15 Шілде, 2016

Қытайда қазақ күресінен әлем чемпионаты өтеді

309 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
[caption id="attachment_51469" align="aligncenter" width="700"]15.07.2016 AST-2 Фото: egemen.kz[/caption] Биыл Қытайда Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының ұйымдастыруымен қазақ күресінен әлем чемпионатының жалауы желбірейді. Әлемдік дода Іле-Қазақ автономиялы облысы Моңғолкүре ауданында қыркүйек айының 21-25 аралығында өтеді. Осы күндері төрткүл дүниенің төрт бұрышынан төл күресімізден өтетін чемпионатқа өз елдерінде жауырынын жерге тигізбей жүрген балуандар жиналып, күш сынасады. Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Серік Төкеевтің айтуынша, биылғы чемпионатқа алғаш рет бес құрлықтың балуандары қатысады. Соның ішінде қазақ күресі жақсы танылып үлгерген Азия мен Еуропа елдерінен басқа Африка, Америка мен Австралия құрлығынан балуандар бар. «Биылғы белдесуге жасыл құрлықтың балуандары да қатысамыз деп өтініштерін беріп отыр.  Бұған дейін Австралияның спортшылары қазақ күресінен жарыстарға қатысып көрмеген еді. Бұл жасыл құрлықта төл күресімізге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Ал әлем чемпионаты өтетін Қытай елінде қазақ күресіне деген көзқарас өзгерген. Соның бір дәлелі ретінде осы елде ұлттық күресімізден чемпионаттар мен турнирлердің жиі өткізіле бастағанын айтуға болады. Жақында елімізге  тағы бір қуанышты хабар келіп жетті. Қытайда Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының істеген жұмысының арқасында Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданының 10 ауданында,  Іле-Қазақ автономиялы облысының 3 қаласында қазақ күресінен федерациялар ашылды. Біз Қытайдағы ағайынға алғыс айтамыз. Бұған елдегі күрес десе делебесі қозатын ағайын қуанып қалды. Қытайдағы қандастарымыз әлем чемпионатының шығынын да өздері көтеріп отыр. Осы жерде Қытай Мемлекеттің саяси кеңесі төрағасының орынбасары Асхат Керімбай мырзаға, Іле-Қазақ автономиялы облысының бұрынғы әкімі Қызайжан Сейілқожаұлына алғысымыз ерекше. Бұл азаматтар төл күресімізден жарыстардың өтуіне қолдан келгенше көмектесіп, қолдау көрсетіп келеді. Сонымен бірге Алтайдың ар жағындағы ағайынның арасында қазақ күресінен жарыстар ұйымдастыруға атсалысып жүрген бауырымыз  Серік Кененбайдың еңбегі ерен. Ол Қытайда соңғы екі жылда біраз жұмыстар жасап, ұлттық күресіміздің жалауын желбіретті. Биылғы додаға дайындықты да осы бауырымыз атқарып жүр. Қытайда Африка мен Азия елдерінен келетін балуандардың, спорт делегацияларының барлық жол шығынын да өздеріміз көтереміз деп жатыр. Бұл әрине, Іле-Қазақ автономиялы облысы Моңғолкүре ауданы басшыларының  қазақ күресіне деген қамқорлығын білдіреді», деді Серік Адамұлы. Оның айтуынша, әлем чемпионаты кезінде қазақ күресінен ғылыми конференция өтеді. Оған төл күресімізді зерттеп, зерделеп жүрген мамандар қатысып, қазақ күресі туралы баяндама жасайды. Биылғы әлем чемпионаты осымен алтыншы рет жалауын көтереді. Ол алғаш рет 2006 жылы Алматы қаласында өтсе, одан кейін Ресейдің Ор қаласында. 2010 жылы Астанада, 2013 жылы Беларусьтің Минск қаласында  өтті. Ал соңғы рет әлемдік дода Ресейдің Орынбор қаласында өткізілді. Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Серік Төкеевтің қазақ күресінен өтетін әлем чемпионаты туралы берген сұхбатын газеттің алдағы сандарынан оқи аласыздар. Дастан КЕНЖАЛИН [caption id="attachment_51470" align="aligncenter" width="500"]???????????????????????????????????? Фото: Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Серік Төкеев[/caption] [caption id="attachment_51471" align="aligncenter" width="700"]15.07.2016 AST Фото: Жеңіс Ысқабай[/caption]