Көнекөз тарих – сан қилы әрі сан қырлы қоғамдық құбылыстар мен әлеуметтік сілкіністердің куәсі. Соның бірқатары бізге кездейсоқтықтың көрінісіндей көрінетіні бар. Сол секілді бұдан жиырма бес жыл бұрын қол жеткізген тәуелсіздігімізге де осындай көзқарас тұрғысынан қараушылар табылады. Алайда, әлемдік әлеуметтанушылардың пайымдауынша, көктен салбырап түсе қалғандай көрінетін сол кездейсоқ оқиғалар мен күтпеген жағдайлардың, тіпті төңкерістердің өзі ғаламдық даму ырқы мен қисынынан серпін алады екен.
Өткен мыңжылдық. Тоқсаныншы жылдардың басы. Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеттің (ТЖМК) басты мақсаты КСРО аумағында темірдей тәртіп орнату екендігі белгілі болды. Сталин заманындағыдай «халықтар түрмесін» қайтадан қалпына келтіру кезеңі есік қағып тұрғандай сәт туды. Осы кезде Одақ құрамындағы кейбір республика басшылары заңсыз, кездейсоқ құрылған үкіметтік құрылым – «Төтенше комитеттің» билігін мойындамайтындықтарын ашық айтты.
Солардың бірі – Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еді. Ол оқиға орын алғаннан кейін 20 тамыз күні таңертең республика халқына арнап сөз сөйледі.
Онда республика басшысы ТЖМК-ның әулекі әрекеттерін қолдамайтынын, мұның КСРО Конституциясы қағидаттарына қайшы екенін ашық мәлімдеді. Анығын айтқанда, төңкерісшілердің басты зымиян ойларының бірі – одақтас республикаларды билеу тізгінін қайтадан бір уысқа жиып, оларды бұрыннан бетер тұқырта түсу екені де белгілі болып еді. Алайда, жұртшылықтан қолдау таппаған төтенше комитеттің күні қараң болып, шықпай жатып өшті. Сондай-ақ, онымен бірге азаттықты аңсаған елдердің заңды еркі мен құқын ұзақ жылдар бойы бұғаулап келген КСРО-ның да дәурені өтіп, демі таусылып бара жатты.
Осы оқиғадан кейін Кеңестер Одағы аумағында еркіндік ұраны ашық айтыла бастады. Тіпті, Горбачев шұғыл Мәскеуге оралып, билік тағына қайта жайғасқанымен күнілгері белгіленген Одақтық келісім жасалмай қалды. Жыртыққа жамау салып, құрыққа сырық жалғауға тиісті Новоогарев келісімі де жөргегінде тұншықты. Саяси жүйенің дағдарысқа ұшырап, айықпас дертке душар болғанын дер шағында аңғарған Қазақ КСР Президенті Н.Ә.Назарбаев елдің егемендігі мен шаруашылықты өз бетімен жүргізу еркіне негіз қалайтын басты құжаттарға – «Қазақ КСР-ның Қауіпсіздік кеңесін құру туралы», «Семей ядролық полигонын жабу туралы» және «Қазақ КСР-ның сыртқы экономикалық дербестігін қамтамасыз ету туралы» Жарлықтарға қол қойды.
1991 жылдың 23 тамызында республика басшысы Н.Ә.Назарбаев КОКП Орталық Комитетінің Саяси Бюро мүшелігінен өз ықтиярымен бас тартты. Сол жылдың 7 қыркүйегінде Алматы қаласында өткен партияның съезінде Қазақстан Коммунистік париясын тарату туралы шешім шықты. Бұл жай ғана оқиғаларды термелеп, моншақтай тізіп шығатын хроникалық тарихи деректеме емес, ғасырлар бойы еркіндігін аңсаған халықтың тәуелсіздікке жету жолындағы алмағайып шағы мен шешуші кезеңі еді. Әрі осы биік те асқақ мүдделер жолында төзімділік танытып, сабыр сақтар тарихи сәттер мен табиғи белестер болатын.
