Олимпиаданың басталуына
8 күн қалды
Рио-де-Жанейродағы Олимпиялық ойындардың сөреден шығатынына аптадан да аз уақыт қалды. Содан кейін 16 күнге созылатын аламан жарыс басталып кетеді. Бұл спорт тойынан біздің де үмітіміз бар. Бұған дейінгі Олимпиялық ойындарда жеткен жетістіктеріміз едәуір болса, бұл жолы да спортшыларымыз өздерінен үлкен үміт күтіп отырған жұртын қуанта алатын шығар деген үміттеміз. Сондықтан, «қазан аузын жоғары» санап отырған жайымыз бар. Ал бүгінгі бет аясында Бразилия жерінде атой салатын бір топ саңлақтарымыз туралы сөз қозғалады.
Қазақстандықтар Олимпиадаға визасыз бара алады
Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді мен Бразилияның Қазақстандағы елшісі Деметрио Буэно Карвальо Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Бразилия Федеративтік Республикасының Үкіметі арасындағы екі ел азаматтарының визасыз сапарлары туралы ноталар алмасу нысанындағы келісімге қол қойды. Келісім қазақстандықтардың Бразилияда 30 күнге дейін визасыз болуларына мүмкіндік береді.
Осы құжат Қазақстан-Бразилия арасындағы ынтымақтастықты дамытуға, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық, туристік және өзге байланыстарды нығайтуға бағытталған. Онда, әсіресе, екі ел азаматтарының өзара сапарларын барынша жеңілдету қарастырылған.
«Келісім қазақстандық спортшылар мен азаматтарымыздың үстіміздегі жылғы 5-21 тамыз аралығында Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындарына қатысуын жеңілдетеді, сондай-ақ, бразилиялықтарға Астанадағы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінде «жасыл экономика» саласындағы адамзаттың соңғы жетістіктерімен танысуға жол ашады» – деп мәлімдеді М. Тілеуберді.
«Осы келісімге қол қоюды Қазақстан туристер мен іскерлік топтары өкілдерінің Бразилияға сапарларының арттырылуына ықпал ететініне сенімдіміз», – деді Д.Кавальо өз кезегінде.
Дамир ҚОЖАМҚҰЛ
Эктовтар әулеті
Эктовтардың әулеті Қазақстан жұртшылығына жақсы таныс. Бұл отбасы туралы сөз қозғағанда, Александр Николаевич пен Нина Викторовна алдымен ойға оралады. Ширек ғасырға жуық жеңіл атлетикадан жаттықтырушы болып жемісті еңбек етіп келе жатқан ерлі-зайыптылар талай спорт саңлақтарын баптап шығарды. Олардың алды жазғы Олимпиада секілді байрақты бәсекелерге қатысып, ел намысын абыроймен қорғап жүр. Солардың бірі – қыздары Екатерина. Ол тұлымшағы желбіреген талдырмаш кезінде-ақ ата-ана жолын қуып, кәсіпқой спортшы болуды арман етті. Бастапқыда үш қарғып секіруден бағын сынап жүрсе, сосын ұзындыққа секіруге маманданды. Кейін бастапқы спорт түріне қайта оралып, халықаралық жарыстарда топ жарып, жүлделер алды. 2009 жылдан олимпиадалық резервтерін дайындау орталығына қабылданып, ұлттық құраманың белді мүшесіне айналды. Енді, міне, 24 жасында Рио-де-Жанейрода өтетін ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарына қатысу бақытына ие болды.
Қайсар мінезді қыздың тынымсыз жаттығулардың арқасында талай биік асуларды бағындырған жетістіктерін санамалап шығу қиын. Әке-шешесі оны небір ығай мен сығай жиналған жарыстарға үкілеп қосып, үнемі бабында болуын қатты қадағалады. Ұзындық пен үш қарғып секіруден еліміздің бірнеше дүркін жеңімпазы Италияда ұйымдастырылған жасөспірімдер арасындағы әлемдік чемпионатта, Вьетнамдағы Азия біріншілігінде төртінші орын алды. Өткен жылы Олимпиаданың алтын иегері Ольга Рыпакова атындағы халықаралық турнирде 6 метр 23 сантиметрді бағындырып, бірінші тұғырға көтерілді. Алматыда ересектер арасында өткен Қазақстан кубогы мен ел біріншілігінде Олимпиада жолдамасын ұтты. Сонда 14 метр 16 сантиметрге қарғып, бұған дейінгі өз рекордын жаңартты.
– Екатеринаны бірқатар халықаралық жарыстарға қатыстырып, аяқалысын байқап көрдік. Нәтиже жаман емес. Қазір оқу-жаттығу жиындарын Португалияда өткізіп жүр. Олимпиада медальдарынан басты үміткерлеріміздің бірі,– дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығы.
Екатеринаның ағасы Евгений – жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ол Олимпиада ойындарына лицензия алу үмітін әлі үзген жоқ. Ал жеңгесі Ирина ел біріншілігінде үш қарғып секіруден 14 метр 32 сантиметр нәтиже көрсетіп, Бразилияда өнер көрсететін 6 солтүстікқазақстандықтың легіне қосылды. Мұның алдында Ғ.Қосановты еске алуға арналған халықаралық бәсекеде алдына жан салмаған болатын. Қазақстан ұлттық құрама мүшесінің Лондон Олимпиадасына қатысушы екенін, соңғы жылдары Азия біріншіліктерінде үшінші орыннан төмендемегенін ескерсек, үлкен сенім артуға әбден болады. Ол қайын атасының қарамағында жаттығады.
Осылайша, солтүстікқазақстандық жанкүйерлер Эктовтар әулетінің бабы мен бағының қатар келуін тілеп, еліміздің Көк байрағын желбіретсе, деген арман құшағына бөленіп жүр.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ
Александрдың асуы
Қазақстан ауыр атлетикасы ауыр жағдайға тап болғаннан кейін Рио-де-Жанейродағы Олимпиялық ойындарда жүлделі орындар үшін таласады деп үкілеп отырған үмітті зілтеміршілеріміздің қатары кәдімгідей селдіреп қалды. Бірақ ауызды қу шөппен сүртіп отыра да алмайды екенбіз. Тап қазіргі құрама сапында әлем чемпионы атанған саңлақтар Ниджат Рагимов пен Александр Зайчиков бар. Ал қыздар арасынан Жазира Жаппарқұлдың тілеуін тілеп отырмыз. Мұның бәрі және тектен-текке телміру емес. Аталып отырған атлеттердің қай-қайсысы да ел намысы сынға түскен келелі кезеңде жігерлерін шарболатқа шарықтап алып, диірменнің тасындай дөңгелентіп ала жөнелетіндеріне күмән жоқ.
Біз бүгін үркердей болған осы шоғырдың арасынан 105 килоға дейінгі салмақта тұғырдағы таласқа қосылатын Александр Зайчиков туралы аз-кем сөз етіп өтпекпіз. Ол осы жолы Риода өзінің даңқты жерлесі, Олимпиялық ойындардың екі дүркін чемпионы Илья Ильинді жоқтатпау үшін бара жатқан сияқты. Себебі, ол мұнда Ильяның салмағында күш сынасқалы отыр. Олимпиада күндерінде, дәлірегі 17 тамыз күні жасы тура 24-ке толатын Саша да Қызылорданың бел баласы. 1992 жылы Беларусьтің Витебск облысы, Лепель ауданындағы Заслонов селосында дүниеге келді деген аты болмаса, нәресте кезінен бар өмірі әке-шешесі туып-өскен Сырдың бойындағы бас қалада өтті. Ол да осындағы қарадомалақ балалар секілді өңірдің аптап ыстығы мен азынаған желіне қарсы өсіп-жетілді. Сөйтіп жүргенде, қатарластарына еріп, күндердің күнінде ауыр атлетика залына барды. Бастапқыда мұнда денесін шынықтырып, қара күшін арттыруды ғана мұрат тұтып келген шикіл сары бала келе-келе «темірлер текетіресіне» қалай қызығып, белге салмақ түсіретін бекем іске беріліп кеткенін білмей де қалды.
Сашаны әдепкіден облыс ауыр атлетикасының майталман мамандары Вилорий Пак, Нұржан Смаханов және Арман Абдраев қанаттарының астына алды. Ол өзінің тырнақалды табысына 2008 жылы жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында қола жүлдегер атану арқылы жетті. Келесі, 2009 жылы әлемнің жасөспірімдер арасындағы біріншілігінде күміс жүлде алды. Бірақ ересектер арасындағы жарыстарға көпке дейін қосыла алмады. Оның тұсаукесері 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында жасалды. Альбион жерінде 105 килоға дейінгілердің сайысында сынға түскен атлет 360 кило салмақты бағындырып, жарысты 12-ші орынмен аяқтады. Ал келесі жылы Қазанда өткен Универсиадада күміс медальға қол жеткізді. Сол жылы Азияның чемпионы атанды. Алайда, артынша допинг дауына ілігіп әлгі жүлдені қайтарып беруге тура келді. Осының желеуімен 2014 жылы Алматыда жалау желбіреткен әлем чемпионатына қатыса алмады. Есесіне, АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен жаһандық жарыс Александрдың бағын жандырды. Ол мұнда үш жылғы шектеуде кеткен есесін қайтаруға ұмтылды. Бүкіл турнир бойына өзінің салмақты қалпын, сабырлы кейпін жоғалтпаған Зайчиков дертеге қойылған салмақтың бәрін кезек-кезегімен алды. Олардың қорытындысы жұлқа көтеруде – 191, серпе көтеруде 230 килоға тиянақталды. Бұлардың екеуі де қазақстандық зілтеміршіге екінші орын алып берді. Бірақ қоссайыста 421 кило салмақ жинаған оның алдына енді түсе алатын ешкім болмады. Мұның соңын ала Александр Зайчиков Грозныйда өткен Ресей Федерациясы Президенті Кубогы үшін дәстүрлі V халықаралық турнирге де барып қайтты. Үлкен жарыстан шаршап келгенін айтып ақталған жоқ, көптен осындай додаларға шөліркеп жүргенін білдіріп, сайысқа бел шеше кірісті. Нәтижесі де жаман болмады, Илья Ильиннен кейінгі екінші тұғырға орналасты. Бұл оның Олимпия ойындарына қатысу мүмкіндігін арттыра түсті.
Өзі де қазақшаға судай Александрдың өмірлік серігі де қазақ қызы. Оның ең жақын жанкүйерлері арасында анасы Маргарита Викторовна мен келіншегі Айсұлтан бар. Саша олардың да үміттерін ақтағысы келеді.
Руслан ИГІЛІК
Атадан ұл туса...
Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындарының ашылуына санаулы уақыт қалды. Баршаға мәлім қуанышты жайт, талай-талай дүбірлі жарыстарда топ жарған Қазақстанның спортшылары Олимпиадаға алып баратын жүзден астам жолдамаға ие болып отыр.
Солардың арасында саңлақ боксшы, Азия чемпионы, басқа да ірі Халықаралық жарыстардың жеңімпазы Олжас Сәттібаев та бар. Бауырымыз белгілі жазушы, «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысы бойынша бұрынғы меншікті тілшісі, Жамбыл облыстық «Ақжол» газетінің қазіргі бас редакторы Көсемәлі Сәттібайдың туған ұлы. Көсемәлідей қаламы қарымды қаламгерден әкелік тәлім-тәрбие алып, перзенттік рухы асқақтаған Олжас бүгінгі таңда бір Қазақстан ғана емес, Азия, әлем мойындаған былғары қолғап шебері.
Бүкіл дүниежүзінің түкпір-түкпірінен келетін, «сен тұр, мен атайын» дейтін кілең мықты боксшылардың арасынан топ жарып, мерейіңнің үстем болуына бүкіл қазақ халқымен бірге қаламгерлер қауымы да ақ тілек білдіреді. Саған оң жол тілейміз Олжас, Олимпиада чемпиондары – Ермахан Ибраимов, Бақтияр Артаев, Серік Сәпиев ағаларың сияқты Қазақстанның көгілдір түсті Туын желбіретіп, жеңімпаз болып орал!
Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,
жазушы, Халықаралық
«Түркі әлемі» телестудиясының директоры
АЛМАТЫ
Суретте: Бокстан Азия чемпионы Олжас СӘТТІБАЕВ