Давос – мықтылар бас қосатын жер
Швейцарияның курортты Давос қаласында жыл сайын экономиканың өзекті мәселелерін сөз ету үшін мыңдаған айтулы қаржыгерлер, экономиканың алпауыттары, мемлекет, үкімет басшылары, саясаткерлер, аузы дуалы саясатшылар, бастары идеяға толы ғұламалар келеді. Басқаларды тыңдау үшін, өздерін тыңдату үшін.
Бұған қатысатындар клубында 7 мыңнан аса субъект бар көрінеді. Олардың қатарына кіру де бедел. Кіре алмаған елдер де, компаниялар да, байлар да сенімге зәру, қалтасы жұқа есептеледі. Жылдық жарна 50 мың доллардан 263 мың долларға дейін. Ал кезекті жиынға қатысу үшін тағы 20 мың доллар төлейсің. Оның үстіне түрлі семинарларда сөйлегің келсе, 75 мың доллар қосымша. Сондай-ақ, мықты деген 25 алпауыт «ұсақтамай» 500 мыңды бірден төлеп қоятын көрінеді.
Давостағы Бүкіләлемдік экономикалық форум (БЭФ) биылғы жылы біршама көтеріңкі көңілмен өтті. Әлі де біршама салқыны байқалғанмен, әлем экономикалық дағдарыстан өтіп, қалыпты даму жағдайына көшкен. Сөйлеушілердің сөзінде оптимизм басым. Алда тұрған қиындықтар туралы арнайы баяндама жасалса да, оны дамудың жолындағы кедергілерді жою ретінде қарастырып отыр.
Дәстүрлі экономикалық басқосуда ешқандай қаулы, шешім қабылданбайды, тіпті ұсыныстар да құжатталмайды. Талқылау семинар сипатында өтеді. Жұрт пікірін айтады, қабылдау-қабылдамау өз еркіңде. Жұрт сөйлегенде, басқаларға өздерінің мүмкіндіктерін, серіктес бола қалғанда, қандай пайда көретінін айтады.
Көптеген елге жобаларын жүзеге асыру үшін қаржы керек. Ал қаржысы барлар алдымен ақшаларының еселеніп қайтқанын қалайды. Содан да біраз адам өз жобаларының сенімді екенін дәлелдеп сөйлейді. Қаржыгерлер өз ақшаларының құндылығын айтады. Сарапшылар, мамандар қалыптасқан жағдайға шолу жасайды.
БЭФ-тің басқа беделді зерттеуші топтармен бірігіп әзірлеген «Жаһандық тәуекелдік-2011» баяндамасы айрықша назар аударды. Онда түрлі тәуекел жағдайдың, яғни қиыншылықтың үш тобына талдау жасалды. Біріншіден, ол макроэкономикалық тәуекелшілік, оның ішінде дамыған елдердегі макроэкономикалық баланстың үйлесімсіздігі, салық-бюджеттік дағдарыс. Екінші топтағы тәуекелшілік көлеңкелі экономикаға байланысты екен. Үшіншіден, судың, азық-түліктің және энергияның тапшылығына байланысты шектеулер үлкен қиындықтар туғызатын көрінеді.
Жиында жеке аймақтарға, жеке елдерге байланысты да сессиялар өткізіліп, түрлі болжамдар жасалды. Ресей, Үндістан, Африка, Таяу Шығыс, АҚШ, еуроаймақ осындай пікір алмасу нысанына айналды. Орталық Азияның назарға ілінбей қалғаны өкінішті-ақ дейсің.
Біраз сөз еуроға байланысты болды. Ол жайында біраздан бері әңгіме айтылып келеді. Еуропалықтар оған мықтап тойтарыс берді. Басқаларды айтпағанда, Франция президенті Николя Саркози Франция мен Германия еуропалық валютадан ешқашанда бас тартпайды, ал «еуроның жоғалуы апатқа тең» деп шешімді сөз айтты.
Давос жиынындағы әңгімеге арқау болған мәселелерге толық тоқталу қиын, өйткені, ол көп те күрделі. Әркім өзіне керегін айтады, керегің тыңдайды. Айтарлықтай қаржы шығарып барғаннан кейін көп нәрсені ойына түйіп қайтады. Онда біздің елімізден де өкіл болды. Онда Президент Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауы да экономикалық құжат ретінде тіркелді. Демек, бұл жиынның біздің еліміздің экономикалық өміріне де қатысы болмақ.
Мюнхен қауіпсіздік қақпасына айнала ма?
Міне, жарты ғасырдан бері немістің осынау көне қаласында жыл сайын мемлекет, үкімет басшылары, қорғаныс және сыртқы істер министрлері бас қосып, саясат, қауіпсіздік мәселелерін сөз етеді. Осы жолдағы өздерінің бағыт-бағдарларын белгілейді.
Рас, кешегі «қырғи-қабақ соғыс» заманында оның сипаты өзгешелеу еді, қазір басқаша. Бұрынырақ НАТО-ға біріккен елдер негізінен Шығыстан келер қауіптің алдын алуды сөз етер еді. Одан соң, КСРО күйреп, оның негізгі мұрагері болған Ресейді өз араларына тартып, қауіпсіздік ортақ мәселе екенін айтып, оны бірге ойласайық деген ұсыныс жасаған. Біраздан бері бұл дәстүрлі конференцияға Мәскеу де қатысып келеді. Кейде уәжге тоқтаса, кейде тулайтыны бар.
Сондай бір мінезін Мәскеу осыдан төрт жыл бұрын, 2007 жылы көрсеткен. Сол кезде президент тағында отырған Владимир Путин өздерінің ешкімнен қорықпайтынын айтқаны бар. Жұрт оны әртүрлі қабылдады. Біреулер ашығын айтты деп мақтады, екіншілері шоқпарын көтеріп әкіреңдегенді ақылды адамның әрекеті емес деп бағалады.
Заман өзгеріп келе жатыр. Қауіпсіздікті күшпен емес, келісіммен қамтамасыз ету қажет екенін жұрт түсіне бастады. Соның бір көрінісі АҚШ пен Ресейдің арасындағы СШҚ-З туралы шартқа қол қойылуы болса, сол шарт аталған елдерде ратификацияланып, оның грамоталары осы конференция үстінде алмасылды. Конференцияның ең басты тақырыбы Египеттегі және араб әлеміндегі бірқатар елдердегі билікке қарсы қозғалыстар туралы болды. Бұл тақырыпты жиында сөйлеген адамдардың ешқайсысы да аттап өткен жоқ және әртүрлі пікірлер айтты. Әсіресе, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун бұл қозғалыстар бүкіл аймақты шарпып, әлемдік сипат алып кету қаупіне назар аударды. Жиынға қатысушылардың сөзіне қарағанда, Бас хатшы оған жол бермеу үшін Хосни Мүбәрактың Таяу Шығыстағы беделін еске алғанды жөн көреді, яғни оның әлі де билікте қалғанын құптайды.
НАТО Бас хатшысы Андерс Фог Расмуссен Мысыр еліндегі оқиғалар бүкіл әлемдік тәртіпті өзгертетіні жөнінде қауіп қылса, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон сол оқиғаларды «шын мәніндегі жарылыстар» деп сипаттады. Бұл пікірлердің аржағында оған белсенді араласу пікірі жатқандай.
Ал Германия канцлері Ангела Меркельдің пікірі біршама өзгеше. Жалпы, халықтардың демократиялық талпынысын құптағанмен, канцлер мәселені сол елдің өздері шешкенін жөн санайды. Асығыстықтың арты жақсылыққа апармауы мүмкін, дейді ол.
Конференцияда алғаш рет Таяу Шығыс жөніндегі «төрттік» (АҚШ, Ресей, БҰҰ және Еуроодақ) бас қосып, ондағы жағдайды сөз еткен. Еуроодақтың сыртқы істер жөніндегі өкілі Кэтрин Эштон бұл кездесудің табысты өткенін, тараптардың алдағы уақытта белсендірек жұмыс істеуге келіскенін мәлімдеді.
Дәстүрлі Мюнхен конференциясына жұрт үлкен үміт артады. Оған қатысатын әлемнің жетекші елдері қауіпсіздік жолында күш біріктірер болса, талай қауіпке тосқауыл қойылары да күмәнсіз. Халықтар солай болғанын қалайды.
Мамадияр ЖАҚЫП.