14 Шілде, 2016

Ғарыш қызметі – қала қауіпсіздігіне

421 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
форум «Алматы – өмір сүру мен бизнес жасау үшін қолайлы қала» атты V инновациялық форум өтті   Форум барысындағы жұрт ерекше назар аударған бір жайт – «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаменті арасында Алматы қаласындағы Төтенше жағдайларды алдын ала ескерту үшін ғарыш технологиясын пайдалану туралы кәсіби келісімге қол жеткізу еді. Аталған ынтымақтастықтың жемісі туралы айтар болсақ, бұдан былай таулы аумақтар мен өзен-көлдердегі су деңгейінің артуы мен ұлғаюын қазіргі заманғы ғарыштық тәсіл – алдын ала ескерту әдістері арқылы-ақ білуге мүмкіндік береді. «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» АҚ-тың ғарыш жүйесін құру және пайдалану жөніндегі вице-президенті ғарышкер-сынаушысы, авиация генерал-майоры А.Айымбетов пен Ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитеті Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы – өртке қарсы қызмет генерал-майоры С.Әубәкіров қала тұрғындары үшін аса маңызды меморандумға қол қойды. Кездесуге қатысып сөз сөйлеген Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек «қала басшылығының сервистік қаладан инновациялық қалаға өту үшін» күш салып жат­қанын айтты. «Бүгінгі күннің басты міндеті инновациялық экожүйе үшін барынша жағдай жасау болып табылады», деді қала әкімі. Форумда «Startup Kazakhstan» бағдарламасы таныстырылып, оның өмірде іске қалай жүзеге асатын сәті көрсетілді. Сондай-ақ, әлемнің аузын айға білеген жетекші сарапшыларымен бірге қала өмірінің аса маңызды әлеуметтік-экономикалық, тұрмыстық мәселелерін оң шешу үшін инновациялық технологияларды қолдану жайы да кеңінен талқыланды. Бауыржан Байбек Алматы қаласы мен қала басшыларының міндеті тұрғындарға тек қана әлеуметтік қызмет көрсету ісімен шектеліп қалмайтынын ерекше ескертті. Бүгінгі таңда үлкен шаһардың алдында шағын және орта бизнесті одан әрі дамыту, инвесторларды кеңінен тарту секілді кең өрісті жобалар тұр. Әрине, ең алдымен алып мегаполистің табиғат қауіпсіздігіне ерекше мән беріледі. Демек, ғарыштық озық технология­ларды халық игілігі үшін кеңінен тартудың күн тәртібінде алдыңғы кезектен орын алуы да тектен-тек емес. Форумға қатысушылар уақыт көші міндеттеген өмір талабына сай ортақ бір мәмілеге келіп, құлшыныспен тарады. Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