Қазақ ұлттық университеті журналистика факультеті ЮНЕСКО, халықаралық журналистика
және қоғаммен байланыс кафедрасының профессоры Назгүл ШЫҢҒЫСОВАМЕН сұхбат
– Назгүл Тұрсынбайқызы, PR-шы немесе «Қоғаммен байланыс» деген мамандық бізге нарық заманымен келді. ҚазҰУ бірінші болып «пиаршыларды» даярлай бастады. Демек, бұрын мұндай мамандық болмағандықтан арнайы мамандар да және оқулықтар да болған жоқ қой?
– 2000 жылдары бірнеше оқу орны Қазақстанның PR нарығына мамандар даярлай бастағанда белгілі себептермен мамандық жабылып қалған еді. Араға 10 жыл салып, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қоғаммен байланыс және жарнама кафедрасы алғаш болып мемлекеттік лицензия алды.
Қазіргі таңда елде алты жоғары оқу орнында «Қоғаммен байланыс» мамандығы бойынша мамандар дайындалады. Әрине, Қазақстанда бұрын болмаған мамандарды даярлай бастағанда қиындықтар аз болған жоқ. Ұлттық ерекшелікке негізделген отандық оқулықтардың болмауы салдарынан Батыстың және Ресейдің оқулықтарын пайдалануға тура келді.
Қоғаммен байланыста менталитет, тіл, ақпаратты қабылдау, тұтынушылардың мәдени ерекшеліктері аса маңызды. Қазақстандық PR тәжірибеге негізделген оқу құралдары әлі де жетіспейді. Дегенмен, факультетімізде қоғаммен байланыс саласына байланысты соңғы жылдары бірқатар оқу құралдары жарық көрді.
– Алайда, бұл мамандыққа студент қабылдаудың бір кілтипаны болды емес пе?
– Осы уақытқа дейін «Қоғамдық байланыс» мамандығына түсу үшін таңдау пәні география болып келді. Географияны таңдаған талапкерлердің басым бөлігі мақсатты түрде география, геология, туризм бағыттарындағы мамандықтарға бағдарланатын. Енді, Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 18 мамырдағы № 326 бұйрығына сәйкес «Қоғамдық байланыс» мамандығына таңдау пәні қазақ (орыс) әдебиеті, бейіндік пән қазақ (орыс) тілі болып өзгертілді. Бұл бізге бұрынғыдан бетер ыңғайсыздық туғызады. Себебі, PR мамандығы мен әдебиеттің бір-біріне үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Екіншіден, жыл бойы география пәнін таңдаған талапкерлермен жұмыс істеп, 2016-2017 оқу жылына контингент қалыптастыруға мүмкіндік жасаған едік. Аяқ астынан мамыр айында шыққан бұйрық негізінде енді аз уақыттың ішінде әдебиетті таңдаған талапкерлерді мамандыққа тарту мүмкін емес. Осы тұста «Қоғамдық байланыс» мамандығына түсуге ниеттенген, географияны таңдаған талапкерлердің де есеңгіреп қалғандығы жасырын емес.
PR-маманының кәсіби құзыреті – коммуникативтілік, креативтілік, шығармашылық көзқарас, жазу қабілеті, іскерлік қарым-қатынас, сөйлеу мәдениеті, шешендік өнер, көпшілікпен тез тіл табысу, идеяларды іс жүзіне асыру болғандықтан, талапкерлерді шығармашылық конкурс негізінде қабылдаған орынды.
– Өзіңіз айтып отырған құзыреттіліктің көбі – туабітті қасиет. Сондықтан, кафедрада білім берудің басты қағидасы қандай болмақ?
– Кафедра кәсіби мамандарды – медиа нарығына, мемлекеттік, саяси, әлеуметтік және бизнес құрылымдарға қазіргі заманғы технологияларды меңгеріп, құзыреттер мен тәжірибелік дағдыларды игерген, бүгінгі еңбек нарығында сұранысқа ие халықаралық журналистерді, PR-менеджерлерді, имиджмейкерлер, продюсерлер, баспасөз хатшыларын даярлауды мақсат етеді. Әлемдік стандарттарға, заманауи зияткерлік талаптарға сай кадр әлеуетін қалыптастыруды көздейді. Білім алушылар өз саласында теориялық білім алумен ғана шектелмей, болашақта тиімді мансап жасауға қажетті қосымша құзыреттіліктерге ие болуы керек. Басты қағидамыз осы.
– Факультетте дуалды оқыту – ғылым мен өндірісті тиімді ықпалдастыру деген де бар екен. Бұл қалай жүзеге асады?
– Соңғы кездері дуалды білім беру тәжірибесі кең етек жайды. Өндіріс пен білімді, ғылымды тиімді ұштастыру әдісімен нағыз кәсіби маман даярлауға болатыны дәлелденді. Сол себепті, жұмыс берушілермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге дағдыландық.
Оқу үдерісінде әр курсқа сай оқу-өндірістік тәжірибенің бірнеше түрлері бар. Білім алушыларды үздіксіз практикалық даярлау тұжырымдамасы оқу тәжірибесінен диплом алдындағы тәжірибеге дейінгі осы практикалардың барлығын кешенді түрде біріктіреді. Білім алушылардың кәсіби тәжірибесі оқу бағдарламасының ажырамас бөлігі болғандықтан, студенттердің өндірістік тәжірибе өтетін сапалы базасы ретінде ірі өндірістік мекемелермен, ғылыми-зерттеу мекемелерімен, мемлекеттік мекемелермен келісімшарт жасап келеміз.
– Ақпарат алудың формасы өзгерген сайын журналистикаға деген сұраныс азайып барады. Керісінше, мықты PR-шылар керек екендігі байқалуда. Осы тұрғыдан алғанда жұмыс берушілермен әріптестік қарым-қатынас орнатылған ба?
– Оқу үдерісіне практик-мамандарды тартумен қатар, олардың шеберлік сыныптарын жиі өткізуге тырысамыз. Қазақстан баспасөз клубының президенті, PR-мамандары халықаралық ассоциациясының мүшесі Әсел Қарауылова, Қазақстан баспасөз клубының атқарушы директоры Сәкен Балбаев студенттерге еліміздің медиа-саласындағы жобалық қызмет туралы мазмұнды ақпараттар берсе, «Avrupa» (Лондон) газетінің бас редакторы Vatan Oz, «Кселл» компаниясының, Reuters халықаралық ақпарат агенттігінің, Хельсинки университетінің (Финляндия) жанындағы Александри институтының өкілдері студенттерге семинар-тренингтер жүргізді.
Нарықтағы мамандарды, ЖОО оқытушыларын оқытып, қайта даярлықтан өткізу үшін қосымша білім беру бағдарламаларын кеңейту мақсатында кафедраның жанынан Біліктілікті арттыру және қоғаммен байланыс, баспасөз қызметі мамандарын сертификаттау «PR» орталығы құрылған. орталық тұрақты, мақсатты, жүйелі түрде кәсіби біліктілікті арттырумен айналысады. Біздің түлектер жұмыс берушілер тарапынан сұранысқа ие болуы тиіс.
– Журналистика факультеті өткен жылы «Қазақстандағы PR-білім берудің өзекті мәселелері» атты халықаралық конференция өткізіп, оған шетелдік және қазақстандық PR саласын зерттеуші ғалымдары, осы саланың жетекші мамандары қатысқанынан хабардар едік.
– Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияны жылда өткіземіз. PR-білім берудің өзекті мәселелеріне байланысты жоғары оқу орнындағы ірі тәжірибе алмасу алаңы болды десек артық айтқандық емес.
Менің түйгенім, қанша дағдарыс болса да сапалы мамандар даярлау ісін жетілдіре беру қажет. Себебі, дағдарыстан шығуға PR-қызметі септігін тигізеді. Осы орайда халықаралық конференцияда баяндама жасаған Огайо (АҚШ) университетінің профессоры Эми Эндерсон АҚШ-та PR-білім беру саласына мемлекет тарапынан үлкен қамқорлықтың бар екендігін жеткізді.
Конференция жұмысын қорытындылай келе, Қазақстандағы «Қоғамдық байланыс» мамандығы бойынша білім беретін ЖОО өкілдері «Қоғамдық байланыс» мамандығына шығармашылық емтиханмен қабылдау жөнінде қарар қабылдап, ол Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне жолданды. Енді, осы мәселенің оң шешімін табуын асыға күткен едік. Нәтижесі басқа болды...
Әңгімелескен
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