08 Ақпан, 2011

Биліктің қамы үшін емес, халықтың бағы үшін

462 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
Жұртшылықты жігерлендіретін жолдау Еліміз алған асулар Елбасының есі­мімен тығыз байланысты десек, би­ылғы Жолдау да, Үндеу де солай. Сол себепті де Жолдау мен Үндеуге бай­ланысты ойларымызды Елбасы жайлы толғаныс-толғаумен бастаған­ды жөн көрдік. Өмір – өте күрделі. Оның қыры мен сырын, мұңы мен жырын бір білсе өмірде көп жайларды өз басынан өткеріп, көңіліне көп түйген ардагерлер біледі. Еліміздегі ақылман ағаларымыздың көшбас­шы­сы Бәйкен Әшімов осыдан бірер жыл бұрын «Егемен Қазақстан» газетіне бер­ген «Азаматтың тілеуін тілейік, ағай­ын» атты көлемді де көркем сұх­батында «алыстан сермеп, жүректен тербеп» толымды ойлар толғап еді. Сұхбат­тасушы журналист Сауытбек Абдрах­мановтың салмақты сауалда­ры­на орай өзінің өмір жолына шолу жасай оты­рып, бүгіні бекем, келешегі кемел еліміз бен Елбасымыз жайлы ақ­ыл­ман ақсақалға тән салмақты, сали­қалы ой­лар өрбіткен аса қадірлі аға­мыз былай деп еді: «Нұрсұлтан Әбіш­ұлының Маг­ниткада горновой бола жүріп, оттың ортасында шынығып, шы­нық­қаны белгілі. Елбасымыз со­ны­мен бірге сан түрлі адамдардың, сан түрлі ұлттардың басы тоғысқан жерде жұ­мыс істеу арқылы да ерекше шы­нықты. Екі қоғам, екі жүйе оны за­ман­ның көрігіне салып тағы шы­нық­тырды. Осының арқасында біз қазір бүкіл әлем білетін, алыс та жақын мойындайтын, санасатын, сыйлайтын басшыға ие болып отырмыз». «Ел аман болсын, Ел бағына туған Ер аман болсын» деп толғанған Бәй­кен ағаның сұхбаттағы сөздері айдай анық, шығар күндей шын, шынайы сөз. Елбасымыздың ол кісі сана­ма­ла­ған «білім, білік, намыскерлік, күрес­керлік, батылдық, табандылық, алғыр­лық, тереңдік, кеңдік...» атты асыл қасиеттерін бүгінде алыс, жақынның мойындағаны тағы рас. Біз ақиық аға­мыз айтқан ақиқатты қуаттай отырып, өз тарапымыздан сол сөздерге дәлел ретінде соңғы жылдары Елбасы баста­уымен жүзеге асқан ұлы істерді атап өтуді парыз санадық. Ең алдымен ерекше атап айтары­мыз, қайталап, қадап айтарымыз – Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекет құрушы. Басқару жүйесі жолға қойыл­ған баяғыдан бар бай мемлекетті бас­қару да оңай емес. Күл-талқаны шы­ғып, қираған экономикасы қисай­ып қал­ған елде жаңадан мемлекет құ­ру қияметтің қыл көпіріндей қиын еке­ні анық. Сол қиындықтан қиялап шығып, тәуелсіз Қазақ мемлекетін құ­ру – тақыр жерде тау тұрғызғанмен бірдей. Халық­тың сеніміне ие болып, еліне арқа сүй­еген Елбасының бұл тарихи ұлы ісін оның кемеңгерлігі мен ерлігі деп ба­ға­лау әділетті болмақ. Нұрсұлтан Әб­іш­ұлының кемеңгерлігі мен ерлігінің тағы бір айғағы – қиын кезде астананы Сарыарқаға көшіру, көшіріп қана қой­май он жылда жаңа қала салғаны. Астана сынды ғажайып қала салу ұлттың, оның көсемі На­зарбаевтың ұлы ерлігі мен көрегендігі. Нұрекеңнің алдағыны анық көретін, алысты қапысыз бол­жай­тын кемең­гер­лігінің мыңнан бір мыса­лы сом ай­мағының темір құрсауында қалмай, төл теңгемізді жасау болса, екінші бір дәлелі – Ұлттық қор құруы. Сол Ұлт­тық қордың арқасы емес пе, дағдарыс кезінде де жасампаз істердің жалғасын тауып жатқаны. Алданған үлескер­лер­ді