08 Ақпан, 2011

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: «...Мен де спортшыларымыз үшін алаңдадым»

430 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Баршамыздың елжанды­лығы­мыз­ды оятып, жанкүйер екендігімізді сезіндіріп, жасөспірімдерді СПОРТ деген сиқырлы әлемге же­телеуге сеп болып жатқан Ақ Азиада да аяқталды. Кеше Ал­ма­тыда Мемлекет басшысы Нұр­сұл­тан Назарбаев 2011 жылғы 7-ші Қысқы Азия ойындарына қатысушылармен – қазақстандық спортшылармен кездесті. Дүниенің әр шартарабында жүр­­ген талай спорт додаларында жігеріміз жасып, қайратымыз құм­дай үгілген кездердің де бол­ғанын ұм­ытпаған жөн болар. Бас­қасын айт­пағанда, Елбасы 2004 жылы Афинадан оралған спорт­шыла­ры­мыз­ды қа­былдап тұрып: «Афина Ол­им­пиа­дасынан біз қорытынды жа­са­уымыз керек», дегені де кеше ғана сияқты еді. Ал осыдан жеті жыл бұрын 7-ші Ақ Азиаданы өт­кізетінімізді білдік пе? 70 бірдей жүлдені Қа­зақстан спор­тының омырауына тағатынымызды болжадық па? Сол жылы Елбасы жеңімпаз­дарға спорттың аты – спорт екендігін айтып, оның да қал­та­рыс­тары болатыны жайлы, спорт­шы­ларымыздың қателіктері туралы ой сараптай келе: «...Қысқы олим­пиадаларға әзірлікті қызу жүр­гізу керек. Спортшыларды дай­ындау әлсіз болып отыр. Ол­им­пиада жүлдегерлерін дайын­дау­ға әрбір облыс үлес қосуы қажет. Елімізде барлық стадиондар қалпына келтіріліп жатыр. Соңғы Олимпиададан біз қоры­тынды жасауымыз керек. Спорт агенттігі (ол кезде Спорт агенттігі) қорытынды жа­сауы керек», дегені сол сәтке куә болған біздің құлағымызда күмбір­леп тұрған­дай болатын. Енді, міне, араға санаулы жыл­дар ғана салып, Елбасының сол тапсырмасы, діттеген мақса­ты ақиқатқа айналды! Тәуел­сіз­дігіміз тұғырланып, тарих өзінің жаңа беттерін ашуда. Қазақ­стан­ның, қазақ халқының жаңа дәуірі басталды. Бұл сыбағалы үлес қазақ спортына да тиесілі екендігін төрткүл дүние танып келеді. Осылайша 7-ші Қысқы Азия ойындарында күш-қуаттарын ға­на емес, халқымыздың намысын да бәйгеге салып, мәреге абы­рой­мен келген спортшыларға Елбасы: – Командалық есептегі және медальдар саны бойынша мұндай жарқын да үздік жеңіс бізде бұған дейін ешқашан болған емес. Бұл қазақстандық спорттың нағыз сал­танаты! Бұл біздің еліміздің сал­танаты! Барша еліміз біздің атлеттерімізге жанкүйер болды. Қазақ­стандықтармен бірге мен де біз­дің спортшыларымыз үшін алаң­да­дым. Сан рет шырқалған мемлекеттік әнұранымыздың жеңісті әуенімен еліміз болып бірге тол­қыдық. Біздің бәріміз де жеңісті күттік, үмітіміз ақталып, табысқа қол жеткіздік, – деді Елбасы спортшыларға. Президент сондай-ақ Азия ой­ындары Олимпиадалық ойындар­дан кейінгі екінші ірі кешенді жарыс болып табылатынын атап көрсетті. Бұған дейін Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыруды тек экономикасы қуатты үш мемлекет: Жапония, Қытай және Оң­түстік Корея ғана қолға алды. Енді олардың қатарына Қазақстан қосылды. Азиаданың қарсаңында көптеген жаңа бірегей спорттық ғимараттар салынды. Қазақстан күллі әлемге ЕҚЫҰ, ШЫҰ, АӨСШК саммиттері немесе дін көшбасшылары съездері тәрізді ірі халықаралық форумдарды өт­кізе алатынын ғана емес, сондай-ақ қатысушылары мен спорт­шы­лары жағынан саны көп, жоғары халықаралық деңгейдегі спорт­тық ойындарды да өткізе ала­тынын көрсетті, деді. – Халықаралық Олимпиада комитетінің төрағасы Жак Роггемен кездесуім кезінде мен 2022 жылғы Қысқы Олимпия ойын­да­рын Қазақстанда өткізу мүмкін­дігін талқыладым. Азиаданы та­бысты өткізгеннен кейін және біз­дің ірі жеңісімізден соң Қазақ­станның мүмкіндігі арта түседі деп сенемін, – деген Мемлекет басшысы жарыс десе делебесі қозар спортсүйер қауымның үмі­тін үкілей түсті. Шетелдік қонақ­тар Азиаданың жоғары деңгейде өткеніне, оларға жылы шырайлы қабылдаулар мен қонақжайлық көр­сетілгеніне, қызмет көрсету деңгейі жоғары болғанына және қазақстандықтардың мәдениетіне таңданыс білдірісті. Олардың ес­інде Азиаданың Астанадағы ашы­лу және Алматыдағы жабылу сал­танаттары жақсы сақталып қал­мақ. Бұл екі қаланы енді Азия құрлығындағы жаңа спорттық астаналар, әлемдік деңгейдегі жа­рыстар мен қысқы спорт түрлері бойынша жаттығу жиындарын өт­кізудің орталықтары деп атауға құқымыз бар. Спорттық әлеуетке қол жеткізілуі елімізде бұқаралық спорттың даму қарқынын артты­ру­ға және биік жетістіктерге жетуге, Азиада жеңімпаздарының же­ңісті жолын лайықты жалғас­тыратын, Қазақстанда спортшы­лардың жаңа толқынын тәрбие­леуге ықпал ететін болады. Сіз­дердің басты еңбектеріңіз – ос­ында. Жеңіске жетуге барын сал­ған спортшылар, жаттықты­ру­шы­лар, команданың барлық маман­дарының еңбегі зор. Сіздердің барлығыңызды 7-ші Қысқы Азия ойындарындағы жеңіспен тағы да құттықтаймын! Министр Досмұ­хамедов бастаған Қазақстанның Туризм және спорт министр­лі­гі­нің қызметкерлеріне, Астана мен Алматы қалаларының әкімдеріне өз алғысымды айтамын. Азиадаға қатысқан барлық қазақстандық­тардың үлесін бағаламау мүмкін емес. Біздің спортшылар жеңді. Қазақстан спорты жеңді. Еліміз жеңді. Рахмет сіздерге! Ақ Азиадада ел байрағын бір кезде түсірмеген спорт майтал­мандары да спорт шежіресіндегі тарихи сәтте Мемлекет басшы­сына Қазақстанда үлкен спортты белсенді дамытқаны, бірегей спорт­тық нысандардың құрылысы үшін, сондай-ақ рекордтар жасауда және алтын медальдар жеңіп алуда халықаралық спорттық жа­рыстарға қатысуға мүмкіндік ту­ғызғаны үшін шын жүректен ал­ғыстарын айтты. Айнаш ЕСАЛИ.