Осыдан біраз бұрын елімізде «Кейбір заңнамалық актілерге рұқсат беру құжаттарын қысқарту және рұқсат беру рәсімдерін оңайлату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң күшіне енді. Бұл заң елімізде кәсіпкерлікті белсенді жүргізуге қолайлы жағдай жасау үшін әкімшілік кедергілерді азайту мақсатымен әзірленген құжат. Біз осы заң жобасын Сенатта қараған жұмыс тобының жетекшісі Бекмырза ЕЛАМАНОВҚА жолығып, оның кейбір ерекшеліктері туралы сұраған едік.
– Аталмыш заң жобасын қолға алудың алғышарттары қандай?
– Кәсіпкерлікті жүргізуге тұсау болатын әкімшілік кедергілер бізде әлі де бар. Оның негізгі себебі, біздің кеңестік жүйеден уақыт өтсе де, арыла қоймағандығымызда жатыр. Өзіңіз ойлаңызшы, ол кезде бәрі де тек рұқсат етілген жағдайда жасалушы еді. Сондықтан қазір кез келген іскерлік бастамалар алдымен рұқсат қағаздарына келіп тіреледі. 2011 және 2012 жылдары да осы мәселе парламентарийлердің алдына тартылып, рұқсат беру құжаттарын оңтайландыру туралы арнайы заңдар қабылданған. Осы заңдар рұқсат беруді 30 пайызға дейін қысқартты. Бірақ, төрешілдікке машықтанған әкімшілік жүйе рұқсат берудің жаңа түрлерін ойлап тауып, олардың саны қайтадан көбейіп кетті. Сол себепті рұқсаттарды бір жүйеге келтіру мақсатымен 2014 жылы «Рұқсат беру және хабарламалар туралы» Заң қабылданды. Ол рұқсат берудің санын 481-ге дейін қысқартты және лицензия алатын кәсіптің санын 227-ге тіреп, барынша нақтылады.
Алайда, бұл да көп еді. Жеке бизнесін жүргізуге тырысқан жүздеген кәсіпкерлер оның көп екенін барлық жерде, барлық кезде айтып жүрді. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 2014 жылдың 2 қыркүйегінде Парламенттің бесінші шақырылымының төртінші сессиясының ашылуындағы сөйлеген сөзінде рұқсат беру рәсімдерін 50 пайызға азайту туралы тапсырма берді. Міне, Президенттің осы тапсырмасына сәйкес аталмыш заң жобасы әзірленген еді. Онда рұқсат беру құжаттарын 153-ке қысқарту көзделді. Бұл жалпы рұқсаттардың 39 пайызы. Сонымен қатар, заңда Қазақстанның халықаралық міндеттемелері шеңберінде регламенттелген қысқартылмайтын 41 рұқсат анықталған. Оның ішінде аса қауіпті қызмет түрлерін жүзеге асыруға берілетін рұқсаттар бар. Мысалы, атом қуатын қолданумен байланысты жұмыстар. Сондай-ақ, темір жол саласындағы жүктер тасымалдау жұмыстарындағы экспорттық бақылануы тиіс өнімдердің импортына лицензия беру және т.б. Алайда, заң 34 рұқсатты мүлде алып тастап, 14 рұқсатты хабарлама тәртібіне ауыстырғанын да айта кету керек.
– Бұл заң жобасы Мәжілістің талқылауында болмады ғой. Сіздер оны бірден қарастырдыңыздар ма? Өзгерістер қандай бағыттарда жүргізілді?
– Иә, ол кезде Мәжілістің бесінші шақырылымы таратылып, Үкімет әзірлеген заң жобасы тікелей бізге әкелінген болатын. Заң жобасын Сенаттың қарауына әзірлеу жөніндегі жұмыс тобына жетекшілік еттім. Үкіметтің жобасына 250-дің үстінде өзгерістер ұсынылды. Осы заңға байланысты 9 кодекске, 38 заңға өзгерістер енгізілді. Бірін-бірі қайталайтын рұқсат беру рәсімдері қысқартылды. Көптеген рұқсат беру рәсімдері хабарлама түріне ауыстырылды және біршама рұқсат беру құжаттары азайтылды.
Жұмыс тобының және комитеттің отырыстарында заң жобасы Сенаттың басқа комитеттері депутаттарының, қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің, палата аппараты қызметкерлерінің және заң жобасы бастамашыларының қатысуымен бірнеше рет қаралып, талқыланды. Барлық комитеттердің ескертпелері мен ұсыныстарын ескере отырып, мынадай бағыттар бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттілігі туындады: Жер кодексіне жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін беру мәселесінде құрылысқа дайындалған алаңдар туралы ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету, кезекте тұрған адамдардың тізімдерін ашық көрсету сияқты нормалар қосылды.
Бұдан басқа жерге орналастыру жұмыстарын жүргізу кезінде жер учаскесінің алаңы, оның шекарасы және орналасқан жері туралы мәліметтер, жер телімдерінің аралас меншік иелері мен жер пайдаланушылары туралы және т.б. мәліметтерге нақтыланған нормалар енгізілді. Су кодексінің 37-бабы су нысандарында су қорғау аймақтары мен белдеулерінде құрылыс жобаларын келісу мәселелерін нақтылау бойынша жаңа нормалармен толықтырылды.
– Кейбір нақты заңдарға енгізілген рұқсат беру және артық рұқсаттарды алып тастау сияқты нормаларды атап өтсеңіз?
– Мысалы, Салық кодексінің 471-бабына енгізілген өзгеріспен заңды тұлғалардың темір-терсек жинаумен, сақтаумен айналысқандары үшін төлейтін тіркелу алымы алынып тасталды. Алайда, осы бапқа ататын қару жасауға, жөндеуге және саудалауға 22 АЕК көлемінде тіркелу алымы енгізілді.
Жарнама үшін алынатын төлемдердің тәртібіне де өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Мәселен, көлік құралдарына жапсырылған жарнамалар үшін төленетін ақы алынып тасталды. Мемлекеттік баж салығын алу тәртібі де толықтырылды. Соның ішінде техникалық бақылау жасағаны үшін берілетін халықаралық сертификатқа мемлекеттік баж салығы төленбейтін болды. Бірақ, Салық кодексінің осы бабына азаматтық пиротехникалық өнімдер сатып алуға арнайы рұқсат алғаны үшін мемлекеттік баж төленетін болды. Елімізде және бүкіл әлемде терроризм мен экстремизмге қарсы күрес жүріп жатқанда, адамдардың отты қару сатып алуына шектеу қою керектігі күн тәртібіндегі қажеттілік болып тұрғаны белгілі. Осыған орай, оларға қол жеткізу біршама қиындатылды. Атап айтқанда, Салық кодексінің 540-бабына азаматтық және қызметтік қаруларды сатып алу және азаматтық пиротехникалық заттарды алу бажының ставкасы 300 пайызға артты.
– Бизнеске қолайлы ахуал жасау мәселесі халықаралық рейтингтерде де қарастырылып жататынын білеміз. Осы тұрғыдан алғанда бұл заңның Қазақстанның рейтингін көтеруге әсері болды ма?
– Әрине, халықаралық рейтинг агенттіктері бизнес жасау ахуалының қолайлылығын үнемі қадағалап отырады. Осы заң Қазақстанның Дүниежүзілік банктің «Doing business» рейтингіндегі позицияларын әжептәуір жақсартатын болады. Бизнеске қолайлы ахуал тудыру бағытындағы өзгерістерді атай кететін болсақ, мысалы, бұрын жылжымайтын мүліктерді мемлекеттік тіркеу уақыты 5 жұмыс күнінде іске асырылатын. Енді ол 3 күнге қысқартылды. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің 10 және одан артық дауысқа ие қатысушыларына кезектен тыс жалпы жиналыс өткізу құқығы берілді. Акционерлік қоғамдардың 5 және одан артық пайыздық акциялар үлестерінің иелеріне акционерлер жиналысының күн тәртібіне қосымша мәселелер енгізу құқығы берілді. Мұндай өзгертулер бизнеспен айналысушы отандастарымыз үшін өте маңызды.
– Ақылы рұқсат берулерді қысқартудың салдарынан бюджеттің түсім бөлігі азайып қалмай ма?
– Азаяды. Бірақ, бұл бизнестің өркендеп, оның табыстан түсіретін салығымен салыстырғанда түк емес деп айтуға болады. Нақты айтатын болсақ, ақылы негізде берілетін 11 рұқсат беру құжатын қысқартқаннан республикалық бюджетке 3,2 млн. теңге, жергілікті бюджеттерге 464,3 мың теңге кем түседі деп болжанған. Қорыта айтқанда, бұл құжат елімізде бизнес жүргізуге барынша қолайлы жағдай жасап, кәсіпкерліктің қарқынды дамуына, осы сектордағы өндіріс көлемін арттыру есебінен елдің ұлттық табысын молайтуға оң ықпал жасап отыр деп сеніммен айта аламыз.
– Президенттің 5 институттық реформасын іске асыратын «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын қамтамасыз ететін заң жобаларын әзірлеуге де атсалыстыңыз. Осы бағытта атқарған жұмыстар жөнінде де айта кетсеңіз?
– Біздің Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті 14 заң жобасы бойынша және бесінші реформа – «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» жөніндегі 10 қадамды заңнамалық қамтамасыз ету бойынша жұмыс істеді. Соның ішінде өзім жұмыс тобын басқарған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға тоқтала кетейін.
Аталған заң халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің рәсімдерін жетілдіруге, барлық көрсетілетін қызметтер үшін бірыңғай сапа стандарттарын қалыптастыруға, қызмет көрсету мерзімі мен талап етілетін құжаттар санын қысқартуға, тұтынушымен толық циклда жұмыс істеуге және қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Заң халыққа қызмет көрсету орталықтары базасында «Жер кадастры мемлекеттік ғылыми-өндірістік орталығы», «Жылжымайтын мүлік орталығы», «Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорындарын біріктіру жолымен мемлекеттік қызметтердің бірыңғай провайдеріне айналатын «Үкімет – азаматтар үшін мемлекеттік корпорациясын» құруды және оның «бір терезе» қағидаты бойынша жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік қызметтерді көрсетуін көздейді.
Қазір елімізде мемлекеттік қызметтердің 739 түрі тіркелген. Біз қабылдаған заң бойынша аталмыш корпорация соның 530-ын «бір терезе» қағидаты бойынша халыққа қызмет көрсететін болады. Сайып келгенде, бұл да елімізде кәсіпкерліктің өріс аша түсуіне ыңғайлы ахуал тудырады деген үмітіміз бар. Бұл жұмыс одан әрі жалғастырылуда. Жуырда мемлекеттік корпорация арқылы көрсетілетін қызметтер тізімі ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралып, тағы да 53 қызмет түрі қосылды. Ол алдағы уақытта Парламентке ұсынылатын өзгертулерде қарастырылатын болады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»