Моңғолияға келген Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Өлгей қаласына барып, қазақ диаспорасының өкілдерімен кездесті.
Естеріңізге салсақ, Премьер-Министр 15 шілде күні Ұлан-Батыр қаласында өтетін XI АСЕМ саммитіне қатысу үшін Моңғолияға келген болатын.
Өлгей қаласы орналасқан аймақ халқының басым бөлігін қазақ диаспорасы құрайтынын атап өткен жөн. Мұнда барлығы 90 мың адам тұрса, оның 88,7 пайызын қазақтар құрайды.
Кәрім Мәсімов Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Үкімет Өлгей қаласындағы селден зардап шеккен отбасыларға қаржылай көмек көрсететінін атап өтті.
Премьер-Министр жақын күндері көрсетілетін қолдау қандастарымызға табиғи апат салдарын жоюға жәрдемдеседі деген үмітін білдірді.
Айта кету керек, Моңғолияның Өлгей қаласында 10 шілде күні сел жүріп, соның салдарынан тұрғын үйлер қирап, су астында қалған еді.
Бұдан кейін Кәрім Мәсімов Баян-Өлгей аймағының өлкетану мұражайына барды.
Аймақта мәдени сала жергілікті қазақ диаспорасының арқасында дамып отыр – қазақ драма театры жұмыс істейді, жыл сайын Наурыз мерекесі кеңінен аталып өтіп, бүркітшілер арасында жарыстар ұйымдастырылады.
Осыған орай, өлкетану мұражайының экспозициялары да жергілікті тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне арналған. Мұражай 1948 жылы құрылған. Қазіргі кезде оның қорларында 5200-ден астам экспонат бар.
Мұражайды аралаған К.Мәсімов мұндағы экспозициялармен танысып, оның басшылығымен, жергілікті қазақ зиялыларының өкілдерімен әңгімелесті.
Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Өлгей қаласында болғанда Баян-Өлгей округінің әкімшілік орталығындағы №1 қазақ мектебіне барды.
Баян-Өлгей округінің әкімшілік орталығындағы №1 қазақ мектебі 2014 жылы ашылған. Сол кезде Қазақстан Үкіметі білім мекемесін мектепке қажетті керек-жарақтармен және оқу құралдарымен қамтамасыз еткен болатын.
Білім саласындағы екіжақты ынтымақтастық Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің және Моңғолияның Білім, мәдениет және ғылым министрлігінің арасындағы келісім аясында жүзеге асырылатынын айта кеткен жөн.
Жыл сайын ҚР БҒМ шетелде мекендеп жатқан қандастарымыздың балалары өз халқының тарихын, мәдениетін және тілін оқып-үйренуі үшін оқу-әдістемелік құралдарды жіберіп отырады.
Мәселен, 2016 жылы Моңғолиядағы қазақ мектебі 7-8 сыныптардың оқушылары үшін Қазақстаннан 4 мыңға жуық оқулық мен оқу-әдістемелік материал алды.
Сонымен қатар, жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім саласындағы байланыстар дамуда. Атап айтқанда, біздің еліміздің азаматы болып табылмайтын қазақ студенттеріне квота бойынша білім грантын алу үшін конкурсқа және Қазақстан азаматтарымен теңдей жалпы конкурсқа қатысу мүмкіндігі беріледі.
Тек 2015 жылдың өзінде квотаны Моңғолиядағы 44 этностық қазақ пайдаланып, елімізде білім алу мүмкіндігіне ие болған. 2001 жылдан бастап Баян-Өлгейде С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің филиалы ашылған. Жыл сайын Білім және ғылым министрлігі ШҚМУ үшін Моңғолия азаматтарына арнап 25 мақсатты грант бөледі.
Сондай-ақ, Премьер-Министр жергілікті музыкалық драма театрында болып, шетелдегі қазақ өнерінің дамуына өз бағасын берді.
XI АСЕМ саммитіне қатысу аясында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Моңғолиядағы «Шыңғысхан мүсіні» туристік кешенін аралады.
Ескерткіш Ұлан-Батыр қаласынан шығысқа қарай 53 шақырым қашықтықта орналасқан. Алып ескерткішті жасау үшін 250 тонна болат жұмсалған. Ескерткіштің тұғырынан төмен тұсында Шыңғысханнан кейін Моңғолияны билеген 36 ханды білдіретін 36 колонна бар. Ескерткіштің жоғарғы бөлігінде 30 метрлік биіктікте айналаны барынша шолуға мүмкіндік беретін үлкен алаңқай бар.
К.Мәсімов кешен ішіндегі мұражайды аралады.
Ондағы негізгі экспонаттардың бірі – символдық алтын қамшы болып табылады. Аңызға сүйенсек, Темуджин (болашақ Шыңғысхан) мүсіні орналасқан нақ осы жерде табыстылықтың белгісі болып саналатын қамшы тауып алған. Бұдан соң оған моңғолдарды бір халық ретінде жұмылдыру мүмкін болған деп саналады.
Сонымен қатар, Моңғолия сапары аясында Үкімет басшысы К.Мәсімов байырғы түркі бабаларымыздан жеткен асыл мұра – Тоныкөк ескерткішіне барды. Бұл туралы ол өзінің твиттердегі ресми парақшасында жазды. Айта кету керек, бұл жерде түркиялық профессор Аxмет Ташағыл жетекшілік ететін мамандар қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Бүгін Премьер-Министр Ұлан-Батыр қаласында өтетін ХІ АСЕМ саммитіне қатысады.
«Егемен-ақпарат»