14 Шілде, 2016

Қазақтың Атымтай жомарты

633 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
михаил свиридов пен Жұмағұл Жолдықов Жергілікті газетте Зеренді ауданына қарасты Көктерек ауылының іргесіндегі ел әулиеге санаған, жұрт қасиеттіге балаған Әулиетастың маңайы күтімсіз жатқаны сынға алынған еді. Онда әркім өзінің туған топырағын қадірлей білу керектігі туралы айтылған болатын. Шынын айту керек, мақала қоғамдық пікір туғызды. Әлі есімде, редакцияға газеттің сол санын көп адам іздеп келді. Көктерек ауылының тумасы, бүгінде Көкшетау қаласында тұратын жеке кәсіпкер Жұмағұл Жолдықов мақаланы оқығаннан кейін күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдым дейді. Түсінде әлдекім аян бергендей, әлдебір күш мазасын алғандай. Келесі күні таңсәріден туған жер­ге, Әулиетастың басына бір-ақ тартқан. Кейін де екі-үш рет барып келсе керек. Содан соң өзінің ұжымын, жер қазатын, тас артатын ауыр техникасын алып Әулиетастың басын қыздың жиған жүгіндей әдемілеп қоршаған. Кәдімгі табиғи жақпар тастармен. Онда да табиғатқа қылдай қиянат етпеген. Жол бо­йындағы су құбырын әлдекімдер қазып алса керек қой. Сол кезде далаға шығып қалған атан түйенің беліндей жуан, қақпақтай жалпақ сан қырлы сандық тастар кәдеге асқан. Қазір Әулиетастың ат шаптырым төңірегі осындай табиғи тас­тармен қоршаулы. Кіреберістегі есікті Көкшетаудан арнайы тапсырыспен жасап, әкеліп орнатқан. Оң жақтағы мәрмәр тақтаға Әулие­тастың әулиелігін паш ете­тін туған табиғатын ғажайып құбылысын сақтай білуге үндейтін белгілі ақын Тө­леген Қажыбайдың үш ауыз өлеңі жазылған. Қой сойып, құран оқытып, ауылдың ақсақалдарын жинап ас беріпті. Ас үстінде ел мұраты, жер жайы әңгіме болған, ғибратты сөз айтылған. Мұнтаздай тазарып, өзгеше кейіпке енген Әулиетас қазір олай-бұлай жүрген жолаушының атбасын бұратын орны. Осы жұмысты Жұмағұл жалғыз өзі атқарды. Қол көмегін өзінің ұжым мүшелері бергенімен, бар шығын, үш миллион теңге көлемінде жұмсалған қаражат бір өзінен шықты. Мақала жарияланғаннан кейін ай жарым өткенде редакцияға соққан. Қара торы өңі әлдебір қуаныштың лебімен алаулап, көңілі масайрап тұр. Әулиетастың басына апарып көрсеткен. Разы болдық. Кейін бір ауыз алғыс сөзімізді жаздық. Қош сонымен, қайра кездесудің сәті түспеген. Арада төрт жыл өткен соң жайсаң жігіт Жұмағұл Жолдықов туралы тағы бір жақсы лепес естідік. Анық-қанығын өзіне жолығып білдік. Енді оқырманға осы бір жақсы мысалды, ұлағатты істі таратып айтатын жөніміз бар. Қара күз. Қара суық өңме­ніңнен өтеді. Жұмағұл басшы­лық жасайтын серіктестік Тайынша қаласына көмір тасып жатқан. Бір жолы серіктестік жүргізушілері қара жолдың бо­йын­да дірдектеп тоңып отырған, жұқалтаң, көйлекшең орыс жі­гітін кездестіреді. Жасы сол кезде қырықтардың шамасын­да. Құжаты жоқ. Қалай болған күнде де адам баласы ғой, жүр­гі­зушілер серіктестікке алып кел­ген. Алғашқы күндері киін­діріп, жуындырып адам кейпіне енгізген. Кейін Жұмағұл Көк­шетау қаласында тұратын әкесінің үйіне апарып тапсырған. Жай жатқанша, егде тартқан әкесіне көмектесіп, қол ұшын беріп, еңбек етсін деген ғой. Әрі мұндағыдан жағдайы жақсы. Ара-тұра сұрап қояды. Сөйтсе Михаилдың қолынан келмейтіні жоқ екен. Алдымен ағаш ұстасы, сосын электрмен дәнекерлеуші, сырлау-сылауға сен тұр мен атайын. Бірте-бірте осындай күйге ұшыраған Михаил Свиридовтың жан сырына, тағдыр жолына да қаныққан. Сөйтсе Ми­хаил Яковлевич қияндағы Әзер­бай­жанның Привольное селосында туыпты. Иранның шекарасынан сегіз шақырым жерде. Арғы аталары қызыл ағашты қырнап, өңдейтін атақты шеберлер. 