25 Шілде, 2016

«Тур де Франс»: «Астана» жеңіске жетуге барын салды

309 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
[caption id="attachment_52900" align="aligncenter" width="700"]25.07.2016 AST Фото: Дина Ысқақова[/caption] «Тур де Франс» велобәйгесінің 20-шы кезеңі мәресіне жетті. Жарыста команда капитаны Фабио Ару жалпы есепте 13-ші орынды иеленді. Ол мәреге 56-шы болып жетті.   Жарыс аяқталысымен әріптесіміз Дина Ысқақова екі таулы кезеңнің қорытындысымен 6-шы сатыға көтерілген Арудың төмен сырғып кету себебін команданың бас менеджері Александр Винокуровтан сұрап білді. - Александр,  Арудың шешуші сәтте сыр беруін қалай түсіндіресіз? - Бұл – велоспорт. Көңіл бөлмеген әр қателігің үшін төленетін ақының мөлшері тым көп. Бірақ бұл үлкен мектеп, қоржының тәжірибемен толығады. «Тур де Франс» көпкүндігінің «Джиро» мен «Вуэльтадан» мәртебесі бір саты жоғары. Биылғы «Тур де Франс» Фабионың алғашқы жарысы. Алдыңғы кезеңге қарағанда жүрісі баяу екені байқалды. Сондықтан пелотон басында жылдамдықты қадағалап, тактика жағынан қарсыластарымыздың жолын торуылдап, олардан ерте шабуылға көшуді жоспарладық. Соңғы тау етегіне келгенде жалпы есептегі қарсыластарына төтеп беруге шамасы жеткіліксіз болды. Ол Францияға үлкен мақсатпен келген. Сол мақсатына жете алмағаны өкінішті. Енді келесі жылын бағын сынап көретін мүмкіндігі бар. Сенбі күні Фабио кезеңде жеңіске жетеді деген үміт болған. Қырсық шалғандай Винченцо да құлап қалды. Ал Алексей Луценкоға келер болсақ, мен одан: «Менің 2005 жылғы жеңісімді қайталай аласың ба деп сұрадым». Бірақ оның алдында ондай мақсат қойылып жатқан жоқ. Ол ең алдымен Олимпия ойындарына өз бабында болу керек. Ол тапсырманы ойдағыдай орындап жатыр. «Үлкен өрмектен» кейін Алексей Риода жақсы нәтиже көрсетуі тиіс. - Винченцо Нибали «Астана» сапындағы соңғы гранд турындағы нәтижесін қалай бағалайсыз? - Жеңіспен аяқтағанда… Фульсангпен бірге жұптасып соңғы тауда Фабиоға көмектеседі деп ойлағанбыз. Жағадайды өздеріңіз көрдіңіздер. Жоспарды өзгерттік. Кезеңде жеңіске жету мүмкіндігін уысыңнан шығарма, шабуылға көш деген тапсырма берілді. Оның мүмкіндігі расында да зор болатын. Бірақ қайталап айтамын, кешегі құлаудан кейін оған оңай болған жоқ. - Жарыс аяқталысымен автобусқа кіріп кеттіңіз. Шабандоздарға не айттыңыз? - Бұл – спорт. Жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Енді бар зейінді алдағы жарыстарға қарай бөлу керек. Ертеңнен бастап келесі жылдың маусымын жоспарлаймыз. Бүгінгі қателіктерімізді саралаймыз. - «Астана» велокомандасының «Үлкен өрмек» бәйгесіндегі өнеріне қандай баға бересіз? - Егер «Джиродағы» жеңістен кейінгі үлкен сын деп қарайтын болсам, біз «Тур де Франста» жеңіске жету керек деген мақсат қойғанымыз жоқ. Әрине, жеңіс тұғырынан көрінсек деген арманымыздың болғанын қалай жасырайын. Команда шабандоздарына бес деген баға қоямын. Винченцоның бір-екі кезеңде жеңіске жетеді деп үміттендік. Бабы келгенімен бағы жанбады. Нибалиді үшке бағалар едім. Ал Фабио Ару үздік үштікке ұмтылды. Қалай болғанда да гранд-турдың алғашқысында жеңіске жеттік. «Астана» турда қыдырып қайтты деп ешкім айта алмас. Біз жеңіске жету үшін барымызды салдық, күрестен қашқан жоқпыз. «Астана» биылғы доданың тартысты өтуіне күш салған жалғыз команда. Дастан КЕНЖАЛИН