Бүгінгі таңда еліміз өз Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында дамудың жаңа кезеңіне бет алып, жаңа жетістіктерге қол созуда. Әйтекебиліктер де Мемлекет басшысының Ұлт Жоспары – бес институттық реформасын жүзеге асырумен қатар, «Агробизнес-2020», «Бизнестің жол картасы-2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламаларын сәтті жүзеге асыру бағытында жұмыла еңбек етуде.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстандықтардың алдына белгілеп берген мақсаттары мен міндеттері табысты орындалып, халықтың тұрмысы, әл-ауқаты жақсарып, жарқын болашаққа нық аяқ басудамыз десек шындықтан алшақ кетпеспіз. Егемендік алғаннан бергі кезеңде өңірде оң өзгерістер көп. Ең бастысы, аудан үстімен «Хромтау – Алтынсарин» теміржолының, «Ақтөбе –Астана» тас жолының өтуін тәуелсіздіктің жемісі деу орынды. Бұл өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуына серпін берді, шағын және орта бизнестің дамуына жол ашты. Мұның бәрі еліміздің жетістіктерінің молаюына біздің ауданның лайықты үлес қосуына алғышарт жасады. Бұрынғы Қарабұтақ және Комсомол аудандарының ізінен құрылған Әйтеке би облыстағы үлкен аумақтық құрылымдардың бірі болып табылады. Жер көлемі 4 мың шаршы шақырымды құрайтын ауданда 26500-ден астам халық тұрады. Өткен жылы 14 миллиард теңгенің ауылшаруашылық өнімдері өндірілді, малдың барлық түрінен өсім байқалды. Қазіргі уақытта ірі қара 42800-ге, жылқы 10849-ға, қой 77015-ке жетті. Биылға төл алудың бағыты жақсы.
Ауданымыздың негізгі өндірісі ауыл шаруашылығы болғанымен, соңғы жылдары өнеркәсіп саласы да қарқынды дамып келеді. 1293 миллион теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндірілді. Дағдарыс салдары ауданымызда өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі индексін төмендеткенмен, бізде бұл өндіріс саласының көрсеткішін жақсартудың, өндірілетін өнім көлемін арттырудың толық мүмкіншіліктері бар.
«Вертикс Холдинг» компаниясы осы жылдың мамыр-желтоқсан айлары аралығында 360 мың тонна темір рудасын тиеп, 3207 миллион теңгенің өнімін өндіруді жоспарлауда. Сонымен қатар, «ТекшеТас» компаниясы осы жылдың мамыр-желтоқсан айларына 1145,0 миллион теңгеге 400 мың текше метр қиыршық тас өндіруді жоспарлап отыр. Осындай жоба-жоспарлар жүзеге асырылған жағдайда, ауданымыздың өнеркәсіп өнімдерін өндірудегі негізгі көрсеткіштері 4352 миллион теңге немесе 280 пайызға өсіп, экономикамызға тың серпін береді деп күтілуде.
Үстіміздегі жылғы төрт айда 3154,9 миллион теңгенің ауылшаруашылық өнімдері өндірілді, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 101,9 пайызды құрайды. «Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша төрт инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. «Шыңғыс» шаруа қожалығы автоматтандырылған жылқы сауу кешені құрылысын пайдалануға бермек. Шаруа қожалығының жетекшісі Орындай Жолмұратовтың сапалы қымызы Ақтөбе өңіріне жақсы таныс, сондықтан сұраныс жоғары. Жеке кәсіпкер А.Киниятованың тұшпара цехы құрылысын, «Әлихан» шаруа қожалығы мал сою алаңы мен мал еті өнімдерін өңдейтін цехын, «Құмқұдық» ЖШС-нің 5 түрлі жарма дайындау желісін іске қосу көзделуде. Бұл жобалар биыл пайдалануға беріледі. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша жоспарланған 450 сиырдың 431-нің, «Құлан» бағдарламасы бойынша жоспарланған 200 биенің 120-ның, ал «Алтын асық» бағдарламасы бойынша жоспарланған 750 қойдың 644-нің құжаттары дайындалуда. Бұлар өрісімізді малға толтыруға, мал өнімдерін арттыруға алғышарт жасайтын жобалар.
