6 ақпан күні Алматы қаласында тек Қазақстан үшін ғана емес, барша Азия құрлығы мен әлемдік олимпиадалық қозғалыс үшін сөзсіз ерекше оқиғаға айналған VII Қысқы Азия ойындарының жабылу салтанаты болды.
Алғаш рет Азиадада 11 спорт түрінен 69 жиынтық награда тігілді. Жүлде бөлісуге қатарында әлем чемпионаттары мен Олимпия ойындары жүлдегерлері бар Азияның 27 мемлекетінен 1000-ға жуық спортшы қатысты. Ойындар барысында құрлықтық 10 рекорд жаңарды.
VII Қысқы Азия ойындары әлемдік ақпарат ағынының назарын өзіне қарай бұрды. Әлемнің 500 млн. тұрғыны жарыстарды жіті бақылап, 20-дан астам әлемдік телеарналар, 17 елдің 2 мыңнан астам тілшілері спорттағы арпалысты жаһанға таратты.
Қазақстан құрамасы 70 медаль, оның ішінде 32 алтын, 21 күміс, 17 қола медальдарды жеңіп алып, Қысқы Азия ойындарының тарихында жаңа рекордты бекітті. Бұл – біздің спортшыларымыздың әлемдік деңгейдегі белестерді бағындыруға дайын екенін көрсететін керемет жетістік.
Қазақстандық спортшылардың жеңісі Мемлекет басшысының еліміздегі бұқаралық спортты дамытуға қамқорлығының айқын көрінісі. Азиадаға дайындық барысында бүгінде елдің игілігіне айналған әлемдік деңгейдегі ондаған спорт кешендері салынып, күрделі жөндеуден өтті, олардың кейбірі әлемде теңдесі жоқ құрылыс жобалары болып табылады.
VII Азиада Қазақстанды әлемдік қоғамдастыққа жаңа қырынан, яғни тек бейбітшілік пен келісімнің отаны, сенімді экономикалық даму мен халықаралық әріптес ретінде ғана емес, спорт державасы ретінде танытты.
Азиаданы өткізу Қазақстанның Азиядағы бейбітшілік пен достықты нығайтудағы жаңа қадамы болып табылады.
VII Қысқы Азия ойындарындағы жетістігіміз – бұл Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясатының, ауызбіршілігі мол Қазақстан халқының жетістігі, еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығына үлкен сый.
Қазақстан халқы Ассамблеясы барлық отандастарымызды біздің ұлттық құрамамыздың жарқын жеңісімен құттықтайды!
Жалпыкомандалық есепте біздің құрамамыздың алға шығуы рухтың күшін, жеңіске деген жігерді, отансүйгіштік пен халқымыздың бірлігін тағы да айқын дәлелдеп берді. Біздің жеңісіміз – Ерлік пен Жігердің және Тұтастықтың, Тәуелсіздік пен Бірліктің үлгісі.
Осы айтулы күндер бойы ұлттық құраманың спортшылары біздің ұлттық мақтанышымыз үшін, ел намысы үшін күресті және жеңіске жетті!
Бұл жеңіс Қазақстанның әлемдік саясат немесе спорт саласындағы кез келген халықаралық шараны лайықты деңгейде іске асыра алатынына сенімді нығайтып әрбір азаматтың жүрегіне өз еліне деген мақтаныш сезімін толтырды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы осы жеңіс барша халықты Тұңғыш Президент, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен әлді де ауқатты, өсіп-өркендеген Қазақстан құру жолында тағы бір біріктіруші фактор болатынына сенімді!
Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі.