніңіз ұят-аят жағынан ғана емес, тіпті, гигиеналық тұрғыдан да үйлеспейтін нәрсе ғой, айналайын-ау...
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»