14 Шілде, 2016

Төле би әл-Фарабимен қауышты

340 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
tole-al-farabi Алматы тұрғындары қуанышын жасыра алмай қалды. Бірақ... Алматының бүгінгі нөмір бірінші проблемасы, ең көкейкесті мәселесі – көлік кептелегі!.. Алып шаһардың бір қиырынан екінші  қиырына жету қиямет-қайымға айналғалы қашан?! Әсіресе, таңертеңгілік және кешкілік қызметке, оқуға, балабақшаға барар немесе қайтар кездегі жол азабын тартып жүргендер мұны жақсы біледі. Қаланың қай бұрышына барсаңыз да жол бойындағы күнделікті көрініс осындай. Жайсыз құбылысқа халықтың еті үйрене бастады. Мұның бәрін бес саусақтай біліп отырған қала басшылары  шаһардың негізгі бас жоспарына сәйкес жол қатынасына қатысты түйінді мәселені шешуге барынша күш салып та келеді. Бірақ, көлік санында шектелу байқалар емес... Құрылысы 2011 жылы басталып қазір пайдалану үстіндегі Алматының күншығыс айналама автомобиль жолының (7,8 шақырым) бір тармағы халықаралық әуежайға барып тұйықталатын жылдам көлік магистралі қаладағы жол қатынасының жүрісін біршама жеңілдеткені рас. Қала ішіндегі күре жолдың бірі – Төлебидің сол айналма жолға (Әл-Фараби даңғылына) қосылуына 110-ақ метр  жер қалған еді! Таяуда екі көше қосылып, жаңа бағыттағы көліктік жол айрығы  ашылды. Қала тұрғындары қуанышын жасыра алмады. Сарапшылар да осы жол қиылысы арқылы бір тәулікте 60 мың автокөлік жүріп өтеді, аумақтағы жол кептелегі белгілі бір мөлшерге азаяды дегенді айтып үлгерді... Тұрғындарды жаңа көше айрығының ашылумен құттықтаған қала әкімі Бауыржан Байбек «Елбасының сарабдал саясатының арқасында еліміздің болашағы үшін қаншама инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асып, жолдар салынып, жаңадан жұмыс орындары ашылып келеді. Алматының көлік-логистикалық мүмкіндігін кеңейту мақсатындағы бүгінгі шара сондай үлкен істің бір ғана кішкентай көрінісі», деді. Аталған жол айрығының ашылуы расында да қаланың бұрынғы «Саяхат» автобекеті аумағынан басталатын – Райымбек, Сүйінбай, Фурманов, Пушкин, Жангелдин көшелеріндегі кептелекті айтарлықтай азайтады екен. Бұл да болса жол-көлік қозғалысының бүгінгі өлшемінде үлкен жеңіс! Қаланың солтүстік бағыттағы көлік легінің кепте­лексіз жүруін қамтамасыз ететін Рысқұлов пен Саин көшелеріндегі жол айрығы таяу арада бітуге әзір. Бөкейханов көшесіндегі шеңберлі көпір алдағы 2017 жылы пайдалануға беріледі. Алайда, қала үшін бұл жол айрықтарының қаншалықты жеңіске баланатыны және беймәлім. Өйткені, Алматының өкпесін күн сайын «түтіндетіп» қысып жүрген 700 мыңнан аса автокөліктің саны оған дейін тағы қосылмаса, азаятын түрі және байқалмайды... Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