Есімі елге елеулі
Ана бір жылы Аягөзде ұлттық эпосымыздың шоқтығы саналатын «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының 1500 жылдық тойы ұйымдастырылып, ел-жұрт бір мәре-сәре болысты. ЮНЕСКО өзі атсалысқан торқалы тойда халықаралық ғылыми-практикалық конференция, дүрілдеген ақындар айтысы өтіп жатқан бір әредікте қатар отырған қаламдастар ортасына: «Біз осы Қозыдан тараймыз ба, әлде Қодардың ұрпағымыз ба?» деген әзіл тастадым. Сол кезде айтыстан қолы қалт еткен Жүрсін Ерманов жұлып алғандай: «Басқаларыңды білмеймін, мен өзім Қодардың тұқымы болуым керек», деп жауап беріп, жұртты ду күлдірді. Шынында да, батыр тұлғалы, ер мінезді Жүрсінге бұлай айту жарасатын еді. Бірақ бұл бір қарағанда ғана. Әйтпесе дәл осы Ермановтың нәзік лирикаларын оқығанда ондай «қодарлық» қырларынан көз жазып қаласың. Кейде баяғының ақкөз батырларындай алшаң басып жүретін, белден басып сөйлейтін, тізеге басып қимылдайтын мінезі де кейде адыр-кедір-бұдырлау осы Жүрсіннің қай жерінен нәзік лирика туады екен деп таңырқаған да кезім болған. Сөйтсем, өзі алпамсадай Жүрсіннің жүрегі қобыздың қылындай нәзік екен. Үзеңгілес жүрген жылдарда бұған талай көзім жетті. Артық айтылған арсың-күрсің сөз бен одағай әзілді ауырлап, жүрегі жараланып қалғанына да куә болғанмын. Осындайда Лев Толстойдың жиырма тоғыз жасында отыз жеті жастағы Афанасий Фет туралы В.Боткинге: «Осы бір добалдай ақкөңіл офицерге ұлы ақындардың қасиеті, қайдағы бір түсініксіз нәзік сырлы өжеттік қайдан бітті екен?», деп таңырқай жазған хаты еске түседі. Фет өзінің «Естеліктерінде» Толстойдың бұл пікірі туралы: «..мен бұл кезде оның бір де бір жолын әлі оқи қойған жоқ едім, тіпті оны әдеби есім ретінде де естімеп едім... Дегенмен, тұңғыш танысқан сәттен бастап-ақ жас Толстойдың бойынан пікір-пайым саласындағы бүкіл қалыптасқан нәрсенің бәріне деген ымыра-ырықсыз оппозицияны байқадым», деп жазған. Жә, Жүрсін бар болмысымен Фет тектес нәзік лирик болса болар, бірақ біз Толстой емеспіз ғой, сөздің тұздығы ретінде мысал келтіріп жатқанымыз болмаса...
Мен осы екі алыптың бір біріне баға берген өзара пікірлерінде айтылған нышандарды біздің Жүрсіннің ойы мен бойынан да, шығармаларынан да тапқандай боламын. Өмірдегі нендей құбылыс, қандай оқиғаға болса да оның ешкімге ұқсамайтын өзіндік пікірі бары белгілі. Қисайған жағына жығылатын бірбеткейлігі кейде сыңарезулікке ұласып кете жаздайтыны да бар. Бірақ арғы түкпірінде сырт көзден қызғыштай қорғаштап жүрген нұрлы нәзік сезімі мөлдіреп жататынын «өлең деген өсекші» ғана жаймаса, былайғы жұрт біле бермес еді.
Осы нәзіктік Жүрсін Ермановтың сонау алпысыншы жылдардың аяғында жарық көрген жастардың ұжымдық «Жас керуен» жинағына кірген тырнақалдысынан-ақ байқалған. Сол тұста ҚазМУ-дің журналистикасында оқитын жас ақын, болашақ сыншы-ғалым Асқар Егеубаев жазда ауылға каникулға келгенде шөп шауып, қой қырқып, велосипед теуіп, турникке асылып жүрген маған Алматыда өзімен бірге оқитын дарынды достары туралы жырдай қылып әңгімелейтін. Олар: «Бұрай тартқан арқанын, бурлактары Арқаның», деп Асқар Егеубаев жазған осы Жүрсін, Тұрсын, Несіпбек еді.
Сондағы Асқардың: «Осылардың ішінде Жүрсіннің мінезі қиын. Асау. Өр. Анау-мынау ықты-жарыңа көнбейді. «Қазақ әдебиетіне» шығайын деп тұрған өлеңдерін поэзияны қарайтын газет қызметкерінің бір ауыз сөзіне шамданып, қайтарып алып, қайқайып жүре берді. Бір мұғалімнің сөзін көтере алмай тіпті оқуды тастап, Жезқазғанына тартып отырды», деген сөздері жадымда. Мұны қазақ «бастан сөз асырмау» дейді. Ондай адамның жолы қашанда кедергіге толы, тағдыры қиын болатыны да аксиомадай ақиқат.
Сөздің батпан салмағын сездің бе, ұлым,
Әр сөз өзі кеседі өз кіндігін.
Көздің құнын сұрама-сұрамасаң
Сұрау керек алайда сөздің құнын!
Бір сөз үшін азапқа төзгенде адам,
Сөз бағасын қапысыз сезген бабаң.
Аттан жығыл жығылсаң – оқасы жоқ,
Жығылуға болмайды сөзден, балам! – деп жазады Жүрсін Ерманов «Құдіретке жүгіну» атты кітабындағы «Бәсіре сөз» атты өлеңінде. Міне, бұл – ақынның кредосы! Сөздің шынайы құнын түсінетін, жоғын жоқтайтын, сөз өнерін төбесіне көтеретін нағыз қазақ ақынының сөзі.
Екеуміз, екеуміз ғана емес, Көкшетаудан бір мысқал өлеңімен келген Жәркен Бөдеш те бар, 1973 жылы Жазушылар одағында өткен жас жазушылардың республикалық кеңесінде Қадыр Мырзалиевтің секциясында кездесіп, таныстық. Бірден іштесе сөйлескенімізбен, жақын табысып, достаса кеттік деп айта алмаймын, бірақ тілектес, ниеттес болып қоштасқанымыз есімде. Ол сол жұмбақ күйінде жалы күдірейіп Жезқазғанына кете барды. Сондағы Қадыр аға бағалаған кесек мінезді, кемел өрнекті, кескекті ойға толы шұрайлы өлеңдері «Жанартау» атты тұңғыш кітап болып шығуы үшін өз жазу жозысында ма, баспалардың сөресінде ме, аттай он жыл сүрленіп жатуына тура келді. Сол бұрқ етіп атылған жанартау күні бүгінге дейін әлі сөнген жоқ, от-жалыны бұрынғыдан да үдей түскенімен аса талғампаз автор оны әлі күнге дейін өз ішінде өз қолымен тұншықтырып, күргейлеп, бүркемелеп келе жатыр.
Жүрсін Ерманов саусағын сорып өлең туғызбайды, қайнаған өмірдің өзінен алады, бастан кешкенін, көзі көріп, көңіліне түйгенін жазады, жүрегін тербемеген, жанын қозғамаған тақырыпқа бармайды да баспайды. Өмірі – өлеңімен, өлеңі – өмірімен қабысқан, өрімдей өрілген санаулының бірі. Кезінде Цветаева Пастернакқа: «Сіздің тақырыбыңыз – Сіздің өзіңіз, Сіз оны Колумб Американы ашқандай үнемі күтпеген, ойламаған жерден ашасыз да жатасыз» деп жазған. Жүрсін Ерманов та дәл сондай ақын. Оның бүкіл ғұмырында жазған өлеңдері әлдеқайда көп болар, бірақ бізге бар ұсынғаны жүз жиырмадай-ақ жыр, оның да жетпісін ғана «Құстың көлеңкесі» атты таңдамалы жинағына енгізіпті. Үлкенімізге де, кішімізге де үйренерлік үрдіс! Осындайда орыстың әйгілі ақыны Михаил Светловтың: «Егер бір жинақтан тұщымды он бес өлең табылатын болса, оның мықты кітап болғаны», деген сөзі еріксіз еске түседі.
«Ұят дейтін бір кінәз, нәпсі дейтін бір кесел – арбасады да жатады. Содан ба екен, қанағаттың шапаны мен қияметтің кебінін мен алдымен өзіме өлшеп көремін. Назары сұсты бір құдірет жазғанымды жырттыра береді, кітабымды кідірте береді. Алпысқа келгенінше бар жазғаны бір томға жетер-жетпес өлең болған Абай аға да көкжелкемнен қарайды да тұрады. Ол кісі де қатал-ақ! Осылайша, бар мен жоқтың, от пен судың арасында қапылған шамшыл шайырдың тым болмаса бір шумақ өлеңі, тым болмаса бір қайырым сөзі талғампаз оқушының таңдайын жібітуге жараса нетті деп үміттің шырағын үрлегеннен басқа, құдіретке жүгінгеннен басқа не шара бар?!», деп жазады Жүрсін ақынның өзі.
Жүрсін Ермановтың поэзиясында табиғат лирикасы жоқтың қасы, ол тіпті айналасындағы табиғат көріністеріне, тау, тас, орман, тоғай, жапырақ, бұлт, ай, жұлдыздарға зер салмайтын да сияқты, егер назар аудара қалса одан живописьтік картина емес, өз жанының, өз қоғамының ахуалын ғана көреді. Мысалға, ақынның «Терісаққан» атты жыры соның айғағы:
Сағымымен даланың жарыса аққан,
Жақсылықтың алдынан желі соққан,
Кейінгі елге жылы сөз жеткізбекке,
Хабаршыдай қуанып кері шапқан
Арқада бір өзен бар – Терісаққан.
Қазағымның қақ жарып кең даласын,
«Терісаққан» атанып енді ағасың.
Бәлкім барлық өзендер теріс ағып,
Оң ағатын жалғыз-ақ сен ғанасың?!
Бәлкім барлық өзеннен сен данасың...
Ешкімге ұқсамау деген осы. Бұл – Жүрсіннің өзі туралы жазған автопортреті дер едім. Желмаямен жер шолған Асан атасындай, жиһан кезген жиһангердей өз жанының жаңа құрлығын ашып отыр. Біз Совет өкіметі тұсында стандартпен өмір сүріп, шаблонды ойлап, қалыптан аспай, сызды жерді баспай, «құндақтағы адамдай» өмір сүруге бейімделдік, дағдыландық. Ноқтаға басы сыймағандар көзтүрткі болды, немесе қапастағы құсқа айналды. Тоталитарлық жүйе үшін еркін ойлайтын, ерекше түйсінетіндер қашан да қауіпті элемент санатында. Біздің халық сол Совет өкіметі кезінде әлемдегі ең оқымпаз ел болды. Бірақ соның өзінде тек арнайы рұқсат етілген әдебиетті ғана оқуға мүмкіндік берілгені аян. Алаш алыптары мен арыстарымыздың әдебиеті көзден таса, көңілден тыс тұмшаланып ұсталды. Себебі ұйқыдағы сананы оятуға болмайтын еді. Міне, сол тұмылдырықты заманның өзінде осы «Терісаққан» тектес өлеңдерімен сызулы шеңберді бұзып, қалыптасқан қағиданы талқандай білген ақындар бізде көп емес.
Бізде уақытқа қызмет ету, өз дәуірін жырлау дейтін мәртебелі ұғымдар бар. Мұның бәрі сол өткен болмысымыздың бейнесі, бастан кешкен қоғамымыздың көрінісі, қысқаша айтсақ, ескінің сарқыншақтары деп қайыра салсақ болар еді. Вахтангов ескінің сарқыншақтарын жақсы сақталған өлікке теңеген. Тәкаппар Цветаева: «Біз оған қол қусырып қызмет қылатындай уақыт деген соншама немене өзі?!» деген. Өз дәуірін мадақтай жырлаған ақынның ішіндегі ең жадағайы да, жағдайы жақсысы да Демьян Бедныйдай-ақ болар, ол Кремльде тұрып, наркомдармен қоңсы өмір сүрген жалғандағы жалғыз ақын. Нағыз сарай ақыны. Бүгінде әдебиеттен аты өшті. Алда-жалда аты атала қалса бүгінгі оқырмандар оған мүсіркеп, күле қарайды. Ең дарындысы Маяковскийдей-ақ болар, ол да ақыр соңында атылып өлді. Оған ешкім күле алмайды. Бірақ аяныш білдіреді. Соның бәрін көріп-біле отырып, даталы күндерге, саяси-қоғамдық маңызы бар науқандарға неге өлең арнамадың деп Жүрсін Ермановқа қалай кінә артарсың? Ол көсемдердің туған күніне өлең арнамаса арнамаған шығар, бірақ өзінің туған күнін ұмытпаған, бір емес екі өлең арнаған. Бұл да болса ақынның өзіндік, максималистік ерекшелігіне жатады.
Қуанбаймын бұл күні
Қосылды деп жасқа жас.
Мәңгіліктің мылтығы
Мені бейғам тастамас.
Қасіреттің көгенін
Қайратым жоқ елемес.
Күліп тұрмын дегенім,
Жылағаннан кем емес.
«Өміріңді жалмаймын»,
Деп сағатым зырлайды.
Қуана да алмаймын,
Ішті тесіп бір қайғы.
Уыты бар көңілде,
Жазылмайтын жараның:
Неге келдім өмірге?
Неге кетіп барамын?
Неге? Неге? Міне, бұл – сұрақтың сұрағы. Өмірдің мәнін іздеген қаншама философтарды қинаған, буынсыз жерден пышақ ұрып тұрған ұрымтал сұрау. Өмірдің ақырында сауал бар, сауалдың соңында зауал бар. Жүрсін Ерманов ақырет алдында айтылар сауалды өз туған күнінде өзіне қояды. Бұл Омар Хайямның: «Мен кіммін? Қайдан шықтым? Қайда барамын?», Шекспирдің: «Бол, болмасаң бордай тоз», дейтін аталы сұрақтарымен тайталаса аларлық мәңгілік сұрау. Бұрынғы өткен мықтылардың: «Өлең жазсаң ақырғы өлеңіңді жазғандай жаз, өмір сүрсең ақырғы күн өмір сүргендей бол», дейтін қағидасы да қылаң береді.
Бірақ бүгінгі күннің өз талабы бар емес пе? Жаңа қоғам, жаңа құрылыс, тәуелсіздік заманын көріп-біліп, бастан кешіп, жемісін тата отырып, ақын қалай үндемей қала алады? Егер ақын болса? «Егер Португалияда жер сілкініп, зілзаладан жер-дүние қирап жатса, гүл мен жапырақты жырлап отырып алған ақыннан не қайыр?» деген сөйлемді Ян Парандовскийден оқып едім.
Мәселе дәуірді, қоғамды құр мадақтауда емес, мәселе заманның шындығын аша білуде. Бұл тұрғыдан алғанда:
Ұлытаудың ұраны – ұлар, ұлар,
Ұлары жоқ,
Бұл таудың мұнары бар.
Ұлы тастың алдында ұяттымыз,
Кім ауырар ұяттан, кім арылар?!
Ұлытауға бардың ба?
Ұлар қайда?
Ұлы қайғың уылжып тұнар бойда.
Ұры тісің секілді у сезімің,
Уын жайып уілдеп туар ма ойда...
Ұлытауым, Ұлығым,
Ұлтым менің,
Ұран ілер басыңа бұлт ілмегін.
Ұларыңды ойлама, ұлыңды ойла,
Бауыры бүтін бар дейсің бұл күнде кім?
Ұлытауым, ұлығым, ұлтым менің!
«Ұры тісің секілді у сезімің», дегенді Жүрсіннен басқа қай ақын айта алды екен? «Ұлытауым-ау, ұларыңның тағдырын ұлдарың құшпасыншы» деп тұрған жоқ па? Ақыннан бұдан артық қандай азаматтық позиция талап етуге болады? Оның «Ақынның үйі», «Абайға мұң шағу», «Жамбылды қорғау», «Кеңшілік Мырзабековті Алматыдан аттандыру», «Гольфстрим», «Оразалы», «Екі сурет», «Әпке», «Мүйіз кесу», «Қара шашым ағарады», «Әйелге ода», «Макулатура», т.б. қадау-қадау өлеңдерінің әрқайсысы бір бөлек әлем, жырлап тұрған, қобыздың ішегіндей күңіреніп тұрған дүниелер. Айтыс өнерін тірілту арқылы өзіне өшпес ескерткіш орнатып үлгірген Жүрсін Ермановтың бұл өлмес еңбегін айтпағанның өзінде жазба поэзиямызға қосқан сүбелі үлесін ешкім де жоққа шығара алмайды.
Мұхтар Әуезовтің қойын дәптеріндегі жазбалардың ішінде мынадай тәмсіл бар: «Түлкі арыстанға: «Менің күшігім қандай көп. Жыл сайын табам және көп-көптен табам. Сенікі не, бәрі біреу-ақ?» – дегенде, Арыстан: «Біреу де болса ол арыстан ғой!» –депті. Біздің әдебиетімізде қазір асыра сілтеп, ақтара жазу, қопара қозғап, қотара төгу, көп кітап шығару етек алып тұрған кезде «жүрегімен арыстанның, қозыдайын көгенделдім» дейтін Жүрсіннің арыстан мінез, түйетолғағымен дүниеге ілуде бір келіп жататын ұстындай кітаптары туралы осылай айтсақ артық емес. Саны аз, көлемі шағын демесең, шынайы сезім, тұнық ой, еркіндікке суарылған ерке шабыт, қанатты көңіл, тереңнен бастау алатын тұмадай кәусар қайғы, бұлтқа қол созған биік парасат... қысқасы ақынның өз оқырманына тартар сыйы аз емес. Жүрсін таланты – жарқын, айрықша, ерекше, өзгеше талант.
Адамзатта өнердің сызып бергенінен өзге болашақ жоқ, егер олай болмаған жағдайда біздер өткен шаққа қайта ораламыз деседі данышпандар. Абзалы, сол өткенге қайта оралмау шығар. Өнер сызып берген, өлең сілтеп көрсеткен болашақ бүгінгінің де, ұрпақтардың да еншісінде.
Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Алматы.