Жұртшылықты жігерлендіретін жолдау
Биылғы Жолдаудың бұрынғыларға қарағанда орны да, орайы да бөлек. 2011 жыл ел Тәуелсіздігінің жиырма жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл – Алаш үшін айтулы жыл, мерейлі мереке. Жиырма жыл тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, біздің еліміз осынау қысқа уақытта ғасырға татитындай жол жүріп өтті, ерекше жағымды оқиғаларымен есте қалды. Осыған орай Елбасының биылғы Жолдауы жиырма жылдық тарихымызды көктей шолумен бірге, алдағы он жылдығымызға ұстанар мақсат, нақты міндеттер де қойды. Қазақстан осы жылдар ішінде өңірде ғана емес, әлемдік ірі-ірі оқиғалардың бел ортасында болды. Әлемдік геосаяси кеңістікте өзіндік орнын әйгілеп, әлем елдері санасатын іргелі елге айналды. Көптеген беделді халықаралық ұйымдардың мүшесі болып қана қоймай, солардың бірқатарына жетекшілік жасады, алқалы жиындарын өткізді. Мұның барлығының да басында тұңғыш Президент, ел қалаған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тұр. Қазақ елі тәуелсіздіктің жиырма жылдығына Елбасының бастауымен көптеген жетістіктерге қол жеткізе отырып, қарымды қадам басып келеді. Елдің әрбір азаматын алдағы күніміз қандай болады, нені бағдар етіп ұстаймыз, жетер жеріміз қайсы, оған қалай жетеміз дейтін сұрақтардың толғандырмай қоймайтыны белгілі. Биылғы Жолдауда келер онжылдығымыздың келбеті нақты та айқын тұжырымдалған. Бұлардың бәрі де құрғақ қиял немесе болжамды сөз емес. Сан қилы сараптамадан өткен, әбден таразыға тартылған, қаржылық-әлеуеттік негізі қаланған сандар. Арнайы бағдарлама қабылданып, жоспарлы да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Амандық болса, тосыннан келер кесепаттардан бейтарап болсақ, осында белгіленген көрсеткіштерді бағындырып, бейбіт те берекелі тұрмысқа жететінімізге сеніміміз кәміл. Жеріміздің ыңғайына, табиғи жағдайымыздың ерекшелігіне орай ауыл шаруашылығын дамыту міндетін қоюы да еліміздің болашағын ойлағаннан туған қадам деп білеміз. Өйткені, ауыл шаруашылығымен айналысушылардың денін қазақтар құрайды. Ауыл шаруашылығына көңіл бөлу деген сөз қазақтың тұрмысына көңіл бөлу деген сөз. Мамандардың пікірінше, елдегі қаржы айналымын қалыпты ұстап тұру үшін 16 миллиард теңге жеткілікті. Ал, мемлекетіміз жоғарыдағы мақсаттарға қол жеткізу үшін 130 миллиард теңге салуды жоспарлауда. Бұл дегеніміз Қазақ елі алдағы онжылдық әлетінде ерекше қарқынмен дамиды деген сөз. «Елде болса, ерінге тиеді» дегендей, ішкі жалпы өнімнің жан басына шаққандағы мөлшері 9 мың АҚШ долларын құрауы, ел экономикасының дамуға бет алғандығын айғақтайды. Бір байқағаным, Елбасы ешқашан да алдына орындалмайтын мақсаттар қоймайды. Елдегі жағдайды, қолда бар мүмкіндіктерді жан-жақты саралай отырып, нақты өмір шындығынан туындайтын шешімдер қабылдайды. Соның арқасында айтылған сөз, құрған жоспарлар орайы келіп орындалып жатады. Бір ғана мысал. 