[caption id="attachment_52066" align="aligncenter" width="640"]
egemen.kz[/caption]
Бүгінгі таңда прокуратураның штат саны 5,5 мыңнан асады, дегенмен, соның өзінде 180 бос лауазым бар, деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
«Мен өзіміздің мақсатымызды тереңінен ашып айтайын, ол – үміткерлердің ең үздігін іріктеу болып табылады. Қазіргі кезде қалыптасқан жүйені ескере отырып, бас прокурор осы жылдың сәуір айында қызметке қабылдауға мораторий жариялады. Кадр қызметінің алдына келешек прокурорды сапалы түрде бағалауға және «адами факторларды» болдырмауға мүмкіндік беретін тәсілдерді іріктеу жүйесіне тез арада енгізу туралы міндет қойды, – деді Бас прокуратураның кадр жұмысы департаментінің бастығы Александр Огай. – Бұл мәселеде бізге Назарбаев Университеті, сонымен бірге PricewaterhouseCoopers, Deloitte и Ernst & Young LLP тәрізді аттары әлемге танымал консалтингтік компаниялар ғылыми және әдістемелік көмек көрсетті. Сондай-ақ олар бізге кандидаттарды бағалау үшін өздерінің сарапшыларын ұсынып отыр».
Қолданыстағы ережеге сәйкес прокуратураға қызметке қабылдау процесі 2 кезеңнен тұрады: біріншісі – іріктеу, бұл кезеңде кандидат заңнама бойынша тест тапсырады, медициналық комиссиядан және ұлттық қауіпсіздік органдарының арнайы міндетті тексеруінен өтеді.
Екінші кезең – конкурс, мұнда кандидатпен алдын ала әңгімелесу жүргізіледі және ол 10 жұмыс күні ішінде тағылымдамадан өтеді. Осы тағылымдаманың барысында жетекші берген түрлі тапсырмаларды орындай отырып, іс жүзінде өзінің басқа үміткерлерден артықшылығын дәлелдеуге мүмкіндік алады.
Тағылымдаманың тәжірибелік маңызы ескеріліп, орындалған тапсырмалардың нәтижесі бойынша кандидатты неғұрлым жан-жақты бағалау мақсатында жаңа тәсілдерді енгізуге шешім қабылданды. Олар: өзінің өмірлік тәжірибесін жазу; эссе жазу; кейстік (ахуалдық) тапсырмаларды шешу; психологиялық тестілеу және психологпен әңгімелесу.
Бұл тапсырмалар тағылымдаманың алғашқы күні прокуратуралардың арнайы бөлмелерінде орындалатын болады, ол жерде бейне және дыбыстық жазба жүргізіледі. Кез-келген электрондық құрылғыларды және «шпаргалка» пайдалануға тыйым салынады. Орындалған жұмыстар плагиатқа тексеріледі, орындау процесі компьютердің және кадр қызметі өкілінің бақылауында болады.
Айдар ӨРІСБАЕВ
[caption id="attachment_52067" align="aligncenter" width="640"]
prokuror.gov.kz[/caption]