26 Шілде, 2016

ШАРАЙНА

264 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
шарайна-4 Әлем жаңалықтары шарайна-2 Рұқсатсыз ешбір ақпарат жарияланбайды Қытай билігі елдегі ресми органдардың мақұлдауынсыз қандай да бір ақпаратты интернет сайттарда жариялауға қатаң тыйым салды. «Sina Corp», «Tencent Holdings Ltd» және «Sohu.com» сынды ірі ақпарат құралдары мемлекеттік органдардың мақұлдауынсыз ақпарат жариялауға тыйым салынғанын хабарлады. Әсіресе, мұндай тыйымдар саясат пен экономика және халықаралық қатынастар саласында әлеуметтік мәселеге ықпал ететін ағымдағы ақпараттарды қамтиды. Айта кетейік, мұндай тосқауыл Қытайдың киберкеңістік жөніндегі әкімшілік тарапынан көтеріліп, жүзеге асырылып отыр. Мамандардың түсіндіруінше, бұл интернет пен әртүрлі әлеуметтік желілерде жалған ақпарат тарап кетуінің алдын алады. Өлім жазасы ЕО құрамына енуін тежейді Еурокомиссия басшысы Жан-Клод Юнкер француз телеарнасының эфирінде сөз сөйлеп, Түркияның Еуроодақ құрамына енуіне қатысты өз пікірін білдірді. «Егер Түркия билігі өлім жазасын қолдануды заң аясында құптайтын болса, онда біз бұл елдің Еуроодақ құрамына қабылдануын кілт тоқтатамыз. Оның үстіне Түркияның бүгінгі жағдайына қарап, жақын арада ЕО құрамына қабылдана қоюы да екіталай», – деді ол. Оның бұлай деуіне 18 шілде күні Түркия президенті Р.Ердоған әскери төңкеріс жасады деп айыпталғандарға өлім жазасы тағайындалуы мүмкін екендігін ескертуі себеп болғандай. Естеріңізге сала кетейік, Түркияда 2002 жылға дейін дарға асу жазасы қолданылып келген. ЕО мүшелігіне ену шартын орындау мақсатында жазаның бұл түрін жүзеге асыру тоқтатылған болатын. шарайна-3 Бавария жерінде бомба жарылды Баварияның Ансбах қаласында жарылыс болып, салдарынан 27 жастағы сириялық босқын мерт болды. Ресми органдардың таратқан мәліметіне сүйенсек, сириялық азамат осы кезге дейін полиция есебінде тіркеуде тұрған. Өз-өзіне екі рет қол жұмсауға әрекеттеніп, психиатриялық клиникада ем қабылдап жүрген ол Германияға екі жыл бұрын келген. Бавария ішкі істер министрі Йоахим Херман жанкешті ашық аспан аясында өтіп жатқан музыкалық фестивальдің шырқын бұзуға ұмтылып, ішке кіре алмаған соң, нөпір халық жүрген мейрамхана маңында жарылғышты іске қосқан. Салдарынан 12 адам жарақат алды. Қысқа қайырып айтқанда:
  • Қытай суда жедел қонып-ұшуға бейімделген әлемдегі ең үлкен гидроұшақты ресми түрде таныстырды. AG-600 жобасын жасауға мамандар 7 жылын сарп еткен.
  • Әйгілі саяхатшы Федор Конюхов «Мортон» деп аталатын әуе шарымен 34,7 мың шақырым жол жүріп, 11 күн, 5 сағат 31 минутта әлемді айналып шықты.
  • Түркия билігі елде әскери төңкеріс жасамақ болды деген ниетпен 42 журналисті тұтқындауға ордер берді.
 шарайна-5 Бойжеткен ерлігі жүздеген мың тұрғынды боздатып кетті Германияның Оффенбах қаласындағы аурухана алаңына Әлбайрақ отбасын қолдауға мыңдаған тұрғын жиналды. Түрік қауымдастығының өкілі Әлбайрақ әулетінің қызы Түкче бірнеше апта бұрын ауыр жарақатпен аурухана төсегіне таңылған еді. Ол бейтаныс қос бүлдіршінді көше бұзақыларынан қорғаймын деп қатты соққы алған. Содан бері дәрігерлер оның өміріне араша түсіп, арпалысып келді. Бір жұтым суды былай қойып, тыныс алуының өзі тікелей аппаратқа тәуелденген бойжеткеннің туыстары, шарасыздықтан ауыр шешім қабылдауға мәжбүр болды. Осылайша, 23 жастағы бойжеткеннің ерлігі мыңдаған тұрғынның жанарын жасқа шылады. Қолдан тыныс алдыру аппаратын ажырату сәтінде оған қолдау көрсету үшін аурухана алаңына жиналған халықта қисап болмады. Бүгінде жүздеген мың тұрғын бойжеткеннің ерлігін мемлекеттік марапатқа ұсыну үшін арнайы петицияға қол қойып үлгерді. шарайна-6 Ракета тасымалдағыш жерге сәтті қонды АҚШ-тың Флорида штатындағы Канаверал ғарыш айлағында жекеменшік «SpaceX» ғарыш компаниясының «Falcon 9» ракета-тасымалдағышы ашық кеңістікке шығып, қайта оралды. Бұл NASA-мен жасалған келісімшарт негізінде жүк аппараттарын тасымалдау бағытында өткен жылдың маусым айындағы сәтсіз ұшырылымнан кейінгі алғашқы сынақ болатын. Озық технологиямен жетілдірілген он бір спутниктік жер серігін орбитаға шығарып, Канаверал айлағына қайта қонған «Falcon 9» ракета-тасымалдағышы бірнеше мәрте пайдалануға негізделген. Сондықтан да, оған ешқандай да бір зақым келмеуіне басымдық беріледі. Жалпы, бұл ұшырылым осы бағытта соңғы жылдары ғарыш саласында жүзеге асырылған елеулі жаңалықтың бірі болып отыр. шарайна-6-1 Adidas даниялық бәсекелесін сотқа берді Әйгілі Adidas брендінің қожайындары даниялық Ecco компаниясын ұрлығы үшін сотқа берді. Тиісті шағым АҚШ-тың Орегон штатының сотына түскен. Шағымданушылардың мәлімдеуінше, аталған даниялық компания Adidas маркасына тиесілі әлемге әйгілі үш жолақты спорттық аяқкиім үлгілерінің дизайнын ашықтан-ашық ұрлап пайдаланып жүр екен. Әзірге талап-арыздың сомасы құпия сақталып отыр. Айта кету керек, Adidas компаниясы 2008 жылы Payless Shoesorce атты аяқкиім компаниясын фирмалық белгілерін рұқсатсыз пайдаланғаны үшін сотқа беріп, 65 млн. АҚШ доллары көлемінде айыппұл төлеуге мәжбүр еткен еді.