Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында Астанада Ұлттық академиялық кітапхананың ұйымдастыруымен Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстанның Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия корольдігіндегі елшілігінің, сондай-ақ, Қазақ географиялық қоғамының қолдауымен ағылшын жазушысы, журналист Ник Филдингтің «South to the Great Steppe: The Travels of Thomas and Lucy Atkinson in Eastern Kazakhstan, 1847-1852» («Оңтүстікке Ұлы далаға: 1847-1852 жылғы Томас пен Люси Аткинсонның Шығыс Қазақстанға саяхаты») атты кітабының тұсаукесері өтті.
Алқалы жиынға қатысқан Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков: «Ол заманда ұшақ жоқ, тек ат-шанамен, жаяу жүріп, небір қиындықтар көріп, қақаған қаһарлы қыста ұлын шетінетіп алмай, оны аман-есен еліне алып қайтуының өзі таңғаларлық нәрсе! Томас Аткинсон саяхаттаған Тамшыбұлақ өте қасиетті жер! Соның қасиетін білгеннен соң ұлының атын солай қойған» деп атап өтті.
Сағым ойнаған сайын даламызға сапарлап, саяхаттап кімдер келіп, кімдер кетпеген... Бірі барлаушы, бірі миссионер, бірі бас еркінен айырылған байғұс, тағысын тағылар.
Олардың ойында не болғанын қайдан білейік. Әйтеуір ешқайсысының қызық қуып қыдырып, құдалық құрып, құйрық-бауыр жесіскелі келмегені анық. Әрине «әр кәлләда – бір қиял» болған. Бірақ біздің бабаларымыз баяғы қонақжайлық салтымен қойын сойып, қолын қусырып солардың бәрін жаны қалмай жалбақтап күткен.
Иә, жатжерлік жиһангерлер ұшқан құстың қанатын талдыратын ұлан-ғайыр қиырларымызды әрі-бері өткенде тек тамсана тамашалап қана қоймай, көрген-білгендерін тасқа бастырып, тағылымды жазбалар қалдырған. Мәселен, сонау ХІІІ ғасырда Франция королі Тоғызыншы Людовиктің тапсырмасымен Моңғол ханы Мөңкенің Қарақорымдағы ордасына жаяу-жалпылап барған Виллем Рубрук жол-жөнекей Арал, Балқаш, Отырарды басып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне ерулеп, Талас жағасындағы Таразды көріпті. Тамғалы петроглифтеріне таңданып, Алтын адам табылған Есік қорғанын алыстан шолған. Ұзын-ырғасы 38 тараудан тұратын күнделігінде ол қазіргі Қазақстан аумағындағы біраз жер-су аттарын хатқа түсірген. Сондай-ақ, арғы аталарымыздың тұрмыс-тіршілігіне тікелей қатысты детальдарды оқуға болады. Кейбірін келтіре кетейік. «...Олардың үйлерінің керегесі торкөздене тоқылған ағаштардан құрастырылған. Төбесінде дөңгелек тесігі бар. Жан-жағы киізбен жабылған. Іші-сырты әдемі өрнектермен әшекейленген» немесе «...Оның қышқыл дәмі жаңадан ашытылған шараптай тіліңді тыз еткізеді. Ішкенде аузыңа сүттің дәмі келіп, қаныңды қыздырады». Айтып отырғаны «бір аяқ қымыздың – екі аяқ желігі» ғой.
Одан беріде Марко Поло, Адольф Янушкеевич, Густав Зелинский, тағы басқа тарландар Қазақстан жайында кітаптар жазғаны көкірегі ояу оқырманға белгілі. Бұларды тегіс түгендеу міндет емес.
***
Ал, енді мақаламыздың тақырыбына шығарып ардақтаған Аткинсонға келейік. Атақ-даңқы алыстарға тараған Томас Аткинсон ержүрек ағылшын саяхатшысы. Жеті жыл, жеті ай Ресейдің азиялық бөлігін атпен, арбамен, қайықпен шарлап, алпыс мың шақырымнан астам жол жүрген. Мәскеу, Санкт-Петербургте болып, орыс патшасы Николай Біріншімен кездескен. Император өз елінің Англиямен қарым-қатынасы онша еместігіне қарамастан, оны жылы қабылдап, қалаған жағына кедергісіз сапарлауға рұқсат берген. Соған қарағанда альбиондық ақ берен кісідегінің кілтін ала білетіндей алымды-шалымды болған-ау шамасы.
Сойы бөлек сайыпқыран содан Оралды, Алтайды, Қиыр Шығысты, Батыс Сібірді, Шығыс Қазақстан, Жетісуды кезіп кете барған. Адам жатырқамайтын Аткинсоныңыз ала-құла қоғамның әртүрлі өкілдерімен алғаусыз араласыпты. Барлығын бауырына тартыпты. Дініне, тіліне, діліне қарай бөлмепті. Қазақтың бай-бағландарымен де, жалбыр тымақты жарлы-жақыбайымен де, орыстың ояздарымен де, шекпенді шенеуніктерімен де, соқасын сүйреткен шаруасымен де, монархияны мойындамай итжеккенге айдалған декабристермен де тең атаның баласындай сырласыпты. Ең бастысы, жәй жүрмей айналасынан алған әсерлерін қойын дәптеріне қотарып, ақ қағазды айғыздап, қарындашпен қаптатып сурет салған. Олардың ішінде асыл текті Абылайдың ұлдары Сөк, Бексұлтан төрелердің, қарапайым қазақтардың тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін этнографиялық этюдтер, көркіне көз тоймас өлкеміздің таңғажайып табиғатын өрнектеген пейзаждық көріністер өте көп. Отанына оралған соң осының бәрін кітапқа кіргізіп, кең-байтақ еліміздің киелі бір пұшпағы туралы айшықты акварельдермен безендірілген танымдық сипаты мол, деректік құндылығы зор тарихи-жағрапиялық альбом шығарғаны әмбеге аян.
***
Тау асып, тас басып талай жердің дәмін татқан Томастай ат жалындағы азаматтың жан жары Люси де күйеуімен бірге небір тар жол, тайғақ кешулерден тайсалмай өткен. Құлай сүйген қосағының қосын тартып, қиын-қыстау сәттерде қасынан табылған. Біраз уақыт Санкт-Петербургтегі сарсүйек зиялылардың үйінде қызмет істегендіктен орысшаға да жетіктеу болған тәрізді.
Ел ақтаған екеу 1848 жылы Семейде серуендеп, Аягөзде аялдап, жолшыбай Алакөл, Балқашта байырқалап, аққу ұшып, қаз қонған Ақсу, Тентек, Сарқан, Басқан бойындағы көне қорғандардың көп сырын көкейге тоқып, Батыс Сібір генерал-губернаторы П.Горчаковтың ақылымен Алашқа аттары мәлім би-сұлтандармен сұхбаттасып, ақырында аяңдап Қапалға жетеді. Бұл жөнінде белгілі жазушы Сергей Марков «Асқарға аттанғандар» романында біршама баяндайды. Жанкешті жұбайларды Жетісу әкімі барон Александр Врангель мен казак әскерлерінің командирі Степан Абакумов құшақ жая қарсы алған. Жақында ғана қала мәртебесін алған Қапалыңыз ол кезде әлі қалыптаса қоймапты. Қарағайдан қиып салған ауқаттылардың қос қабатты ағаш үйлері кейінірек бой көтерген. Сондықтан ерлі-зайыпты Аткинсондар алғашында жертөледе тұрыпты. Жергілікті бишігештер әрі-бері шапқылап, әрең темір төсек әкеп беріпті. Сонымен қойшы, сол жылы қарашаның 4-де Люси айы жетпей босанып, алтын асықтай ұл туыпты. Ақылды ағылшындар арып-ашып жүргендерінде азды күн нанын жеп, суын ішкен қазақтардың құрметіне баласына Алатау-Тамшыбұлақ деп ат қойыпты. Елдің иесін, жердің киесін сыйлаудың жарқын бір үлгісі осындай-ақ болар, сірә!
***
О, он тоғызыншы ғасырдың орта тұсында Қапалыңызға атақты Верный астар келмеген. Әу баста әскери бекініс ретінде салынып, артынан Алатау округінің әкімшілік орталығына айналған. Оқалы киімді орыстың озбыр ұлықтары осында отырып, Ұлы жүз қазақтарын билеген. Оның үстіне Қытай шекарасына жақын орналасқан. Базарға бай Орталық Азияға да іргесі тиіп тұр.
Тоғыз жолдың торабындағы осынау мекен Ресейдің ішкі-сыртқы саясатында қандай маңызды орын алғандығын Шоқан Уәлиханов өзінің «Русский инвалид» журналының 1865 жылғы №51 санында жарияланған «Қытай империясының батыс өлкесіндегі дүнгендер көтерілісі туралы» мақаласында айрықша ашып көрсеткен. «Не думаю, что нашлось очень много из читателей русских газет, которые бы знали то место, из которого я пишу Вам мое письмо, и хотя бы приблизительно могли указать не карте Капал. А между тем знание этого пункта не показывает одного только исключительного знакомства с географиею, оно указывает и на степень того интереса, которым проникнуто наше общество к своим политическим делам отдаленных пределах Россий» делінген онда.
Сол кездің өлшемімен алғанда сән-салтанаты келіскен шағын шаһарға әлемге әйгілі саяхатшы-ғалымдар жиі соққан. Аткинсондар міне, солардың сойынан.
***
Аталарымыз біліп айтқан: «Өткен күннен белгі бар». Аткинсондар аман-есен еліне барып, естерін жиған соң «Восток и Западная Сибирь», «Путешествие по Нижнему и Верхнему Амуру», «Воспоминания о Татарских степях и обитателях» дейтін кітаптар шығарды.
Кіндік қаны қасиетті Қапал топырағына тамған Алатау Аткинсон Британияда білім алып, Гавай аралында қызмет етіпті. Жеті бала тәрбиелеп, өсіріпті. Газетке редакторлық етіпті.
Бұрнағы күні Ұлттық академиялық кітапханада жан тебірентерлік жақсы жаңалық болды. Саңлақ саяхатшылардың саналы ұрпақтары алыстан ұшақ мініп Астанаға арнайы шақырумен келіпті. Тіпті, бір-екеуі кезіндегі атасы мен әжесінің киім үлгісімен киініп алыпты. Журналистермен жүздесіп, Тәуелсіз Қазақстанның халықаралық аренада айтарлықтай орын алатындығынан хабардар екендіктерін білдірді. Өздерін Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қабылдағанын мақтанышпен жеткізді.
Кітапхана басшысы Үмітхан Мұңалбаева кіріспе сөз сөйлеп ашқан кездесуде ұлыбританиялық қаламгер Ник Фильдингтің ағылшын тілінде жарық көрген «Оңтүстікке, Ұлы далаға: Томас және Люси Аткинсондардың Шығыс Қазақстанға 1847-1853 жылдардағы саяхаты» дейтін кітабының тұсауы кесілді. Отандастары осыдан неше жүз жыл бұрынғы ізімен жүріп өткен автор шығармасының жазылу тарихына тоқталып, болашақта оның қазақ оқырмандарының рухани олжасына айналғанын қалайтынын жасырмады. Жалпы, Аткинсондардың кітаптары да ана тілімізге аударылса біткен істің бірі болар еді.
Н.Фильдинг слайд арқылы залға жиналған зиялы қауым өкілдерін Т.Аткинсонның туып-өскен ортасымен, Қазақ сахарасынан эскиздерін салып әкелген суреттерімен кеңінен таныстырды. Сөйтсек, бұл Аткинсоныңыз әмбебеп, адам болыпты. Әкеден ерте айырылып, әуелі кәсіптің басын шалыпты. Архитектор мамандығын меңгеріп өзінің туған қаласындағы бірқатар ғимараттарды жобалауға қатысыпты. Әдеби туындыларды құмарта оқып, қылқаламға жиі қол артқан. Баз-базында флейтада ойнап, көңіл көтеретін әдеті де жоқ емес көрінеді. Германияға барғанында атақты Александр Гумбольдпен пікірлескен соң аңсары саяхат әлеміне біржола ауған сияқты.
Алқалаған әлеумет алдында Аткинсонның бүгінгі үрім-бұтақтары саналатын Пол Далквист, Белинда Браун, Филиппа Смит, Рауз Уайтхед арқалана сөйлеп, ұлы бабаларын ұлықтаған қазақ халқына ағынан жарыла алғыстарын жаудырды.
Байыпты басқосуға қатысқан мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркіт Аяған, тарих ғылымдарының докторы Зиябек Қабылдинов, белгілі жазушы Шәрбану Бейсенова төл тарихымыздың төрт құбыласын түгендеуге қомақты үлес қосқан Аткинсондардың ерен еңбектері елеп-ескеруге тұрарлық екеніне ерекше екпін түсіре әңгімеледі.
Осылайша Ақордалы Астанада Аткинсон ұрпақтарына лайықты сый-сияпат жасалды. Енді олар Алматы облысына барып, Тамшыбұлақтың таңдайдан кетпес таза суынан дәм татпақ.
Талғат БАТЫРХАН,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген
Ерлан Омаров