09 Ақпан, 2011

Әкім есеп берді. Ел не деді?

789 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Әлеуметтік түйіндер тарқатылды

Орал өңірінде өткізілген қала және аудан әкімдері есептерінен кейінгі түйін Ақжайықта қала және аудан әкімдерінің елге берген есептері аяқталды. Биыл олардың халықпен кездесулеріне тән болған басты сипат - әлеуметтік түйіндерді тарқатуға басымдық берілгені деуге болады. Бұл бағытта шешімін тауып үлгермеген мәселелерге тиісті талдаулар жасалып, алға нақты міндеттер қойылды. Әрине, бұдан экономикалық ахуал тұрғысында ештеңе айтылмаған екен деген ұғым тумаса керек. Ең бастысы –  осы экономиканың әлеуметтік секторға тигізген оң әсерін тұрғындар сезіне бастағаны әкімдер есептері кезінде де анық байқалды. Айталық, Орал қаласында сәбилердің өмірге келу көрсеткіші 2007 жылмен салыстырғанда, екі есеге жуық өскен. Бұл деректің әр жағында әлеуметтік-тұрмыс­тық деңгейдің жақсаруы, жұмыссыздық­тың азаюы, жас отбасылардың баспанамен қамтылу көрсеткішінің артуы деген мәнді де маңызды мәселе тұр. Соның өзінде де Орал қаласында балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту 76 пайызды құрайды. Салыстырмалы түрде алғанда, бұл – өте жақсы нәтиже. Сондай-ақ, еліміз қалалары арасын­дағы ең төменгі жұмыссыздық көрсет­кіші де Оралда болып шықты. Мұнда ресми түрде тіркелген жұмыссыздар саны небәрі – 227 ғана. Оралда қоғамдық өмірге келген «Жас отау» бағдарламасы бұған дейін республиканың барлық ша­һарларына үлгі ретінде ұсынылды. Соған сәйкес жүздеген жас отбасы сыңғырлаған су жаңа баспанаға ие болды. Осындай бастамасы үшін Орал қаласының әкімі Самиғолла ОРАЗОВТЫҢ қала жұртшы­лығы алдындағы есебі кезінде жастар өкілдері өз ризашылықтарын жеткізді. Жазушы Энгельс Ғаббасов бір кездегі лас, ыбырсыған Орал қаласы бүгінде таза, сәнді де сәулетті облыс орталығына айналғанын тілге тиек етті. Оған Оразовтың қала басшысы ретінде қосқан үлесін айрықша атады. Әлеуметтік мәселе, әлеуметтік түйін дегеннен шығады, Ақжайық ауданының әкімі Абай ИМАНҒАЛИЕВ жыл ішінде ауыз су бағасын әжептәуір төмендетуге қол жеткені жөнінде баяндап берді. Осынау игі шара аудан орталығынан бастау алыпты. Бұл істі биылғы жылы Алғабас, Алмалы, Қарауыл­төбе және Жұбан ауылдарында жалғастыру белгіленіп отыр екен. Бөрлі ауданының әкімі Болат ШӘ­КІ­МОВ есепті мерзім аралығында кәсіп­керліктің кең құлаш жаюына ықпал жасай біліпті. Жыл ішінде банктер мұндағы 200-ге тарта бизнес жобаны қаржы­лан­дыра алғаны, қалай айтсаңыз да құлашы кең шара екені атар таңдай, батар күндей ақиқат. Мұның басым бөлігін ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін шағын өндіріс орындары құрайды. Тұрғындар алдындағы қорытынды есебі кезінде Б.Шәкімов облыс басшы­лығы атына тосын да қызықты ұсыныс жасады. Мәселенің мәнісі мынада. Өткен жылы аудан көлемінде МАИ штатында қызмет жасайтын алты сардар жол тәр­тібін бұзғандарға айыппұл төлеттіру есебінен жергілікті бюджетке 26 миллион теңге кіріс келтіріпті. Осы мысалға арқа сүйеген аудан басшысы бюджеттің кіріс бөлігін толықтыру мақсатында МАИ взводын құру қажет деп санайды. Сөйтіп, ол жергілікті бюджет есебінен он-он бес МАИ қызметкерін алу үшін тиісті орындардан рұқсат сұрады. Несі бар, қолданылып жүрген заңдылықтарға қайшы келмесе, бұл құптауға, қолдауға тұрарлық­тай ұсыныс деп білеміз. Бұған дейінгі тәжірибе барысы көрсет­кендей, әртүрлі деңгейдегі әкімдер елге есеп беру кезінде баяндамалар жасап жүр. Егер олардың есептерінің желісі алдын ала аудандық, қалалық және облыстық газеттерде жарияланса, сонымен бірге, жыл ішін­де атқарылған жұмыстар бейнесюжеттер арқылы есепке қатысушыларға көрсе­тілсе, тағы да сала құлаш баяндама жасау, сөйтіп, алтын уақытты босқа өлтіру шарт бола қояр ма екен ? Осы тұрғыда өз есебін бірден тұр­ғындар қойған сұрақтарға және оларды толғандырып жүрген мәселелерге жауап беруден бастаған Жаңақала ауданының әкімі Тимур ИМАШЕВТЫҢ бастама­сында да құлақ қоюға, елеуге, ескеруге тұратын жәйттер бар ма деп қалдық. Тағы бір айта кетерлік мәселе – соңғы кездері азық-түлік бағаларының қалыпты мөлшерден өсіп бара жатқаны байқалады. Мұндай шетін әлеуметтік мәселеге әртүрлі деңгейдегі әкімдер жәй сырттай бақылау­шы болып қала алмайтыны айтпаса да белгілі. Бұл тұрғыда жергілікті тауар өнді­рушілерді қолдап, оларға ықпал жасау тетіктерін таба білген шалғайдағы Жәнібек ауданының әкімі Рыспай ӨТЕШЕВТІҢ өнегесі де айтуға тұрарлықтай. Дәл бүгінгі күні жер арқасы қияндағы Жәнібек облыс­тағы азық-түлік түрлері бағалары ең арзан аудан ретінде танылып отыр. Өзгесін айт­пағанда, мұнда бір бөлке нанның бағасы 40 теңгеден аспайды. Бұл еліміздегі ең төменгі баға десек қателеспейтін шығар­мыз. Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов жыл ішінде аз сөйлеп, көп іс тыңдырған Жәнібек ауда­нының әкімі Рыспай Өтешевтің есебіне қатысып, оның қызметіне оң баға берді. Сөз соңында инвестициялық тартым­дылық тудыру секілді бүгінгі күн талабына жергілікті атқарушы билік жетекшілері де сай болса екен деген тілек айтқымыз келеді. Облыста инвестициялық жобалар үшін тартымды аудандардың бірі – Теректі. Бұл өңір әсіресе, картоп, көкөніс, бау-бақша өсіруге қолайлы. Осы бағытта ауданның жаңа әкімі Арман ӨТЕҒҰЛОВТЫҢ ал­ғашқы қадамдары көңілге үлкен сенім ұялатады. Өйткені, инвесторлар легі Теректі топырағына атбасын бұра баста­ғанын журналистік сапар барысында сезіп, ұғынып қайтқанбыз. Міне, Орал өңіріндегі қала және аудандар әкімдерінің ел алдында берген биылғы есептері жөнінде көкейге келген кейбір ойлар мен түйіндер осындай. Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы.