Осы тұста орталық басылымдар одақтас республикалардағы қоғамдық-саяси өзгерістер мен жарқын жаңалықтарды «егемендіктің ерілме шеруі басталды» деп кекетіп-мұқатып баққанымен, орыс зиялыларының ойы озықтары Одақтың күйі кетіп, бағы тайғанын ашық айта бастады. Ақырында 1991 жылдың 8 желтоқсанында Ресей, Украина және Беларусь басшылары Минск түбіндегі Беловежие нуында үшеуара бас қосып, 1922 жылғы КСРО құру туралы шарттың күшін жою, оның орнына Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына бірігуді көздейтін құжаттарға қол қойды.
Сөйтіп, олар жетпіс жылдан астам уақыт бойы әлемді қаһарымен ықтырған, таным мен наным терезесіне темірден перде тұтып, құзырындағы ұлт пен ұлысты қасаң идеологияның қамағында ұстаған коммунистік-тоталитарлық режімді тәрк етті. Сол жылы 13 желтоқсанда Ашхабадта бас қосқан Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Тәжікстан басшылары Беловеж келісімін қолдайтындықтарын білдірді. Ал бір апта өткен соң бұрынғы Одақ құрамындағы Балтық жағалауы елдерінен басқа он бір республика басшылары Алматы қаласында бас қосып, КСРО-ны ыдыратып, ТМД-ны құру туралы халықаралық құқықтық актілерді жария етті.
Шын мәнінде, бұрынғы Кеңестік кеңістіктегі ғана емес, бір-бірімен бастары ешуақытта түйіспейтін, екі лагерьге бөлініп, бір-біріне қиғаш қарап келген бүкіл жер-жаһанның саяси-идеологиялық бет-пердесін өзгертіп, көк құрсау тонын жібіткен тарихи оқиға болды, бұл. Міне, осылайша тежей тұруға келмейтін, кері бұрауға көнбейтін тарихтың тегершігі шыр көбелек айналды. Посткеңестік ендіктегі басқа республикалар сияқты, Қазақ елінде де қоғамдық-саяси өзгерістер мен сілкіністер енді өзінің табиғи арнасымен жалғасын тауып, алға қарай ағындай жөнелді.
Ең әуелі Қазақ КСР-ның Жоғарғы Кеңесі 1991 жылдың 16 қазанында қабылдаған қаулының және арнаулы заңның негізінде 1 желтоқсан күні бүкілхалықтық сайлау өткізіліп, тәуелсіз Қазақстанның Президенті ретінде өз ұлтының асыл қасиеттерін, ізгі де даналық болмысын бойына дарыта білген саяси тұлға, қарымды қайраткер Нұрсұлтан Назарбаевқа ел қалауы, тарих таңдауы түсті. Араға аласапыранды ғасырлар мен алмағайып кезеңдерді салып, азаттық таңымен қайта оралған ақжолтай ғұрып бойынша Мемлекет басшысы ант беріп, ел билігі тізгінін қолына алды. Сөйтіп, 1991 жылдың 10 желтоқсанында Жоғарғы Кеңес сессиясы республиканың ащы шектей шұбатылған ресми атауынан «кеңестік» және «социалистік» деген сөздерді алып тастап, Қазақстан Республикасы деп өзгертті.
Содан көп ұзамай бір аптаның бедерінде республика Жоғарғы Кеңесінің жетінші сессиясы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заң қабылдады. Дәл осы күні 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақ елі аспан асты, жер үстінде өзінің ешкімге кіріптар емес, дербес даму жолын таңдаған, байтағы тұтас, шекарасы бөлінбейтін бірегей, халықаралық қатынаста тең құқылық қағидатын ұстанатын демократиялық-құқықтық, зайырлы мемлекет құрғанын салтанатпен жария етті.
Дәл осы күні... Иә, дәл осы күні исі қазақтың өлгені тіріліп, өшкені жанды. Көксегені келіп, көкейдегісі оралды. Мерейі өсіп, мәртебесі биіктеді. Түрлі тарихи кезеңдерде елдің бірлігі мен жердің тұтастығы үшін төгілген қан мен жосылған тердің қарымтасы қайтты.
Әрине, «Бәрін де тарихтың сый-сыбағасы деуге болар. Алайда, жан-жүрегіңнің аңсары болған азаттықты ешкім де сыйға тарта алмайды. Азаттық дегеніміз – бұл әлемдік тарих толқынында өзінің субъектілік құқығын сезінетін және оған жауап бере алатын халық болмысының жалғыз ғана үлгісі».
(Н.Назарбаев, «Тарих толқынында» Алматы 1999, 54-бет). Расында да, ұлыс мұңы, ұрпақ қамы үшін күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмеген, байырғы бабалардан бері тартып, күні кешегі 1986 жылғы Желтоқсанның ызғарында төбеден тас домалатқандай орталықтың өктемдігі мен саяси озбырлығына төзбей азаттықтың әнін шырқай алаңға атойлап шыққан өрімдей жастарды дүниеге әкелген қазақ ұлтының бес мыңжылдықта бастан кешкендерінің бәрі бүгінгі тәуелсіздігіміздің тұтас тарихы.
Жалпы, халқымыздың бірнеше ғасырларға созылған азаттық пен еркіндік жолындағы күрес тарихы – елдік мүдде үшін біріккен әрі бүгілген саусақтар іспеттес. Тәуелсіздік үшін аянбай шайқасқан кездер оның бір келетін сәтін жақындата түскені кәміл еді. Ал дұшпан қарасын басынан асырмаған азаматтық – өрліктің өнегелі баяны десек жарасар. Мұның бәрі ұлттық мемлекеттіліктің бастауына негіз болмақ.
Заманалар қатпарынан, ғасырлар тұңғиығынан тамыр тартқан осынау ерекше этномәдени феномен азаткер сана-сезімге отаршылықтың ойранын бастан өткеріп, 260 жылдай тар жол, тайғақ кешкен кезеңдерде де селкеу түспегені қайран қалдырады. Тек бодан тірліктің бұлты айығып, тәуелсіздіктің күні көкке өрлеп, қыраны самғай ұшқанда ғана қазақтың аты да, заты да аспан асты жер үстінен ешқашан жоғалып кетпейтінін ұқтық. Өйткені, тарих тағылымы соны түйсіндіріп еді. Елбасының Мәңгілік Ел идеясы да осы арнадан тамыр тартқаны анық.
Өзгенің табанында тапталып, аранына жұтылып кетпей, өзіндік болмысы мен дәстүрлі дүниетанымын әрі ұлттық рухын сақтап қалу үшін талай баһадүр бабалар сан мәрте қазақты отаршылдарға қарсы қарулы шайқастарға бастады. Бір ғана Батыс Қазақстан өлкесін жайлаған қазақтардың патшалық Ресейдің отаршылдық саясаты мен озбыр билігіне қарсы Сырым, Барақ, Жоламан батырлар тұсында басталған ұлт-азаттық қозғалыстары ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, 180 жыл бойы жалғасқан екен. Биыл жүз жылдығы аталып өтіп отырған 1916 жылғы «маусым жарлығына» мойынсынбауды көздеп, қару білеп атқа қонғандар да жалпықазақ көтерілісінің белді өкілдері еді.
Бүгінде Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайту жолында кездескен сан-қилы кедергілерден өтіп келеміз. Әлеуметтік аядағы мұқтаждықтар мен шаруашылық саласындағы қиындықтар да әжептәуір еңсерілді. Тіпті, әлемдегі алпауыт мемлекеттердің іргесін шайқалтқан қаржы-экономикалық дағдарыстарға да табандылықпен қарсы тұра білдік. Осындай сын сағаттарда макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп қана қоймай, Ұлт Жоспарын белгілеген Қазақстан Республикасын бұл күндері барша әлемдік қауымдастық мойындап, құрмет тұтады.
Бұл Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың қай кезде де қоғамдағы саяси тұрақтылық пен әлеуметтік татулықты көздің қарашығындай сақтауға айрықша назар аударғанының нәтижесі. Әрі оны мемлекеттік саясаттың өзегіне айналдыра білген көрегенділігінің көрінісі.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
ОРАЛ