қамқорлығына алып, мол қаржы берген, «Мәдени мұра» сынды ұлы жобаларды іске асырып жатқан Қазақ­станнан басқа қай ел бар?! Президенттік биліктен, президенттік-парламенттік билікке көшіп, саяси рефор­ма­ларды жемісті жүргізіп, әлем діндерін бір шаңырақтың астына жинап, әділ сөз айтып, ЕҚЫҰ-ға төраға болып, Саммит өткізіп, Астана Декларация­сын қабылдаған да Қазақстан. Ядро­лық қарудан бас тартып, әлемге үлгі көрсет­кен де, шекараны шегендеп, ұлт­тық алтын-валюта қорын алпыс миллиард­қа жеткізген де Қазақстан. Мұның бәрін бәріміз де білеміз. Кәрі тарихтың өзі таңғалып, тамсанған ос­ындай саналуан жетістіктеріміз жайлы айтып та, жазып та жүрміз. Президент биылғы Жолдауында біз біле бермейтін талай табыстарымызды тағы тайға басқан таңбадай ап-анық ай­тып берді: «1994 жылы жан басына шақ­қандағы ішкі жалпы өнім жеті жүз доллардан сәл ғана асатын. 2011 жыл­дың 1 қарашасына қарай бұл көрсет­кіш 12 еседен артық өсіп, 9 мың АҚШ дол­ла­рынан асып түсті. Біз бұл дең­гейге тек 2015 жылы ғана жетеміз деп есептеп едік. Әлемдік тәжірибе тәуел­сіздіктің ал­ғаш­қы 20 жылында мұндай нәтижеге еш­қан­дай ел қол жеткізе алмағанын көрсетеді. Мысалы, егемен дамудың алғашқы жиырма жылында жан басына шақ­қан­дағы ішкі жалпы өнім Оңтүстік Ко­реяда 3 есе, Малайзияда – 2 есе, Син­гапурда – 4 есе, Венгрияда – 5 есе, Польшада 4 есе өскен. Елбасы сөзімен айтсақ, бұл «ел ілгерілеуінің шоғыр­ланған көрсеткіштері ғана». Елге баян етілген биылғы Жолдау бір жылдың емес, он жылдың аса ауқымды бағыт-бағдарын белгілеп бер­ді. Бұл – бір. Екінші ерекшелік – биылғы Жолдау ел Тәуелсіздігінің жи­ырма жылдығымен орайлас жолданып отыр. Президент Жарлығымен «Қазақ­стан Республи­ка­сының Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» деп жарияланып, «Бейбітшілік пен жа­сампаздықтың 20 жы­лы ұранымен өт­кізілетін» 2011 жыл­дың ерекшелігі жай­ында да көкірегіңе сақаға құйған қорғасындай қона кететін салмақты ойлар айтылған. Үшінші ерекшелік – әлеуметтік сала, соның ішінде ТКШ бұрынғыдай қалдық сая­сатына тәуелді болмай, арнайы инвестиция бөлу ар­қылы жаңғырып, жаңа қуатпен жар­қырай түспек. Жаңа әл­еу­меттік саясат – әлеуметтік жаңғыру мен одан әрі жақсаруға – халықтың әл-ауқатын ны­ғай­туға қуатты серпін бергелі тұр. «Мен үш аса маңызды мемлекеттік бағдарламаларды – білім беру, денсау­лық сақтау және тілдерді дамыту бағ­дарламаларын бекіттім, – деді Президент. – Үкіметке әкімдермен бірлесе отырып биылғы 1 мамырға дейін мы­надай қағидатты түрде жаңа бағдар­ла­маларды, яғни: жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясын; тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылықты жаңғырту; халықты сапалы ауыз сумен қамта­ма­сыз ету бағдарламаларын жасап, қа­был­дауды тапсырамын. Бұл бағдарламалар елдің миллион­даған қарапайым адамдарының күнбе-күнгі мәселелерін шешуге бағыт­тал­ған. Олар қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартады». Бұдан кейін «жаңа әлеуметтік сая­саттың басты аспектілеріне нақтырақ тоқталған Президент былай деп қадап айтты: «Бүгінде дамыған елдерде 1 миллион тұрғынға 1-ден 6 жоғары оқу орнына дейін келеді. Қазақстанда бар­лығы 149 жоғары оқу орны бар. 200 ғы­лыми кеңес кандидаттар мен док­торларды қалыптан құйғандай етіп жасап шығарып жатыр. 