15 Шілде, 2016

Буддашыл ақсақалдың бақыт туралы айтқаны

312 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
[caption id="attachment_51484" align="aligncenter" width="668"]15.07.2016 AST-3 Фото: islam-orkeniet.kz[/caption] Алдыңғы күні Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Серік Төкеевтің шаңырағында болып, Қытайда қазақ күресінен өтетін әлем чемпионаты туралы Азия федерациясының бас хатшысы Серік Кененбай мырзамен сөйлесудің сәті түскен еді. Сол кісі әңгіме кезінде маған мына нәрсені айтты. "Мен Қытайда жүргенде буддашыл ақсақалмен кездесіп, біраз әңгімелестім. 112 жаста екен. Ол адаммен кездесудің өзі ақылы екен. Шамамен 5 000 АҚШ доллары. Адамдар ақсақалдан ақыл-кеңестер сұрау үшін кездеседі деген соң мен де адамдардың арасынан өтіп, ештеңе төлемей кездестім. Ол маған қарап, «Сен қытай емессің», деді. Мен: «Иә. Қытай емеспін. Қазақпын, мұсылманмын», дедім. Ақсақал менен бақыттың  не екенін сұрады. Мен өзімнің түсінігімде бақыт деген осы, осы ғой деп жауап бердім. Қария "бақыт деген үш нәрсе ғана", деп айтты. Ол нелер екен деп сұрадым. "Тыңда", деді. "Бақыт дегеніміз біріншіден, өзіңнің денсаулығың. Егер денсаулығың болмаса жүріп-тұруын қиындайды. Өмірін жақсармайды. Жақсы өмір сүру үшін, елге, қоғамға, отбасыңа, өзіңе пайда әкелу үшін  денсаулық керек. Екіншіден, әке-шешеңнің, ағайынның, туған-туыстарыңның денсаулығы. Егер сен олардың денсаулығын ойламасаң жолын ашылмайды. Бәрі-бір бір нәрсе жолынды бөгеп тұрады. Сондықтан әулеттің денсаулығын ойла. Туған-туыстарыңа көмектес. Қиналса қол ұшыңды бер. Үшінші бақыт - ол мына дастарханда ұстап отырған бір үзім наның, несібең. Құдайдан несібемнен айырмасын деп тіле", деді. Кеше Францияда адам айтқысыз оқиға болғанда Серік Кененбайға буддашыл ақсақалдың айтқаны есімі түсіп кеткен соң жазып отырмын. Шынында да, Францияда болған жантүршігерлік оқиға еш жерде қайталанбасын, еш жерде болмасын деп тілейік. Қазір еліміз тыныш, аман-есен. Біз кейде қазақ осы шүкіршілік ете береді, қанағатшыл деп айтамыз. Шүкіршіліктің де қанағатшылдықтың да орны бар. Осындай оқиғаны естігенде әрине, қазаққа аспанымыздың ашық болғанына, дастарханымыздың қуаныштарға жайылып жатқанына шүкіршілік етуіміз керек. Ең бастысы, буддашыл  ақсақалдың айтқанындай, Құдай денсаулық берсін, несібемізден айырмасын! Дастан КЕНЖАЛИН