Тараздан келген тұрғындар неге Ақтөбенің бюджетінен миллиондаған теңге алып, осында гүл алаңдарын жасап жүр? Ақтөбедегі
«Диапазон» газетінің тілшісі облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтан осының жайын білгісі келіп, турасынан сұрақ қойған. Атап айтқанда, журналист Ақтөбеде әлдеқандай жұмыстарды жүргізудегі мемлекеттік тапсырыстардың тендерлерін басқа жақтан кәсіпорындар ұтып алып жататынына аймақ басшысының қалай қарайтынын білгісі келген. Мәселен, қалада гүл алаңдары мен газондар жасау үшін жергілікті бюджеттен бөлінген 400 млн. теңгенің 200 миллионын Тараз компаниясының жеңіп алғанын қалай түсіндіруге болады? Жергілікті кәсіпкерлерге қолдау көрсету қайда қалған сонда?
Облыс әкімі де жауаптан жалтармай, бұған өзінің көзқарасын ашық білдірген. Оның айтуынша, жергілікті кәсіпкерлерге қолдау көрсету жайы күн тәртібінен түспеген.
«Жергілікті тауар өндірушілерге қолдау көрсетілуі керек, - деді Б. Сапарбаев. – Бұл үшін біз өзімізде ненің бар, ненің жоқ екенін анықтап алатын тұтыным балансын жасап көрдік. Егер шынымен өзімізде жоқ нәрсе болса, сырттан әкелуіміз керек. Сондықтан біз осының бәрін қадағалап отырамыз. Заңға сәйкес, кез келген азаматтың, Қазақстанның заңды тұлғасының, қайда тұратынына қарамастан, тендерлерге қатысуға құқы бар. Бірақ бізде сырттан келген компаниялардың тендерлерді ұтып алған мұндай фактілері көп емес. Енді гүл өсіру жайына келсек. Мен қала көшелерін аралап, мұнда біздердікі мен тараздықтардың қандай гүлдер екккендерін көріп шықтым. Солардағы тараздықтар мен біздің кәсіпкерлер еккен гүлдердің әр шаршы метрі қаншаға түскенін есептеп көрдік. Сонда Тараз кәсіпорны жұмысшыларының өте жақсы жұмыс жасайтындары байқалып қалды. Олардың өсірген гүлдеріне өздеріңіз де қараңыздар. Мен және оларға гүлдері солып қалатын болса, оның орнына өз есептерінен жаңасын қайта отырғызатындарын айттым. Тараздықтар жұмысқа да жергілікті кадрларды алып, оларға гүл егуді үйретіп жатыр. Келешекте осылар гүл өсірудің мамандары болып шыға келеді. Мен өзіміздің компания адамдарының бірінен гүл алаңының қанша шаршы метр екенін сұрадым. Ол 50 шаршы метр деп жауап берді. Ал қарап тұрсам, айтып тұрған аумағы 20 шаршы метр де болмайды».
Аймақ басшысы осындай кемшіліктері болғандарына қарамастан, жергілікті компанияларды іске көбірек тартудың керек екенін ашып айтты.
«Дегенмен, біздің басты позициямыз – жергілікті тауар өндірушілерге қолдау көрсету. Бірақ олар осыған лайықты сапалы жұмыс жасаулары керек. Асфальтты алайық. Оны өткен жылы біздің компаниялар жасады. Биыл соны қайта жасап жатыр. Мен сосын енді тағы осындай олқылықтар жіберетін болса, жұмысқа жібермейтінімізді айттым. Биылғы жылы біз 40 шақырымға жуық аумақты, 30-ға тарта көшені жөндеуден өткізуіміз керек. Алайда, біздің компанияларымыз бұларды жасап үлгере алатын емес. Сондықтан қазір Астанадан адамдар шақырдық, олар іске кірісіп кетті. Бізге мұның бәрін қысқа дейін аяқтап шығу керек», - деді Б. Сапарбаев сөзінің түйінінде.
Мұрат АЙТҚОЖА