22 Шілде, 2016

Бекзат орда

313 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
  Astana-Opera 12 Айы оңынан туған «Астана Опера» Астана республикамыздың ресми орталығы ретінде дамып қа­на қоймай, ел руханиятының да еңселі ордасына айналып ке­леді. Қазір мұнда қаншама қазыналы мәдениет мекемелері бой көтерді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен ашыл­ған «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры аз ғана уақыт аралығында елорданың ең іргелі өнер ұжымы атанды. Көрнекті композиторымыз Мұқан Тө­ле­баевтың «Біржан – Сара» операсымен шымылдық түрген бұл театр бүгінде бүкіл дүниежүзіне белгілі. Оның сах­­насында әлемдік классика санатындағы сүбелі туындылар қойылды. Шекесінен шертіп жүріп шедеврлерді шетінен игерген астаналықтардың ше­берлігіне Еуропаның, Аме­риканың талғамы жоғары кө­рермендері сүйсіне қол соқты. Соның арқасында атақ-даңқтары алыстарға тарады. Сәулет саласының бұрын-соңды үздік үлгілерімен салын­ған ғажайып ғимарат­тың сән-салтанатын көруге көз керек. Аумағы 660 мың шаршы метрден асады. Барлығы 1250 орындық үлкен залына кірген адамның қайта шыққысы келмейді. Көп­шілік көңілін көншітудің кешенді элементтері келісім тапқан. Алғашқы маусымда-ақ Дж.Вердидің «Аттиласымен» аяқтанып, халықаралық тұсау­кесерін өткізген «Астана Опера» П.Чай­ковскийдің «Ұйқыдағы ару», «Ақ­қу көлі», А.Хачатурянның «Спартак», С.Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта», Б.Эйфманның «Роден» балеттерін, сондай-ақ Дж.Пуччинидің «Богема», «Тоска» операларын олжалап үлгерді. Осынау жаһан­дық жауһарларды ойдағыдай шығару үшін сырттан Ю.Григорович, Ю.Алек­сандров сияқты «сырттандар» шақырылды. Екінші маусым дүбірі біраз жерге жеткен «Жібек жолы» халықаралық фес­ти­валімен басталып, Дж.Вердидің «Тра­виата» және «Аида» операларымен айшық­талып, Ғ.Жұбанованың «Қарагөз», П.Чайковскийдің «Шелкунчик», Б.Аса­фьевтің «Бақшасарай бұрқағы» балет­терімен бедерленді. Ал үстіміздегі жыл Алан Бөрібаев пен италиялық режиссер Джанкарло дель Мо­наконың жаңа қойылымындағы «Абай» операсының, Л.Минкустың «Баядерка», М.Жаррдың «Париж Тәңір анасының соборы» балеттерінің премьерасымен есте қалары анық. «Астана Опера» қысқа мер­зімде қа­лыптасып, тез танылды. Алматыда табысты аяқталған әуелгі гастроль әлемдік турнирге ұлас­ты. Сәті түсіп Париж, Рот­тердам, Нью-Йорк, Торонто, Антверпен, Санкт-Петер­бург сапар­­ларынан әдемі әсерлермен оралды. «Астана Опера» өзгелерге қонаққа барып қана қоймай, өздері де мейлінше мей­мандостық танытып, миландық Ла Ска­ла, неаполитандық Сан-Кар­ло театрларын қабылдап, жер­лестерімізді талайды тамсан­дырған тарландардың кесек талантымен табыстырды. Алғашқы қадамынан-ақ арындаған «Астана Опера» тө­рінде Елена Образцова, Вале­рий Гергиев, Хосе Каррерас, Анна Нетребко, Марсело Альварес, Марко Боэми, Светлана Заха­рова, Ахмед Ағади, Вадим Ре­пин, Денис Мацуев, Ильдар Әбді­разақов, Ольга Перетятько және басқа да әйгілі әртістер төбе көрсеткені – театр жылнамасында алтын әріптермен жазылар айшықты оқиғалар. Кез келген ұжым айналасы­нан ат оздыру үшін ең алдымен ондағы жұмыс істейтін адамдардың қарым-қабілеті жоғары болуы тиіс. Осы орайда «Астана Опера» айы оңынан туып тұр десек, қателеспейміз. Әсіресе, шығармашылық құрам­ның ізденіс­теріне айрықша тоқталған абзал. Өйт­кені, мұн­­дағы басты буындардың тұтқа­сын танымал тұлғалар ұстап отыр. Мәселен, симфониялық оркестрдің бас дирижері Вена консерваториясының түлегі Алан Бөрібаев жастығына қарамай, біраз биіктерді бағындырған жампоз. Қа­лың қазаққа қадірлі Ахмет Жұбановтың жиені. Тектінің тұяғы қазір нағыз шабыт шалқытар шағында. Балет труппасының көр­кемдік жетек­шісі болып кезінде Санкт-Петербургтегі Мария театрының прима-балеринасы атан­ған, кеңестік бишілер арасынан алғашқылардың сапында шетел асқан, кейіннен ақ түндер қаласындағы А.Вага­нова атындағы Орыс балет академиясын басқарған қандасымыз, Ресейдің ха­лық әртісі Алтынай Асылмұратова тағайын­далды. Айдынына оралған аққудай көңіл күйдегі ол тарихи отанының абыройын асқақ­татуға қомақты үлес  қосады деген үміт­теміз. Опера бөлімін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Байғали Момбеков басқарады. Музыка мамандары Ержан Дәуітовтің дәргейіндегі хор әншілерінің мүмкіндігі мол екендігін жиі ауызға алады. «Біздің мақсатымыз – елі­міздің мәде­ниет саласындағы саясатын абыроймен жүзеге асыруға атсалысу. Ұлттық, әлем­дік музыка мұраларын ұдайы насихаттау, халықтың рухани байлығын арттыру секілді мерейлі міндеттерді орындауды басты борыш санаймыз. Елбасы салдырған самаладай жарқыраған театрдың ішін творчестволық табыстармен толтыруға тырысу үстіндеміз. Өнерпаздарымыздың кәсіби тұрғыдан өсулеріне көп көңіл бөлінуде. Әлемдегі ең мықты мәдениет орталықтарының біріне айналуды армандаймыз. Мұқым дүние дидарында мұндай театр саусақпен санарлық қана. Техникалық мүмкіндіктеріміз теңдессіз. Репетициялық залдарымыз жетерлік. Сахналаған спек­такль­деріміздің сапасы халықаралық талаптарға толы­ғымен жауап бере алады. Шетелдерден шақырылатын майталмандар қойылымдарымыздың сәтті шығуына септігін ти­гізеді, сондай-ақ талапты жас­тарымыздың шеберлігін шыңдауға ықпал етеді. Мар­ғасқалардың жүріс-тұрысының өзі кейінгілерге кереметтей үлгі-өнеге емес пе?!» дейді «Астана Опера» МОБТ директоры Төлеубек Әлпиев. Оның айтуынша, үлкен іріктеуден таңдалған үздіктердің қатарына Майра Мұхамедқызы, Нұрлан Бекмұхамедов сын­ды сайдың тасындай саңлақ­тарымыздың қосылуы – жақсылықтың белгісі. Әртүрлі театрлармен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылған. «Еуропа Опера» ассоциациясына мүшелікке қабыл­даныппыз. Ендігі жерде жоспар алдын ала жасалады. Себебі, өзімізге шақыртатын жұл­дыздардың басқалармен жасалынған келісімшарттарын ескермеске болмайды. Театр басшысы өздерінің ұлттық репертуарды ұштауға баса назар аударылатынын атап өтті. Өйтпесе «Астана Операның» басқа театрлардан айырмашылығы болмай қалады. Біз өзгелерді ұлттық нақыштағы ерекшеліктерімізбен таңдандыруға тиіспіз. Сонда ғана ешкімге ұқсамайтын соны қолтаңбамыз қалыптаспақ. Бұл ретте «Абай» операсы, «Қарагөз» балеті асыл арналарымызды әспеттеуге жол ашпақ. Шетелдік бір рецензент «Абай» операсын әлемдік деңгейдегі туынды ретінде бағалаған көрінеді. Солистеріміздің біліктілігін сом­дауға да көп күш салынып жатқан сияқ­ты. Қазақстан тарихында тұңғыш рет театрдың 4 түлегі Генуя театрында өткен «Богема» операсының премьерасында ойнап, тағы төрт музыкант Миландағы ЭКСПО-ның мәдени бағдарламасында Бетховеннің 9-симфониясын орындауға қатысып­ты. Бірқатар әртістеріміз арнайы шақыр­тулармен шартарапты шарлаған. Хор айтушыларымыз төрт бірдей халықаралық фестивальдардың жеңімпазы атаныпты. Дәулескер дирижер В.Гергиевтің қа­лауы­­мен симфониялық оркестр Санкт-Петер­бургке сапарлап қайтыпты. Атағы аспан­даған корифейдің бұлай ықылас танытуы «Астана Операның» осал еместігін көрсетсе керек. – Көрермен театрға бірінші рет келгенде айналасындағы сұлулықтан эстетикалық ләззат алары талассыз. Сол адамды шаңы­рағымызға қайта айналып соғатындай әсерге бөлеуіміз қажет. Сондықтан, әрбір спектакль біз үшін емтихан тәрізді. Көрер­мендер ынтасын жоғалтпау жолында барымызды салып бағамыз, – деп әңгімесін аяқтаған Төлеубек Нығметұлына біз де тілек­тестігімізді білдірдік. Талғат БАТЫРХАН, «Егемен Қазақстан» Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