22 Шілде, 2016

Өңірдің өркендеуіне үлес

280 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Орал Республикадағы инвес­ти­циялық әлеуеті жоғары өңір­лердің бірі – Батыс Қазақстан. Бүгінде мұнда осы әлеуетті өңір экономикасының өсу деңгейін көтеруге пайдалана білудің жолдары қарастырылуда. Бұл жөнінде қандай тың ойлар мен ұсыныстар бар? Мұндай сауалға таяуда Орал қаласында өткізілген «AKZHAIYK INVEST» инновациялық форумында жан-жақты жауаптар қайтарылды. Әрі аталған форум өңірде инновациялық құрылым жасақтаудың басты жолы бола алатыны атап көрсетілді. Оның түп-төркіні экологиялық тұрғыдан таза, қауіпсіз өнім өндіру әрі қазіргі заманға сай дамыған қала құру болып отыр. Бұл мақсат өңірдегі ірі ком­паниялардың қолдауы мен көмегі арқылы жүзеге асырылмақ. Әрине, осыған қарап облыста бұған дейін инновациялық технологиялардың даму үлгілері жасақталмаған деп түсінсек ұшқарлыққа ұрынамыз. Атап айтқанда, Ақжайық ай­ма­ғында 2014 жылдан бастап «Болашақ-Т» және «СВ плюс» үй құрылысы комбинаттары жұмыс істейді. Олар құрылыс материалдарын өздері шығарып, оны өздері тұрғын үй құрылысына пайдаланады. Ал екінші бір инвестициялық жоба – бекіре балықты табиғи емес, тұйық су айдынында өсіру өндірісі. Сонымен бірге мұның қатарын машина жасау, агросектор өнімдерін өңдеу кешені, құрылыс индустриясы, шағын және орта бизнес пен туризм са­ласы толықтырады. Өңірде оның бәрін жаңаша көзқарас тұрғысында дамыту белгіленген. Облыста БҰҰ Даму бағ­дар­ламасы аясында халықаралық қаржы институттарымен ке­лісім­дер жасалған. Сонымен бірге, сарапшылармен, отандық және шетелдік инновациялық компаниялармен өткізілген кездесулер де нәтижесіз емес. Соның бірі Астана қаласында облыс әкімдігі мен Еуропа қайта құру және даму банкі арасында жасалған келіссөз. Соған сай Орал қаласының жылу жүйелерін жаңғырту жөніндегі ірі жобаға қол қойылды. Оның қаржыландыру қоры 7 миллиард теңгені құрайды. Мұндай бірігіп іске асырылатын жобалар қатарында – техника паркі мен қалалық жолаушылар тасымалы басқармасы жүйесін жаңғырту және қонақүй бизнесін дамыту жобалары бар. Коммуналдық қызметті басқару саласы да осы тізімде тұр. Сондай-ақ, бүгінде Орал қа­ласында электр қуатын үнемдеу технологиясын енгізуге баса назар аударылған. Осы арқылы облыс орталығындағы жарық жүйесін жаңа сапалы деңгейге көтеру көз­делген. Өңірдегі тағы бір елеулі ерекшелік «ақылды» және таза қала бағдарламасы аясындағы тың жобаның қолға алынуы деуге болады. Тұрмыстық қалдықтарды өңдеу ісі де соның бір тармағын құрайды. Әрине, білмеген жердің ой-шұң­қыры көп дегендей, бұ­ған дейін беттесіп көрмеген іс­­тің таныс емес иірімдері де аз болмайды. Сондықтан оны «SmartCity» және «Doranova» секіл­ді ше­телдік компаниялармен тізе қо­сып атқару белгіленген. Орал өңірінде осылайша іс­керлік байланыстардың аясы жылдан-жылға кеңейіп келеді. Тағы бір айта кетерлік мәселе, осы мақсатта алдағы қыркүйек айында «WestKazInvest» халық­аралық инвестициялық форумын өткізу жоспарланған. Бұл басқосу бизнесті дамытуға және жаңаша жандандыруға соны серпін береді деп күтілуде. Оны ұтымды пайдаланып қалу қай кәсіпкер үшін де қолайлы болмақ. Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің айтуы бойынша, қыркүйектегі форумға мыңнан астам іскер адамдар қатыспақ. Оның 150-ге жуығы ше­тел­­дік компания өкілдері болмақ. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» ОРАЛ