16 Шілде, 2016

Ауыр атлетиканың ауыр ахуалы

300 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Допинг-1 спорт жанкүйерлерін алаңдатпай тұра алмайды Соңғы жылдары халықаралық аренада қазақ спортының абыройын асқақтатып жүрген ауыр атлеттеріміз ауыр халге ұшырады. Халқымыздың шынайы сүйіспеншілігіне бөленген, Илья Ильин бастаған чемпиондарымыз допинг қолданған болып шығып, Бейжің мен Лондон Олимпиадаларында алған алтын медальдарынан айырылып қалғалы тұр... Допинг дауындағы саяси астар Зілтемірді жұлқа да, серпе де көтерген қыз-жігіттеріміз допинг «қармағына» ілініп, ағзаларында тыйым салынған дәрі-дәрмектер болғаны әшкерелене бастаған тұста біз ойланбастан, мұның себебі мен астарын бірден саясатқа апарып тіредік. Жанкүйерлер мен ма­мандардың көбісі «Ресеймен «тонның ішкі бауындай» болып кетуіміздің кесірінен» десті. Бас­тапқы бұл пікірге бәріміз ұйи кеттік. Бұған қазіргі кезеңде әлем­де қалыптасып отырған саяси ахуал таптырмас сылтау болды. Сөйтіп, бар кілтипанды Батыстың антиресейлік көзқарасына тели салдық. Бұған соңғы жылдары допинг қолданғандары дәлелденіп жатқан Ресей спортшыларының қарасы шектен тыс көбейіп кеткені де бір себеп болған сияқты... Осы дүмпу мен дүрлігістің дүрмегінде, тіпті, аластаудың түп-тамырын алыстағы Аме­рикадан іздеушілер де табылды. Алайда, мұ­ның бәрі «суға кеткен тал қармайдының» кері ғана еді. Біле білсек, біз сөз етіп отырған Аме­риканың өзі де осы кезге дейін мұндай те­періш пен тепкілеудің неше түрлісін бастан кешкен. Оның да қаншама атағынан ат үркетін спортшылары бір-ақ күнде бар сөлкебайларынан айырылып, жай­дақ атқа теріс мініп шыға келген. Қайта әлемде мұның құқайын көргендер тап осы елде бәрінен де көп шығар. Ал біз, бірінші кезекте, неге WADA (Бүкіләлемдік до­пингке қарсы агенттік) «табаны күректей» сегіз жылдан кейін біздің соңымызға «май шам» алып түсіп, сергелдеңге салып қойғанын жіліктеп көрейік. Спортшы сынамалары 10 жыл сақталады Допинг-сынамалар спорт­шының қанынан, несебінен және тағы да басқа медициналық жолдармен алынады. Қаннан алынған сынамалар қазір 10 жыл сақталады. Мұның бәрі Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттік Кодексінде тайға таңба басқандай етіп анық жазылған. Мысалы, WADA Ко­дексінде «тестілеу және тексеру жөніндегі халықаралық стандарт» деген бар. Осы стандарт 2003 жылы қабылданып, 2004 жылдың 1 қаңтарынан бастап өз күшіне енген. Содан бері оған бірнеше рет өзгертулер мен түзетулер енгізілді. Атап айтқанда, алғашқы өзгерістер 2008 жылы бекітіліп, 2009 жылдың 1 қаңтарынан, келесі мәтіні 2011 жылы қабылданып, 2012 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап өз күшіне енді. Ең соңғы то­лықтырулары 2013 жылы 15 қарашада Йоханнесбургте өт­кен Бүкіләлемдік конференция­да талқыланып бекітілді. Әрі осы құжаттар 2015 жылдың 1 қаң­тарынан қолданысқа енді. 2008 жылы WADA Халық­аралық Олимпиада комитетінің қолдауымен дүбірлі додаларда (Олимпиада ойындарында, әлем чемпионаттарында) алынған допинг-сынамаларды 8 жыл сақтау жөнінде шешім қабылдаған. Бұл жерде компьютер дәуірі мен атом заманында бәрі өзгеріп, технология атаулының қарыштап дамып келе жатқаны ескеріліп, до­пингтің көптеген түрлерін анық­­­таудың жаңа әдістері пайда болса, бұрынғы сынамаларды қайтадан тексеру қарастырылған еді. Ал 2015 жылдың 1 қаңтарынан бұл мерзім 8 жылдан 10 жылға дейін ұзартылған. Яғни «жауды» сырттан іздеудің қажеті жоқ. Астымыздан «ор» қазып жатқан да ешкім жоқ. WADA өз шешіміне сай, заңды түрде бәрін қайта қо­парып жатқандай. Әрі көптеген спортшылардың бұрынғы жеңістері мен жетіс­тіктерінің сыры әшкере болып, масқара болып жатқандары биыл ғана емес. Айтпағымыз, допинг дауынан саясаттың қитұрқы астарын іздеуіміз дұрыс емес сияқты. Америка жұлдыздары да атақтан айырылған Бірнеше жылдан кейін Олим­пиялық ойындарда допинг қол­данғандары әшкере болып, «ал­тын-күмістерінен» айырылып қалып жатқан әлем спорт жұл­дыздары аз емес. Бұл ретте, Ресей жеңіл атлеттері мен биатлоншыларын да атап өтуге болар еді. Бірақ біз Американың даңқты желаяқ аруы Мэрион Джонсқа тоқталып өтсек деп отырмыз. Қараторы сүйкімді қыз 2000 жылы Сидней Олимпиадасында үш алтын, екі қола медаль жеңіп алған болатын. Алайда, қысқа қашықтықтарда алдына жан сал­маған АҚШ жұлдызы 2007 жылы осы жүлделерінің бәрінен айырылды. Ол – ол ма, бетін аулақ қылсын, сотта жалған ақпараттар бергені үшін 2008 жылы түрмеге қамау туралы шешім шығарылып, қатаң жазаға тартылды. Нәтиже­сінде 2 жыл шартты түрде беріліп, 6 ай түрмеге қамалатын болып, 800 сағат қоғамдық жұмыс ат­қаруға жазаланды. Төрткүл дү­ниеге танымалдығы мен атақ-даңқы біздің Ильиннен де асып түсетін АҚШ жұлдызының, аяулы аруының допинг қолданғаны осылай әшкере болып, артынан бәрін өзі мойындаған. Өзімізге жақсы таныс, «Ас­тана» велоклубының сапында бақ сынаған Лэнс Армстронг та 2012 жылы 1998-2005 жылдар аралығындағы барлық жеңістері мен атақтарынан айырылған. Желмен жарысқан Канада жүйрігі Бен Джонсонның дүниежүзілік рекордтары да жоққа шығарылған. Тізе берсек, ондайлар көп. Мұның бәріне кінәлі кім? Сонымен, WADA сынама­ларының тексерістеріне қарағанда, ауыр атлеттеріміз Бейжің және Лондон Олимпиадаларында допинг қолданған болып шықты. Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттік мұның бәрін арнайы зертханада тексеріп, көздері жеткен соң кесімді түрде жариялап отыр. Әрине, спортшылар тыйы­м салынған дәрі-дәрмекті қа­са­қа­на қолданбайды. Олар­дың бәрі де өздерін дайын­дап жүр­ген ма­мандарға, яғ­ни жат­тық­ты­ру­шы­ларға, дәрі­герлерге, тіпті, бас­шыларға сенеді. Бірақ, мамандар да допингті олардың ауыздарына мәжбүрлеп тұрып тықпаламайды. Бұл да – айдан анық. Десек те, ауыр атлеттерді да­йын­­дау мен алға қойған мақсатқа қол жеткізу барысында қателіктер, ағаттықтар кеткен болып тұр. Зіл­теміршілердің мүмкіндіктері мен әлеуеттерін арттыру мақ­сатында қандай амал-айла, әдіс­темелер қол­данылады, оның бәрі бізге бел­гісіз, бәймәлім. Дәрумендер қолданыла ма, жоқ па, оны да сенімді түрде айта алмаймыз. Мұның бәрі – «біздің елдегі футболшылардың жала­қысы қанша екен» деген сияқты, біз үшін «қолжетімді емес», жабулы қазан күйіндегі ақ­параттар. Сонда тыйым салынған дәрі-дәрмектер ауыр атлеттеріміз ағ­за­ларына қалай түскен? Міне, біз үшін шешуі шықпай тұрған жұмбақ осы. Тіпті, Владимир Се­дов секілді әбден күйінген зіл­теміршіміз де ашып айта алмай отыр. Бізге анығы, спорт сала­сын­­дағы медицинамыз бен ғы­лымымыз өзгелерден әлдеқайда қалып қойған. Әу баста «спорт пен ғылымның бір-біріне қандай қатысы бар» деп аңтарылғанымыз да рас. Еліміздегі ауыр атлетика спортын айналсоқтап жүрген кейбір мамандарымыз «біздің бапкерлер ескі, кеңестік дәуірдегі әдістемелерді қолданады, арзан биологиялық қоспаларға үйір» дегенді меңзейді. Бірақ, ашып ештеңе айтпайды. Тәптіштеп сұрай жөнелсек, ат-тондарын ала қашады... Ни айылын жияр емес Осылай ауыр атлетика саласында ондаған жылдар бойы қасықтап жинаған абыройымыз айрандай төгілсе де, әзірше жауапқа тартылған ешкім жоқ. Бас бапкер – сол бұрынғы орнында. Тіпті, екі жолдамасынан айырылған ұлттық құрамамызды Рио Олимпиадасына бастап барғалы тұр. Мұны көрген шетелдіктер не дейді? «Мына қазақтарға дауа жоқ екен» дейтін шығар-ау. Се­бебі, ерен жетістікке төте жолмен жету үшін шетелден әкелген ауыр атлеттеріміздің допинг қол­данғандары әшкере болып, үшеуі Рио Олимпиадасында бақ сынау құқығынан айырылған. Олар – Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза және Светлана Подобедова. Әйтсе де, ауыр атлетикадан Қазақ­стан ұлттық құрамасының бас жат­тықтырушысы Алексей Ни Рио Олимпиадасына барып, ел намысын қорғайтын қыз-жігіттер қатарына тағы да үш легионерді қосып отыр. Оларды Арли Чонтей, Фархат Харки және Нижат Рахи­мов құрайды. Жалпы, аузымыз күйсе де, үрлеп ішуді үйренбей қойдық. Ауыр атлетикада Энвер Түркелеридің аузына қарап телміріп, Алексей Нидің айтқанын екі етпей, сөз­деріне иланып жүргендейміз. Біле білсек, Түркелери мырза әуелі Болгарияны «жарға», одан соң Түркияны «орға» жыққан. Содан соң Қазақстан ауыр атлетикасын «өрге сүйреуге» кірісті. Аяғы немен аяқталып отырғаны... міне, баршаңызға мәлім. Біздің ел де ауыр атлетика саласында Болгария мен Түркияның кебін киіп, спорттың осы саласында үлкен ұятқа қалды. Иә, Алексей Ниді «тамаша тактик», «майталман маман» деп, ісінің бәріне тәнті бол­дық. Ильин бастап, басқа да ауыр ат­леттер одан азар да бе­зер болып қаша бастағанда да, оған «теңдессіз, үздік бапкер», деп шаң жуытпай қойдық. Түр­ке­ле­риді төрге шығардық, Ниді төбеге көтердік. Негізі, аталған екі маманның әсіре шетелшіл болып кеткен­дерінің кесірі тиген де сияқты. Біздің бапкерлер шетелден дайын спортшы тасып, жетістікке «төте» жолмен жетуді әдетке айналдырды. Өзімізде жас таланттар бой көрсете бастағанымен, Қытай мен Ресейден, енді Әзербайжаннан дайын зілтемірші әкелуді доғар­маймыз. Сөйтіп, төрт жылда бір өтетін Олимпиялық ойындарға да соларды апарамыз. Ауанынан ауытқып кеткен ауыр атлетиканың ахуалы бізді осындай ойларға жетелейді. Нұрғазы САСАЕВ, журналист АСТАНА