Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттары жұмыстарын ауылдық жерлерде жалғастыруда. Целиноград ауданының Родина және Воздвиженка ауылдық округтерінде Гүлжан Қарағұсова мен Татьяна Яковлева ел тұрғындарымен іскерлік кездесу өткізді.
Қазақстанның Еңбек Ері Иван Сауэр басқаратын «Родина» агрофирмасының қол жеткізген табыстары өзгелерге үлгі боларлықтай. Мұнда 4 мың басқа жуық ірі қара мал талапқа сай күтіп-бағылуда. Мұның 1400 басы – сауын сиырлар. Әрбір сиырдан жыл сайын 7 мың литр сүт сауылатындығы атап өтілді. Іргеде тұрған Астана қаласының азық-түлік белдеуіне бұл шаруашылықтың қосып отырған үлесі салмақты. Тәулігіне 46 тонна таза өнім шығаратын кәсіпорынның май-қаймағына, ірімшігі мен сүтіне қалалықтардың сұранысы өте жоғары.
Халық қалаулылары осы округтегі балалар бақшасына, жаңа сауын жабдықтары орнатылған сүт зауытына, демалыс және мәдениет бағына, хайуанаттар паркіне арнайы атбасын тіреп, әлеуметтік саланың екпінді дамуына ризашылықтарын білдірді.
Воздвиженка округінде астаналық қонақтарды «Ақтық» акционерлік қоғамының бас директоры Марат Қамзебаев пен Воздвиженка ауылдық округінің әкімі Сейфолла Ысқақов қарсы алды. Депутаттар балалар бақшасы мен Мәдениет үйінде болып, осы елді мекеннің өнер ұжымдарымен пікірлесті.
Осы орайда, «Ақтық» акционерлік қоғамы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі міндеттемелерін абыроймен орындап жүрген ұжым екендігін атай кеткен жөн. Мәселен, түзілген шарт бойынша аталмыш ауылдың Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Сәулетті орданың бүгінгі келбеті ерекше деуге келеді. Аталмыш шаруашылық оған өз есебінен 17 миллион теңге қаржы бөлген.
Мәжіліс депутаттары ауыл тұрғындарының түрлі мәселелер бойынша қойған сұрақтарына толымды жауап берумен қатар, кезегі күтіп тұрған күрделі мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан» Ақмола облысы, Целиноград ауданы