15 Шілде, 2016

101 жастағы ақсақал

339 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
tvt-o-operaciyaота жасағаннан кейін өз аяғымен жүретін дәрежеге жетті Қарағандыдағы Мақажанов атындағы облыстық травматология және ортопедия орталығында жасы 101-ден асқан Шәукей Жұқанұлы деген ақсақалға ота жасалды. Кәрі кісі үйінде жазатайым құлап, жамбасының басын сындырып алған екен. «Бұрын жамбасының басы сынған кәрі адамдар жарты жылдан кейін жарақаты асқынып, о дүниеге аттанып кететін. Қазір мемлекеттің көмегінің арқасында біз шетелдің технологиясын пайдалана отырып, науқастарға сәтті ота жасап жүрміз», – дейді орталық директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Берік Төлеубаев. Айтса айтқандай, Ақсу-Аюлы елді мекенінен келген ақсақалға эндопротез тәсілі қолданылыпты. Науқас ота жасалғаннан кейін екі күн өткенде қоларбаға сүйеніп, өз аяғымен жүретін халге жеткен. Шәукей ақсақалдың 70-тегі ұлы Жанат Жұқанов әкесі туралы былай дейді: – Қария бүгінгі күнде 101 жастан асты. Ол кісі өмірі шылым шегіп, «ащы судан» татып көрген адам емес. Көп қимылдайды. Ең бастысы, әке­міздің адам баласымен сөзге келгенін көрген емеспіз. Сабырлы қал­пы­нан айныған емес. Мүмкін, ұзақ жасауы­ның бір сыры осында жатқан шығар... Жұқановтар отбасы ақарлы-ша­қарлы екен. Шәукей ақсақалдың бауырынан 8 бала өрбіген. Бүгінгі күнде әулетте 23 немере, 27 шөбере және 1 шөпшек бар. Ақсақал балаларының бәрін ел қатарлы оқытып, жақсы азамат етіп тәрбиелеп өсірген. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