29 Шілде, 2016

Жастар мәселесіне жауапкершілік керек

369 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
607b2005b82a54be85fef2ed982 Мен Астанадағы уни­вер­ситеттің бірін гумани­тарлық мамандық бойынша биыл ғана бітірген түлекпін. Бүгінгі таңда телеарна мен интернеттен, өзге де ақпарат көздерінен әрқилы мәліметтерді санамызға сіңіріп жатырмыз. Әсіресе, Алматы қаласында 26 жастағы тепсе темір үзетін жігіттің қарудан оқ жаудырып, қоғам тынышты­ғын бұзуы мені қатты алаңдатты. Бейкүнә адам­дарды жер жас­тандырып, ана­ны жесір, баланы жетім атан­дырды. Осы­лайша, өзінің адам­дыққа жат жауыз­дығымен нешеме отбасын қайғыдан қан жұт­қызды. Ендігі жерде кез келген қоғам­ның саналы мүшесінің көкейінде «мұндай сорақылық қалай­ша орын алды?» деген сауал туын­дайтыны анық. Осындай жайт­тың алдын алу­дың қандай алғы­шарттары мен жастармен жұмыс жүргізудің қандай тиімді тетіктері бар деген сынды мәселелер кім-кімді де толғандырады. Жалпы, елдегі мемлекет­тік идеологиямен жауапты мамандар айналысып жатқан болар. Десек те, қазіргі қоғамның жас­­тары тиісті деңгейде ұдайы көңіл бөліп отыруды қажет ететін­дігін атап өткім келеді. Әсіресе, ақ­параттық кеңістік шекара­сыз, бүркемесіз жатқан бү­гін­гі­дей аумалы-төкпелі уа­қыт­тың өтпелі кезеңінде жүрген өрендеріміз үшін сын сағаты туғандай. Олар­ды қалай қарай бейімдесең, солай қарай бой түзейтін осы бір «жұмсақтығы» мен «бейім­дел­гіштігін» біз мейлінше өз пайда­мызға қарай бұра білуіміз керек. Сонымен қатар, 17 мен 35 жас ара­лығын­дағы арнаулы білімі немесе тұрақ­ты жұмысы жоқ жастар мәселесін шешуді ешқашан назардан тыс қалдыруға болмайды. Сол секілді қала жастары мен ауыл жастары арасындағы көзқарас айырмашылығының алшақтығына да жіті көңіл бөлу қажет шығар деп ойлаймын. Біздің мемлекетіміздің бұл мәселеде оңтайлы әрекет етуге қауқарлы екендігіне көзім жетеді. Әлеуметтік мәселенің оң шешімін табуды ұйымдастыру мен жастарды жұмыс орындарына бағыттауда, оларды жаңа ортаға психологиялық бейім­деуде қазірдің өзінде аз шаруалар атқарылып жатқан жоқ. Тіпті, бұл ретте үлкен қалалардағы кісі қарасы көп шоғырланған қоғамдық орындарда әлеуметтану саласының білікті мамандары мен заңгерлері және психологтары тегін қабылдау жүргі­зіп жататын сәттер де аз емес. Тығырыққа тіреліп, тұйықта қалған жандар үшін қызметтің бұл түрі керек-ақ. Ең болмағанда рухани дағдарысқа ұшыраған адамның жан дүниесіне үңіліп, психологиялық тұрғыда бір сәт сергітудің өзі кісі баласына күш-қуат беретінін көпшілік қауым біле бермесе де, оның дұрыстығы ғылымда дәлелденген. Сонымен қатар, жастар үшін материалдық қажеттіліктің қол­жетімсіздігі олардың көпші­лігінің үмітін үзіп жіберетінін қапер­ден шығаруға болмас. Мәсе­лен, көңілден шығарлық қызметке орналасу арқылы, ұзақ жылдар табанды еңбек нәтижесінде тұр­мыс жағдайын түзеудің сенім­ді желісін мемлекеттік құрылым­дар құрып бергені ләзім. Егер осын­­дай желі арқылы қоғам бел­сен­­дісіне айналған жастар легі көп бол­са, онда біз соңғы кездері өмірі­­­міз­­де орын алып жатқан түр­лі ке­лең­­с­із­діктердің алдын алу­шы едік. Өйткені, кез келген жан­ның көңілінен шығар тұрақты қыз­меті болса, ол өзін және отбасын жан-жақты толық қамта­масыз етеді. Ал ондай азаматтың көңілі қашан да жайлы әрі маңайына қайырымды келетіні бесенеден белгілі. Фариза МҰХАМЕДҚАЛИ  АСТАНА