Елбасының ауылшаруашылық кооперативтерін құру жөніндегі тапсырмасы да ойдағыдай орындалуда. Әйтеке би несие серіктестігінің есеп-шоты ашылды, несие беру құжаттары әзірленуде. Серіктестік құрамына 20 құрылтайшыны тарту көзделуде. Кешегі күндері жаппай құрылған ұсақ шаруашылықтар уақыт өте келе даму бағытында қиындықтарға да кезігіп қалуда. Соның бірі – белгілі бір бағдарлама бойынша ірі мөлшерде несие алуға қатысты. Бұл проблеманы шешу бағытында қазір сол ұсақ құрылымдарды біріктіріп, ауылшаруашылық кооперативтерін жасақтау қолға алынуда.
Аралтоғай және Аралтөбе селолық округтерінде осы бағытта алғашқы қадамдар жасалуда. Қазіргі уақытта біз жеке тауарлы шаруашылықтарды, жекелеген шаруаларды және ауылшаруашылық құрылымдарын үлкен өндірістік кооперативке біріктіру бойынша жұмыстар жүргізудеміз.
Кооперативке мүше болғандар қызметтерді жеңілдікпен пайдаланып, өнімдерді өзіндік құны бойынша сатып ала алады. Ауылшаруашылық кооперативтері коммерциялық ұйым болып табылады, оның тапқан пайдасы қатысушылардың жарғылық қордағы үлесіне сәйкес немесе шаруашылық қызметіне қатысуына байланысты бөлінеді. Мәселен, Аралтоғай селолық округінде 200-250 жергілікті тұрғынды біріктіру көзделуде, олардың қарамағында шамамен 600-дей ірі қара бар. Ал Аралтөбеде бес шаруа қожалығы бір кооперативте бас қосқысы келеді.
Үстіміздегі жылы 166549 гектарға егіс салынуда, оның ішінде дәнді дақыл 123900 гектарды құрайды. Жалпы, биыл алқаптардағы ылғал молдығы ескеріліп, егіс көлемі біраз кеңейтілді. Сондай-ақ, 449 гектарға көкөніс, картоп, бақша дақылдары егілді.
Аудан экономикасы дамуының басым бағыттары – шағын және орта бизнеске қолдау көрсету де ойдағыдай. Бүгінгі таңға тіркелген шағын және орта бизнес нысандарының саны 1105-ке жетіп, былтырғы жылмен салыстырғанда 110 пайызға өсіп отыр. Өндірілген өнім көлемі 8893 миллион тенгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 153 пайыз болды.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі мен «Астана – Ақтөбе» тас жолы бойында сервистік қызмет көрсететін, жалпы құны 900 миллион теңгені құрайтын 7 нысан салынғалы отыр. Олардың 6-уы кемпинг, ал, біреуі жанар-жағармай құю стансасы. Үстіміздегі жылғы төрт айда негізгі қорға салынған инвестиция көлемі 1127,2 миллион теңге құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда меже 143,6 пайыз орындалды деген сөз. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының бірінші бағыты бойынша мектепті күрделі жөндеуге 165,3 миллион теңге бөлініп, оған 41 адам жұмыспен қамтылады. Бағдарламаның екінші бағыты бойынша 207,0 миллион теңге бөлінді, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту аясында 74 жобаға 157,5 миллион теңгеге құжаттар тапсырылды және 12 адам 25,0 миллион теңгеге құжаттарын ресімдеуде. Жеке ісін ашуға және кеңейтуге 27 адам 38,5 миллион теңгеге құжаттарын тапсырды, 14 адам 21,9 миллион теңгеге құжаттарын ресімдеді. Жалпы, осы бағыт бойынша 242,9 миллион теңгеге жұмыстар жүргізілуде. Үшінші бағыт бойынша 17,0 миллион теңге игеру көзделуде. Осындай жұмыстардың нәтижесінде ауданда жұмыссыздық деңгейі небәрі 0,2 пайыз ғана. Мұның өзі жол бойы сервистік қызметін және шағын және орта бизнесті дамыту есебінен мүмкін болуда.
Аудандағы 28 елді мекеннің 10 елді мекені, яғни аудан халқының 63,7 пайызы орталықтандырылған ауыз су желісін пайдаланады. Бүгінде 3 елді мекенде су көздері қорын анықтау жұмыстары жүргізіліп, 6 елді мекенде ауыз су шығу мөлшері мен ауыз су құрамына зерттеу жұмыстары жасалды. 2016 жылға «Нұрлы Жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында несиелендіру бойынша Комсомол ауылына су құбырын жүргізуге 327 миллион теңге қаражат қаралып, жұмыстар басталып кетті. Басқұдық, Жабасақ, Аралтөбе елді мекендеріне су жүргізу құжаттары құзырлы органдарға тапсырылды. Сондай-ақ, биыл 4 елді мекенде су көздерін зерттеу жұмыстары жүргізіледі.
Қарабұтақ селосына газ құбыры жүргізіліп, барлық жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелерге және 422 тұрғын үйдің 360-ына газ құбыры қосылып, село халқы көгілдір отынның игілігін көруде. Өткен жылы Қарабұтақ ауылынан Комсомол ауылы бағытына жеткізуші газ құбырын тарту жұмыстары 1,8 миллиард теңгеге жүргізіліп, 2016 жылдың мамыр айынан бастап 1,053 миллиард теңгеге Комсомол ауылына ауылішілік газ тарту желілерінің құрылыс жұмыстары басталып кетті. Бұл жұмыстар үстіміздегі жылдың қыркүйек айында аяқталады деп күтілуде. Бүгінде 3 ауылдық округке газ құбырын тартуға құжаттары дайындалды.
Аудандық аурухана жоғары технологиялық диагностикалық-емдеу құрал-жабдықтарымен жарақтандырылған, 2015 жылы 15 миллион теңгеге ауруларды ерте сатысында анықтауға арналған құрал-жабдықтар мен жедел жәрдем автокөлігі алынды. 28 денсаулық сақтау мекемесі қалыпты жағдайда жұмыс жасауда.
Әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту бағдарламасы бойынша ауданда 10 мектеп салынып, 9 мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өтті, 12 балалар бақшасы іске қосылып, қажетті жиһаз, жабдықтармен қамтамасыз етілді. Әйтеке би көпсалалы колледжінің жатақхана үйі толық жөндеуден өткізіліп, іске қосылды. Соңғы 5 жыл ішінде 1 дәрігерлік амбулатория, 3 медициналық пункт, 1ФАП салынды, 7 медициналық мекеме күрделі жөндеуден өткізілді. Білім саласында ілгерілеу баршылық. Аудан орталығынан басқа елді мекендерде мектеп жасына дейінгі балалар балабақшамен толықтай қамтылған.
Бүгінде 17 клуб, 23 кітапхана, 2 мұражай аудан тұрғындарына қызмет көрсетуде. Аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Асыл әжелер» және өзге ұлт өкілдерінен құрылған «Сударушка» ансамбльдері мен Т.Шевченко атындағы орта мектеп жанындағы «Украин тілін үйрету» үйірмесі халықпен тығыз байланыста, тұрақты жұмыс істеуде.
Ауданда ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол. Өңірде егіншілікті ілгерілетудің тың жолдары қарастырылуда. Әсіресе, мал шаруашылығын дамытудың мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға бағыт ұсталуда. Бұған Үкіметтің қолдауын кәдеге жарату да серпін бермек. Сондай-ақ, үстімізден өтетін күре жолдардың бойында сервистік қызметті бұрынғыдан гөрі де молырақ пайдалануға ниеттіміз. Бұған халықтың бетбұрыс жасап отырғаны байқалады. Ауыл шаруашылығымен бірге өнеркәсіпті дамытудың да жоба-жоспарлары бар. Бір сөзбен айтқанда, ауданда дағдарыс жағдайында да даму басты назарда. Соның дәлелі ретінде ауылдан қалаға қоныс аудару әлдеқашан тоқтағанын айтуға болады. Қайта қаладан елге оралушылар бар. Сондай-ақ, жас мамандар ауылға көбірек келе бастады. Мұның өзі ауылдың болашағы бар екенін көрсетеді.
Аманғали БЕРДАЛИН,
Әйтеке би ауданының әкімі
Ақтөбе облысы