60 кандидат­тың 1-і және 37 доктордың 1-і ғана ғылымға барады. Осы жылдан бастап ол ғылыми кеңестердің жұмысы тоқ­та­тылады. Бұдан былай магистрлар мен PhD докторлар дайындалатын бо­лады. Біз университеттік білім беру мен ғылымды дамытудың жаңа дең­гей­ін қамтамасыз етуге міндеттіміз». Бұл да көптің көкейіндегі көкей­кес­ті мәселені дөп басқан сөз. Жа­уын­нан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған саны көп, сапасы жоқ жоғары оқу орындарын, әсіресе, жеке меншік жо­ғары оқу орындарын қысқарту қажет-ақ. «Кандидаттар мен докторларды қа­лыптан құйғандай етіп жасап шыға­рып жатқан 200 ғылыми кеңестерден» бата алып, жеке басының қуанышын базарлап жатқандардың біразы билік­тің биік баспалдағында жүргендер екендігі ешкімге жасырын сыр емес. Ғылымда ашқан жаңалығы тұрмақ айтар ойы жоқ сол солқылдақ, сұр тол­қында министрлер мен әртүрлі дең­гейдегі әкім­дер қатары енді олардың орынба­сар­ларымен толассыз толығып жатқаны ашынып айтар ащы шындық. Прези­денттің дер кезінде айтылған сөзінен кейін қоғамды жайлап бара жатқан бұл «аурудан» айығармыз деген үміттеміз. Президенттің 2015 жылға дейін жа­ңадан 400 мектеп салынады деген хабарына қуана, білім беруге қатысты ойларын толық қуаттай отырып өз тарапымыздан Білім және ғылым министрлігіне, оның жаңашыл, жаңа, іскер де білікті басшысы Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұловқа айтар тілек-талаптарымыз да бар. Олар: 1. Білімге мемлекет бөліп жатқан қыруар қар­жының қайтарымы мол болсын десек бұрын 35 оқушыға бір компьютерден келетін көрсеткіш бүгінде 18 оқушыға бір компьютерден келетін жетістікпен шектеліп қалмай, 2 оқушыға бір компьютерден келетін биікке көтерілу қажет-ақ! 2. Батыс Еуропа елдерінде бюджет қаржысымен білім алатын студенттер саны он мың тұрғынға шақ­қанда 300, Ресейде – 200. Біздің елімізде бар болғаны 80 студент. Өр­ке­ниет көшінде шаң қауып қалмау үшін осы цифрлар төңірегінде де ойланып, жедел шара қолдану шарт. Нұрсұлтан Әбішұлы басымдылық берген «аса маңызды мемлекеттік үш бағдарламаның» екіншісі – денсаулық сақтау. «Қазақстан үшін көліктік медицина өте көкейкесті, сондықтан біз оны дамытатын боламыз. Биылғы жылы тағы бір пойыз жіберілетін болады. Жұмылғыш медициналық кешендер-автоклиникалар санын 50 бірлікке дейін жеткізу қажет. Оларды шығару Қа­зақстанда жүзеге асырылуға тиіс. Үкі­метке 2015 жылға дейін санитарлық авиация мұқтажы үшін кемінде 16 тік­ұшақ ұйымдастыруды қамтамасыз етуді тапсырамын. Сол сияқты жол бой­ындағы медициналық-құтқару пункт­те­рін құру мәселесін жеделдете қарас­ты­руды да тапсырамын. Оларды респуб­ли­калық маңыздағы жолдардың апат­тық қауіпті учаскелерінде орналас­ты­ру қажет», – деп атап көрсетті Елбасы. Көлік апаты орын алған кезде мың­даған адамдардың «өмірін құтқарып қалатын көліктік медицина» мәсе­ле­сінің де аса көкейкесті екендігі шығар күндей шындық. Сонымен бірге Жолдауда: «Ауыл тұрғындары үшін ме­дициналық көмектің қолжетімділігін кеңейтуге айрықша назар аудару қа­жеттілігімен бірге «Қылмыстық атқа­ру жүйесіндегі туберкулез бен ВИЧ аурулары және одан болатын адам өлі­мі деңгейін төмендетуге», 2015 жылға дейін бірыңғай денсаулық сақтау жү­йе­сін толық аяқтауға көп көңіл бө­лінгені де ел ойынан шығары хақ. Халықтың денсаулығы – мемлекеттің байлығы екендігін бір кісідей білетін Елбасы бұл орайда да көптеген аса құнды ойлар айтты. Осы тұста Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың құла­ғына алтын сырға жоралғысымен: Ең кедей мемлекеттердің бірі Кубадағы медицина Израильмен иықтасқан жо­ғары деңгейде әрі тегін екендігін ай­тып, қуатты, жасампаз Қазақстанның солардан кейін тұруы барды ұқсата алмаудың салдары болып табыла­ты­нын еске сала кетейік. Мемлекет бас­шы­сы­ның қамқорлығымен қаржыдан кемдік көрмей отырған сала бас­шы­лары осы орынды сынды ескерер деп сенеміз. Биылғы Жолдауға зер салған халық Елбасы бекіткен тілдерді дамыту бағ­дарламасына орай алда атқарылар іс­тердің маңыздылығымен бірге аса ауқымдылығын бірауыздан қолдары сөзсіз. Кезінде: «Қазақ қазақпен қазақ­ша сөйлессін», деп қадап айтқан Ел­ба­сымыз ана тілінің қорғаушысы, қол­дау­шысы ғана емес қамқоршысы да. Нұрсұлтан Әбішұлы: «Қазақ тілі одан әрі дамуы үшін барлық күш-жіге­рі­мізді салуымыз керек», деген серттей берік сөзінен таймағанына Жолдау­да­ғы тілге қатысты айтылған: «Біздің міндетіміз – 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға дейін жеткізу. Ал 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды құрауы тиіс. Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 па­йы­зы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады. Ол үшін біз бәрін де жасап жатырмыз», – деген сөзі айқын айғақ. Таяу онжылдықтағы стратегиялық жоспардың мақсаттарын саралай келіп, салмақты ой айтып, бағдаршам сын­ды бағдарлама жариялап, халық­тың бағы үшін үкімет пен жергілікті би­лікке нақты тапсырмалар берген би­ылғы Жолдаудың айтары анық, бояуы қанық. Алда атқарылар жұмыстардың ауқымы аса кең. Ол «Кедейшілік про­блемаларын мемлекеттік жәрдемақы арқылы жұмсарту емес, нақты шешумен», сапалы ауыз су мәселесін түп­кілікті шешу үшін, «үкіметке жеке капиталды су шаруашылығы секто­рына барынша молынан тарту үшін ынталандырудың тиімді жолдарын қа­растыруды тапсыруымен», «жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясын» белгілеуімен... ерекшеленіп, күрмеуі қатты күрделі өмірдің сан саласын қамтыды. Президент «Азаматтардың өмір са­пасының озық көрсеткіші – тұрғын үй жайлылығының деңгейі. Соңғы он жылда тұрғын үй қоры 30 миллион шаршы метрге ұлғайды. Бұл бүгінде бір миллионнан астам азамат жаңа пәтерлерде тұрады дегенді білдіреді. Бұл – біздің тұрғын үй саясатымыздың маңызды нәтижесі», – дей келіп: «Сумен, жылумен, электр және газбен қамтамасыз ету жүйелеріне кең ау­қымда жаңғырту жүргізіп, сондай-ақ тұрғын үй қатынасының оңтайлы моделін құруды қамтамасыз ету қажет. Күрделі жөндеуді қажет ететін ны­сан­дардың үлесі 32 пайыздан 2015 жылға қарай 22 пайызға төмендеуі тиіс. Жаң­ғырылған жүйе­лердің ұзындығы 2015 жылға қарай ел бойынша тұтастай алғанда 31 мыңнан астам шақырымды құрайтын болады», деген сөздері қат­ты ұнады. Бұл міндеттер орын­дал­ғанда тозығы жеткен қа­зандықтар да жаңарып, халық қақаған қыста жа­рықсыз қалмасы анық. Президенттің үдемелі индустрия­лық-инновациялық жобаларды жүзеге асыру бағытында атқарылатын істер жайлы айтқандары да көкейге қо­ным­ды. Бір ғана мысал, 2014 жылға дейін 294 ірі өнеркәсіп орындары ашылып, 162 мың адам жұмыспен қамтылмақ. Оған мемлекет сегіз триллион теңге қаржы са­лу­ды жоспарлап отыр. Мені, әсіресе, үде­мелі индустриялық-ин­но­ва­циялық бағ­дар­лама жобаларының ал­тын бесік – ау­ылға қарай бет түзе­гені қатты қуантты. «Аграрлық секторда ет беретін мал шаруашылығын дамытуда бұрын бол­маған жоба іске асырылады. Біз сіздермен бірге ауыл шаруашылығы үшін көп нәрсе атқардық және соның арқасында құрғақшылық жылдарында да біздің астық алқаптарымыз өнім­мен қамтамасыз етеді», – деген Ел­басы енді қазақ қазақ болғалы мал шаруа­шы­лығына зор мән берілетінін және ау­ыл­дағы жұмыссыздық жайына баса назар аударылатынын атап өтті. «Біздің жоспарда 2016 жылдың өзінде 4 миллион тонна астық экспортына тең келетін 60 мың тонна ет экспорт­тау көзделуде. Болашақта бұл сандар 180 мың тоннаға дейін артатын бола­ды. Мемлекет бұған кредит қорл­а­ры­ның 130 миллиард теңгесін бөледі. Бұл ауылдарда 20 мың­нан астам жұ­мыс орнын ашуға жағдай жасап, 1400 мыңнан астам ауыл халқы үшін табыс көзін береді», – деген Президент бұл шаралардың барлығы мал­дың барлық тұқымдарының басын кө­бейтуге себін тигізетінін атап өтті. Осының бәрі ау­ылшаруашылық мәши­не жасау, хи­мия­­лық, тамақ өнеркә­сі­бінің, техника­ларды жөндеу сияқты өндірістің аралас салаларының өсуіне мүмкіндік береді. «Міне, бұл ау­ыл­шаруашылығын индустрияландыру бо­лып табылады. Үкімет пен барлық өң­ірдің әкімдері осы ауыл шаруашылығы саласын ин­дустрияландыру мәселе­сі­мен айналы­суы керек», – деді Елбасы. Жасыратын не бар, бүгіндері ауыл шаруашылығы өнімі тоқсаныншы жыл­­дармен салыстырғанда, екі жа­рым есе кеміді. Еліміздегі малдың сек­сен па­йы­зы жеке меншікте тұрған қазіргі жағ­дайда мұндай аса ауқымды жоба ауыл шаруашылығының жедел өркен­деуіне қуатты серпін берері айдан анық. Бейнелеп айтсақ, мемлекет – алып бәйтерек, ауыл оның тамыры. Тамыры суалса бәйтерек құлап қалады. Ауыл мен ауыл шаруашылығы егіз. Бірінсіз бірі өмір сүре алмайтын бұл екеуінсіз мемлекет өсіп, өркендей алмайды. Жан-Жак Руссоның: «Единственное средство удержать государство – это сельское хозяйство. Обладай хоть всеми богатствами мира, если Вам нечем питаться – Вы зависите от других» деген есті сөзі бүгін де аса актуалды. Сол себепті де біз Нұрсұлтан Әбіш­ұлының ауылға қатысты көреген сая­са­тын қызу қолдай отырып, басшыға да, қосшыға да айтарымыз: Жолдауда айтылған аса маңызды мәселенің бірі – сыбайлас жемқор­лықпен күрес. Елбасының жемқор­лық­­қа жол берген шенеуніктерді тізбелеп айтуы орынды дей отырып, со­лардың атын атап, түсін түстеуді рес­пуб­ликаның Бас Прокуроры Қайрат Мә­ми, Қаржы полициясының бастығы Қайрат Қожамжаров, Ішкі істер министрі Серік Баймағамбетов, Жоғарғы Сот төрағасы Мұсабек Әлімбеков, «Нұр Отан» ХДП жанындағы жем­қор­лық­пен күрес жөніндегі республи­калық қоғамдық кеңестің төрағасы, сенатор Оралбай Әбдікәрімов сынды бас­шы­ларынан күтеміз. Құқық қорғау орын­дарының басшылары бірігіп, жем­қор­лыққа солқылдата соққы бермесе, дү­ниеге тоймайтын жемқорлар­дың бай­лығының есебі жоқ, адал жұмыс істеп жүрген еңбек адамының мінерге есегі жоқ дегеннің кебін киіп жүре береміз. Қоғамның өзегіне түскен бұл дертті жұлып тастамай білімі мен еңбегіне, талантына сенген жеке тұл­ға­ның да, бүгінгіден де нұрлы бола­шаққа батыл қадам басып келе жатқан мемлекеттің де жұлдызы жан­байды. Тыңдар құлақ, ұғар жүрек болса, Жолдауда айтылмаған сөз қалған жоқ. Елбасы атап айтқандай: «Енді бар­лы­ғы Үкімет пен жергілікті билік орган­да­ры­ның бұл міндеттерді қалай ор­ын­­дай­ты­нына, бұл жұмыстың қа­лай ұй­ым­дас­тырылатынына байла­ныс­ты болмақ». Сөздің киесі мен жүйесін бір кісідей білетін Нұрсұлтан Әбішұлы би­ылғы Жолдауында: «Ырыс ынтымаққа жолығады, дәулет бірлікпен толы­ға­ды», «Бақ берерде елге ырыс қонады, ұстанған жолы дұрыс болады» деп мақал да айтты. «Отанды қалтқысыз сүю – оның суығына шыдап, ыстығына күюді талап етеді. Менің ғұмырым ел тағдырымен еншілес. Маған Сират көпіріндей қылпыл­даған кезеңде тәуелсіздік алып, мемлекет құру ісі сеніп тапсырылды. Сондықтан, мен сенімге серт беріп, бар жауапкершілікті мойныма алдым. Күрмеуі қиын түрлі тағдырлы шешімдерді жүрегімнен өткізіп қа­был­дадым. Мен 20 жылдан бері бар күш-жі­герім мен білім, тәжірибемді аямай, хал­­қыма қалтқысыз қызмет етіп келемін. Осы жылдары мәртебемізді көте­ріп, мерейімізді асырған барша жетістіктеріміз – біздің ортақ табысымыз. Сондықтан, бастамашы азаматтар мен тілекші болған барша қазақ­стан­дықтарға ризашылық білдіремін! Мен үшін қашанда мемлекет мүд­десі мен ел игілігі жолында қызмет атқарудан артық бақыт болған емес. Алдымызда атқарылар қыруар істер бар. Бұл жолда біздің ең басты бай­лығымыз – берекелі бірлігіміз. Мен ауызбіршілігі айнымайтын ақ­жү­рек жұртымның қуатты ұлтқа, шу­ақты ұлысқа айналарына кәміл сенемін», – деп ақ жүректен ақтарылып, халқына жан сырын да сымбаты бөлек сұлу, іштен шыққан шыншыл, ішті сөзбен жайып салды. Биылғы Жолдаудың тағы бір ерекшелігі, артықшылығы десек те жара­сымды – дәстүрлі шыншылдығының ажарын аша түскен сырты нұрлы, іші сырлы осы сыршылдығы. Бәйкен Әшімовтің сөзімен айтсақ: «Ел­басымыздың бергені көп, берері одан да көп. Нұрсұлтан қазір нағыз кемеліне келді. Қай жағынан да. Қандай биіктен қарағанда да. Азаматтың тілеуін тілейік, ағайын! Тілеуін тілеу деген Ел­ба­сымыз бастаған ұлы іске тірек болудан, қолдау көрсетуден танылуы тиіс. Ежелден ерлікті қадірлеген хал­қымыздың мемлекет мұратын бәрінен жоғары қоя­тынына мен сенемін». Іш­тен шыққан осы ішті сөзге мен де қосыламын. Өз сөзімен айтқанда: «ғұмыры ел тағдырымен еншілес», «қашанда мемлекет мүддесі мен ел игілігі жо­лын­дағы қызмет атқарудан артық бақыт болған емес» дейтін, «тағдырлы шешімдерді жүрегінен өткізіп», «сенімге серт беріп, бар жауапкершілікті мой­нына алған», биліктің бағы үшін емес, халықтың қамы үшін асқан білгірлікпен жанкешті еңбек етіп жүрген кемел ойлы кемеңгер көсем – Ұлт Көш­бас­шысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­ба­евтың биылғы Жолдаудағы: «Бола­шақ­тың іргесін бірге қалаймыз» деген сөзі жүректен шығып, жүрекке жетті. Сәбит ДОСАНОВ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты.