Биылғы жылдың 21 маусымы күні «Егемен Қазақстан» газетінің 117-санында жарияланған «Ауылыңызда мал дәрігері бар ма?» деген мақалада ветеринария саласының ардагері, әріптесім Базарбай Сатай қозғаған мәселелер өте өзекті. Бұл жөнінде алдағы уақытта оң қозғалыс жасалатын шығар деген ойдамыз. Жасыратыны жоқ, қазір бір-біріне бағынбайтын ветеринарлық мекемелер көбейіп, жұмыс сапасы күрт төмендеді. Ауданымызда ауыл шаруашылығы бөлімінде ветеринар маман, ветеринарлық бөлім, ветеринарлық станса, ветеринарлық учаске, ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің аудандық аумақтық инспекциясы, ветеринарлық зертхана бар. Бұрын ветеринарлық стансамен бірге ветзертхана ғана болды. Облыстағы ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің инспекциясында, облыстық ветеринарлық басқармада қаншама адам бөлмеден бөлмеге қағаз тасып бостан-босқа жүр. Бұдан мал басы айтарлықтай көбейіп, малдарда болатын аурулар азайып кеткен жоқ. Бұл жөнінде Базарбай Сатай өте дұрыс айтқан.
Қағаз жазудан, малдан алынған сынамаларды зертханаға өткізуден көрген ветмамандардың қиындығы мен машақаты малмен алысқанынан да көп. Ветстанса мамандары малға сырға тағып, оларды компьютерлік базаға тіркеуге міндетті. Жалпы, ветеринария саласына жетекші тағайындаған кезде оның біліктілігі мен іскерлігіне, өз мамандығын ұната білу қасиетіне баса мән берілуі қажет. Бұған қоса, сала мамандарын аудан және облыс деңгейінде жыл жарым, екі жылда аттестациядан өткізіп отырған жөн.
Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің облыстар мен аудандардағы аумақтық инспекция басшылары «Ветеринария туралы» заң талаптарын қатаң талап ете алатын қызметкерлер болуы қажет. Аталған заңға құлақ аспай, өздері қожа, өздері би болып жүрген кейбір кәсіпкерлер мал-жануарларына ешбір ветеринарлық құжаттар алмастан облыстан облысқа, тасымалдаумен айналысып жұқпалы аурулар таратуда. Оған ветеринарлық саланы басқарып отырған басшылар байқамаған сыңай көрсетіп, ешбір шара алмай отыр. Ауру малды кәсіпкер, тасымалдаушы, қайдан тиеді, автокөлікке тиелген мал қасапханадан болсын, басқа жерден болсын, қозғалған кезде сол мекеменің, аумақтың ветеринар маманы неге қарамайды?
Жұқпалы ауру шыққан уақытта, оған тиісті әкімшілік шешімдер алынса, Үкімет мемлекеттік қордан мал иелеріне тегін вакцина бергіздірер еді. Осындайдың кесірі қарапайым тұрғындарға тиіп, малдары шығынға ұшырап, ауру жануарларын емдетуге, алдын ала екпелеуге вакцина, дәрі-дәрмектерді қымбат бағаға сатып алуға мәжбүр. Өлген малдарының құны мал иелеріне төленбейді. Соңғы уақытта мал иелері бруцеллезге қан алдырудан бас тартқандықтан, «Ветеринария туралы» заңның 25-ші бабы талаптарын бұзу әрекеттері көбейіп кетті. Бір жағынан оларды да түсінуге болады. Мәселен, «Ертең малым бруцеллез болып шықса, маған құнын өтейтін қаражат бермейсіңдер, шарбағымда сойып алайын десем тағы рұқсат жоқ, қасапханаға апарып сойып алып келуіме 100 шақырым жерге көлік жалдауым керек. Малды алып кетем деп, мен бағасына келісіп, келіп тұрған мал дайындаушыға тағы бергіздірмейсіңдер, айыппұл саламыз деп, 2014 жылы ауру малдарын қасапханаға тапсырған мал иелері жануарының тек елу пайыз құндық ақысын алды да, калған ақша әлі берілмеуде», деп наразылық білдіруін орынсыз дей алмасақ керек.
Осы себепті бруцеллез ауруымен ауыратын малдар жойылмай қалады да, ауру жалғасын таба береді. Оның үстіне ауру ірі қара аналығы міндетті түрде бұзауымен бірге жойылуға тиіс. Ал кей уақыттарда мал иелері бұзауларын жасырып алып қалып, ауру малдың орнына болашақта сөзсіз бруцеллезбен ауыратын тұқым ұстап отырады. Оған қосымша ауру шыққан қожалық пен серіктестіктің, мал үйірінің, мал қорасының ауру малдары жойылғаннан кейін, қалған малдарды соңғы екі дүркін зерттеуде теріс (отрицательный) нәтижеге жеткізу, мал орны залалсыздандырудан өткізілуі міндетті екенін мамандар ескере бермейді.
Жалпы, бруцеллез ауруын ауыздықтау бағытында аудан, ауылдық округтер әкімдері, олардың орынбасарлары, мекеме, кәсіпорын, серіктестік, қожалық басшылары, қарамағындағы жұмысшы-қызметкерлерінен күнделікті ветеринар мамандардың қызметтік талаптарына атсалысып отыруларын талап етпейінше, бұл ауруды азайту екіталай. Осы жұмысқа ветеринар мамандар, әсіресе, медицина мамандары, СЭС қызметкерлері, ветеринарлық-фитосанитарлық полиция саласымен бірлесіп кіріскені тиісті нәтижелер әкелер еді.
Ал енді, шығысқазақстандық ветеринария саласының ардагері Базарбай Сатайдың қазіргі кездегі аудандық ветеринарлық станса мамандарының айлық жалақылары жөнінде көрсеткен мөлшерлері шындық. Таңғалдыратыны, бастықтың жалақысы 120 000 теңге болса, малмен алысып жүрген ветеринар 38 000 теңге ғана алады. Бұл жерде дұрыстық жоқ. Малдың мүйізін ұстап жұмыс жасаған маманның жалақысы кем дегенде 75 000 теңгедей болуы қажет. Сол уақытта ғана одан жұмыс сапасын талап етіп, жұмыс сұрауға болады. Қазір олар тек істеп келсем болды, түбі осы жұмыстан кетем ау деумен жүріп жатыр. Осыған қоса айтарым, мамандардың қызметтік сапасы төмендеп кеткен, себебі, қолынан басқа жұмыс келетін мамандар ақысы жоғары қызметтерге, кәсіпкерлікке ауысып, өз шаруашылықтарын құрып, кетіп қалған. Ал олардың орындарына үйде жұмыс таба алмай отырған қыз-келіншектер келген.
Олар біраз уақыттан соң бала тауып, бала күтімі демалыстарында отырады. Нәтижесінде жоспарлы ветеринарлық шаралардың толығымен орындалмай қалу қаупі көп. Жоғарыдан аудандарға берілетін ветеринарлық жоспарлар да қате жасалады. Төменнен жобасы берілгенімен, ол өзгертіледі. Мәселен, қыстақтағы 150 бас ірі қарасының тек аналықтарын жұқпалы ауруларға зерттеуге береді. Ал қалған бойдақтарды зерттеуді кейінге қояды. Қазіргі уақытта мал бастары аналығы да, бойдағы да, жылқысы да жазғы орындарда бірге бағылып, жайылатыны белгілі. Аналық малдарынан қан алып зерттеп келгенде, бойдақтардың арасындағы ауру қоздырғышын тасымалдаушы мал ауруын тарата береді емес пе? Сол себептен табындағы малды үлкенді-кішісін, барлығын бірге зерттеу керек. Тағы да еске салайын дегенім, сол табын малдарын бруцеллезге соңғы екі қан алуда, теріс нәтижелік сараптама алу, мал қорасын дезинфекциялау міндетті.
Жасыратыны жоқ, кейбір мамандар сау малдың дене қызуы мөлшерін, антибиотиктердің егу өлшемдерін, ветеринария саласындағы заңдылықтар, ережелер, нұсқамалар талаптарын білмейді. Осыған орай аудандар, облыс орталықтарында сала бойынша болып жатқан жаңалықтармен таныстырып, аса қауіпті жұқпалы аурулармен күресу шаралары жөнінде 2-3 күндік болса да, пысықтау курстары ұйымдастырылғаны жөн болар еді. Білімді ветеринар маман халықтың алдында беделі болып, сала жұмысының абыройын арттырар еді.
Болат ДОСМАҒАМБЕТОВ,
ветеринар-дәрігер
Батыс Қазақстан облысы,
Жаңақала ауданы