Еңселі  болу  үшін  еңсеріп жұмыс  істеу  керек

Өткен жұма, яғни 4 ақпан күні он екі ауданда әкімдердің халық алдындағы есептік жиналыстары өткізілді. Тұрғындар жылдың жақсы бір дәстүріне айналған басқосуды өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын бағамдау алаңы ғана емес, билік органдарымен ақылдасып алға басудың ой жинақтау мінбері санайды. Жақсылыққа жолашар бол, Жақсы! Жақсы ауданының әкімі Ибрагим ҚАБДУҒАЛИЕВ баяндамасын: «Өткен жыл біз үшін өте маңызды оқиғаларға то­лы болды, – деп бастады. – Елбасы Нұр­сұлтан Назар­баевтың Жолдауы жыл бойғы жеңісіміздің байрағындай желбіреді. Ин­дус­триялық-инно­вациялық дамудың қа­рыш­ты бағдарламасы қабылданды, Кедендік одақ күшіне енді. Елба­сымыздың бас­қаруымен Астана қаласында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы­ның тарихи Саммиті өтті. Бүгінгі жиы­нымыз Елбасы, Ұлт Көшбасшысы Н.На­зарбаевтың жаңа Жолдауының жігер тас­қынымен басталып отыр». Әкімнің есебі аудандық газетте алдын ала жарияланғандықтан, оның ұзын-со­нар­ға салынбай, өзекті мәселелерге тоқтал­ға­нын көпшілік құп алды. Баяндамаға қосымша слайдтан қайта өңдеу саласындағы жетістіктерге қанық­тық. Мәсе­лен, ұн өндіру 2009 жылмен салыстырғанда 35,8 мың тоннаға артып, 120,3 пайызға өскені, голланд ірімшігін дайындау 245 тоннаны құрап, 138 пайызға көтерілгені қуантады. Ірі үш шаруашылық өз наубайханасын іске қосқан.  «Айбат» ЖШС 39 тонна айран, 22 тонна қатық, 9 тонна қаймақ, 10 тонна сары май өндіріп отыр. Мұның өзі аудандағы барлық мектептер мен балалар бақшаларын жергілікті сүт өнімдерімен қамтамасыз етуге мүм­кіндік туғанын білдіреді. «Жол картасы» бағдарламасымен 539,7 миллион теңге игеріліп, жаңадан 575 жұмыс орны құрыл­ғандығы жақы ойларға жетеледі. Ауданда демографиялық жағдай ана­ғұр­лым жақсарғаны елең еткізді. Өткен жылы 130 көп балалы анаға «Алтын алқа», 160 анаға «Күміс алқа» тағылыпты. Мұнда баланың тууы көбейіп, ана өлімі тіркелмеген. Жақсының 15 ауылдық округінің 13-і әлеуметтік көмекке мұқтаж емес. Саламат­ты өмір салтын қалыптастыруда 100 спорт­тық нысан жұмыс істеуде. Жиналыста сөз алғандардың ұсыны­сымен биыл ауыз сумен қамтамасыз етудің 6 жобасы, жолдарды күрделі жөндеуден өткізу, ауданның 13  мектебіне 40 компьютер сатып алу, пән кабинеттерін нығайту, экономика мен әлеуметтік саланы дамыту мәселелері арнайы тіркеуге алынды. Жиналысқа облыс әкімінің орынбасары Қ.