21 Шілде, 2016

ДҮБІР

251 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Олимпиаданың басталуына 15 күн қалды Рио-де-Жанейродағы Олимпиялық ойындардың салтанатты жағдайда ашылатын шағына тура 15 күн, яғни жарты ай ғана уақыт қалды. Демек, енді екі аптадан кейін мұхиттың арғы жағалауындағы Оңтүстік Америка жерінде ғаламның ең басты жарысы басталғалы тұр. Руслан биіктен көрінгісі келеді 20-07-16-japarov Тараздық 20 жас­тағы таэквондошы Руслан Жапаров Рио-де-Жанейрода Олимпиаданың ашы­лу салтанаты кезінде Қазақстанның туын көтеріп, еліміз спорт­шыларының шеруін бастап шығады. Біздің тілшіміз осыған байланысты жас спортшымен сұхбат жүргізіп еді. – Риода еліміздің туын көтеріп шы­ғатының белгілі болған кезде қандай сезімді бастан кештің? – Жасыратыны жоқ, адам айтса сенгісіз ғаламат сезімді бастан кештім. Бір жағы қатты қуандым, бір жағы кәдімгідей абыржып қалдым. Шыны керек, бірінші естігенде сенбей де жүрдім. Тек Астанаға арнайы келіп, ту көтерушінің кәстөмі тігілуі үшін өлшемім алынуы керек екені айтылғанда ғана сендім. – Сені неге таңдады деп ойлайсың? – Бұған бірінші кезекте біздің белді спортшыларымыздың дені Олимпиаданың алғашқы кезеңінде жарыс жолына шығатындары, ал менің кезе­гім соңына қарай келетіні себеп болған сияқты. Егер Ойындардың бас жағында күш сынасатындар ту көтеруші болса, өзінің негізгі сайысына тыңғылықты дайындалып үлгере алмас еді. Себебі, сал­танаттың өзінде спортшы 7-8 сағат уақыт сапта тұрады. Мен әскер қатарындағы адам ретінде де бұған әзірмін. – Мұны отбасыңыз, доста­рыңыз қалай қабыл­дады? – Менің курстастарым мен достарым түгел қуанды. Ал осы жағдайды естіген бойда, ең алдымен әкеме телефон шалдым. Басында ол да сенген жоқ, соңынан қуанышын жасыра алмады. Мен Президентпен кездесуден кейін жаттығу жиынына қатысу үшін бірден Испанияға ұшып кеттім. – Жаттығу қалай өтіп жатыр? Спорттық бабыңа келіп үлгердің бе? – Қазір жаттығу барынша күшейтілген пішімде жүруде. Дене күшін арттыру тұрғысында біраз жаттығулар жасалып жатыр. Енді Таиландта шамалы уақыт күніне екі реттен жаттығу өткіземіз. Бұл жақтың ыстық ауа райы Бразилияның климатына қатты ұқсайды. Әзірге өзімнің қалыпты пішіміме толық келе қойған жоқпын. Жарысқа дейін өз қалыбымның шегіне жетіп үлгеремін деп ойлаймын. Ал сайысқа шығатын уақытыма дейін әлі бір ай бар. Таиландтан кейін Алматыға оралып, 4 тамызда Бразилияға ұшып шығамын. Ашылу салтанатынан кейін де екі апта жаттыға аламын. – Межеде алтын медаль алу бар ма? – Әрине. Мен Олимпиадаға тек ту көтеруші ретінде ғана емес, сонымен қатар оның ең биік шыңына шығуды да алға қойып бармақпын. Тарихта осылай әрі ту көтеруші, әрі Ойындар чемпионы ретінде қалғым келеді. Бір жолы әкем: «Балам, мен сені Олимпиялық ойындардан көретін болсам, арманымның орындалғаны деп біл», деген еді. Осы сөз менің жадымда қалып қойды. Міне, енді Олимпиадаға бара жатырмын. Онда жеңіске жету үшін бара жатқаным да шындық. – Спортқа қалай келдің? – Мені 7 жасымда әкем спорт­қа жетелеп әкелді. Таразда бірінші сыныпта оқыған кезімнен таэквондомен айналыса бастадым. Қазір Алматыда Спорт және туризм академиясының 4-курсында оқып жатырмын. Бірақ жарыстарға Жамбыл облы­сы­ның өкілі ретінде қатысамын. Дамир ҚОЖАМҚҰЛ Көршілері Максимге ақ жол тіледі Қарағанды қаласындағы көп қабатты үйлердің бірінің алдында белгілі дзюдошы Максим Раковтың Рио-де-Жанейроға бастап баратын сапарға аттануы нағыз мерекеге айналып кетті. Оны осы үйде қатар тұратын көршілері тойға бергісіз салтанатпен шығарып салды. Көрші-қолаң алдымен үйдің кіре­берісіне дастарқан жайып, оның үстінде спортшыға ақ жол тіледі. Көп­шіліктің жүрекжарды жылы сөздерінен кейін Максимнің анасы көзіне жас алды. Осы бір шадыман шақта және тебіреністі сәтте жиналғандар дзюдошы жігіттің үстіне қазақтың дәстүрлі оюлы шапанын жауып, бата берді. Бұдан кейін ойламаған жерден басталып кеткен той көшеде