Ақтөбе қаласы – еліміздің батыс өңіріндегі үлкен агломерациялық орталық болады деп күтілуде. Алайда, қанатын кеңге жайған қаланың көше жолдары әлі де өркениеттен қашық жатыр. Облыс орталығында 537 көше бар, жалпы көше жолдарының ұзындығы 647 шақырымды құрайды. Олардың 266,4 шақырымына, яғни, 42,9 пайызына ғана асфальт төселген. Соңғы 3 жылда облыс орталығындағы жолдарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге, қайта салуға және құрылысына 7,4 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражатқа 81 нысан жөнделген. Бірақ жол сапасы сын көтермейді. Рас, қаланың орталық көшелері жыл сайын жөнделіп, мейлінше жақсы ұсталады. Дегенмен, шаһардың шеткері көшелеріндегі жағдай бұған кереғар, ойқы-шойқы, шоқалақ болып келеді. Автокөлік иелері көше жолдарына көңілдері толмайтынын жасырмайды.
Биыл Ақтөбе қаласындағы көше жолдарын жөндеу үшін бюджеттен 2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл қаражатқа жалпы ұзындығы 9 шақырым болатын 6 көшеге күрделі жөндеу жүргізіледі. Сондай-ақ, 12 көшеге орташа жөндеу жасалады.
Биыл аула жолдарын жөндеуге де ерекше көңіл бөлініп отыр. 120 көп қабатты үйді қамтитын 78 аула жолдары жөнделетін болады.
Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов қала көшелеріндегі жол жөндеу жұмыстарымен танысып, құрылыс жүргізіліп жатқан бірнеше нысанды аралады.
– Ақтөбедегі автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы – 647 шақырым. Бұл жолдардың тең жартысы жөндеуді қажет етеді. Жөнделіп жатқан жұмыстардың сапасын әр сенбі, жексенбі сайын бақылаймыз, – дейді шаһар басшысы.
Қазір 6 жолға күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 20 шақырым болатын 12 көшеге де орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, 14 көшені орташа жөндеу жоспарланып отыр.
Республикалық бюджеттен қаражат бөлінсе, жалпы ұзындығы 15 шақырым болатын қала көшелерін жөндейтін боламыз, дейді ол. Оның айтуынша, тағы да 13 көшенің жөндеу жұмыстары үшін және Қызылжар ауылына жол салу мақсатында қосымша қаражат мәселесі қарастырылып жатқан көрінеді.
Жол салған мердігер мекемелер жолдың сапасына үш жылға дейін кепілдік береді. Соңғы жылдары салынған 9 жолдың сапасыздығы анықталды. Қазірдің өзінде оның 8-іне қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Ғ.Жұбанова көшесіне орташа жөндеу жүргізіп жатқан «Росказдорсервис» ЖШС директоры Александр Турбайдың айтуынша, шамамен бір аптаның ішінде жол құрылысы аяқталады. Бұдан кейін аталған мердігер мекеме Оспанов көшесіндегі жолды жөндеуге кіріседі. Пацаев көшесін жөндеуге жауапты мекеме – «КТП» ЖШС. Серіктестік директорының орынбасары Владимир Жигулевтің айтуынша, аталған көшенің жолын жөндеу үшін 145 миллион теңге бөлінген. Жөндеу жұмыстары шілденің соңында аяқталады.
Бұрын-соңды жөндеу жүргізілмеген жолдардың бірі – 101-атқыштар бригадасы көшесінің Сәңкібай батыр даңғылынан ағайынды Жұбановтар көшесіне дейінгі бөлігі. Қазір бұл көше кеңейтілуде. Екі жолақты жолдың орнына төрт жолақты жол салынуда. Мердігер мекеме «ЖолАлғаСистемс» ЖШС жөндеу жұмыстарын қыркүйек айына дейін аяқтауды көздеуде.
Қаладағы аулаішілік жолдарды жөндеу мақсатында бюджеттен 418 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржыға 78 аула жолы жөнделетін болады.
Аула жолдарын жөндеуге 7 мердігер мекеме қатысуда. Биыл көктемде қала көшелерінің жолдары шұрық тесік болып, талай автокөліктің жарамсыздыққа соқтырғанынан қала басшылары сабақ алған сыңайлы. Кепілдік мерзімі бітпей жатып бұзылған көше жолдарын салған мердігер мекемелер есебінен қайта жөндеуге қол жеткізген. Соның бірі «КТП» ЖШС бір көшені өз қаржысы еебінен жөндеген. Серіктестік директорының орынбасары Владимир Жигулев жол сапасына Ақтаудан жеткізілетін битумның сапасыздығы да әсер ететінін айтып қалды. Бұрындары битумды Ресейден алып келген екен. Биыл сондай-ақ, көше жолдарынан төселген қатты жамылғының сапасын тексеруге де бақылау күшейтілген көрінеді. Бір сөзбен айтқанда, қала көшелері жолдарын қалпына келтіру жақсара түседі деп күтілуде. Бүгінгі дерекпен бағамдасақ, қаладағы 537 көшенің жылына орташа 20-25 көшесі күрделі және орташа жөнделгеннің өзінде мәселенің таяу арада шешімін табуы неғайбыл, әрине. «Шамның жарығы түбіне түспейді» дегендей, қаланың жаңадан бой көтерген шағын аудандарын былай қойғанда, шаһардың орталық көшелерінен таяқ тастам жердегі шеткері көше жолдарын жөндеудің өзі ертеңгі күннің еншісінде қала бермек.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы