15 Шілде, 2016

Мәсімов Моңғолияда қазақша сөйлеп, жұртты риза етті (видео)

285 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

14-07-16-masimov-2.PNG

Қазақстан Премьер-министрі Кәрім Мәсімов 14 шілде күні Моңғолияға барған мемлекеттік сапары кезінде алдымен Баян-Өлгей қаласына аялдады. Үкімет басшысы онда жергілікті қазақтармен кездесудегі сөзін қазақша айтып шығып, жиналғандарды риза етті. kerey.kz ақпарына қарағанда, Кәрім Мәсімов осында тасқын судан зардап шегіп отырған ағайынға Қазақстан мемлекеті тарапынан қолдау көрсетілетіні туралы мәлімдеген. Еске сала кетейік, бұдан бірер күн бұрын Қобда өзені жағасындағы Баян-Өлгей қаласын топан су басып қалып, жергілікті тұрғындарды орасан зор шығынға ұшыратты. Су тасқыны салдарынан 700-ге жуық адам зардап шегіп, екі адам қаза тапты. «Бүгін Моңғолияға арнайы барған Мәсімов қандастарымызға көмектесетінін қазақ тілінде жеткізген. Көпшілік алдында қазақша сөйлемейтін Мәсімовтің бұл әрекеті желі қолданушыларын таң қалдырды», - делінген хабарламада. Кездесу соңында Кәрім Мәсімовке аппақ арғымақ сыйға тартылып, шапан жабылды. Бұл туралы Islam.kz тілшісі Марфуға Шапиян Facebook-тегі өз аккаунтында жазды. Оның жазуына қарағанда, Қазақстан делегациясының Баян-Өлгей қазақтарымен кездесуі қала мейманханаларының бірінде өткен. «Біз Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің шешен тілмен қазақша сөйлеп тұрғанын телевизордан көргенде, қатты таң қалдық. Онымен бірге мұнда Мәдениет және Денсаулық сақтау министрлері де келді», - деп жазды ол. Тілші сондай-ақ жергілікті халықтың Қазақстан Премьерімен кездесуді асыға күткенін атап өтті. Журналистің жазуына қарағанда, Қазақстан Үкіметінің басшысы бұл аймаққа соңғы 25 жылда бірінші рет келіп тұр. https://youtu.be/ixWd5fKy1d0 «Баян-Өлгейдің жергілікті атқару органдарымен бірге осы аймақтардан Қазақстанға көшіп барған оралмандар үшін салынатын балалар бақшаларының құрылысы, зейнатақыларын реттеу, бұл жақпен арадағы әуе қатынасын қалпына келтіру мәселелері талқыланды. Қазақстан тарапы Моңғолияда селден зардап шеккендерге көмек көрсетілетінін, сондай-ақ жастардың білім алулары үшін гранттар бөлінетінін мәлімдеді. Еске сала кетейік, Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Моңғолияға Еуропа мен Азияның XI саммитіне қатысу үшін келді. Мұрат АЙТҚОЖА