Жақында мұхиттың арғы жағынан жақсы хабар жетті – Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайланды, сөйтіп 2017-2018 жылдарда әлемнің ең күрделі мәселелерін қарастыратын, шешетін орны бөлек он бес елдің қатарына қосылды.
Туған еліміз жаңа бір биігіне жеткен сайын мақтанамыз, марқаямыз, халқымыздың табысына қуанамыз. Ондайда алдымен ойымызға Елбасымыз оралады. Нұрсұлтан Назарбаев есімі бүгінде елдіктің бір баламасына айналған. Бұл тамаша табыста да осы ширек ғасырлық тарихымызда елді бір асудан бір асуға абыроймен асырып келе жатқан Президенттің еңбегі ерекше. Сондықтан да мен өмірімнің бір белесіне шыққалы тұрған осы тұста ел газетінің мол мүмкіндігін пайдаланып, тәуелсіздік тарихында да, өз тағдырымда да бөлекше орын алатын асыл тұлға туралы кейбір ойларымды ортаға салуды жөн көрдім. Менің өзімді бақытты жан сезінетінімнің басты себебі – жас мемлекеттің жаңадан қаз басып, қалыптасып жатқан шағындағы алғашқы адымдарынан бүгінгі қарышты қадамдарына дейінгі жүріп өткен жолындағы ең елеулі оқиғалардың бәрінің дерлік басы-қасында болғандығым, талай маңызды шешімдердің қабылдануына куә екендігім. Сыртқы істер министрлігінің алғашқы жетекшілерінің бірі ретінде де, бірқатар белді елдерде елші қызметін атқарған, Үкімет кеңсесін басқарған адам ретінде де, әр кезеңде әртүрлі жауапты міндеттер жүктелген жоғары лауазым иесі ретінде де өткен жылдарды ойша шолудың, Елбасымыздың ел өміріндегі орны жайында толғанудың орайы келіп тұрғандай. Ондағы мақсатым – елдің ел болып құрылуын, тәуелсіздікке қол жеткізуін, ұлттың ұйысуын қамтамасыз еткен, сөйтіп әлем тарихында ұлы президенттер ретінде танылатын тұлғалардың тындырған еңбегін айналасы жиырма бес жылдың ішінде атқарған Елбасымыздың биік бағасын білгізе түсу.
Америка Құрама Штаттарындағы Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі қызметіне тағайындалғаннан кейін сол елдің арғы-бергідегі президенттері, олардың өмірі мен қызметі жайында мәліметтер жинастыруға тапсырма бердім. Газет-журнал мақалаларының ұшығына жету мүмкін еместігін жақсы білгендіктен, әуелгі бетте тек кітаптарды, соның өзінде де ең айтулы кітаптарды қарастыруды айтқанмын. Сөйтсем, шын мәнінде, оның өзі де ешкім игере алмайтын шаруа екен. Ойлап қараңыз, тек Франклин Рузвельт және оның «жаңа бағыты» жөнінде 1300 монография жазылып, 800 диссертация қорғалған! Американың сайлау өткізе бастағалы бергі тарихында биліктің ұшар шыңына 43 адам көтерілгенін ескерсек, президенттер туралы жазылған әдебиеттің ауқымын игеру мүмкін еместігі анық көрінеді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы осы мақаланың бастауында жалпы президенттік институты, оның мән-мағынасы, мәртебесі жөнінде бірер ауыз әңгімелеп алудың жөні бар деп ойлаймын. Президент сөзінің (латынша – praesidens) басшы, алдыңғы қатарда отыратын адам деген мағына беретіні белгілі. Бұл лауазым республикалық үлгіде құрылған елдердегі мемлекет басшысының институты ретінде әбден орныққан. Президент өкілеттілігі әр елдің көлеміне, салмағына қарамастан, барлық мемлекеттерде бір-біріне негізінен ұқсас болып келеді. Мысалы, Қазақстан Республикасының Конституциясында Президент мемлекеттің басшысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға, халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі деп белгіленген, бұл қызметтегі адам биліктің барлық тармағының келісіп жұмыс істеуін және өкімет органдарының халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді. Өзге елдердегі президенттік институттың сипаттары да осыған қарайлас.
Тарих көші уақыт өте келе жылдамдай түсетіні мәлім. Зерттеушілер ХХ ғасырда адамзат оның алдындағы бірнеше ғасырларда, бұрынғы мыңжылдықтарда жүрген жолынан өтті деп санайды. Ал сол ғасырдың соңғы онжылдығы мен жаңа ғасырдың басында адамзат керуені тіпті де жылдамдай түсті.
1991 жылдың 1 желтоқсанындағы тұңғыш сайлаудан кейін Президент туған халқының алдында: «Дана бабалар дәстүрімен осы салтанатты сәттегі сөзімді алдымен атажұртыма, қасиетті халқыма арнаймын! Бүгінгі күн – Қазақ елінің шежіресіне мәңгі енетін күн. Тарихтың талай бұралаң белесінен өтіп, бұл күнге де жетіп отырмыз. Бәрін де көрген халықпыз, бәріне көнген халықпыз. Шүкір, кештеу де болса ес жиып, еңсе көтеріп, егеменді елдің туын тіге бастадық. Қазақ Республикасының Президентін бүкіл халық сайлағаны – осы жолдағы ең биік белестің бірі. Елдің қамын ойлайды, намысын жібермейді деп бірауыздан сенім артқандарыңыз үшін шын жүректен алғысымды айтамын. Елім үшін, халқым үшін, Қазақстаным үшін тарихтың қай сынағына да тәуекел деп бас тігуге дайынмын. Бұл жолда ең алдымен дана халқыма, дарқан еліме, ата-бабаның аруағына сүйенемін. Тарих көші ұзақ. Асықсақ та аптықпайық. Қазақстанның көп ұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін. Сенімнен айырылмайық, бауырларым!» деп ақтарыла айтты.
Бұл сенімнің арқауы неде еді? Баршамыздың бағымызға айналған бақытты тағдырдың бастауы қандай еді?
«Шөп те шыққан жеріне шығады» дейді халқымыз. Осы тұрғыдан қарағанда Елбасымыздың арғы атасы аты бір тайпалы елдің ұранына айналған Қарасай батыр болатыны тіпті де тегін емес дейміз.
Болашақ Президенттің анасы Әлжан апамыз әнші әрі шешен кісі болған. Президенттің әкесі Әбіш өз әкесі Назарбай биден үш жасында қалып, жастайынан жетімдік өмірді бастан кешкен. Ол кісінің де әнге әуес, күйге құмар болғаны, мақалдап, мәтелдеп сөйлейтіні замандастарының әңгімелерінен белгілі.
Жылдар бойы аңсап жүріп көрген Нұрсұлтанынан көп үміт күткен әке баласының таудай талабын ұдайы ұштап, қанаттандырып отырған.
Осы жылдарда болашақ Президенттің келісті көрінген қасиеттерінің арасында біреуін ғана бөле-жара атауға тура келсе, онда намысқойлықты, ұлттық намысты атаған жөн болатын сияқты. Жалпы, Нұрсұлтан Назарбаевтың бүкіл өмір жолы ұлт намысын ту етіп ұстаудан тұрады деудің артықтығы жоқ. Қай жерде де, қай кезде де Елбасымыз қазақтың қанын, қазақтың жанын танытып, ұлтты ұдайы алға ұмтылдырумен келеді. Осының бәрінде де ең алдымен өзінің үлгі-өнегесін көрсетумен келеді.
1979 жылдың желтоқсанында Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің өнеркәсіп жөніндегі хатшысы болып сайланды, сөйтіп бүкіл Кеңес Одағындағы өз деңгейі бойынша ең жас хатшыға айналды. Нұрсұлтан Әбішұлы Алматыға келген беттен астаналық бюрократияның ортасында қабылданған қасаң қалыптардың бәрін қақыратып, ішкі жан дүниесінің еркіндігімен, аралас-құраластыққа жақындығымен, ой азаттығымен, әдебиетке, өнерге шынайы қызығатындығымен оқшау көрінді, оның әріптестері өздерінің қызмет мүдделерінен басқа жайларға атымен назар аудармайтын. Әрине, Орталық комитеттің жас хатшысының бұл бітімі, әсіресе, шығармашылық зиялы қауымның көңіліне бірден жақты, өйткені олар өздерін дәйім билік басындағылардың назарынан тыс қалғанбыз деп санайтын, содан да Нұрсұлтан Әбішұлына құрметпен қарады. Тегінде, сол тұста республиканың жоғары басшылығының арасынан концерттерге, спектакльдерге ұдайы баратын, тіпті суретшілердің шеберханаларында да болып тұратын, артистермен, жазушылармен етене сөйлесетін жалғыз адам Назарбаев еді деудің де артықтығы жоқ. Шығармашыл қауым үшін өнеркәсіп саласын басқаратын хатшының Абай жырларын, осы заманғы қазақ ақындарының өлеңдерін жатқа білетіні, домбыра тартып, ән шырқайтыны ғажап қаларлық жағдай еді. Тағы бір айрықша айтатын жай мынау: Қазақстандағы партиялық және үкіметтік жетекшілердің арасындағы ана тілін соншалықты жетік білетін аз адамның біреуі де Назарбаев болатын. Мұның өзі таңданарлық. Иә, Назарбаев қазақ мектебін бітірген, бірақ сонау 1958 жылдан Орталық комитеттің хатшылығына сайланған 1979 жылға дейін ол іс жүзінде ана тілінің аясынан сыртта болды. Днепродзержинскіде де, Теміртауда да, Қарағандыда да, Алматыда да ресми тіл, қарым-қатынас тілі орыс тілі еді. Республикалық жиын-жиналыстарда әлдебіреу қазақша сөйлей қалса, алдын ала дайындалған номер сияқты көрініп тұратын. Меніңше, ана тілінің соншалықты кемсітіліп келгеніне жанының қиналысы кейіннен Нұрсұлтан Әбішұлының қазақ тілін қатты қолдауының басты бір себебіне айналды. Сонымен қатар, Президент бұл қолдауды орыс тілінің кең мүмкіндігін молынан пайдалануға нұқсан келтірмейтіндей етіп жасай білді.
Алматыға келгеннен кейінгі алғашқы жылдың өзінде Орталық комитеттің жаңа хатшысы өзінің біліктілігімен, істің жайын терең талдауымен, ерекше еңбекқорлығымен, принциптілігімен, аса қуатты жадымен, адамдармен тіл табыса білуімен, бөлекше тартымдылығымен өзі басқаратын өнеркәсіп, көлік пен байланыс саласы қызметкерлерінің ғана емес, ғылыми, шығармашылық интеллигенцияның арасында да айрықша беделге ие болды. Сондықтан да Д.А.Қонаев оған Орталық комитеттің идеология бойынша хатшысына тиесілі тапсырмаларды да жиі беріп тұратын. Мысалы, Н.Тілендиев басқаратын фольклорлық «Отырар сазы» оркестрінің Мәскеудегі есепті концертін ұйымдастыру және өткізу мәселесін Нұрсұлтан Әбішұлы тікелей үйлестіріп отырды. Ол концерт Нұрғиса Тілендиевке Кеңес Одағының халық артисі атағын беру жөніндегі мәселеге орайластырылған болатын. Тамаша өткен концерттен кейін көп ұзамай аса көрнекті талант иесіне КСРО халық артисі атағы берілді.
Қазақстанға КСРО Ғылым академиясының президенті, кеңестік атом бомбасын жасау ісінің басында тұрған аса көрнекті ғалым, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері А.Александров келген кезде де оны қарсы алған, іс-шаралардың бәрін ұйымдастырып, шығарып салған Нұрсұлтан Әбішұлы болды. Кеңес Одағының бас басылымы «Правда» газетінің бас редакторы, академик В.Г.Афанасьевтің Қазақстанға сапарының бағдарламасы да Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей бақылауымен өтті. Бұл жұмыстардың бәрі қызметтік міндеті бойынша идеология жөніндегі хатшының айналысатын шаруасы екені түсінікті. Мұның өзі сол кезде-ақ Н.Назарбаевтың интеллектуалдық және ұйымдастырушылық әлеуеті өзі басқаратын саланың аумағынан анағұрлым асып түсіп жатқанын көрсетеді.
Нұрсұлтан Әбішұлының Үкіметтің кеңейтілген отырысында алғаш рет Министрлер Кеңесінің Төрағасы ретінде сөйлегені менің әлі күнге есімде. Қылшылдаған қырық жасында, келісті түр-тұлғасы жан-жағына қуат шашып тұрған шағында ол республикадағы істің жайын егжей-тегжейіне дейін білетін, алға қойылған мақсаттарды да, соған қол жеткізетін жолдарды да айқын көріп тұрған, қуатты, өзіне сенімді басшы ретінде көрінді. Сол кездің өзінде-ақ Назарбаев кейіннен шын мәнінде әлемдік ауқымдағы лидер сипатында танылатын қасиеттерін жарқырата ашып салған еді. Үкіметтің сол отырысынан кейін көптен жұмыс істейтін министрлердің бірі: «Нағыз іскер басшы келді, енді еркелігімізді көтере қоймайды» дегені есімде. Құдайға шүкір, Н.Ә.Назарбаев содан бергі отыз жылдан астам уақыттың ішінде Қазақстанға қалтқысыз қызмет етіп, елді іскер басқарудың үлгісін танытып отыр.
Көптеген жылдар бойы әлемнің бірқатар белді астаналарында – Мәскеуде, Анкарада, Лондон мен Вашингтонда Қазақстан елшісі міндетін атқарып, тәуелсіздік тұсында елдің сыртқы саясат ведомствосын екі рет басқарған адам ретінде мен Қазақстанның әлемдегі қазіргі құрметіне қол жеткізу Н.Назарбаевқа қандайлық күшке түскенін жақсы білемін. КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстан түйінді мәселелері ең көп елге айналған болатын. Ол кезде әлемдік сарапшылар Қазақстанның егемен ел ретінде сақталып қалу-қалмауына байланысты қара аспанды төндіріп сөйлейтін, солай сөйлеуге объективті себептер де баршылық еді. Кеңестік республикалардың бірқатарында көптеген этносаралық қақтығыстар өршіп, қан төгіліп жатты, көпэтносты Қазақстанға ондай қауіп әбден-ақ төніп тұрған болатын. Арал теңізінің тартылуы мен Семей атом полигонындағы ахуал сияқты қолдан жасалған апаттар қоғамның көңіл-күйіне қатты әсер ететін.
Төтен қиындықтармен бетпе-бет келген ел экономикасы жар жағасына тіреліп тұрған еді. Өнеркәсіп өндірісі екі есеге, ауыл шаруашылығы үш есеге құлдырап кетті. Кәсіпорындар тоқтап, жұмыссыздар қатары қалыңдады. Қазақстанды Орталықтың шикізат шылауы деп тегін айтпайтын, республика экономикасының 93 пайызы одақтық бағыныста болатын. Осындайлық аса қауіпті жағдайда Президенттің әр қадамы ерекше дәлдікпен жасалуға тиіс-тін. Солай жасалды да. Біздің көпэтносты үйімізде татулық пен келісім, бірлік пен түсіністік орнады.
Сирек кездесетін стратегиялық ойтанымының, таңқаларлық интуициясының, дипломатиялық таланты мен айрықша жұмыс істеу қабілетінің арқасында Нұрсұлтан Назарбаев елдегі жағдайды бақылауда ұстап қана қалған жоқ, сонымен бірге елді әлеуметтік-экономикалық дамудың бірте-бірте жүзеге асатын, бірақ сенімді траекториясына алып шыға білді, бұл үшін қажетті қолайлы сыртқы жағдайларды, ең алдымен халықаралық қоғамдастықтың сенімін қамтамасыз етті.
Мен бұл орайда сыртқы саясат Мемлекет басшысының ерекше назарында тұратын сала екенін қадап айтқым келеді. Оны жүзеге асырудың тетігі – Сыртқы істер министрлігі, жүзеге асырушылары – Президент тағайындайтын елшілер.
Елші және Сыртқы істер министрі ретінде тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап мен Президенттің шет мемлекеттер мен үкіметтер басшыларымен, көптеген трансұлттық корпорациялардың жетекшілерімен жүргізген келіссөздерінің куәгері болдым. Сол алғашқы кездесулердің өзінде-ақ әлі ешкімге белгісіз елдің Президенті тұлғалық қадір-қасиетімен, келіссөз арқауына айналған мәселелерді терең білуімен, сенімділігімен және сирек кездесетін адамдық аяулылығымен келіссөз үстелінің басындағы басшылардың құрметіне бөленіп, сенімін иеленетін.
Нұрсұлтан Назарбаев Президент ретінде ғана емес, ең алдымен адам ретінде Қазақстанның әлем сенетін Тұңғыш Брендіне айналды, жыл өткен сайын ол бұл сенімді арттырған үстіне арттыра түсті.
Осынау 25 жылдың ішінде Н.Назарбаев белді мемлекеттер басшыларының бірнеше буынымен істес болды, солардың бәрімен де ол лайықты, тең дәрежелі әрі сенімге құрылған, талай ретте тіпті достық қарым-қатынас орната алды, бұл қатынастар жаңағы жетекшілер өз қызметтерінен кеткеннен кейін де жалғасып жатады. Олардың арасынан бүгінде марқұм болған Б.Ельцин, Ли Куан Ю, С.Демирель, қазіргі Цзян Цзэминь, үлкен Дж.Буш, Б.Клинтон, М.Мохаммад және басқалар бар. Бүгінде біздің Президентіміз әлемдік саясаттың барша жұрт мойындаған патриархы, сөйте тұра жаңа буын лидерлері оның өте жаны жас және осы заманға бейім тұлға ретінде сақталғанын атап айтады. Солай болғандықтан да ол жаңа формация лидерлері – В.Путинмен, Си Цзиньпинмен, Б.Обамамен достық сипаттағы әріптестік қатынас орната алды.
Президенттің елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамдау, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін нығайту, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі көп жылғы, табанды, жасампаз қызметінің арқасында Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына мүше болып табылатын 56 мемлекет Қазақстанның осы беделді халықаралық ұйымға төрағалық етуін қолдады. Елбасының: «Осынау тарихи шешім тәуелсіз Қазақстан жетістіктерінің әділ бағасы болып табылады. Бүгінде Қазақстан жаһандық қауіпсіздіктің белсенді қатысушысына, бейбітшіліктің, келісім мен тұрақтылықтың бастау көзіне айналды. Өзінің әділдіктен таймайтын салтына адал қазақ халқы осындай қадірменді Ұйымның Саммитін Азия елдерінің және посткеңестік мемлекеттердің арасында бірінші болып қабылдап отыр. Мұндайлық танылуға бұрын Қазақстан ешқашан қол жеткізіп көрген емес еді» деген сөзі бұл шешімнің еліміз үшін қандайлық тарихи маңызы бар екенін айшықты ашады.
Нұрсұлтан Назарбаевтың қайран қалдырарлық қайрат-қуаты, терең эрудициясы, табанды саяси күш-жігері мен дипломатиялық шеберлігі Қазақстанның ЕҚЫҰ-ның 11 жылдан бері өтпей келе жатқан Саммитін тамаша өткізуге және 56 мемлекеттің барлығының ЕҚЫҰ-ның тарихи Астана Декларациясын қабылдауына қол жеткізді. Бұл шынында да Қазақстанның жұлдызы жанған шағы, Н.Ә.Назарбаевтың лайықты жеке триумфы, қазақ халқының ұлылығының, қазақстандықтардың бірлігі мен топтасқандығының бүкіл әлемге жарқырай көрінуі еді.
Осындай жұлдызымыз жанған шақтарымыз көп біздің. Президентіміздің туған халқының және әлемнің алдындағы шын мәніндегі тарихи жетістіктерінің қатарында Семей ядролық полигонын жабу, ядролық арсеналдан өз еркімен бас тарту, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес құру, қазақ халқының көп ғасырлық тарихында елдің мемлекеттік шекарасының халықаралық-құқықтық мәртебесін реттеу, тәуелсіз мемлекеттің жаңа елордасын салу, 2017 жылы ЭКСПО көрмесін ұйымдастыруға, 2017-2018 жылдарда Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануға қол жеткізу сияқты аса ірі табыстарды айтуға болады.
Ең бастысы – осы жылдардың бәрінде біздің ортақ үйімізде татулық пен келісім, бірлік пен өзара түсіністік сақталып, қазақстандықтардың басты құқы – лайықты өмір сүру құқы қамтамасыз етіліп келеді. Президент бұл жөнінде: «Қазақстан үшін экономикалық табыстар мен қоғамдық игілікті қамтамасыз етудің көкейге қонымды үйлесімін табудың өмірлік маңызы бар. Мен өзімнің түйінді мақсатым осы деп білемін» деп айтқан болатын.
Көшбасшымыздың осы жылдар ішіндегі барша игі ниеті мен іскер қызметі ел азаматтарының әл-ауқатын арттыруға, мемлекеттің қауіпсіздігін нығайтуға, әлемдегі беделін күшейтуге табанды әрі дәйекті түрде бағытталып келеді. Н.Назарбаевтың шын мәніндегі әлемдік ауқымдағы лидер екендігінің, оның халықаралық аса биік беделінің нақты дәлелдері қатарында біздің Президентіміздің 2010 жылғы қырғыз дағдарысын, Иран ядролық бағдарламасын, таяудағы Ресей-Түркия араздығын реттеу жөніндегі тиімді іс-әрекеттерін атауға болады. Бүгінгідей сан түрлі сенімсіздікке, кереғарлыққа және қақтығыстарға толы әлемде мұндайлық аса қиын гуманистік миссия басқа ешкімнің де қолынан келіп отырған жоқ, қазақстандықтар мұны орынды мақтан етеді.
Мемлекетіміздің күш-қуаты мен мығымдығы, оның болашақтағы ілгері басуының кепілі Көшбасшы мен Ұлттың мызғымас бірлігінде. Әлем бұрынғыдан қауіпсіздеу, бұрынғыдан жақсылау болмай тұрған қазіргідей кезде қазақстандықтар бұл ақиқатты сергек сезінеді. Созылып бара жатқан экономикалық дағдарыс ең жағдайы дұрыс деген елдердің өзінде адамдардың әл-ауқатына елеулі түрде әсер етуде. Әр жер-әр жерде соғыс оты өршіп, ондаған мың адамдар құрбан болуда, миллиондаған адам босқынға айналып, көптеген елдердің сипатын өзгертіп жатыр. Бұл мәселелерді ұлтшылдықтың, діни төзімсіздіктің және экстремизмнің ұшынуы, мемлекеттердің блоктарға бөлініп алып қарсыласуы сияқты шетін жайлар одан сайын ауырлата түсуде. Алайда, Қазақстанда белгілі қиындықтарға қарамастан, Мемлекет басшысының көп жылдарғы дәйекті экономикалық саясатының арқасында әлеуметтік бағдарламалар шектелмей, азаматтарымыздың әл-ауқаты нашарламай отыр. Мұның өзі ел халқының жағдайын Президенттің ұдайы назарда ұстауының арқасы.
Қазақстан өз тәуелсіздігінің 25 жылдығына жаңа ғана жетті, тарих үшін бұл қас-қағым сәт, ал жаңғыртулардың түбегейлілігі мен тереңдігін ескергенде бұл жылдар тұтас дәуірге тең, сондықтан да ол көп қиындық көрген, өз мемлекеттілігіне қайтадан қол жеткізген қазақ халқының Жаңғыру Дәуірі аталуда. Мұның өзі 1991 жылғы 1 желтоқсанда, мыңжылдықтар межесінде, әлемдегі тектоникалық ығысулар белесінде қазақстандықтардың өз тағдыры мен ел тағдырын Нұрсұлтан Назарбаевқа сеніп тапсырғанының арқасында мүмкін болып отыр. Осы жылдар ішінде қазақстандықтар зор құрметпен Елбасы атаған Нұрсұлтан Назарбаев өз халқының сенімі мен үмітін толық ақтап келеді, туған елін бейбітшілік пен прогресс жолына сенімді әрі табанды түрде бастап келеді.
Елбасымыздың сыннан өткен көшбасшылығының арқасында біздің халқымыздың алда әлі талай асулардан абыроймен асатынына күмән жоқ.
Сондықтан да мен үшін Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның жаңа тарихындағы ең маңызды және тағдыршешті оқиғалардың қатысушысы және куәгері болу мүмкіндігін сыйлағанынан, күшім, мүмкіндігім жеткенінше осы жылдар ішінде туған еліме пайдалы болу бақытын бергенінен артық ештеңе болмақ емес. Өмірімнің кешегі, бүгінгі және ертеңгі асқақ мұраты осы.
Қанат САУДАБАЕВ
РЕДАКЦИЯДАН: Әдетте, мерейлі жасқа толып жатқан көптеген ел ағалары редакцияға алдын ала хабарласып, мерейтой қарсаңында өзі туралы мақала жарық көргенін қалайтынын жеткізіп, кейде сол мақаланы «пәленше жазса» деп тапсырыс та беріп жататыны бар. Жетпестің жотасына шығып отырған белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, кезінде министр, елші, Мемлекеттік хатшы қатарлы жоғары лауазымды қызметтер атқарған Қанат Бекмырзаұлы Саудабаев олай еткен жоқ. Керісінше, газеттің Басқарма төрағасының атына хат жолдап, мұндай мүмкіндікті өзінің Елбасы туралы толғаныстарын оқырман қауымға жеткізу үшін пайдаланғысы келетінін білдіріпті. Біз мұны азаматтық пен биік парасат тұрғысынан орынды шешім ретінде бағалай отырып, мерейтой иесіне шын көңілден ұзақ ғұмыр, қажымас қайрат тілейміз.