28 Шілде, 2016

Анталия. Алтынжай. Ақшуақ

589 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
IMG_5433 Түркия сапарынан түйген ойлар Жақында журналист қаламгерлердің бір тобы Жерорта теңізінің толқындары өпкен әйгілі Анталия ғажаптарына қанығып қайтқан едік. Қытымыр қысы жоқ, үш маусымы шуақты көктем, бір маусымы жайдары жаз болып келетін тамаша сақи табиғатты тәңірім тарту еткен осы провинцияның туристік саласы мен аграрлық секторының жай-күйімен һәм келешегімен молынан жырғап танысу мүмкіндігін, әлбетте, қалт жіберген жоқпыз. Бұлай болуын осы сапарды Анталия аймақтық мәдениет және туризм басқармасының қолдауымен ұйымдастырған осы елдегі Қазақстан елшілігі қалап құп көрген екен.   Осында болған күндерде қа­ра­пайым, қатардағы түркия­лық­тардың да Қазақстанды, қазақ­тар­ды біршама тәуір білетінін аңғарғандаймыз. Соған қараған­да бір кездегі түрік көш­басшысы Тұр­ғыт Өзалдың: «Бұл күнде мені қосып санағанда Түр­кияда 65 миллион қазақ бармыз» деген сөзі де ақиқаттан аса алыс емес-ау деп бір түйіп қойдық. Айт­са айтқандай, қазіргі қарым-қатынас қазандай қайнап жатыр. Қанша дегенмен, Алтай бесігін­де бірге тербетілген бауыр емес пе, қазақ баласы Түркияда өзін еркін сезінеді. Түріктердің қазақ мәдениетіне, жал­пы Қазақ еліне деген ықыласы ерекше. Түркия несімен ерекше де­ген­де, әлбетте, Жерорта теңізінің күн сүйген жақұтты жағалаулары, жыл он екі ай дерлік құмырсқаның илеуін­дей құжынаған курортты демалыс орындары ауызға алдымен ілі­неді. Мұның сыртында, жаны жәннатта болғыр президент Тұрғыт Өзал бастап жасатқан мыңдаған «түтінсіз фабрикаларды» – бүкіл осы туризм индустриясын неше түрлі жеміс-жидегімен, көкөнісімен, азық-түлігімен, басқадай да ке­рек-жарағымен қамтамасыз ет­іп тұрған ауылшаруашылық саласы да туысқан елдің озық дамыған, үйренерлік үрдістері көп мақтаулы бренді саналады. Осы орайда, әсі­ресе, Түркияның інжу-маржаны, алтынжай, ақшуақ Анталия жұлды­зы – ішкі аймақтар арасында да, әлем бо­йынша да маңдай алдында жарқырайды десек, әсте артық айтқандық емес. Осы Анталияның көз жетер жер­дегі атшаптырым атырабын тура алақанға салып қойғандай қаз-қалпында Тақталы таудың 2365 метрлік биігі – Олимпостың басынан тамашалау да бір ғажап екен. Жүздеген бес жұлдызды отель­дермен өрнектелген, жеміс-жидек, цитрус мәуелері, көкөніс алқаптарымен көмкерілген Анта­лия­ның курортты оазис жазирасы бір-бірімен қапталдаса, кең қанат жайып жатқанын бұлт қасындағы биіктен шолғанда өзгеше әсерге бө­ленгеніміз де рас. Түп тамырын Алтай мен Өтікеннен тартқан туыс жұрттың мына жер жұмағындай жерұйық мекенде ел шаңырағын ас­пандатып көтергеніне әсіресе біздің қазақтың мерейленері де шындық. Осыған орай Қазақстанға деген Анталия өкімет орын­да­ры­­ның ынта-ықыласы да ерекше. Қа­зақстан­ның Түр­кия­дағы елшісі Жансейіт Түй­­мебаев пен қазақстандық бір топ журналистердің Анталия провинциясының уәлиі Алааддин Юкселмен және туристік бизнес өкілдерімен кездесуі барысында да екі ел арасындағы барыс-келіс, байланыс дәнекерлерін ширата түсу жайы көбірек қаузалды. Тараптар қос мемлекет көш­басшылары ден қоюының арқасында екі ел арасындағы қа­рым-қатынастардың кең ауқымда дамып отырғандығына тоқтала ке­ле, осы ретте айрықша туризм саласын атап өтті. Жақында ғана туризм тәжірибесін үйрену үшін Анталияға Қазақ­станнан 60 адамдық үлкен топ келіп кетіпті. Әлбетте, бұл жақсы нышан. Мұның сыртында, қазіргі қаржы қыспағына қарамас­тан қазақстандықтардың жалпы Түр­кия, соның ішінде Ан­та­лия курорттары мен демалыс аймақтарына қызығушылығы еш бәсеңдер емес. Жерорта теңізінің түрікке тиесілі жағалауларында жыл сайын 200 мыңнан астам отандасымыз өз демалыстарын өткізуге ынталанып тұрады. Дәл бүгінгі таңда бұл елдің туристік саласы да Қазақстаннан келетін демалушыларға аса бе­йілді. Мұқтаж десек те болады. Ан­талия уәлиі Алааддин Юксел бұл жайды ашық айтып отыр. Саяси, сондай-ақ, эко­но­­микалық себептерге байланысты, әсіресе, Ресейден және Еуропаның бір­қатар елдерінен келетін туристер санының кемуі байқалғаны да баршаға мәлім. (Осыдан аз уақыт өткенде Елбасының араласуымен Түркия-Ресей басшылығы түсіністік тауып, туристік арна қайта ашыла бастағанын еске саламыз – Қ.А.) Уәлидің айтуына қарағанда, биыл өңірдің демалыс аймақтары 800 мың шамасында адам қабылдай алады. Жұмыс істеп тұрған 500 қонақ үйдің 400-ден астамының бесжұлдызды мәртебесі бар. Сонымен қатар, соңғы уақыт­тарда Анталияда емдік туризм де айтарлықтай дамып келе жат­қан көрінеді. Мейлі қандай жағдайда болсын, демалушының денсаулығын сауықтыруға, оларды сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етуге басымдық бері­леді. Оның үстіне, бұл жұмыстың аясына мемлекеттік мекемелермен қатар жекеменшік медициналық кәсіпорындар да тартылған. Халық­аралық Remed Assistance сервистік медициналық компания өкілі доктор Нури Азиздің сөзіне жүгінсек, компания барлық қажетті қызметтерді тәулік бойы үзіліссіз режімде алуға көмектеседі, әрбір жағ­дай­дың жеке ерекшелігіне сай шешім табады. – Біз емдеуді ұйымдастыруға маманданғанбыз, – дейді доктор Нури Азиз, – мысалы, Қа­ра теңіздегі кемеден телефон соғып, шұғыл медициналық кө­мек көрсетуді сұрауы мүмкін. Ондай көмекті ұйымдастырғанда біз катерлерді, тікұшақтарды, ұшақтарды пайдаланып, науқас­тарды тікелей емдеу орнына жедел жеткіземіз. Анталия жағалауларын әлем­дегі ең таза теңіз суы шайып жатыр. Ауа райының қолайлылығы сондай, суға түсу маусымы мұн­да ерте көктемнен қара күзге дейін созылады. Соңғы жылдары туризмнің аңшылық, қысқы спорт түрлері, гольф, жаяу серуен, альпинизм, медициналық және іскерлік туризм сияқты салалары қарқынды даму үстінде. Іскерлік туризм дегенде, толып жатқан түрлі конференциялар мен форумдарды ұйымдастырушылар алтынжай да ақшуақ Анталияны қалайды екен. Айтқандай, өт­кен жылдың қарашасында G20 саммиті де осынау елдердің бірін­ші басшыларының қатысуы­мен нақ осында өткен болатын. Жоғарыда аталған туристік бағыт­тардың бәрі жыл бойы тоқтау­сыз жүреді. Жерорта теңізі жағалауының жұмсақ климаты мен бүкіл өңірдегі туризмнің жоғары деңгейі осыған игі ық­палын тигізуде. Жаздың ыстық маусымында күнге күйіп, суға шомылуды сүйетін жағажай жанкүйерлері жыл құстарындай жыртылып айырылса, қыс айларында мұндағы екі мыңдай лагерьдегі футбол алаңдарын Еуропа мен ТМД елдерінің, соның ішінде Қазақстанның да футбол клубтары өздерінің сүйікті жаттығу орнына айналдырған. Ал соңғы жылдары гольф-клуб­тардың тұтас жүйесі ашылуына байланысты мұнда кәсіпқой гольфшілер мен осынау спорт түрінің көптеген әуесқойлары атбасын тіреуді әдет еткен. Өңір өмірі жалғыз туризммен тұйықталады десек қателесеміз. Себебі, Анталияның ішкі әлеуеті өте жоғары. Кәсіп жүргізуге де, өмір сүруге де қолайлы. 80 мың шетелдіктің осы құт мекенде қоныстанып, толайым тірлік кешіп жатқандығы осыны айғақтаса керек. Ал сол Анталиядан бақ-береке тапқандардың тең жарымы орыс­тар, қалғаны немістер, скандинавтар, ағылшындар десек, оған да мына жаһандану заманында әсте таң қалуға болмас. Атыраптың табиғаты мен жағырапиялық жағдайы мұнда ауыл шаруашылығын табыс­ты өркендетуге жол ашқан. Анталия бүгінгі таңда сапалы әрі экологиялық тұрғыдан таза ауылшаруашылық өнімдерін өндірудің маңызды орталығы болып табылады. Про­винция басшысының айтуынша, өңір экономикасы үшін аграрлық сектордың маңызы туризмнен бір кем емес. Өйткені, өңір аумағының 20 пайызын, біз Тақталы таудың басынан шолып көргеніміздей, ауылшаруашылық мақсатындағы жерлер – шабындықтар, құнарлы алқаптар, ормандар, жайылымдар алып жатыр. Көптен-көп жылыжайлар өнімді жыл он екі ай бойы өсіріп жинауға мүмкіндік береді. Сөйтіп, осы ара­дан мәуелі жемістер мен көкөністер Түркияның басқа аудандарына тынымсыз жөнелтіліп жатады, сондай-ақ, экспортқа шығарылады. Өңірдің бір өзі ғана іс жүзінде бүкіл Түркияны көкөніс-жеміспен, айталық, апель­синмен қамтамасыз етіп қана қоймай, мұның сыртында 500 млн. доллар көлемінде басқа елдерге, соның ішінде Қазақстанға да экспорттауы бұл саланың әлеуетін айқын танытқандай. Туризммен және аграрлық сектормен қатар өнеркәсіп те даму үстінде. Бүгінде Анталияда 200-ге жуық ірі өнеркәсіп орындары тіркелген. Олардан басқа, шағын компаниялардың басын қосып шоғырландырған 11 өнеркәсіп аймағы жұмыс істейді. Мысалы, соңғы жылдары өмір талабы мен сұранысқа сай өнеркәсіптің келешегі кең жаңа саласы – яхта жасау өзіндік өрнекпен дами бас­тады. Қазір Анталияда бағасы миллион долларлық және одан да жоғары, элита класты тамаша яхталардың тамсандырып таңдай қақтырарлық нешеме түрі жасалуда. Оны біз теңіз жағасындағы айлақ-мариналарда көзбен көріп, қолмен ұстап, шын көңілден сүйіндік. Теңіз айдынында жүзіп жүретін қонақүй дегенге де сыйымды.  Бұл яхталар бас­қалармен салыстырғанда әрі арзан, әрі інжу-маржан болғандықтан, Еуропа нарығына да өтімді көрінеді. Соңғы кезде осы саланың қарқын алып дами түсуіне Түркиядағы яхталық сер­уен­нің танымалдығы ғана емес, қолайлы салық режімі, арзан жұ­мыс күші және осы орайдағы мамандардың жоғары біліктілігі сияқты толып жатқан басқа факторлар да аз әсер етіп отырған жоқ. Өнеркәсіптің осы және басқа салаларын келешекте өрісін ашып дамытуға және шетел бизнесмендерін тартуға септесетін еркін сауданың ерекше аймағы жұмыс істейді. Бірқатар кәсіпорындарда, ме­кемелерде, Жерорта теңізі жаға­лауындағы әлемге танымал қонақ үйлерде болғанда осы жайларға қанығып, сеніміміз беки түсті. Анталия курорт-қала­сының да көзді арбап, көңілді сүйіндірген қызықтары өз алдына. Бұл дегеніңіз тек көк теңізбен қолтықтасқан хауызды қонақ үйлер, ойын-сауыққа толы көңілді жағажайлар, әр елдерден келген мың сан демалушылар ғана емес, Анталия – тарих, Анталия – таным. Осында ежелгі грек мәде­ниетінің айшықты таңбалары мен Рим империясы дәуірінің белгі-іздерін сақтаған көне жәдігер, сәулет ескерткіштері жақындап барсаңыз небір шежіре сырларды шерте жөнелгендей. Қаланың қақ ортасындағы ескі шаһардың бұралаңдаған тар көше­лерімен келе жатырмыз. Әдемі дүкендер, ағаш үйлер, тозығы жеткен мешіт­тер. Теңіз жағасын орай тұрғызылған қамал-қаланың биік қорғаны. Көне мен жаңа қабысып қатар тұр. Көкірек көзі ашық, зерделі туристерді ашық аспан астындағы осынау тарихи жәдігерлер ерекше қызықтырады. Бұлардың бірсыпырасы мың жылдың арысында бой түзеп дәуірлеген, ал бір бөлігі ХІІІ ғасырда селжұқ сұлтаны Аладдин Кейқуат басып алғаннан кейін пайда болған. Міне, қазір осы ара қыж-қыж қайнаған өмір, туристік маршруттың алғы шебі. Көне қорғандардың етегінде күн сәулесі құйылған, құмынан шипа бұйырған сабат жағажай. Жағадан қол созым айдында неше түрлі қайық, катерлер, желкенді жүзу құралдары думандата жүзіп өтіп бара жатады. Жалпы, қалада турис­тер мен тынығушыларға қыз­мет көрсететін мұндай айлақ­тар көп-ақ. Анталия ерекшелігін танытар тағы бір деректерге зер сал­сақ, бұл өңірдегі жағажайлар 640 шақырымға созыла қанат жайып жатыр. Халқының саны 2 миллион 300 мың шамасында. Ал енді осындай ғана жердегі 500 мейманхананың 21-і әлемдегі ең үздік 100 отель­дің ішінде. Анталиядағы бүкіл мей­манханаларға бір түнде 650 мың адамның қонып шығуына жағдай жасалған. Әр күн сайын курортты қалаға 180 мың адам жүздеген ұшақтармен келіп қонып жайғасып жатады. 170 мыңдай адам ұшып кетеді. Күніне 1000 ұшақ ұшып келеді, ұшып кетеді. Бүкіл Азия, Еуропа, Африканың 58 елінен 302 қаламен тікелей әуе қатынасы орнаған. Қашықтықты ұшақ жылдамдығымен есептесек, 2-4 сағаттық аралықтағы Түр­кияны қоршап жатқан аймақта 2 миллиардтан астам адам тұрады екен. Соның әрбірі түрік кәрдаштар үшін ықтимал туристер. Олай болса, мұнда дем­алуға Франция, Германия, Англия сияқты елдерден көбірек келеді. Француздардың бір бөлек, ағылшындардың бір бөлек дем­алысын өткізуді ұнататын ай­мақтары бар. Түріктер соңғы кезде туризм нарығына Үндістан, араб елдерін қосу жолында жұмыс­тар жүргізуде. Ондағылар қалталы, сапалы туристер. Соны­мен бірге, Ресей турис­терінің қайтадан келе бастауы да көңілге тоқ, шүкір дегіз­гендей. Бұл Анта­лияның әлемдік деңгейдегі туристік әлеуетін паш етпей ме. Түркияда соңғы жылдарда ден­­саулық сақтау саласындағы туризмнің дамуына қатты мән беріліп жатқандығын оқырмандар қаперіне салсақ дейміз. Жерорта теңізі жағалауындағы Туризмді дамыту агенттігінің басшысы Осман бей мырза осы жайды қадап айтты. Өйткені, бүгінде жалпы Түркияның, оның ішінде, әсіресе, Анталияның денсаулық сақтау мекемелері әлемдегі ең озық, ең үздік аппаратурамен, медициналық құрал-жабдық техникасымен, сондай-ақ емдеу технологиясымен әбден жете жарақтанған. Өздеріндегі ізденімдік жұмыс­тары мол. Әрі мұндағы диагнос­тикалық шаралар және емдеу Еуропадағыға қарағанда екі-үш есе арзанға түседі, сонымен бірге сапалы. Анталияның бір өзінде ғана 44 аурухана бар. Осы ауруханалардан 125 мың шетелдік ем алған көрінеді. Соның 5146-сы емделген, қалғандары тексерілген. Біз аралап көрген Ақ теңіз университетінің ауруханасы, Анталияның ғылыми-зерттеу медициналық кешені әлемде алғаш рет жүрек пен бауырды ауыстырған танымал мекемелер. Олардың Алматыдағы Асфендияров атындағы медицина университетімен келісімге қол қойып, тығыз байланыс орнатуы да құптарлық. Сонымен қатар, осындағы оң тәжірибені үйренуге Қазақстаннан онко­лог, уролог дәрігерлер, әйел ауру­ларының мамандары 10 күн, екі аптаға топ-тобымен келіп жат­қандығын да жақсы нышанға баладық. Бір ғажабы, бұл игі іс, үйрену мүмкіншілігі түрік тарапынан қаржыландырылып тегін ұйымдастырылуда. Ал жалпы бұл үйрету, танысу, Қазақстанмен ынтымақтастық үрдісін аталмыш Агенттік 3 бағытта – денсаулық сақтау, туризм және ауыл шаруа­шылығы бағыттарында ілкімді жүргізуде. Олардың Алматы, Қа­рағанды, Шымкент сияқты ірі облыс, орталықтарымен әріптес­тік байланысты жандандыра түскені де құлаққа жағымды естілді. Әлбетте, осында 23 сәуірден бері өтіп жатқан, осы жылдың 30 қазанына дейін созылатын «Гүлдер мен балалар» атты «ЭКСПО-2016» туралы айтпасақ, «Анталия сапары жайындағы әңгімеміз толық болмас еді. 112 гектар жерді алып жатқан ЭКСПО алаңын аралағанда үлкен әсерге бөлендік. Анталия жазирасының өсімдіктер әлемінің байлығына тәнті болғандаймыз. Оның «Бола­шақ ұрпақтар үшін жасыл өмір» сыйлауды мұрат тұтқан философиясы біздің де жанымызға жақын екенін ұғындық. Бұл дегеніңіз экология мен адамзат дамуының сабақтас екенін аңғартқандай. Осындағы паш етілген Қазақстан павильонын көріп және мерейленіп тұрмыз. Асыға күткен алдағы жылғы Астана ЭКСПО-сының да басты ұраны «Болашақтың энергиясы» деп өрнектеліп, екеуінің де бір ізгі мақсат көздегені айқындала түсті. Анталия мен Астананың түбі бірге туыстығы да, ой-арманының ұқсастығы да осыдан көрініс тап­қаны қандай ғажап. Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан» АСТАНА – ЫСТАНБҰЛ – АНТАЛИЯ – АСТАНА