14 Шілде, 2016

21 студент

274 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
1349167560_semeyПрезидент стипендиясын иеленді Білім және ғылым министрлігінен Көк­шетауға қуанышты хабар жетті. Онда Ш.Уә­лиханов атындағы мемлекеттік универ­ситеттің 10 және А.Мырзахметов атындағы универ­ситеттің 11 студентіне Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің арнайы шәкіртақылары тағайындалғаны айтылған. Биылғы академиялық маусым аяқтал­ғаны­мен біз жекелеген қуаныш иелерін құт­тық­тап, пікірлерін жазып алуға мүмкіндік алдық. Диана Жакулина, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің соңғы курс студенті: – Деканымыз қоңырау соғып, жақсы хабарды жеткізгенде, әсіресе, ата-анамның қуанышында шек болған жоқ. Бұған дейін ректордың стипендиясын алып жүрдім. Ал Елбасының арнайы шәкіртақысын иелену шын мәніндегі бақыт екенін сезіндім. Еңбек ешқашан елеусіз қалмайтынын ұғындым. Рахмет! Мен «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығын саналы түрде таңдадым. Өйткені, жаңа мемлекет құрып отырған тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағына қызмет еткім келеді. Осы бастан ой-армандарымды жоспарлап та қойдым. Ниетке жету үшін күресемін. Бұған ұстаздардан алған білім, еліміздің Парламент Сенатында екі рет іс тәжірибеден өтуім көмектеседі деп ойлаймын. Махаббат Рахметова, Ш.Уәлиханов атын­дағы мемлекеттік университеттің сту­ден­ті: – Биыл университеттің «Сурет өнері жә­не сызу» факультетінің үшінші курсын бітірдім. Өмір мен қоғам құбылысын қыл­қаламмен өрнектеуге болатынын көр­кемсурет мектебінде оқып жүргенде түсіндім. Оны үздік бітіргенмін. Жоғары оқу орнында да тек қана «беске» тырысудамын. Кез келген саладағы жақсы білім болашақтың есігін еркін ашуға мүмкіндік беретінін түсіндім. Бұған Қазақстан Республикасы Президентінің стипендиясына лайықты болуым куә. Бұған қосарым, Елбасы марапаты тек жақсы оқу үшін ғана емес, Қазақстан қоғамының биік мұраттарымен мүдделес азаматтарға беріледі. Дәл сондайлардың қатарына Диана және Махаббатпен бірге 21 студентті де қосар едік. Бір ғана мысал айтайын, Махаббаттың карикатуралық суреттерінде көп ой бар. Ол облыстық «Әлеуметтік плакат» байқауында діни терроризм мен эстремизм тақырыбындағы еңбектерімен үздік шықса, сыбайлас жем­қорлықты әшкерелейтін суреттері арқылы республикалық байқаудың жеңімпазы атанды. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан» Ақмола облысы