
Фото: Талғат Сүйінбай
«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Дархан Қыдырәлі демалыс күндері Алматы қаласында болып, редакцияның осындағы бөлімшесі қызметкерлерімен кездесті. Басылымның жаңа басшысы өз сөзінде ғасырға жуық тарихы бар аға газеттің алдағы өндірістік жоспарлары мен шығармашылық міндеттері түбегейлі түрде өзгеретінін жеткізді. Ол сонымен қатар басылымның жергілікте жердегі «құлағы мен көздерінің» пікірін тыңдап, ұсыныстарына ден қойды. Алматы тілшілеріне шаһардың еліміздегі аса ірі экономикалық-қаржылық орталық қана емес, терең тарихы мен шежіресі зор мәдени мегаполис екенін еске сала келіп, тілшілердің қаланың тіршілік-тынысы туралы оқырманға дәл әрі дер кезінде хабардар етіп, салалар бойынша қалам тербейтін авторлардың жаңа легін тарту туралы тапсырмалар берді. Алматы оқырмандары үшін таяу мезгілде қалада «Егеменнің» өзінің газет дүңгіршектері болатыны жайлы да хабардар етті.