14 Шілде, 2016

Моңғолиядағы «Арулар» одағы

502 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
арулар одағыМамыр айында Моңғолиядағы қазақ әйелдерінің «Арулар» одағының құрылғанына 10 жыл толды. Біз осыған орай Моңғолиядағы қазақ әйелдерінің бүгінгі тыныс-тіршілігі мен олардың қоғамдағы орны туралы одақ төрайымы, «Ару жұлдыздар» журналының бас редакторы Айнагүл САРАЙҚЫЗЫН сұхбатқа тартып едік. – Айнагүл Сарайқызы, «Арулар» одағы қашан және қан­дай ой-мақсатпен құрыл­ғанын баяндап берсеңіз? – Моңғолиядағы қазақ әйел­дері­нің «Арулар» одағы 2006 жылы 11 мамырда құрылды. Одақ­тың атын Моңғолияның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, жазушы Сұлтан Тәукейұлы ұсын­ды. Үкі мен ою әшекейленген ұйымның таңба белгісін «Адмон» компаниясының дизайнері Табиғат Абдоллаұлы жасады. Бұл қоғамдық ұйым Моңғолия­дағы азғана қазақтың, соның ішінде Ұлан-Батыр қаласы мен орталық аймақтағы қандастарымыздың тілін, дінін, салт-дәстүрін насихат­тау, келешек ұрпаққа жеткізу және түрлі салада еңбек ететін қазақ­­­тың қыздары мен әйелдерін Моң­ғолия көлемінде және өзге де шетелдер­де таныту әрі олар­дың тілек-арман­дарын тиісті орган­дарға жет­кізу, басқа да бейрес­ми ұйым­дар­мен бірігіп жұмыс­тану­ды өзіне мақ­сат етіп қойды. Біз Моңғолия көле­мін­дегі осы бағыт­тағы басқа да бейресми ұйымдармен бірі­гіп жұмыс жасай­мыз. Бұл елдегі 50-ге жуық бейресми әйелдер ұйым­­дары арасында қол жеткізген жетіс­тік­тері, қоғамдағы абыройы мен беделі жағынан «Арулар» одағы көш­­бас­шылар қатарынан көрініп жүр. – «Арулар» одағының үніне айналған «Ару жұлдыздар» журналы қашан дүниеге келді? – Бұл әдеби-көркем журналдың шыға бастағанына да биыл 10 жыл толып отыр. «Ару жұлдыздар» басы­лымында да өз мақсатымыз бойынша Моңғолиядағы қазақ әйелдерінен шыққан ғалымдар, жазушылар, кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметкерлер мен халыққа үлгі-өнеге болатын аналарды насихаттаймыз. Таралымы 1000-1500 дана көлемінде. Осыған қарамастан журналымыз тек Моңғолияда ғана емес, Қазақстан, Қытай, Түркия, АҚШ және Еуропа елдеріндегі қан­дас­тарымыз арасында да өз оқырмандарын тауып жатыр. Бүгін­гі күні журналдың 41 саны жарыққа шықты. – Осы арада «Арулар» одағы мен «Ару жұлдыздар» ұйытқы болған шаралардың ауқымы туралы да аз-кем айтып өтсеңіз? – Атажұртта сырт елдерде тұ­рып жат­қан қазақтардың бір бөлі­гі Моң­ғолияда. Олар Моңғолия қазақ­­­тары­ның орталығы атанған Баян-Өлгий аймағынан басқа, ел ас­т­анасы Ұлан-Батыр қаласы мен Ховда, Төв, Хэнтий, Дархан уул, Орхон, Сэлэнгэ сияқты орта­лық ай­­мақтарда да қоныс тепкен. Біз іш­кері аймақтардағы қан­дас­тары­мызбен көбірек жұмыс жасау­ға тырысамыз. Онда одақтың алдына қойған мақсат-міндеттеріне сай іс-шараларды қала тұрғындары, студент жастар ішінде ғылыми конференция, кездесу түрінде өткіземіз. Мәдени іс-шараларды, әдетте, басқа ұйымдармен және ондағы кәсіпкер ағайындармен бірігіп тек қазақ тілінде жүргіземіз. Бұл осындағы аз ғана ағайын сол елдің тіліне, дініне кіріп кетпесін, өзіміздің қазақтығымызды, салт-дәстүрімізді сақтасын деген оймен жасалады. Сондай-ақ, салт-дәстүрді, қолөнерді насихаттау үшін, әсіресе, шебер әйелдердің кез­десуі мен солардың көрмелерін ұйым­дастырамыз. Бұдан бөлек жыл сайын ұлағатты ұрпақ өсіріп, тәр­биелеп, отбасының ұйытқысы болып, ел мәртебесін көтеруге сүбелі үлес қосқан аналарды «Ару ана» атағы­мен марапаттаймыз. Оған ие бол­ғандарды «Ару жұлдыздар» жур­налы мен Моңғолия ұлттық телеар­насындағы «ТВ-Толқын» бағ­дар­ламасы арқылы бүкіл жұрт­шылыққа таныстыруды дәстүрге айналдырдық. – Моңғолияның әйелдер одағы сияқты өзге қоғамдық ұйым­дар мен құзырлы мекемелер­мен қарым-қатынастарыңыз қалай? – «Арулар» бүгінгі таңда 90 жыл­дан астам тарихы бар Моңғолия әйелдер одағының белді бір мү­шесі. Әйелдердің құқығы, гендер мәсе­лесі, жанұядағы зоракерлік, қай­шылықтан туындайтын келеңсіз жағдаймен күресетін, одан алдын ала сақтану барысында жұмыс жасайтын көптеген ұйымдармен бірігіп жұмыстап келеміз. Біз, сонымен қатар, Моңғолдың ұлттық адам құқы комитетіне де мүшеміз. Сол себепті үкімет деңгейінде болып жатқан іс-шараларға да қатысып, «Арулар» одағының атынан өз ойымызды жеткіземіз. – Жастармен тәлім-тәрбие жұмысы жүргізіле ме? – Одақ жанында жастардың «Береке» деген клубы жұмыс істейді. Бұл қазақ жастары­ның қазіргі тыныс-тіршілігімен жақы­­ны­рақ танысып, ондағы өзгеріс­тер­ден хабардар болып отыруға мол мүмкіндік береді. Жас­тары­мыздың өзінің ана тілін, діні мен ділін сақтауы қандай деген мәселелер бойынша осы клуб­пен бірлесіп, түрлі шаралар өт­кізіп тұрамыз. Мәселен, жаңа оқу жылының басында Ұлан-Батырда оқитын 1-курс студент қыздарымен кездесу өткізіп, тәлім-тәрбие жұмыстарын жүргіземіз. Онда жас қыздарға өзіне таныс емес үлкен қалада өзін қалай алып жүрудің тәртібі мен жөн-жоралғысы туралы кеңес беріледі. Мәселен, Баян-Өлгийден келген жастарымыз моңғол тіліне шорқақ болса, ішкері аймақтағы бала­лар қазақ тілінде сөйлей алмай­ды. Сол себепті жоғары оқу орын­дарының оқытушылармен бір­лесіп оларға қазақ тілінде курс аштық. Жоғары оқу орнында салт-дәстүрі­міз­дің сақталуы қандай деген тақы­рып бойынша ғылыми конференция жасадық. Сондай-ақ, Толғойттағы Омар мешітінің жанындағы «Ел бірлігі» бейресми ұйымымен бірлесіп қандастарымыз көптен мекендейтін Налайх ауданында бірқатар жұмыс атқардық. – Мерейтойға арналған іс-шаралар қалай жүріп жатыр? – «Арулар» одағының 5 жыл­ды­ғын­да Мұқағали Мақатаевтың сөзі­не жазылған Т.Төлендиевтің «Арулар» әніне бейнебаян түсір­ген едік. Ал Баян-Өлгий ай­ма­­ғы­­ның 70 жылдық мерейтойы­на «Қа­зақ­тың маңдайалды арулары» атты жи­нақ шығарып, оны жұрт­шы­лық­қа тарту еткенбіз. Бұл кі­тапта 1930-2010 жылдар аралы­ғын­да айм­ақ пен еліміздің дамуына қазақ әйел­дері­нің қосқан үлесі паш етілді. Ұлан-Батырда қазақ әйелдері арасында Олимпиада ойындарына ең алғашқы болып қатысқан Алданыш Рамазанқызы деген апайымыз тұрады. Оған Моңғолияға еңбек сіңірген спортшы деген атақ әперу туралы Президентке хат жазып, тиісті ұйымдармен байланысып жатырмыз. Бұған дейін Алданыш апамыздың «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталуына өз үлесімізді қостық. Енді 10 жылдық мерейтойға жоспарланған 10 үлкен шараның қатарында, одақ жанындағы жас­тар­дың «Береке» клубы «Жас­тар­дың үні» атты форумды Ұлан-Батыр қаласында, «Біз қазақтың ұрпа­ғы­мыз. Тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді ұмытпайық» атты кездесу сұхбатты Дархан-Уул аймағының Шарынгол сұмы­нында өткізілді. Налайх ауданында «Қыздармен сырласу», «Бата сайысы», «Тілімізді, мәде­ниетімізді құрметтейік», «Сұрақ. Жауап. Сұрақ» атты қазақ мақал-мәтелдерінің сайысы ұйым­дас­тырылды. Баян-Өлгий аймағында «Сағындырған әндер-ай» концертін ұйымдастырып, «Көктемнің көрікті аруы» атты ару қыздар сайысы өтті. Кешікпей «Қазақ қызы» деген әнге бейнебаян түсіріп, «Арулар – 10 жылда» деген деректі фильм жасауға ниеттеніп отырмыз.  Әңгімелескен Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ АЛМАТЫ