Қостанай екі-үш күннен бері мұнартып тұр. Тұманнан гөрі түтінге көбірек ұқсайды. Сондықтан болар, қостанайлықтар өрт сөндіру және апаттан құтқару қызметіне телефон соғып, беймазаланған.
«Көрші Ресей ормандары өртеніп жатыр екен» деген алып-қашпа әңгімелер де тез арада тарап үлгерді. Әңгімеге сенгендіктен бе, әлде басқадай беймәлім себептен бе, алғашқы күні қалалықтардың мұрнына түтін иісі келгендей болды. Ресей жақын болғанымен ондағы орманның өртінен Қостанай қаласын қашанғы түтін тұмшалап тұрмақ? Ал қаланы кіреукелеп тұрған түтін болса да, тұман болса да, оның ертеңіне қалыңдай түскені байқалды. Дала желкем болып тұр, сонда да әлгі түтіннің тұмшалануы кетер емес. Бірақ Облыстық төтенше жағдайлар департаментіндегілер Ресей жақта орманның өртенгені туралы нақты ақпарат жоқ екенін айтты. Әйтеуір табиғаттың бұл тылсымына аң-таң қалғандар көп.
– Мұны негізі табиғат құбылысына жатқызғанымыз дұрыс болар. Біздің өңірде ұзақ уақыт жаңбыр жауды, ауаның ылғалы көп. Таңертеңгі, кешкі уақытта ылғалды ауаның әсерінен айнала тұмшаланады, тұман түседі, – деді инженер-синоптик Антонина Шибаршина. Ал күндіз күн ыси бастағанда да айналаның тұмандануы немесе шаңдануы секілді көрініс кетпей тұр. Бұл сауалға да синоптик маманның өз болжамы бар екен.
– Бізге Оңтүстік батыс Сібір мен Оңтүстік Оралдан ауа ағысы келіп жатыр. Ол оңтүстік Оралдағы толып жатқан зауыттар мен өндірістік кәсіпорындардан шығатын түтінді әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, Сібірде орман өртеніп жатуы да ықтимал ғой, оның түтіні де ауа ағысымен келіп жатқан болар, – деді Антонина Шибаршина. Әдетте, жел соққанда сонау Сібірдегі тайга түгіл, өзімізде өртенген орманның түтіні тарап кетер еді. Сібір орманы мен оңтүстік Оралдағы зауыттар түтініне Қостанай сұраныс бергендей, неге ол қаланы тұмшалап кетпей тұр? Бұл да табиғат құбылысы ма? Жұрттың ойы сан-сақта.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