Айтмұхамбетов қатысты. Ертеңі жарқын Егіндікөл Аудан тұрғындары мәдениет үйіне бүгін біршама ерте жиналды. Табыстар көрмесін тамашалаған жұртшылық наза­рына ауданның 40 жылдығына орай тү­сірілген деректі фильм ұсынылып, көр­кемөнерпаздар ән-жырдан шашу шашты. Көңіл ауанының көтеріңкілігі аудан әкімі Болат СҰЛТАНОВТЫҢ баяндамасынан да байқалып тұрды. Бұлай болатын жөні бар сияқты. Былтырғы жылдың көрсет­кіш­тері бойынша шалғайдағы Егіндікөл ау­даны республикалық рейтинг бағамында 37-ші, ал облыста 2-ші орынды иеленген. Аудан әкімі халықты жұмыспен қамту мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы басым бағыт болып қала беретініне екпін түсірді. Өйткені, бүкіл ниет, жоспар­лар­дың ой­да­ғыдай орындалуы ауыл тұр­мы­сының жан­дануынан өзек алады. Егін­ді­көлдің 541 мың гектар жерінің 518,6 мың гектарын егістік пен майлы дақылдар алып жатыр. Өңірде төрт бірдей тұқым шаруашылығы бар. Машина-трактор паркі де жыл санап жаңаруда. Мал саны күрт өсіп келеді. Ел ішінде орта және шағын кәсіпкерлік дами түсуде. Осы орайда, аудан әкімі Б.Сұлтановтың 8 пәтерлік үй салынып, оның кілті бюджеттік сала қызметкерлеріне тапсырылуын, 50 адам кәсіби қайта даярлықтан өткенін, әлеу­мет­тік жұмыстардың қайтарымы азды­ғын сынға алуын, жақсы істердің бас­тамасы ретінде қабылдадық. Мұны жиналысқа қатысқан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас­тығы Серік Жамбеталин қостап сөйледі. Өкілдер пікіріне құлақ түрсек Жоғарыда айтып өткеніміздей, бір күндегі 12 жиналысқа түгел қатысу мүм­кін емес. Әйткенмен, жұртшылық жыл бойғы атқарған жұмыстарының жетістігі болсын, кемшілігі болсын назардан тыс қалмауын қалайтыны бар. Сондықтан, біз басқосуларға облыстан қатысқан азамат­тар­дың пікір бөлісуін өтінген едік. Аудандардағы жағдайлардың әрқилы­лығына қарамастан, пікірлер,  негізінен, ортақ түйісті. Оны облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан ОТАРОВТЫҢ сөздерімен жинақтауды жөн көрдік. – Осы бір күнгі жиналыстар ұйымшылдық пен жинақылықты, саяси, моральдық тәжірибенің қалыптасқан­ды­ғын айғақтайды, – деді ол. – Мәселелер нақты қойылып, талқылаудың сындарлы сипат алуы мақсат бірлігіне бастай­ты­нын, алдағы күннің талаптары мүддесін­дегі ой қоры­тындылаудың салмақтана түс­кенін көр­сетеді. Жұртшылықты қол жеткен табыстар ғана емес, оған қатысты жаңа көзқарастар толғандыратыны, кемшілікке төзбеушілік қасиеттерімен ерекшеленетіні абыройға бөлейді дегім келеді. Өткен жылы мил­лиардтаған теңгенің 15 индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы, басқа да маңызды жобалар іске асырылса, оған барлық аудандар қатысты. Әрине, көңілдің толатын да, толмайтын да жақтары бар. Мәселе ұтым­ды ұмтылыстардың жиі бой көр­сетуінде, бейтараптықтың жойылып, бұ­қаралық белсенділіктің артқанды­ғын­да. Осының арқасында жыл мәуесі молаюда. Жыл жеңіспен басталды. Еліміз тұң­ғыш рет Азия ойындарын өт­кі­зу­мен қа­тар, оның биік тұғырына кө­терілді. Осы­нау мүбәрак мәртебеміз бар­лық қырынан жалғасын тап­сын. Мұнда астаналық Ақмола облысының үлесі де салмақты болмақ. Аудан әкім­дерінің есепті жи­налыстарындағы ор­тақ мұраттар, жарасымды әуендер осы­ған иландырады. Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.

Бетбұрыс белестері

Өскеменнен таяқ тастам жерде Ұлан ауданының орталығы – Молодежное деген кент бар. Өткен жылдың жазында халық қалаулылары – мәслихат депу­таттарының шешімімен кентке осы жердің даңқты түлегі, партизан-жазушы Қасым Қайсеновтің есімі берілген. Алайда, неге екені белгісіз, аталған кент әлі күнге сол бұрынғы орысша атауымен аталып жүр. Кім білсін, ауданның жаңа атауына қарсы шыққан өз қандастарымыз да бар деп естіп едік, солардың кесірі тиді ме екен? Артта қалған ауылдарға көңіл бөлінуде Өткен жылдың шілдесінде Ұлан ауданына жаңа әкім та­ғайындалды. Мұның алдында кәсіпкерлікте шыңдалған, со­сын бір жылдай облыстық құ­рылыс департаментін басқар­ған Жомарт Мұратовты жаңа қыз­метке тағайындаған кезде өңір басшысы Б.Сапарбаев артта қал­ған ауылдарға жан бітіріп, иесіз қалған әлеуметтік ғи­мараттар мен тұрғын үйлерді жөндеуге кеңес берген еді. Шы­нында да, ауданның бұрын­ғы орталығы Бозамбайды алайық­шы. Бір кезде көркіне келбеті сай болған аудан орталығын­дағы бұзылған  үйлер орталық­тың сәнін кетіріп тұрған. Бозамбайдан басқа да артта қалған ауылдар жеткілікті. Манат, Ақ­төбе, Борсақ, Жоғарғы Тайынты ауылдарына жол нашар, байла­ныс мәселесі де күрделеніп тұр­ған. Жаңа әкім өз орынбасары­мен бірге артта қалған ауыл­дарды аралап шықты, тұрғын­дармен жүздесті. Оларды алаң­датып отырған жайлар аз емес көрінеді. Газет-журналдар мерзімінен кешігіп келеді, телеха­бар­ларды көрмей отырған ауылдар да бар болып шықты. – Енді екі жылдан кейін Бозамбай ауылын танымай қа­ласыздар, – деді Ұлан ауда­нының 2010 жылғы әлеуметтік-экономи­калық даму қорытын­ды­лары ту­ралы тұрғындар алдында есеп берген аудан әкімі Жомарт Мұ­ратов. – Облыс әкімінің тап­сыр­масы бойынша ауданда бірнеше ауылдарда жаңа нысандар салуға қаржы бөлінбек. Атап айт­қанда, 80 орындық жүйке ауру­ларын емдейтін ауруханада жүзге тарта адам еңбек ететін болады. Қазір ба­лабақша мен интернат үйі жөнделіп жатыр. Бір кездері Таврия ауданының Ұланмен біріккені белгілі. Таврия ауылында да жаңа мекемелер бой көтермек. Мамай батыр, Сағыр, Бозамбай ауылда­рын­да тұтыну кооперативтерін құ­ру арқылы халықтың жағдайын көтеру көзделуде. Қазір қала ба­зар­ларында еттің бағасы күрт өсіп кетті. Ал ауылдан мал сау­да­лауға барғандар алыпсатар­ларға жем болып жүр. Сондықтан келер жылы аудан орталығынан шағын базар ашып, ет, сүт, жем, басқа да азық-түлікті саудалау ретке келтіріледі деді. Ж.Мұратовтың есебі қызы­ғу­шы­лық тудырды. Асықпай, ба­йып­пен сөйлеген, арасында ау­дан­ның даму мәліметтерін тың­даушыларына көрсетіп тұрған экран­ға көз тіге қарағандар аз болған жоқ. Ауданда көкөніс сақтайтын қоймалар жоқ кө­рі­не­ді. Кәсіпкер Колентасов­ский­дің қоймасы бар. Ал қалған қожалық­тар бұл  мәселеге салғырт қарай­ды. Мәселен, күзде картоптан мол өнім алғандар оның килосын 30 теңгеден сатып жіберді. Себебі, са­қтайтын қойма жоқ. Ал кар­топ­тың қазіргі бағасы  кем дегенде 100  теңге. Бір кездері дүрмекпен жер алғандар неге үнсіз? Аудан әкімі жер алып, түк тындырмай отыр­ған азаматтарға қатты сын айтты. Шымқора ауылына көшіп келген оралмандарға жерлестері дән риза. Жиырма отбасы тереңдігі бір жарым метрлік 8 шақырым арық (канал) қазып, суды картоп еккен далаға жеткізген. Нәтижесінде кар­топпен бүкіл ауылды қамта­ма­сыз етіп отыр.  Ал жергілікті тұрғындар мұны көріп отырса да селт етпейді. Немесе Сағыр мен Мамай батыр ауылына қоныс тепкен қандастарды алайық. Бұрын 49 отбасы еді, енді екеуі қосылып 51 отбасыға жетті. Олар да арық қазып су әкелді, енді еңбегінің жемісін көріп отыр. «Демек, бұ­дан былай жер алғандар оны іске жаратпаса, алып қоямыз да еңбек ететін азаматтарға береміз. Судың да сұрауы бар екенін ұмыт­па­йық», деді аудан әкімі. Іскерлік, ілкімділік – табыс кепілі Өткен жылы ауданда біршама істердің тындырылғаны көрініп-ақ тұр. «Ауыз су» бағдарламасы бойынша бес жоба жүзеге асы­рыл­мақ. Судың машақаты аз емес көрінеді. Ең алдымен оны бұр­ғылап, терттеген соң ғана жоба жасалмақ. Қысқасы, су тасылған соң екі жылдан кейін жұмыстар тындырылмақ. Ізденіс, ілкімділік – табыс көзі, деп орынды ай­тылса керек. Ауданның жаңа басшысы резервтер көзін іздеп, экономиканы көтеруге талпыныс танытуда екен. Осы бағыттағы жос­парлар да ауқымды екені бай­қалады. Каменка ауылында асыл тұқымды қой өсіретін шаруа­шы­лық құру, Өскемен құс фабри­касында жобалық құны 2 миллиард 450 миллион теңге болатын 20 мың тонналық құс етін өн­діретін қуатты іске қосу, Аблакетка және Асубұлақта жылыжай салу, тасада қалып қойған Ақтөбе, Тройницкое, Борсақ ауылдарында көшелерді жөндеу, абаттандыру, үйлерді жөндеу қазіргі таңда жүзеге асырылмақ. Әлеуметтік мақсаттағы жұ­мыстар да назардан тыс қал­майтын сыңайлы. Мәселен, таяу­дағы екі-үш жылда аудан орта­лық­тарында 600 орындық мектеп, Ново-Одесскіде 180 орындық мектеп, Тар­ғын және Сағыр ауыл­дарында 200 орындық клубтар, Герасимовка және Бозамбай ауыл­дарында клуб пен интернат үйлері пай­далануға берілмек. Жаңа Қанай ауылындағы 328 миллион теңге тұратын 130 орын­дық мектептің құрылысы 2013 жылға деп белгіленген, енді ол жылжып, биыл құрылыс басталмақ. Қазір ауыл­дарға дә­рі­герлер жетіспейді. Семей ме­дакадемиясымен келісім жа­сал­ған, бірақ жас дәрігерлердің тұрғын үйін сатып алуға қаржы тапшы. Былтыр бірнеше дәрі­герге Тавриядан үй сатып алы­нып­ты. Ауданның мәдени және спорт салалары да жақсы дамып келеді. Әкімнің есебі аяқталған соң небәрі екі сауал қойылды. Оның біріншісі аудан орталығында қоғамдық монша салу мәселесі. «Ол мәселемен шұғылданып жатырмыз», деді аудан басшы­сы. Екінші сауалды Молодежное ауылының тұрғыны Атым­бек Сағындықов қойды. Ол өзі тұратын Заводская көшесінде ыс­тық судың жоқ екенін көл­денең тартты. «Өткен жылы мұнда құбыр тартылған, демек, ыстық су мәселесін шешеміз», деді Жомарт Хайдарұлы. Қорыта айтқанда, аудан әкі­мі­нің есебінен жиналғандар  ат­қарылған және атқарылып жат­қан істер жайлы толыққанды мағлұматтар алып шықты. Жаңа әкімнің іскер, сөзден гөрі жұ­мыс­қа жақын екенін айқын аңғарды жиналғандар. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы.