20 Шілде, 2016

Жерді жетімсіретпейтін жастар қайда?..

358 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
4-бетте Жер-жер деп қызыл кеңірдек болып жүргенде, Жер-анамен жұмыс істейтін жан бар ма деген сұрақ көлденең келіп тұр. Қазір қайсы ауылға барсаң да ақылы бүтін, аяғы ұзын жастардың барлығы дерлік қалаға қарай «құмартып» жүр. «Жермен жұмыс істемейсің бе?» десең желкесін қасып жерге қарайды, бірақ қалаға деген қызығушылығынан қайтпайды. Себебі көптеген ауылдарда үміт оты жоқ. Ендігі ауылдың үміт отын кім қашан, қалай жағатыны да беймәлім. Ал «Дипломмен – ауылға!» деген тиянақсыздау бағдарлама түпкілікті зерттеліп, терең зерделеніп жасалмағандықтан жарқ етіп жанып, жалп етіп сөнген алдамшы жарықтай ғана болды. Жер-ана дейміз, сол анамыз білімді әрі білікті балаларын сартап болған сағынышпен сарыла кү­тіп жатқалы көп жылдардың жүзі болды. Ал ондағы ауыл­ша­р­уа­шылық мамандарының дені аға буын жасынан асқан, ата сақа­лы аузына түскен, қариялыққа қадам басқан кексе жандар екені ешкімге де құпия емес. Абай пайымымен айтқанда, бүгінде «өзгеленген бұл ғаламда» ескі әдіс­­­пен өндірілген, көне тәсілмен өңделген ауылшаруашылық тауарлары қазіргі заман адамының талап-талғамына сай келмейді. Себебі, қазіргі жанын күткен, әр тағамын түтіктің көзінен өт­керіп барып тұтынатын адамдар таза табиғи азықты ғана емес, органикалық өнімді талап ете бастады. Ол ор­ганикалық өнім­дер экологиялық таза болумен қатар, саламатты адам­ның саулығын нығайта түсетін түрлі, қажетті дәрумендермен мей­лінше байытылған азық болуы шарт. Осы шақта саламатты өмір сү­рем деген саңылауы бар әр адам ауыл шаруашылығынан осындай өнімді күтеді. Расын айтқанда, заманға сай органикалық өнім шығаруға қа­зіргі ауыл шаруашылығындағы қарт мамандардың құлқы жоқ. Анығында олардың қауқары да жетпесі кәдік. Сондықтан Жер-анамен жұмыс істеуге жас талап, жаңашыл мамандар керек. Ауылдан маман неге кетеді? «Мықты механизатор емес пе едің? Ауылдан неге кеттің?» деген сауалымызға күзетші жі­гіт көп сылтауды тізді де қойды. «Ме­­ханизатор болғанда комбайн жүргіздім. Бұл науқандық жұмыс қой. Күзгі егін орағында бірер ай жұмыс істейміз де, жылдың қалған уақытында бос жүргендей боламыз. Ал көп шаруашылық­тар жекеменшік болған соң, он ай бойы қолы бос комбайншыға «бос­қа» еңбекақы төлегісі кел­мейді. Жыл он екі айға тұрақты жұмыс істеу үшін ауданның ірі деген қожалықтарының бәрін дер­лік адақтап шықтым. Бір орын­да көп тұрақтай алмаған соң қалаға келіп, басқа жұмыстың реті кел­мегендіктен күзетші қызметін қанағат тұтып жүрмін. Әрине, егін орағында комбайнға шақыратын шаруашылықтар әлі де бар. Бірақ, бірер айлық жұмысқа бола бара алмайтынымды айтып бас тартамын», деді алпамсадай күзетші. Бұл оның ауылдан кетуінің бір ғана себебі. Айтқандарына илан­сақ, ауылдағы ахуал ауыр. Дә­рігерлік амбулатория­да дәрігерлер тұ­рақтамайды. Балалардың заманауи толық­қанды білім алуына да жағдай жоқ. Мұғалімдер білікті бол­ғанымен, мектептің қажетті құрал-жабдықтары жеткіліксіз. Интернетке қосылу былай тұрсын, компьютердің өзі қат дүние кө­рінеді. Бұлармен бірге, азын-аулақ малдың жем-шөбін дайындау да соңғы жылдары мұңға айнала бастаған. Мәдени-рухани демалатын орынның болмауы да көңілге қаяу ұялатады. Ал қалаға жиі барып, керегіңді алып тұруға жол алыс әрі 30 жылдан бері жөн­деу көрмегендіктен жағдайды тым қиындатып, көлік қатынасын шамадан тыс қымбаттатып жі­береді. Осы мәселелер жүйке мен жүрекке жүк сала берген соң ауылдағы бар дүниесін «пұлдап» қалаға көшкен. Қазір: «Қаланың қай жерінде жалға алатын арзан пәтер бар екен?» деген құлағы үнемі елеңдеулі. Ауылға қажетті көп маман­дар­дың қалаға қарай жөңкілуінің негізгі себептері осылар. Әйтпесе, ауылдан қалаға ауған жұрттың басым көпшілігі әке ошағы, жылы орынын суытқысы келмеген. Ал кейбір қожалық иелерінің уәжі мен наразы сөзіне құлақ қойсақ, бүгінде маман дайындайтын оқу орындарының жұмысы сын көтермейді. Қолында табақтай дипломы бар жаңа талап, жас мамандардың көбісі ауыл ша­руа­шылығынан мүлде бейхабар. Тіпті, жылдап оқыған өз маман­дығын да шала-шарпы меңгерген. Мал шаруашылығы бойынша маманданғандары малды күтіп-баптап, ықтимал мал ауруларының алдын алу былай тұрсын, қарапайым азықтандыру режімін де дұрыс білмейді. Ал егін мен бау-бақша өсіруге оқы­ғандары тұқымдықты қалай дайындау мен жер қыртысына сай сор­­тын ажыратуды ұқпай жүріп-ақ оқуын аяқтап келген. Мұндай мамандармен шаруашылығымызды қалай да­мытамыз деген қожалық иелері дал болып отыр. Павлодар өңіріндегі бір фермер малды тиісті режиммен азық­­тандыруды білетін маманды Ук­раи­надан қалап шақырыпты. Нәтижесінде сауын сиырларының сүті екі есеге дейін көбейген. Егін­­мен айналысатындар механизаторлар мен агрономдар­ды Ресей мен Беларусьтен қолқа­лайтын көрінеді. Аграрлы ел деген мәртебесі бар мемлекет ауылшаруашылық мамандарын өзі әзірлей алмайды дегенге иланғың келмейді. Бірақ нақты жағдай осылай екен. Бұл пікірге бізді мықтап байлаған Ауыл шаруашылығы министрлігінің өзі. Бірнеше күн бірнеше рет қоңыраулап жүріп салаға қажетті мамандардың қай жерде, қалай дайындалатыны жөнінде нақты ақпарат ала алмадық. Оқу орындары біздің құзырымызда емес дейді. Білім және ғылым министрлігіне қарай сілтейді. Сонда бір елдегі екі ведомство мүдделес жерде бірігіп әрекет етпегені ме? Қожалық қожайындары да кінәлі Әйтсе де, министрлік қыз­мет­­керлері әупірімдеп жүріп, «Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығына» хабарласуға мәслихат етті. Бардық. Орта­лықтың басқарма төрағасы Асқар Наметов көп сұрақтың желісіне ой жүгіртіп пікір біл­дірді. «Колледждерде орта буын мамандардың бәрін жоғары деңгейде дайындауға мүмкіндік бар. Әттеген-ай дегізетіні, олардың басым көпшілігі бір жос­парды жасап алады да, өзімен өзі жүре береді. Ешкіммен аралас­пайды. Пәлен маман керек десе соны әзірлейді. Бірақ олардың болашақ тағдыры қалай болатыны белгісіз. Жас маман ауыл шаруашылығына барды ма, жоқ па? Өз мамандығы бойынша жұмыс істеп кете алды ма, ол жағы ешкімді қызықтырмайды. Ал шаруашылықтар жас мамандар сапасыз деп шырылдап жүреді. Негізі жас мамандардың біліксіз болуында қожалық иелерінің де кінәсі бар. Егер олар колледждермен бірлесіп маман дайындауға құлықты болса, мұндай кемшілік орын алмас еді», дейді академик. Ғалымның сөзіне бақсақ, қа­зіргі маман дайындау жүйесі дұ­рыс емес. «Атамекен» ұлттық кә­сіпкерлер палатасы өз алдына, әкімдіктер мен фермерлер ода­ғы өз жөнімен жүрген сияқты. Ма­ман дайындауда мемлекеттік органдар мен оқу орындарының, сондай-ақ, шаруашылық кор­порацияларының арасында байланыс пен интеграция жоқтың қасы. Себебі, Кеңес Одағы кезіндегідей қай жерге қандай, қанша маман керектігі анық белгілі емес. Бұлармен бірге, оқу орындарының ғылы­ми-практикалық базалары тым жұпыны, әйтпесе он­да қажетті техникалар мен құ­рал-жабдықтар өте тапшы. Бұ­ған оқу орындары кінәлі де емес. Өйткені, қазір еліміздегі шаруашылықтардың бәрі Кеңес Одағы кезіндегідей бір тектес техниканы немесе технологияны пайдаланбайды. Біреуі немістің, екіншісі канадалық комбайнды немесе т.б. елдердің құрал-жабдықтарын өз қалауы бойынша пайдаланады. Мұндай жағдайда оқу орындарының тә­жіри­белік базасын, әлемде күн сайын жаңарып жатқан техника, технологияның бәрімен жабдықтау мүмкін шаруа емес. Сондықтан әр шаруашылық өзіне керекті жас талап, жаңа маманды Еуропа елдері мен АҚШ-тың қожалық иелері іспетті өзі тәжірибеден өткізіп, сапалы маман дайындауға және оны сол жерге тұрақтандырып қалдыруға атсалысып, ізгі істің көбіне өзі мұрындық болып жүруі тиіс. Қазіргі ауыл шаруашы­лы­ғының жүйесінде бұл айтылған тәжірибені енгізу де мүмкін емес көрінеді. «Негізі, ауыл шаруа­шылығындағы проблема тым тереңде жатыр. Бүгінде шаруашылықтардың 70 пайызы шағын қожалықтар. Оларда 100-200 гектар жер мен 30-40 мал басы болуы мүмкін. Бұған бола ол жеке агроном немесе мал дәрігерін ұстамайды ғой. Оған қоса қазіргі ауылды жерде кәсіп ашып, бизнеспен шұғылданам дегендердің бірталайы кешегі сот қызметкері немесе зейнетке шыққан полиция, сондай-ақ, күштік органның запастағы офицері болып келеді. Олар елдегі заң мен мемлекеттен ауыл шаруашылығына тиіс несиелерді қалай алудың жөні мен жосығын жетік білгенімен, мал мен егісті қалай өсіруді жақсы білмейді. Ойымды әрі қарай са­бақтасам, бұрынғы кеңшарлар мен ұжымшарлар іспетті ірі агрохолдингтер 8 пайызды ғана құрап отыр. Қалғандары әрең күнелт­кен кішігірім шаруашылықтар. Осыларды ескерсек ауыл ша­­руа­­шылығындағы қазіргі жағ­дай тым күрделі болып тұр. Бірақ тығырықтан шығар жол іздестіріліп жатыр. Қолға алған нақты ғылыми жобалар да жоқ емес. Ол туралы орталықтың бас сарапшысы, профессор Нәби Ысқақ айтып береді», деп ойын түйіндеді А.Наметов. Сонымен, профессор не дейді? Бас сарапшының пайымына құлақ қойсақ, маман дайындауда көп адасулар болыпты. Себебі, ғылым өз жолымен, ал өндіріс пен шаруашылықтар өз жөні­мен жүріп отырған. Енді соңғы уақытта ғана әкімшілік пен шаруашылықтар және оқу орындары мен «Ата­мекен» ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы бір-біріне интеграцияланып, маман дайындаудағы тың идеяларды жүзеге асыра бастапты. Бұған дейін білім беру стандартын ғалымдар дайындап, оны Үкімет жаппай енгізуге мін­деттеп келген болса, ендігі оқыту тәсілі мүлде өзгерген. «Себебі, бұрынғы бағдарлама нәтиже бермегендіктен бүгінде білім стандартын жұмыс беру­ші­мен, яғни шаруашылық жетек­шілерімен бірлесіп жасайтын болдық. Ал «Атамекен» екі жақ­тың жұмысын ұйымдастырып, керек жерінде үйлестіріп отырады. Әуелі білім беру стандартын фирмалар мен фермерлер өздері жасап берсін, сол бойынша оқыту бағдарламасын түземіз дегенбіз. Ол да болмады. Себебі, жай шаруа­лар мұндай стандартты жасай алмайтын болып шықты. Осыны ескеріп, үш тарап бір пәтуаға келіп, жұмысты бастадық», дейді Н.Ысқақ. Профессор жаңа стандартта мобильді оқыту әдісі аса тиімді екенін айтып отыр. Ол бойынша талапкер 3-курсқа дейін жалпы білім алып келеді де, одан әрі нақты мамандығына қатысты оқытылады. Яғни, бұрынғыдай әр пәнді жеке оқып уақытты босқа оздырмай, өз мамандығын игере бастайды. Маман іздеген ауылшаруашылық корпорация­лары мен фермерлер өзі сенім артқан оқу орнына келіп талабы мен таңдауын білдіреді. Сол бойынша маман дайындалып, талапкерді өндірістік тәжірибеден өткеруді корпорация немесе фермер өз мойнына алады. Нәтижесінде өзі барып еңбек ететін шаруашылықтың техникасы мен технологиясын алдын ала толық меңгеріп алған жас маман үлкен өмірінің бастауында көп қиындыққа тап болмайды. Айтқандай, ауыл шаруашылығы ілгерінді дамыған елдерде талапкер шаруашылықта жыл бойы жүріп еңбек тәжірибесінен өтетін көрінеді. Біздің ел де осы үлгіге көшкені жөн дейді аграрлық ғылыми білім беру орталығының ғалымдары. Ғалымдардың бұл айтқандары жөн-ақ, бірақ ол мамандарды шал­ғайдағы шаруашылықтарда тұрақтандырып қалдыру үшін тағы не шара жасамақ керек? Осыған орай ғылыми негізі бар көшелі бағ­дарлама жасалғаны жөн сияқты. Тек ол жалған ұран­ға құрылмай, жас маманның барған жерінде терең тамыр жаю­ына барлық жағдайды жасауы тиіс. Әйтпесе Жер-ана алдында бәріміз де борышты болып қала бермекпіз... Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан»