14 Шілде, 2016

ДҮБІР

227 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Рио-2016Олимпиаданың басталуына 21 күн қалды Күннен күн озған сайын Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында жалау көтеретін жазғы Олимпиялық ойындардың дүбірі жақын жерден естілетіндей кейіпке еніп келеді. Оның уақыты таяған сайын жаһандық жарыстың нақтылы бедерлері мен айшықтары да айқындала түсуде. Соның бірі – Риода жарысқа жалын қосып, сайыс көрігін қыздыра түсетін қатысушы елдер санының бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткішке жетіп отырғанынан байқалады. Атап айтқанда, осы жолғы аламанға 206 мемлекеттің тарландары ат қосқалы отыр. Сонымен қатар, олар қатысатын жарыстар саны жағынан да рекордтық көрсеткіш тіркелмекші. Спортшылар мұнда 301 медаль жиынтығын сарапқа салмақшы. Қазірге дейін Қазақстанның 102 спортшысы 104 лицензия бойын­ша спорттың 26 түрінен жарыс алаңдарына шығатындары белгілі болып отыр. 14-07-16-dychkoИванның межесі – алтын медаль Бүгінде 2012 жылы өткен Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері, әлемнің 2013 жылғы күміс және 2011 жылғы қола жүлдегері, 2010 жыл­ғы Азия ойындарының қола жүл­дегері, Азияның 2013 жылғы чемпионы, әлемнің 2008 жылғы жастар арасындағы күміс жүлдегері Иван Дычконың осы жолы қалайда алтын медаль үшін күресетініне ешкім де шәк келтіре алмайтын шығар. Осы кезге дейін жоғарыдағы атақтарды жеңіп алып үлгерген 26 жастағы қостанайлық былғары қолғап шеберінің енді Олимптің ең биік шыңына шығуға талпыныс жасауы әрбірден соң әбден заңдылық та болып саналар еді. Халықаралық дәрежедегі спорт шеберінің өзі де осындай ойда екен. Мұны Иванның өзі де соңғы кездері бірнеше рет айтты. Ол бұған, әсіресе, биыл украинның белгілі кәсіпқой боксшысы Владимир Кличконың командасы құрамында Австрия жерінде машығын шыңдағаннан кейін шындап кіріскен сияқты. Бұл кезең спортшы үшін текке кетпеген көрінеді. Мұны құраманың бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов та айтып отыр. – Ұлттық құрама дайындығы ойдағыдай жүргізіліп жатыр. Солардың қатарындағы Иван Дычко шетелде дайындалып келді. АИБА-ға Кличко тарапынан ұсыныс түсіп, спарринг-қарсылас сұратқаннан кейін, біздің елден Иван Дычко мен команданың аға жаттықтуршысы Нұрғали Сафиулин Австрияға аттанды. Бұл Иван үшін аса маңызды қадам болды. Себебі, мұндай мықты боксшымен бірге дайындалып, тәжірибені одан әрі шыңдау бізге де тиімді. Осыған дейін Иван екі спаррингтік кездесу өткізді. Соңынан тағы да екі рет шаршы алаңда Кличкомен шеберлік байқасты, – деді бокс­тан ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы. Иван Дычко сол сапардан елге 29 маусымда оралды. Бұдан кейін ол құрама сапында 11 шілдеге дейін Алматы қаласының төңірегіндегі тау бөктерінде жаттықты. Енді боксшылар 17 шілдеде Астанаға келіп, осында 27-сіне дейін жаттығатын болады. Ал 28-інде Бразилияға ұшып шығады. – Мықты қарсыластардың арқасында біз өсеміз. Владимир Кличко – әлемдік бокс көшбасшыларының бірі. Онымен бірнеше спарринг өткіздім. Нәтижесінде одан біраз тәжірибе алдым. Мен оны қатты ұра алмадым, ал оның мені қалай ұрғанын білмеймін. Бәрі жақсы өтті. Осыдан кейін Қазақстан құрамасына қосылдым, қазір Алматы облысында дайындық жүргізудеміз, – деді Дычконың өзі. Қазір Олимпиада жолдамасын иеленген боксшылармен бірге ұлттық құраманың екінші, үшінші, төртінші құрамы бірге жаттығып, жігіттерге барынша көмектесіп жатыр. 14-07-16-shtangaАуыр атлеттер құрамы анықталды Қазақстан ауыр атлетика федерациясы еліміздің Рио-де-Жанейродағы Олимпиялық ойындарға баратын құрама командасының құрамын анықтады. Іріктеу соңғы күндері Астана мен Текелі қалаларында өткен ерлер мен әйелдер құрамаларының жаттығу жиындары қорытындысы бойынша жасалды. Оның нәтижесінде Олимпиялық ойындарға баратын 8 атлет екшелініп алынды. Бұлардың қатарында ерлер құрамасының – 5, әйелдер командасының 3 мүшесі бар. Оларды ерлерден Фархат Харки, Арли Чонтей, Денис Уланов, Нижат Рахимов, Александр Зайчиков, әйелдерден Карина Горичева, Жазира Жаппарқұл және Маргарита Елисеева құрайды. 14-07-16-dopingИльиннің сынамалары түгел тексерілуі мүмкін Қазіргі күндері әлемдегі бір­қатар спорттық фанблогтар Илья Ильиннің өзі қатысқан әр әлем чем­пионатындағы сынамалары қайта тексеруден өтілуі керек екенін жазып жатыр. Негізі, заң бойынша кез келген спортшының допинг жөніндегі сынамалары он жыл бойына сақталып тұрады. Бұл оны кез келген уақытта қайта қарап, тексеруге мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан келгенде, енді халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) Илья Ильиннің 2006, 2011, 2013 жылдарғы әлем чемпионаттары кезінде алынған сынамаларын тексере алады. Әлем чемпионатындағы сынамалар IWF қарауында ғана болады. Ал Олимпиада барысындағы допинг анализдері Халықаралық олимпиада комитетінде ұсталады. Осыған дейін Халықаралық ауыр атлетика федерациясы Илья Ильиннің Бейжің және Лондон Олимпиялық ойындары кезінде алынған сынамаларынан допинг табылғанын мәлімдеген болатын. Сондай-ақ, Лондонда алтын медаль алған қазақстандық ауыр атлеттер Зүлфия Чиншанлоның, Мая Манеза мен Светлана Подобедованың сынамалары да оң нәтиже берген еді. Сол себепті бұқаралық ақпарат құралдары оларға қатысты шешім 11-15 шілде аралығында шығатынын жариялаған. Онда егер аталған спортшылардың допинг қолданғандары толық дәлелденсе, ХОК Илья Ильин мен үш чемпионның медалін алып, жаңа чемпиондарға табыс ететіні атап көрсетілген. 14-07-16-biudjetРио бюджетінің тапшылығы – 120 млн. доллар Шетелдік бұқаралық ақпарат құ­ралдарының мәліметтеріне қара­ғанда, Рио-де-Жанейро қаласында өтетін Олимпиялық және Паралим­пиялық ойындарға дайындықпен айналысып жатқан «Рио-2016» ұйым­дастыру комитеті бюджетінің тапшылығы байқалып жатқан көрінеді. Бұл жетіспеушіліктің көлемі 400-ден 500 миллион реалға ($121 млн. - $151 млн.) дейін баратынға ұқсайды. – Біз қысқартуға болатын шығынның барлық түрін қысқарттық. Себебі, бюджеттің қаржысы жетпейтіні белгілі болып қалды, – дейді ұйымдастыру комитеті өкілдерінің бірі. Оның ақпарынша, тапшылық ұйымдастыру комитетіне бөлінген жалпы шығынның 6 пайызға жуығын құрайды. Рио-де-Жанейродағы Олимпиялық және Паралимпиялық ойындардың жалпы бюджеттері шамамен 40 миллиард реал ($12,12 млрд.) ақшаға тең. Оның басым бөлігі – 24,6 миллиард реалы қала инфрақұрылымын жақсарту жұмыстарына бағытталған. Тағы 7 миллиард реал спорт нысандары құрылыстарына кеткен. Бұлардың арасында «Рио-2016» ұйымдастыру комитеті жекелеген инвесторлардан 7,5 млрд. реал көлемінде ақша алған. Бөлімді дайындаған Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан»