Бүгінгі күні ішкі интеграциялық жүйелер мен өңіраралық кооперативтерді дамыту ісі айырықша мәнге ие. Үкімет пен жергілікті атқарушы орган жетекшілеріне Елбасының берген тапсырмасы дәл осы тұстан тамыр тартады. Мұндағы басты мақсат – импорттық тауарлар көлемін барынша шектеп, қазақстандық өнімдерді тұтынуға барынша кең жол ашу. Қазір бұл міндетті жүзеге асырудың басты жолдарының бірі – тауар алмасу жөніндегі өңіраралық байланыстарды тереңдету болып отыр. Бұл үшін соңғы кезде еліміздің облыстары арасында тиісті келісімшарттар жасау тәртібі қалыптасып, орныға бастады.
Жақында осы үрдіске сай Батыс Қазақстан облысы мен Павлодар облысының әкімдері Алтай Көлгінов пен Болат Бақауов өңіраралық кооперативтердің өрісін кеңейту тұрғысындағы меморандумға қол қойды. Ашығын айтқанда, көптеген қазақстандық кәсіпорындар өздеріне қажетті өнімдер ішкі рынокта жеткілікті әрі оның сапасы да бәсекелестікке төтеп бере алатындай деңгейде бола тұрса да, оны таяу және алыс шетелдерден, соның ішінде Ресейден сатып алып жүр. Өңіраралық тауар алмасу жүйесін қалыптастыру ісі осы құптауға қиындау тәжірибенің тізгінін тежей алады.
Бұған қазірдің өзінде нақты мысалдар келтіруге болады. Айталық, Батыс Қазақстан облысының іскерлік топтардан құрылған ірі делегациясы осы кезге дейін Солтүстік Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарында және Алматы қаласында болып, осы кездесулер барысында олар өздеріне қажетті көптеген тауар түрлерін алуға қол жеткізді. Орал өңіріне жылу құбырлары үшін қолданылатын тұрбалар мен жол құрылысына қажетті басты материалдың бірі битумның жеткізілуі – осы сапарлардың нәтижесі.
Ал өз кезегінде Кереку мен Орал өңірінің тауар өндірушілері, кәсіпкерлері мен орта және шағын бизнес өкілдері қандай өнімдерімен алмаса алады? Бір-біріне нендей тауарларды ұсынбақ? Меморандумға қол қою рәсімі мен бұдан кейінгі кездесулер барысында бұл сауалға толықтай жауаптар қайтарылды. Павлодар – республикамыздағы ірі индустриялдық облыстардың бірі әрі бірегейі болып табылады. Ал өз кезегінде мұндай өндірісті өңірге қажетті материалдар қай кезде де болмай тұрмайды.
Бұл тұрғыда павлодарлықтар Ақжайық аймағындағы «Стекло-Сервис» ЖШС, «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС, «Орал трансформатор зауыты» ЖШС сияқты ірі кәсіпорындарды аралап, олардың өнімдеріне қызығушылық танытты. Орал қаласындағы «ЗенитТехСервис» кәсіпорнының машина жасау өндірісіне қажетті өнімдеріне де сұраныс жоғары. Кереку өңірінің тұтынуына қажетті оралдық өнім түрлерінің тізбегі тек мұнымен шектелмейді. Еліміздің батыс қақпасындағы инвесторларды павлодарлықтар нендей өнім түрлерімен қызықтыра алады? Бұл жөнінде газет тілшісіне Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов өз ойын былайша жеткізді:
– Павлодар облысы қазіргі таңда республикамыздағы инвестиция құю үшін тартымды өңірлердің қатарынан орын алады. Әсіресе, аймағымызда электр энергиясының қолжетімділігі, өнеркәсіптік кооперация мүмкіндігі және инвестицияларды қолдау мен қорғау жүйесі қалыптасқан. Біз бүгін батысқазақстандық әріптестерімізбен көптеген ірі жобаларды бірлесіп атқару жөніндегі келісімге қол қойдық. Оның аясы – өнеркәсіп, құрылыс индустриясы және агросектор өнімдері салаларын қамтиды. Бұл жөнінде екі жақтан құрылған жұмыс тобы келісімшартта көрсетілген мәселелердің бүге-шегесін терең түрде талдап, аяғына дейін жеткізетін болады. Орал өңірінде газтурбинді электр стансалары құрылысы жақсы дамыған. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесі Кереку өңірінен тартылады. Осы тұрғыда оралдықтарға «ҚазЭнергоКабель» кәсіпорны арқылы қолдау көрсетуді ойлап отырмыз. Қазірдің өзінде Батыс өңірге екі қазандық жасау зауыты жұмысқа кірісу қамында, – деді ол.
Екі өңірдегі әкімдіктер мен бизнес қауымдастықтардың кездесуіне жалпы саны 30 кәсіпорын қатысты. Оның 12-сі Павлодар облысының өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы секторларындағы өңдеуші кәсіпорындар. Кездесу барысында Батыс Қазақстанның Кереку өңірімен мұнай-газ өнеркәсібі саласындағы әріптестікті дамыту қажеттілігі және тамақ өнеркәсібі өнімдерін Орал қаласының сауда желілері арқылы сатылымға шығарудың әлеуеті зор екендігі аталып өтті.
Міне, еуразиялық ендікте Ертіс пен Жайық толқындары осылайша тоғысты.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы
Суретте: меморандумға қол қою сәті