1992 жылы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы өзінің екінші Құрылтайын өткізді. Алқалы жиынға Елбасының өзі арнайы келіп қатысып, әлеумет алдында ағынан жарылып, ақтарыла сөйледі. «Қашанғы күтеміз. Тілімізді тұғырына қондырып, батыл-батыл қадамдарға бармаймыз ба» деп қызбаланғанымызда: «Жан-жақты көршілермен қырғиқабақ болып, ертеңгі күні елімізді үлкен-үлкен ұлттарға, елдерге қарсы қойып, талан-таражға түсірсек, тіл тұрмақ бас қайғы болады. Шыдау керек. Көпірден өтетін уақыт онша көп емес. Бір он бес-жиырма жыл уақыт керек. Қазіргі таңда елім деген әр азаматтың ойынан шықпауы тиіс негізгі мәселе – тәуелсіздіктің тағдыры болса деймін. Тәуелсіздік – тарихтың біздің ұрпаққа берген, тағдырдың қазаққа берген басты бақыты, баға жетпес дәулеті. Ғасырлар бойы аңсап келген, енді ғана қол жеткізген мемлекеттік тәуелсіздікті алдағы кезде қалай ұстап тұрамыз, қалай нығайтамыз деген ой санамызды қамшылап, халық алдындағы, тарих алдындағы жауапкершілік жүгін бір сәт те жеңілдетпеуіміз керек. Бүгінгі біздің басты міндетіміз – Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының негізгі бағыттарын дәл айқындап, нақты қадамдар жасай білу...» – деген болатын. Елбасы көреген екен. Айтқаны айдай келді. Бүгінде қазақ халқының саны артып, ел халқының 64 пайызын құрап отыр. Орта мектептерде қазақ тілінде білім алатын оқушылар саны да жетпіс пайызды еңсеріп, жыл сайын артып келеді. Тәуелсіздік тұғыры жыл өткен сайын беки, нығая түсуде. Құдайға тәубе, тәуелсіздік арбасы жүрісінен жаңылмай, болашаққа қарай тайпала басып келеді. Жүрісің өнімді болсын дейміз мұндайда. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қызметкерлерінің ыждағатымен «Елбасы және мемлекеттік тіл» атты жинақ дайындалды. Онда осы жылдар ішінде Елбасының мемлекеттік тілге қатысты айтқан сөздері, сұхбаттары, баяндамалары бәрі-бәрі қамтылған. Жинақты құрастыру барысында байқағанымыз, Елбасының 1989 жылдан бері қазақ тіліне қатысты айтылып келе жатқан ойлары мен ұстанымының бір-бірімен сабақтасып жатуы, елдегі этнодемографиялық, тарихи-мәдени, саяси-қоғамдық жағдайлардың даму өрісін ескере отырып, қазақ тілінің өрісін барынша кеңейте беруге тырысуы. Қазақ «ханда қырық кісінің ақылы бар» деп тегін айтпаса керек. Елбасы кейде тосын ойлар айтады, тың бастамалар көтереді. Астана көшін Арқаға бұрып, елдің ортасына, Есілдің бойына сәні мен салтанаты келіскен сәулетті қала салуының өзі неге тұрады. «Зияткерлік ұлт», «2020 жылға арналған шұғыл индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы», т.б. жобалар мемлекеттілігіміздің болашағын баянды етуге бағытталған ауқымды да кешенді шаралар. Түптеп келгенде, бұлардың бәрінің де сарқып құяр сағасы – ұлттық мемлекет құрудың алғышарты, іргетасын берік етіп қалау жолындағы алысты көздеген батыл қадамдар деп бағалағанымыз абзал. Сонымен бірге бұл Жолдаудан рухани сала да тыс қалмаған. Мемлекетке ұстын болып тұрған үш маңызды сала – білім беру, денсаулық сақтау және тілдерді дамыту жайына арнайы тоқталып, жеке-жеке тарау арналған. Аталған үш салаға арнайы мемлекеттік бағдарлама түздіріп, Елбасының бекітіп беруінің өзі де мәселенің қаншалықты маңызды екенін көрсетсе керек. Олай болатыны, мемлекет – бірыңғай пайда табуды көздеген коммерциялық құрылым емес. Мемлекеттің басты мақсаты да, міндеті де – халқының лайықты деңгейде өмір сүруіне қолайлы жағдай туғызу. Ел дамуының негізгі өлшемі – халықтың бақытты да барақатты ғұмыр кешуі. Мемлекет ісінде ұсақ-түйек деген болмайды. Белгілі бір салаға ғана басымдық беріп, қалғанын екінші, үшінші кезекке ысырып тастау да біржақтылыққа ұрындырады. Абзалы, тізгінді тең ұстау, теңшемді дамуға қол жеткізу. Осы орайда оқушылар мен мамандарды не үшін, кім үшін, қандай болсын деп дайындаймыз деген мәселе туындайды. Өйткені, бодан ел болып та қарның тоқ, көйлегің көк болып өмір сүруге болады. Аталарымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманы осы ма еді, келер ұрпаққа қалдырған аманаты осы ма еді. Жоқ. Олардың асыл арманы өз тізгініңді өз қолыңа алып, өз тағдырыңды өзің анықтау болатын. Тіліңе, дініңе, діліңе, жеріңе иелік етіп қана қоймай, лайықты өмір сүру болатын. Құдайға шүкір, осы арманға қол жеткізіп келеміз. Елбасы 2020 жылға қарай мектеп бітірушілердің 100 пайыз мемлекеттік тілді меңгеріп шығатынын қадап тұрып айтты. Өйткені, «мемлекеттік тілді меңгермеген баланың – мемлекетке, ұлтқа қызмет етуі қиын». Туған тіліміздің тағдырын өз тағдырымызға балап, өмірімізді арнап келе жатқан сала болғандықтан, бізді, әсіресе, Жолдаудағы тіл жайы көбірек қызықтырды. Жолдауда тілге қатысты арнайы бір тарау бағышталған. Онда: «Біздің міндетіміз – 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға дейін жеткізу. Ал 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды құрауы тиіс. Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады. 2020 жылға қарай ағылшын тілін білетін тұрғындар саны кемінде 20 пайызды құрауы тиіс деп есептеймін», – делінген. «Таң атпайын десе де, күн шыққанын қоймайды» демекші, елдегі этнодемографиялық ахуалдың барысы тілдік жағдайға, ұлттық саясатқа өз әсерін тигізбей қоймайды. Қашанда «көп қорқытады, терең батырады». Сондықтан да қоғамдық даму туғызатын өзгерістерді ескеру және соған сай әрекет жасау айрықша өзекті. Бұл міндеттердің толық еңсерілетініне және іске асатынына сеніміміз кәміл. Әрине, бұл Жолдаудағы мақсаттарға қол жеткізу үшін «Мемлекеттік тіл туралы» заңды қабылдау ауадай қажет. Заң қабылданса, ең алдымен елдің қазақ тілінің болашағына деген сенімін барынша орнықтыра түседі, екіншіден, қажеттілікті арттырады, үшіншіден, тіл саясатының пәрменділігін күшейтеді. Қабылдануы тым ұзаққа созылып кеткен тіл туралы заңның да мәселесі көп ұзамай оң шешімін табады ғой деп үміттенеміз. «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайларына қатысуы, Қазақстан халқы Ассамблеясының жиындарында сөйлеген сөздерінде үнемі мемлекеттік тілді үйрену мәселесін міндет етіп қоюы, баяндамалары мен сұхбаттарында қазақ тілінің мәселесін ұдайы көтеріп отыруы Елбасының бұл мәселеге айрықша ыждағаттылықпен қарайтынын көрсетеді. Алайда, Елбасының осынау бастамаларын биліктің әртүрлі деңгейінің тізгінін ұстап отырған шенеуніктеріміздің іліп алып кетуде табандылық танытпауы, басталған істі жеріне жеткізбеуі қынжылтады. Солқылдақтық танытып жүргендер Елбасының осы Жолдауынан кейін шындап ойланар, өз бағыттарына тиісті өзгерістер енгізер деп ойлаймыз. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы және оның жергілікті жердегі ұйымдары Елбасының Жолдауда тілге қатысты алдымызға қойған міндеттерін бағдарға алып, соны орындауға белсене атсалысатын болады. Елбасы халықтың алдына өршіл де өміршең міндеттер қойды, қол жетер мақсаттар белгіледі. Біз осы мақсаттарға Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлымен бірлесіп қол жеткізуді қалаймыз. Осы кезге дейін Елбасының бастамаларын қолдап келгенбіз, әрі қарай қолдай береміз де. Бір сөзбен айтқанда, бұл Жолдау Қазақ елінің болашағын баянды етуде бағдар бола алады деп сенім білдіреміз. Елбасы көздегендей баянды «болашақтың іргетасын бірге қаласамыз!». Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик.Ұрпаққа жасалған қамқорлық
Еліміздің келешегі, мемлекетіміздің болашақтағы берік тұғыры болатын талантты жастарға заман талабына сай білім беру мәселесін бірінші кезекке қойып келе жатқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен 2008 жылы «Дарынды балаларға арналған жаратылыстану-математикалық бағыттағы 20 зияткерлік мектептер» салу қолға алынған еді. Қазіргі кезде 100 пайыз мемлекеттік үлестегі бұл білім ұяларының 5-еуі уақыт өлшеміне сай жұмыс істеп жатыр. Бүгінде онда мыңдаған ұл-қыз білім алып жатса, оларға 597 таңдаулы ұстаздар сабақ беруде. Таяудағы Қазақстан халқына Жолдауында Нұрсұлтан Әбішұлы: «Менің тапсырмам бойынша бүкіл елде ашылып жатқан 20 зияткерлік мектептер дарынды балаларды үздік жоо-лар үшін дайындаудың негізгі арқауына айналатын болады» деген еді. Бұл сөз бізге үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Шынында, білім жүйесі адамзат өміріне ерекше жол ашатын сала. Біздің мектепте білім берудің екі моделі жүзеге асырылу үстінде. Оның біріншісі, жаратылыстану-математикалық бағыттар болса, екіншісі, халықаралық бакалавриат бағдарламасы дер едім. Бізде оқыту мен тәрбие қатар жүргізіледі. Пәндер негізінен бейіндік бағытта үш тілде оқытылады. Мұғалімдер тек қана оқушылармен жұмыс істеп қана қоймай, ата-аналармен де веб-байланыста болады. Ұстаздарды жұмысқа қабылдау конкурс арқылы жүргізіледі. Олар алдымен тестілеуден өтсе, екінші кезеңде шығармашылық конкурстан сынаққа түсіп, шешуші сәтте әңгімелесу арқылы сөйлеу мәнері мен мақамы талқыға салынады. Ал халықаралық бакалавриат бағдарламасын жүзеге асыру ісінде шетелден мұғалім тарту мәселесі өз шешімін тауып отыр. Сол секілді жоғары оқу орындарына үздік жастарды дайындайтын болғандықтан қазірден бастап Отанымыздағы іргелі университеттермен тығыз қарым-қатынас жасаймыз. Оқудың терең берілуі, тәрбиенің тағылымды үйретілуі, ол тікелей мұғалімдердің қарым-қабілетіне байланысты десек, олардың дер кезінде білімін көтеріп отыру қажеттілігі өзінен-өзі түсінікті. Біздің басқарма бұл жұмысты да жоғары дәрежеде үйлестіріп, оқытушылардың өзара тәжірибе алмасуын, еліміздегі озық үлгілерді сабағына пайдалану, қажет болған жағдайда шетелдерде білім жетілдіру on-line курстарынан өту қарастырылып келеді. Зияткерлік мектептердің 2-6, 7-10 сыныптарына оқушыларды қабылдау негізінен пәндер бойынша кешенді тестілеу, бейінді пәндерді меңгеру қабілетін анықтау, жазбаша бақылау жұмыстарын алу, тілдерді (қазақ, орыс, ағылшын) үйрену қабілетін тексеру арқылы жүзеге асады. Осындай жұмыстың барлығы да Елбасының әр жыл сайын халыққа Жолдауында көрсетілген нақты тапсырмалар аясында орындалып келеді. Биылғы Президент Жолдауындағы «Сапалы білім беру Қазақстанның индустрияландырылуының және инновациялық дамуының негізіне айналуы тиіс» деген тапсырмасын біздің зияткерлік мектеп ұстаздары өздеріне жүктелген міндет деп, сол үдеден шығу жолында күш-жігерлерін жұмылдырып жатыр. Күләш ШӘМШИДИНОВА, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» АҚ басқарма төрайымы.Кереку өңірі бірлікті, елдікті қолдайды
Биылғы Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев назарды еліміздің Тәуелсіздігі жылдарындағы қазақстандық жолдың бірлік, тұрақтылық, өркендеу сияқты негізгі құндылықтары қалыптасқанына ерекше аударды. Ал облыс орталығындағы Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театрында өткен «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауды талқылауға арналған актив жиынында облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев тарихи маңызы зор құжаттан туындайтын іргелі міндеттер жайлы сөз сөйледі. Атқарылған істер көп екенін, атқарылатыны одан да көп екенін әңгімесіне арқау етті. Оның ішінде экономика саласында жасалған және жасалатын жұмыстарға жан-жақты тоқталды. Сонымен қатар, қазіргі уақытта облыста 19 жаңа мектеп салынуы қажет екенін атады. Облыста тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін көрсетуге арналған шығыстардың артуы 2010 жылы 2008 жылмен салыстырғанда 57,6%-ды құрады, бір тұрғынға шаққанда шығыстар 42%-ға, ал жан басына шаққанда норматив 2,1 есе көбейді. Облыста денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесінің бірінші кезеңі табысты енгізілді. Демографиялық көрсеткіштердің жақсаруы жүргізілген реформалардың нәтижесі болып табылады. Балалардың өлім-жітімі 2010 жылы өткен жылмен салыстырғанда 28,8%-ға, аналардың өлім-жітімі 48,9%-ға төмендеді. Туберкулезге шалдыққандардың саны 2009 жылмен салыстырғанда 12,8%-ға, ал қайтыс болғандар 18,4%-ға азайды. Ауыл тұрғындары үшін дәрі-дәрмектердің қолжетімдігін қамтамасыз ету маңызды. Өткен жылы 185 ауылда дәріханалық пункт ашылды. Жеке меншік дәріханалық ұйымдар 14 жылжымалы дәріханалық пункт ұйымдастырды, олар дәрі-дәрмектерді сатуды облыстың 262 ауылында жүзеге асыруда, деді Б.Сағынтаев. Ауыл үшін ауыз су тапшы. Елбасы жүктеген талаптарға орай ауқымды жұмыстар атқарылатын болады. Елді мекендерге сапалы ауыз су жеткізу мақсатын көздейтін «Ақ бұлақ» бағдарламасына биыл 3,6 миллиард теңге қарастырылған, деді өңір басшысы. Жиында шағын және орта бизнесті өркендету жайы да жан-жақты сөз болды. Президент ел дамуының басым бағыттарының бірі қазақстандық азаматтардың тұрмысын жақсарту болып табылады деп үнемі атап көрсетеді. Әлеуметтік өзгерістерге ерекше назар аударады, оның шеңберінде үш маңызды мемлекеттік бағдарламаны анықтады. Олар: білім беру, денсаулық сақтау және тілдерді дамыту. Президент әрбір қазақстандықтың жеке сенімі «өмір бойы білім алу» болуы тиіс екендігін ерекше атап айтты, деді Б.Сағынтаев. Жиында шалғайдағы ауылдан келген Сайлау Оразбаев, болашақ ғалым Сапар Шалабаев, тағы басқалар Жолдауда көрсетілген міндеттерді жүзеге асыруға өз үлестерін қосатындарын жеткізді. Сондай-ақ, Жолдауды қолдап «Богатырь-Көмір» серіктестігінің бас директоры Виктор Щукин, Ақтоғай аудандық ауруханасының бас дәрігері Зәуре Айдарханова, «Казтресткем» серіктестігінің басшысы Александр Болдашевский, баянауылдық мәдениет қызметкері Таисия Страдаева өз ой-пайымдарын ортаға салды. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.