17 жасында мектеп бітіріп, Таллиндегі оқу орнына түскен. Әскери міндетін Карелияда өтеп келген соң осы жерге әлдебір себеппен келген Қазақстанның бойжеткенімен танысып, шаңырақ құрады. Бұл уақытта өмір жолы оқтай түзу, даңғыл болатын. Табысты жұмысы бар. Пәтер алған. Көп ұзамай ұлды болған. Кейін Кеңес өкіметі келмеске кеткен беймаза уақытта бұлардың әп-әдемі, сүттей ұйып отырған шаңырағы ортасына түсті. Тұс-тұстан қауіп-қатердің көзге көрінбес найзалары андағайлап, шанши бастаған. Амал жоқ, тыныш жерге кету қажет. Әрі-бері ақылдаса келе, Қазақстанға, жа­рының туған жері Тайынша қаласына келген. Тыныштық болғанымен, жұ­мыс жоқ. Күн көріс қиынға айналған. Бірден бауыр басып орнығып кете алмаған соң, туған өлкесі Әзербайжанға, сонда қалған анасына кетпекке әлденеше рет оқталған. Әйтсе де, әйелі райынан қайтарып, етегінен тарта берді. Тіпті, бірде анасының өмірден өткені хабарланған жеделхатты да көрсеткен. Тәмам жұрттың ішінде өзін бөгде сезінген, жалғыз санаған Михаилдың ішімдікке құмарлығы осы кезден басталды. Арада біраз уақыт өткен соң әйелі мен ұлы Германияға қоныс аударды. Жалғыздықтың көкесі енді көрінді. Басында баспанасы, қолында құжаты жоқ Михаил әркімнің есігінде жүрді. Күндердің бір күнінде алды тұман, соңы белгісіз сапарға шықпақ болып жол бойында отырғанда көмір таситын жүргізушілерге кезіккен. Осы сәттен бастап тұман сейіледі. Болашақ айқын, бағыт белгілі. Жататын жері, жұмысы, істеген еңбегіне орай алатын жала­қысы бар. Тіпті, әлгі өңеші жыбырлап тұратын әдеттен де арылды. Тумаса да туғандай етіп баққан Жұмағұлдың әкесі Шаяхмет мынау жарық дүниедегі татар дәмінің таусылар алдында баласын шақырып алып, аманат етіпті. – Мынау Михаил бір абзал адам. Қолынан келмейтіні жоқ. Алдынан жұмыс үркіп тұрады. Оның үстіне қолының қыспасы, ақшаға қызығуы білінбейді. Адал­дығы да адам айтқысыз. Ер­тең мен қайтпас сапарға аттан­ғанда қаңғыртып жіберіп жүрме, обал болады, – деп шегелеп тапсырған. Әке сөзін аманат деп ұққан Жұмағұл Михаилдың құжатын істеп бермек болды. Оңай емес, әрине. Екі жыл уақыт өткен. Осы екі жылдың ішінде Тайынша қа­ласына кемінде жиырма рет барған. Мұрағатқа сұрау салып, өзге де тиісті мекемелерден дерек жинағанымен, қолдарына ештеңе ілікпеген. Көші-қон полициясынан да қайыр болмады. Полиция қызметкерлері көмек көрсетеміз деп ұмтылуын ұмтылды-ақ. Әзер­байжанға үш мәрте сұрау салған. Ләм-мим хабар жоқ. Ал­дымен Михаил Яковлевичтің туу туралы куәлігі қажет екен. Онсыз ешқандай құжат жасалмайды. Көші-қон полициясында жалғыз Жұмағұл мен Михаил емес, таразышы Шұға Әшімова мен есепші Алтынгүл Қанапина да болған. Талай күндерін өткізген. Әр кабинеттің алдында ащы ішектей шұбатылған кезекті күтіп. Елегізумен, үміттенумен бір жыл өтті. Әншейінде жер қозғалса қозғалмайтын сабырлы, салмақты Жұмағұл Шаяхметұлының шыдамы таусылды. Әзербайжан елшілігінде оншақты рет болып, мә­селесін шеше алмағаннан кейін тура әуежайға барды да билет алды. Бакуден бес жүз шақырым жердегі елді мекеннің ішкі істер басқармасын тапты. Аудармашы жалдады. Қазақстандағы көші-қон полициясының сұрауларын іздестірді. Келуін келіпті. Тек орыс тілінде жазылған. Орыс тілінде жазылған соң әзербай­жан ағайындар қимылдай қой­маған. Сол жерде жүріп Жұмағұл Михаилдың анасының тірі екен­дігін естіген. О, ғажап, жұбайы қайтыс болғаны туралы жедел­хатты да көрсеткен еді ғой. Сонда қалай тірі? Әлде бұрынғы әрекет­тің бәрі Михаилды туған өлкесіне жібермеудің амалы ма? Шынымен анасы тірі екен. Отыз шақырым жерде, дін аман тіршілік кешіп жатыр. Қияндағы Әзербайжанға дерек іздеп келген Жұмағұлға отыз шақырым не тәйірі. Көлік жалдаған да, барған. Ашық күнде төбеден жай түскендей болды. Жұмағұлдың қолында баласының сау-саламат жүргенін анықтайтын фото­суреттері, бейнежазба бар еді. Соларын көрсеткен. Баласын әлдеқашан өлді деп, қайғының қара бұлтын жамылып жүрген, көкірегін шер басқан анасы Рая алғашқыда есінен танып түскен. –Тірі екенін сезіп едім, сезуші едім, – деп солықтайды қайран ана, – «Жди меня» бағдарламасына да тапсырыс бергізгенмін. Ағасы Борис өмірден өткен екен. Михаилдың туған жерінің топырағын баспағанына тура қырық жыл. Қазір жасы 54-те. Азапты жолдың бейнеті өте­ліп, анасынан туу туралы куә­лігі табылды. Жұмағұл үшін ат басындай алтын табылғанмен бірдей еді. Осы бір жапырақ қағаз үшін қияннан қиналып жетті емес пе? Арада бір ай өткен соң «Узкая колея» серіктестігінде ақ түйенің қарны жарылған ұлан-асыр той болды. Бар ұжым тайлы-таяғымен жиналып, Михаил Свиридовтың Қазақстан Республикасының азаматы атанып, төлқұжат алған­дығын тойлаған. Ұжым анасына сый-сияпат алды. Жұмағұлдың өзі де. Қазақстаннан келген соң қазақтың дәмін көрсін ел. Қазы-қарта, жал-жая, құрт-ірімшік. Ана­с­ына көйлек, басқа да толып жатқан сый-сияпат. Құтты құдалыққа бара жатқандай. Бауыр басып қалған ұжым мүшелерінің Михаилды қиғысы жоқ. Бәрінің жанарларына мөлдір тамшы ілініп, бауырларына басады. Қайтып кел деп айту да қиын. Енді қайтып көріспейтіндей. Әйтеуір, бір беймаза сезім барлығын бау­рап алған. Алыс жолға аттанып бара жатқан әріптестеріне ақсақалдары бата берді. Міне, енді сағынышты сапар. Михаилдың туған деревнясы көл-көсір қуаныш құшағында. Мектепте бірге оқыған сыныптас­тары, достары, пионер жетекшісі, мектеп директоры, тіпті, священникке дейін келген. – Өшкенім жанып, өлгенім тірілді, мың рахмет саған, Жұма­ғұл. Сен енді менің туған ұлым­сың, – деген анасы дастарқан басында. Тағы бір толқулы сәт қайтар сапардың алдында болды. Михаил қырық жылдан кейін табаны тиген туған жерін де қимайды. Дәм-тұзын ұсынған, өмір жібі қолынан шығып бара жатқанда қайтып қатарға қосқан Қазақстанды да. Соңғысы басым түскен. Дәл осы жерде Жұмағұл бауыры Михаилға ақылын айтқан. Қалам десең өзің біл, қыстамаймын, өк­пем де жоқ. Туған жеріңмен, ет-жақын ағайыныңмен қауышып тұрсың. Ал менімен бірге қайтсаң, қанатымсың, құйрық жалымсың. Михаил Көкшетауға қайтты. Жұмағұл облыс орталығындағы «Көкшетау» мәдениет сарайының сыртынан құстың ұясындай жып-жинақы үй салып берген. Ішіне еурожөндеу жасалыпты. Есігінің алдында көкөніс жайқалып өсіп тұр. Лүп еткен желмен тербелген гүлдер Жұмағұлдың жан сезімі тәрізді. Астына машина мінгізіпті. Қазір бір мекемені басқарып отырған өзінің оң қолы. – Әнеукүні Михаил Әулие­тастың басына гүл отырғызып келіпті. Өзі барып маңайын тазалап, күтіп жүреді, – дейді Жұма­ғұл, – кім білсін, қасиетті өлкенің шарапаты да тиіп жатқан шығар? Айтқандайын, ағалы-інілі адам­дар тәрізді бір-бірін бауырына басып, құшақтасып тұрған екеуі әзілдесіп те қояды. – Соңғы сайлау болған күні таң атпай оятты ғой бұл мені. Шарт ұйқыда жатқан едім, сайлауға барайық деп келіп тұр. Қазір бұл Қазақстанның азаматы ғой. Иә, Қазақстанның азаматы. Осындай тағдырдың тәлкегіне түскен жанды қайрадан қатарға қосқан Жұмағұл да азамат, шын азамат! Байқал БАЙӘДІЛОВ Ақмола облысы