Мемлекет басшысының тапсырмасымен қызмет ете бастаған Халықаралық «Астана» қаржы орталығы қазақ тілінің кең қанат жаюына қомақты үлес қоса бастады. Осыдан үш жыл бұрын бастау алған игі іс бүгінгі таңда халықаралық шеңберде жүзеге асырылу үстінде.
Аталған орталықтағы әкімшілік департаменті директорының орынбасары Шерубай Құрманбайұлының айтуынша, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті мен КИМЭП және Қазақ гуманитарлық заң университеті сынды еліміздегі белді оқу орындарының 40-тан астам авторлық топ өкілдерінен құралған оқытушылар қауымының атсалысуымен таяуда ғана он екі тілде ақпар беретін көмекші құрал жарық көрді. Ұйымдастырушылардың түсіндіруінше, тіл үйретуге үндейтін жобаның авторлық тобына білім беру саласында ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатқан ғалым, оқытушылар мен тәжірибелі ұстаздар қауымы қатыстырылған.
«Олардың көпшілігі Шығыс пен Батыстың ілім-білімін оқып-тоқыған ізденушілер. Әсіресе, қытай, корей, жапон ғалымдарын көбірек тарттық. Ондағы көзделген мақсат – осындай көмекші құралдар арқылы тіліміздің қолданыс аясын мейлінше кеңейте түсу», – деді Ш.Құрманбайұлы.
Келер жылы Қазақстанда өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне шет мемлекеттерден мыңдаған туристер мен инвесторлар келетіндігін ескерсек, ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейту бағытында бұл расымен де дер кезінде қолға алынған жоба екені даусыз. Оның үстіне халықаралық деңгейде жұмыс істейтін қаржы орталығының ұйытқысымен жарық көрген көмекші құрал 12 тілде әр сөздің аудармасы мен түсіндірмесін ұсынады. Олар негізінен қазақша – орысша, қытайша – қазақша, корейше – қазақша, үндіше – қазақша және кері бағытта дайындалған. Осылайша, түрлі ұлт өкілдерінің өзара түсінісуіне себепкер болатын көмекші құрал қазірше бір мың данамен шығарылған. Десек те, алдағы уақытта үшбу дүниенің электронды нұсқасын тарату ойда бар.
Әрқайсының көлемі он баспа табақтан тұратын бұл тілдескіш құралдан бөлек, жұмыс тобы осы күндері 50 баспа табақтан тұратын орысша-қазақша-ағылшынша қаржы, банк саласындағы терминдер сөздігін дайындауда. Сөздікте 40 мыңнан астам сөздер қамтылады деп жоспарланған.
Мамандар тілдескіш құралда әлемге ең кең таралған он екі тіл қамтылғанын айтады. Сонымен қатар, қаржы, банк саласындағы қызметкерлерге қазақ тілін оқытуға арналған оқулықтар шығаруда. Еуростандартқа лайықталып, «Қазтест» жүйесіне негізделген бес деңгейлі оқу құралдары жеке-жеке кітап ретінде дайындалуда. Оған қоса оқулықтардың қосымшасы ретінде жұмыс дәптері мен оның CD дискілерінің аудио нұсқасы да тіл үйренушілердің назарына ұсынылады деп күтілуде.
«Бізде қаржы мен экономика саласы қазақша сөйлемей, мемлекеттік тіл толыққанды қолданысқа енбейді дегенді жиі айтады. Расымен де, осы сөздің жаны бар. Ақиқатында бұл еліміздің ең негізгі салалары болғандықтан, осы олқылықтың орнын толтыру мақсатымен қолға алынған жобалар еді. Осындай қадаммен мемлекеттік тілдің тынысын тарылтпай, есесіне қаржы секторында қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуді көздейміз», – деді филология ғылымдарының докторы Ш.Құрманбайұлы.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»