министрлікті неге селт еткізбейді?
Осыдан сегіз жыл бұрын Алатаудың баурайындағы алма бақтарында карантиндік ауру – жеміс ағаштарының бактериялықa күйігі пайда болып, бүгінде ол кең таралып келеді. Дабыл қағарлық жайт. Бірақ, бағбандар дауысы кабинеттерден шығып, Талдықорғанда Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов қатысқан аграрлық сала қызметкерлерінің мәжілісінде айтылғанымен әзірге нақты әрекет жоқ.
Негізі жеміс ағаштарының бактериялық күйігінің алғашқы белгілері 2008 жылы Еңбекшіқазақ ауданында алмұрт ағаштарында, кейіннен алма ағаштарында байқалып, 2012 жылы Ресейдің өсімдік карантині ғылыми-зерттеу институтында тексеріліп, ресми дәлелденген еді. Айқындалған аурудың дамуы және тарау қарқыны қазіргі уақытта өте жоғары болып тұр.
Республикалық диагностика және болжамдау мекемесінің мәліметіне сүйенсек, 2012-2014 жылдары өткізілген мониторингтік шаралар нәтижесі бойынша қауіпті карантиндік аурумен залалданған бақтар көлемі 342 гектар болса, тура бір жылдан кейін тексерілген 4500 га бақтан 345,7 га (8%) залалданғаны айқындалды. Жалпы, бүгінгі күнге облыс көлеміндегі 14 мың га бақтың 4 пайызы, яғни 11 аудан, 2 қаладағы 137 заңды және жеке тұлғалардың бақтарында кеңінен таралып, жұқпалы ауру сақталатын орынға айналғаны алаңдатарлық ахуал болып тұр.
Ғылыми негіз бойынша жеміс ағаштарының бактериялық күйігі өте қауіпті ауру болып саналады. Ауру қоздырғышы Erwinia amylovora бактериясы. Ауруды тек зертханада арнайы жабдықтармен, бактериологиялық тестілеу әдісі арқылы ғана нақтылы айқындауға болады. Бактерия раушангүл тұқымдас өсімдіктердің 160-қа жуық түріне залал келтіреді. Әсіресе, алмұрт, долана, шетен, алхоры, алма ағаштары көп мөлшерде зиян шегеді. Алмұрт ағаштарының иммундық сорттары бүгінге жоқ. Алма ағашының апорт сорты және оның селекциялық өскіндері – румянка, алматылық, рашида, восход, айнұр, грушовка осалдық танытып, тез залалданады. Ғылыми негізді жетісулық бағбандар тұжырымымен жалғастырсақ, егер үш күн тынбай жауын жауып ауа ылғалдылығы 70 пайыз болса Erwinia бактериясы тез тарайды екен. Аурудың ерекше белгілері жеміс ағашында майысқақ бұтақтар пайда болып ақшыл және сарғыш эксудат тамшыларының бөлініп шығуымен білінеді. Күн ысыған жағдайда аурудың таралуы мен дамуы баяулап, эксудат кеуіп, көзге көрінбейтін қабыршаққа айналады. Алайда жауыннан кейін аурудың дамуы қайта басталады. Бүгінгі күнге дейін ауруға қарсы жүргізілген шаралардың бірде-бірі нәтижесін бермеді. Химиялық күрес шараларын міндетті түрде жүргізу қажет. Негізінен 3%-ық бордос сұйығын немесе басқа да құрамында мысы бар құралдарды шанақтар пайда болған кезеңнен бастап жеміске айналғанға дейін 5 мәрте қолдану және зиянкестерге қарсы химиялық күрес жүргізу қажет. Күзгі, қысқы кезеңде қураған бұтақтарды кесу, ағаштан түскен және шіріген жемістерді жинау, жабайы өскіндерді кесу, сүнгектерді әктеу, көктемде фунгицидтер мен инсектицидтерді қолдану, бұтақтарды залалданған жерінен 30-40 см. төмен кесу бақтық нұммен дезинфекциялау жұмыстарын алдын ала жүргізу керек. Бақтар осы аурумен жоғары дәрежеде (30% жоғары) залалданған жағдайда жеміс ағаштарын түбімен қопарып, өртеу шараларын жүргізу қажет. Иә қолы қысқа бағбан қанша жерден кәсіби маман болғанымен «керек», «қажет» дегеннен аса алмайтыны анық.
«2008 жылдан бастап бактериялық күйікке мониторинг шараларын қаржыландыру Алматы облыстық аумақтық инспекциясының ұсынысымен мемлекеттік бағдарламаға кіргізіліп, республикалық бюджет есебінен атқарылуда. Облыс әкімінің карантиндік аймақ бекіту туралы шешімі шықты. «Алматы облысы аумағында алма бақтарында таралған карантиндік нысан – жеміс ағаштарының бактериялық күйігіне байланысты қалыптасқан күрделі жағдай және осы қауіпті ауруды айқындау, оқшаулау және жоюға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру туралы» облыс әкімі орынбасарының төрағалығымен облыстық семинар-кеңес өткізілді. Айта кететін жағдай, «Облыс аумағында карантиндік режимді енгізе отырып, карантинді аймақты белгілеу туралы» Алматы облысы бойынша әділет департаментінде нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелді. Биыл жеміс ағаштарының бактериялық күйігін (Erwinia amylovora (Burill) Winslow et al.) анықтауға жалпы көлемі 5500 га жерде мониторингтік шаралар жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күнде 119 сынамадан іріктеп алынып, карантиндік зертханаға жіберілді. Нәтижесінде 29 сынамадан, жалпы көлемі 124,11 га бақтарда аталған ауру анықталды», деді Алматы облыстық аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Болат Жылқыбаев.
Қорыта айтқанда, ресми дерекке дәйектеме келтірілді. Ал есепке алынбаған жекеменшік бақтар иелері мен заңды түрде тіркеліп мемлекеттен субсидия аламыз ба деп үміттеніп отырған бағбандар әзірге сақтық танытып отыр. Араларында өз бақтарын жыл сайын дәрілеп, залалсыздандырып отырғандары да бар. Бірақ жалғыз ағаш орман емес деген ғой. Ресми мәлімет бір жылда жеміс ағаштарының бактериялық күйігі сегіз пайызға өскенін растап отыр, Одан бері төрт жыл өтті. Сонда мемлекеттен бөлініп жатқан субсидия қайда кетіп жатыр? Сонымен қатар, мал тұқымын асылдандыру, жалпы ауыл шаруашылығы саласы бойынша жылдар бойы мемлекеттен бөлінген субсидия, яғни қайтарылмайтын қаражаттың өз мақсатында жұмсалғанына, берген нәтижесіне есеп алатын уақыт келді.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы