Биылғы жаз айрықша жаңбырлы болып тұр. Нөсерден қала көшелері өзенге айналып жатқаны үйреншікті көрініске айнала бастады. «Қазгидромет» мекемесінің мамандары болжам бойынша 23-25 шілде аралығында да ел аумағының басым бөлігі жаңбырлы болатынын ескертіп отыр.
«Республикамыздың шығыс және батыс бөлігін торлаған екі циклон, атмосфералық фронттар жүйесі арқылы өзара байланысты. Сондықтан, демалыс күндері Қазақстан облыстарының басым бөлігінде әлі де тұрақсыз ауа райы, жауын-шашын, найзағай, кей жерлерде 15-23 м/с екпінді жел болып, Іле Алатауында алдағы тәулікте нөсер жүреді. Батыс өңірде Ресейдің еуропалық аумақтарынан ығысқан циклон әсерінен ыстықтың беті қайтып, өткен түнде басталған жаңбыр, алдағы үш тәулікте де жалғасады» деп хабарлады кеше «Қазгидромет» РМК.
Ал кеше түнімен жауған жаңбыр Астана көшелерін көл-көсір өзенге айналдырып, таңертең жұмысқа асыққан жұртты әбден әбігерге салды. Біреулері белуардан су кешіп, көліктерінің жоғалған мемлекеттік тіркеу нөмірлерін іздесе, енді бірі топан ортасына тоқтап қалған көлігін сүйреп сарсаңға түсті.
Табиғаттың осынау тосын мінезіне ауылдағы шаруа қуанып отыр. Өйткені, биыл егін бітік, шөп шүйгін шыққан. Енді жинап алар кезде жаңбыр тағы толастамай, кедергі жасамаса болғаны...
Нөсердің Өскемен көшелерін де Венецияға айналдырғанын осының алдындағы санымызда жазған болатынбыз.
Әрине, бармақ басындай бұршақтар мен көлдетіп-селдетіп жауған жаңбыр Алматыны да айналып өткен жоқ.
Қалада шілденің алғашқы таңының өзі сұмдық күн күркірімен басталған болатын. Қатты болғаны соншалықты, иттер қорқыныштан шәуілдеп үріп, машиналардың дабылы ұлардай шулағанын әлеуметтік желідегілер жарыса жазды.
Табиғаттың мұндай тосын құбылысын «Қазгидромет» РМК Алматы филиалының метеоболжам бөлімі Алматы облысы аумағында циклон жүріп жатқандығымен түсіндірген еді.
Алайда, содан бері де Алматыда аяқ астынан басталатын алақұйын дауыл төпелеп жауатын нөсерге ұласып, күн сайын қайталанып отыр.
Алматыдағы бұршақ аралас үлкен нөсер 16 шілде күні бір абдыратып өтті. Қалалықтарды әсіресе, 18 шілде күні болған дауыл қатты шошытты.
Көп кешікпей қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілдері «112» қызметі арқылы мәлімет таратты. Небәрі бір сағаттай болған жаңбыр араласқан дауылда қала бойынша 24 ағаш құлапты. Оның 16-сы жол жиегінде, аулаларда қаңтарулы тұрған жеңіл авто көліктердің үстіне түсіп, елеулі зақым тигізген. Жел қаңбақтай ұшырған жаздық шатырлар да баршылық. Өкінішке қарай, бұл күні құлаған ағаштың кесірінен кісі өлімі де орын алды.
Жаңбырлы дауылдың күштілігін Алатаудың етегін ала орналасқан Наурызбай ауданының тұрғындары айрықша сезді. Қаланың жоғары жақ бөлігінде, «Орбита», «Қарғалы» «Қалқаман» шағын аудандарының жоғары бөлігінде дауылмен, жаңбырмен араласып торғайдың басындай бұршақ жауды. Электр желісінде өрілген сым темірлер желден соқтығысып жарылыстағы секілді қатты дыбыстар шықты.
Бір қызығы, бұл күндері Алматыда аяқ астынан астаң-кестең дауылмен басталып, жаңбырға, кей жерлерде бұршаққа ұласатын жаңбыр бір ғана мегаполисте түрлі-түрлі ауа райы болатындығын көрсетіп отыр. Қаланың бір бөлігінде нөсерлетіп тұрса, таулы жағында таза бұршақ төпелейді. Бұл кезде бұлттардың көшуіне байланысты, батыс бөлігінде күн жарқырап шығып тұруы ғажап болмай қалды.
Ал 18-і күні Алматыдағы қайғылы оқиғалармен орайлас жұртты қорқыта келген аспандағы алапат бұлт туралы «GisMeteo» мамандары төмендегідей түсінік берді: «18-і күні Алматының аспанынан төнген алып спираль тәрізді, яғни найзағайлы бұлт ауа ағынымен құйын сияқты айналып келген өзіндік бір мезоциклон. Мұндай конвективтік құбылыстар уақытқа қатысты жүріп өтуі жағынан тұрақты болады. Және оның көлемі 50 шақырымға дейін жетіп, ірілігі 10 сантиметрге дейінгі бұршақты болып келеді».
Алайда «GisMeteo» қызметкерлерін де мұндай табиғи құбылыстың Жетісу өңірінде қалай орын алғаны қызықтырып отыр. Алматы аумағында күн жылы болып тұрған кезде Таяу Шығыстан соққан ыстық ауа орта белдеудегі салқын ауаға соғысып, нәтижесінде дауылды конвексия мен желдің орта тропосферада тоғысуы найзағайлы бұлтқа аспандағы алып иірім тәріздес форма берді, дейді мамандар.
Жалпы жаңбырлы шілде Алматы қаласын ғана емес, айналасындағы елді мекендерді, облысты әбігерге салып тұр. Күн сайын қайталанатын нөсер құрылыс жұмыстарына кедергі келтіріп қоймай, бос шатырларды жұлып әкеткенін Алматы облысы Айғаным ауылының тұрғындары әлеуметтік желілерде жедел бөліскен ақпараттардан да білуге болады.
Күн сайын кешке жетіп келетін күшті нөсер Алматы қаласы әкімшілігін де ойлантып отыр. Көшелердегі су ағатын арықтарды қайта салу, жүйеге келтіру мәселесі жиі сөз болуда. Сол сияқты кәрі ағаштарды дер кезінде шауып тастау қажеттігі қайталануда.
Кеше, шілденің кезекті жұмасында да оңтүстік астанада жаңбыр қайта-қайта сіркіреп тұрды. Синоптиктердің болжамы бойынша сенбі күні де жаңбыр толастамайды. Күннің көзі жексенбі күні ашылып, дүйсенбі-сейсенбі аспан саябыр табады. Содан кейін жаңбырлы күндер қайта жалғасып, тамыздың алғашқы аптасына ұласады.
Айнаш ЕСАЛИ,
Жандос БӘДЕЛҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