ән салып, би билеуге ұласты. Максимнің өзі соңында көршілерінен мұндай шығарып салуды ешбір күт­пегенін, сондықтан жүрегі жарылардай болып қуанып тұрғанын жеткізді. «Енді маған Олимпиададан медаль алып қайтпасқа болмайды. Көршілерімнің тілегі мен сенімін ақтап қайтуым керек»,  – деді спортшы өз сөзінде. Мұрат АЙТҚОЖА Жазира тұңғыштың тұғырына көтеріле ме? photo_45312 Қазақ спортының тарихында Олимпиада чемпионы, тіпті жүлдегері болған қазақ қызы жоқ. Бұйыртса, биыл Рио-де-Жанейро төрінде ауыр атлет Жазира Жаппарқұл исі қазақты қуантып, ел спорты тарихына есімін алтын әріптермен жаза ма деп дәмеленіп отырмыз. Рас, 2010 жылы тұңғыш рет Сингапурда өткен жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында Жазира саф алтынды өңіріне қадап, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілген. Жазира Жаппарқұл 1993 жылы 22 желтоқсанда Оңтүстік Қазақ­стан облысындағы Арыс қаласында туған. Ата-анасы әл­пештеп өсірген жеті қыздың кенжесі. С.Адамбеков атындағы орта мектептің 4-сыныбында оқып жүрген кезінен бастап ауыр атлетикамен айналыса бастайды. Қазақта, әсіресе, қазақы тәрбиесі басым оңтүстікте көп балалы отбасында ұлтымызға таңсық спорт түрімен айналысу әу баста Жазираға оңайға түспейді. Әйтсе де, қайсар қыз алған бетінен қайтпай, бар қиыншылықты жеңе біледі. Ал 2010 жылдан бастап, зілтемір көтерген қыздарын көрсе, үрке қарайтын қалың қазақты ғана емес, төрткүл дүниені мойындата бастады. Бойындағы бұла күшімен зілтемірді жұлқа да, серпе де көтеріп, жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында екінші орынға ие болды. Дәл сол жылы 14-26 тамыз аралығында Сингапурда алғаш рет жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындары өтіп, осы дүбірлі додада Жазира топ жарды. 63 кило салмақ дәрежесінде сынға түсіп, қоссайыс нәтижесі бойынша 205 (90+115) килоны бағындырып, Олимпиада чемпионы атанды. Ал 2011 жылы Парижде өткен ересектер арасындағы әлем чемпионатында буыны қатпаған қаршадай қыз 228 (100+128) кило көрсеткішпен 13-орынды қанағат тұтты. Есесіне, 2012 жылы Гватемалада өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында алтынмен апталды. Жұлқа көтеруде 106 килоны, серпе көтеруде 133 килоны еңсеріп, қоссайыста 239 киломен чемпион атанды. 2013 жылы Польшаның Вроцлав қаласында өткен әлем чемпионатында 9-орынды көңілге медеу тұтты (103+128 кило). Әйтсе де, ересектер арасында сынға түсіп, тәжірибе жинақтап қайтты. 2014 жылғы Азия ойындарында өзінің емес, бапкерлерінің ағаттықтарының кесірінен жүлделі орынға бір сүйем жетпей, 4-орынды иеленді (118+145 кило). Дәл сол жылы, қоңыр күзде Алматыда өткен әлем чемпионатында Жазира күміс медаль жеңіп алып, Алексей Ни бастаған Қазақстан ұлттық құрамасының бапкерлеріне өзінің әлеуетінің зор екендігін дәлелдеп берді. Қоссайыста 262 (118+144) килоны бағындырып, екінші орынға ие болды. Былтыр Хьюстонда өткен әлем чемпионатында да осы жетістігін қайталап, 256 (116+140) кило салмақпен тағы да жеңіс тұғырының екінші сатысына көтерілді. Әрі Алматыда өткен әлем чемпионатындағы көрсеткішінің кездейсоқ нәтиже емес екендігін нақтылап келді. Біз Жазираға сенеміз. Тума талант қайсар қыздың бағы жанса екен деп тілейміз. Басқасы басқа, бірақ біздің Жазираның Олимпиада ойындарында жүл­дегер атануға әлеуеті жетеді деп ойлаймыз. Жаратушы күш тек көлденең қырсықтан сақтасын. Шәмші ағамыз әнге қосқан Арыстың бойында туып-өскен қайсар қыз енді Әнұранымызға айналған Қалдаяқовтың әуенін Рио көгінде құйқылжытса, шіркін. Жоқ дегенде, жеңіс тұғырына көтеріліп, көк байрағымызды Бразилия аспанында желбіретсе дейміз. Күні бүгінге дейін Олимпиада жүлдегері болған қазақ қызының жоқтығы тек біздің, яғни қара­пайым журналистер мен жанкүйер­лердің ғана жанына батпай, басшылар мен бапкерлерді де ойландырса, ХХІ ғасырдың алғашқы жиырмашақты жылына дейін дәл осылай жабығып-қапаланып жүрмес едік. Нұрғазы САСАЕВ