«Жасыл» экономика – бәсекеге қабілетті елдер үшін экономикалық дамудың бірден-бір үлгісі болуы тиіс. Қазақстанның «жасыл» экономиканы дамытуға назар аударуының басты себебі осыған байланысты. ҚазМедиа орталығында брифинг өткізген БҰҰ Даму бағдарламасы қызметкерлері осылай деді.
Қазақстан Президенті жанындағы «Жасыл» экономикаға көшу жөніндегі кеңестің 4-ші отырысында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов алдағы уақытта «жасыл емес» жобаларды қаржыландыру қиындайтынын, «қоңыр» экономикалы елдердің жаһандық экономикадан біртіндеп шеттей беретіні туралы айтқан болатын. БҰҰ Даму бағдарламасы қызметкерлерінің айтуынша, бүгінде елімізде табиғи ресурстарды пайдаланудың тиімділігін арттыру, ескі инфрақұрылымдарды жаңарту, қоршаған ортаны қорғау сынды бағыттарда нақты жұмыстар жүзеге асырылып жатыр.
– «Жасыл» экономика талаптарын сақтау арқылы халықтың игілігін арттыру керек. Осы жолда БҰҰ Даму бағдарламасы әлемнің 170-тен астам елдерінен жинақталған даму тәжірибесін Қазақстанмен бөліседі, – дейді БҰҰ ДБ тұрақты өкілінің кеңесшісі Ирина Горюнова.
Оның айтуынша, қазір Қазақстан халқының жартысына жуығы қалалық жерлерде тұрса, 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 66 пайызға дейін жетпек. Ал қалалықтардың көбейіп, ауыл халқының азаюы қоршаған ортаға жасалатын кері әсерді де күшейтеді. Сол үшін алдағы уақытта шаһарларда, әсіресе, өнеркәсібі дамыған, экологиясы көңіл көншітпейтін, халқы көп қалаларда экологиялық таза көліктерді көбейту, «ақылды» жарықпен, жылумен қамтамасыз ету сынды шараларға баса көңіл бөлінеді.
Осы жиында айтылғандай, «жасыл» экономика – азық-түлік қауіпсіздігін қалыптастыруда өте маңызды рөл ойнайды. Мәселен, ауыл шаруашылығы дамыған елдердің тәжірибесіне сүйеніп суды үнеммен пайдаланатын технологияларды енгізбесек, фермерлердің климаттық жағдайларға бейімделуіне қолдау көрсетілмесе, алдағы уақытта елімізде астық өндірісінде қиындық туындауы әбден мүмкін. Біріншіден, астық өндірісінің Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар. Екіншіден, Қазақстанның астық экспорттаушы ел екенін ескерсек, біздің елде туындаған мәселе астық импорттайтын елдер үшін де ыңғайсыздық туғызады. Ал заманауи жасыл технологияларды қолдану астық өндірісінің көлемін қазіргі көрсеткіштен анағұрлым арттыруға мүмкіндік береді.
Арнұр АСҚАРОВ,
«Егемен Қазақстан»